XIX ғасырдың екінші жартысы - А.К.Саврасов, Л.Л.Каменев, И.К.Айвазовский, И.И. Шишкин, А.И.Куинджи, М.К. Клодт, Ф.Васильев, В.Д.Поленов, И.И.Левитан, К.А.Коровин және т.б. сынды тамаша шеберлердің еңбектерін көркем өнер аренасына шығарған орыстың пейзаждық кескіндеме заманының жоғары дәрежедегі гүлдену шағы.
Орыстың пейзажды кескіндемесінде В.Д.Поленов ерекше орын алады. Ол өзін өнердің әртүрлі бағытында – тарихи және жанрлы кескіндеме түрінде сынаған, жан – жақты шығармашылық бағыттағы адам болды. Ол орыс өнерінің тарханы пейзажшы ретінде енді. Оның еңбектері – «Разлив на Оке» (1918), «Московский дворик», «Бабушкин сад», «Заросший пруд» (1870 – 1890), «Ранний снег», «Золотая осень».
Пейзаждың тамаша шебері И.Левитанның атын естімеген адам кемде – кем шығар. Ол ұзақ уақыт Москва түбі, Еділ бойы, Тверь губерниясы ормандарын кезіп жүреді екен, кейін сонда көрген шоқ тоғайларды, көктемгі қара суға белшеден батып тұрған балапан қайыңдарды, өзеншенің үстінен ирелеңдеп өтіп жатқан тақтай өткелді, баурайынан қар кете қоймаған жайпауыт жыраларды дәл сол қалпында кенеп бетіне көшіреді екен.
Ол сұрғылт тұман бүріккен бұлыңғыр күндерді, көк жүзін перделеген будақ – будақ бұлттарды да, күзді күнгі оттай жанған алау жапырақтарды сүйсіне бейнелейтін.
Бірде нұрлы, бірде мұңды Левитан пейзаждары тек табиғат сұлулығын ғана емес, суретшінің жан сырын да паш етіп тұрғандай.
Левитанның Орта орыс алқабының табиғатын мейлінше шынайы, мейлінше дәл жеткізгені сондай, қазір жұрт балауса орманға, не гүл жайнаған көк шалғынға көзі түссе: «Мынау тап Левитан картинасынан аумайды», - екен дейді.
И.И.Левитан – В.Д.Поленовтың шәкірті - XIX ғасырдың екінші жартысындағы орыс пейзажды кескіндемесінің ірі өкілі. Саврасовтың лирикалық пейзажды линиясын жалғастыра отырып, Левитан табиғатты бейнелеу өнерінде жоғары жетістікке жетті. Еңбектері – «Мостик. Саввинская слобода» (1884), «Пора умирать нам с Саврасовым», «Свежий ветер. Волга» (1895), «Над вечным покоем», «Лунная ночь. Деревня», «Сумерки», «Летний вечер» және т.б.
К.А.Коровин В.Д. Поленовтың шәкірті – орыс пейзажды кескіндемесіндегі алғашқы импрессионисттердің бірі.
1858 жылы Мәскеулік Кескіндеме Училищесінде Саврасовтың класынан шыққан Л.Л.Каменев табиғаттың тіршілігінің әртүрлі сәттерінің күйін, шаруаның хал – ахуалын, ауыл пейзажының мәтінін сол қалпында беруге тырысты.
70 – жылдардың лирикалық пейзажының шебері Ф.Васильевтің өмір жасы қысқа болды. Оның Қырымда жазған «Мокрый луг», «В крымских горах», «Заброшенная мельница» картиналары арқылы табиғаттың сұлу көрінісін айқын түсінуге болады.
Романтикалық пейзажды тікелей түрде XIX ғасырдың аяғына дейін жалғастырған И.К.Айвазовский болды. Ол теңіз апаттарын суреттеді. 1840 – 1850 жж. ол өзінің мариндерімен атағы елге танылды. Өзінің соңғы «Среди волн» ғажап полотносын 1899 жылы салды.
А.И. Куинджи өнері пейзаждың ерекше алуан түрлілігін танытады. Ол өзінің «Ночь на Днепре» шығармасын таныту үшін 1880 жылы өзінің жеке көрмесін ашты.
XIX ғасырдың екінші жартысындағы орыс кескіндемесінің эпикалық пейзажының ірі тұлғасы И.И.Шишкин болды. Шишкин мен Айвазовскийді бір тақырыптағы суретшілер деп атауға болады. Шишкинде бұл – ормандар, алып емендер, қарағайлар, шыршалар, сирек жағдайда қарабидай алқабы тақырыптары. Оның соңғы монументальды – эпикалық пейзажы «Афонасовская корабельная роща близ Елабуги» 1898 жылы салынды.
Табиғатқа көзқарасы мен қатынасы жағынан Шишкинге жақын тұрған сурешілердің бірі – М.К.Клодт болды. Ол пейзаждық мәтіннің шынайы бейнеленуіне, детальдардың тиянақты өңделуіне көп мән берді, сонымен қатар, панорамалық көріністермен шұғылданды.
Көркемөнер Академиясында, Клодтың шәкірті Н.Н.Дубовский болды. Ол ауылдық пейзажды бейнеледі. Ол көбінесе су кеңістігін және жыртылған егістік алқабын суреттегенді ұнатты. 1890 жылы өзінің ең атақты шығармасы – «Притихло» картинасын салды.
А.К. Саврасовтың «Грачи прилетели» картинасы естеріңізде шығар. Суретші ери бастаған сүр қар, мұнартқан көкжиек, далбаң – далбаң ұшып қонған ұзақтар арқылы көктем басындағы қарбалысты қалай дәл жеткізген десеңізші. Тіпті, одан құстардың азан – қазан дауыстарын да естіп тұрғандайсың!
А.К.Саврасов - XIX ғасырдың екінші жартысындағы Ресейде кең тараған орыс лирикалық пейзажның негізін қалаушысы.
Достарыңызбен бөлісу: |