ІІ. Жаңа сабақты түсіндіру. Пішімді көшіріп алу үшін мынадай құралдар қажет: сантиметрлік таспа, калька, қарындаш немесе қалам, сызғыш, қайшы, түйрегіштер.
Пішімді көшіріп алудан бұрын әркім берілген кесте бойынша өзінің өлшемін алу қажет. Ол үшін мынандай тәртіппен әрбір жеке өлшемдерді біліп алу керек.
1. Кеуде орамы – сантиметрлік таспамен кеуденің ең шығыңқы тұсынан айналдыра орап алғандағы өлшем;
2. Бел орамы – белді айналдыра алғандағы өлшем;
3. Мықын орамы – мықынның барынша шығыңқы тұсын айналдыра алғандағы өлшем;
4. Кеуденің биіктігі – мойынның иыққа өтетін тұсынан айналдыра алғандағы өлшем;
5. Алдыңғы бойдың белге дейінгі ұзындығы – мойынның дәл ортасынан бастап кеуденің ең шығыңқы жері арқылы бел сызығына дейінгі өлшем;
6. Белдемшенің ұзындығы – белден бастап қажетті деңгейге дейінгі өлшем;
7. Артқы бойдың белге дейінгі ұзындығы – жетінші мойын омыртқадан белге дейінгі өлшем;
8. Иықтың ұзындығы – мойынның иыққа өтетін тұсынан иықтың қолға өтетін тұсына дейінгі өлшем;
9. Жеңнің ұзындығы – иықтың қолға өтетін тұсынан бастап шынтақ арқылы білекке дейінгі өлшем;
10. Мойын орамы – мойынды айналдыра орағандағы өлшем;
11. Аяқтың сыртқы жағының ұзындығы – белден еденге дейінгі өлшем;
12. Аяқтың ішкі жағының ұзындығы – шаптан еденге дейінгі өлшем;
13. Бой – еденнен мойынның ең биік нүктесіне дейінгі өлшем.
Пішімдер қалыпты мүсінді (аса толық емес) адамға арналған және кестелерде көрсетілген өлшем бірліктеріне сәйкес келеді. Өздеріңнің өлшемдеріңді кестеде берілген мәліметтермен салыстырыңдар. Егер ауытқу бар болса, онда пішімге қажетті түзету енгізіңдер. Бірақ естеріңде болсын, пішімді өлшемнен артық үлкейтуге не кішірейтуге болмайды. Үлгінің өлшемдері үш санмен таңбаланады. Мысалы: 170 - 88 - 96. Мұндағы бірінші сан – см - мен өлшенген бой, екіншісі – кеуде орамы және үшіншісі – мықын орамы.
Таңдаған өлшемнің дұрыстығына сенімді болу үшін: қосымша бетті ашу керек, таңдалған өлшемнің бөліктерін кеуде, мықын және бел деңгейінде өлшеу қажет және қағаз пішімдегі көлемді анықтай отырып нәтижесін екі еселеген жөн;
Қағаз пішімде белгіленген өлшемдер бойынша еркін қонымдылық қосымшасының көлемін есептеп шығару керек. Олар әдетте мынандай өлшемде болады:
• Блузка, көйлек – 6, 5 - 7, 5см;
• Астарсыз жакет – 7, 5 - 10см;
• Пальто, халат – 10 - 12, 5см;
Сондай – ақ еркін қонымдылық қосымшасы өлшемі пайдаланатын матаға байланысты: қалың маталар жұқа маталарға қарағанда қосымшаны көп, созылмалы маталар созылмайтын маталарға қарағанда аз талап етеді, ал тоқыма маталардан жасалған бұйымдар еркін қонымдылық қосымшасын мүлде қажет қылмайды.
Еркін қонымдылық қосымшасын анықтауда үлгі сұлбасының атқаратын рөлі зор. Егер бұйым созылмалы болса, онда қосымша барынша аз, ал егер спорттық пішінде болса, қосымша барынша көп болады. Қосымшалар арқылы дене құрылысы кемістігін көрсетпей жіберуге де болады.