Оңтүстік Қазақстанның қола дәуіріндегі ескерткіштері.
Қола дәуірінің ортаңғы кезеңінен мұнда Қаратаудың солтүстік бауырайына орналасқан Таутары қорымы бар. Мұндағы қабір үстіндегі ескерткіштер жер үстіне қырынан қазылып орнатылған тақта тастармен белгіленген, сыртында тікбұрышты, шаршы немесе шеңбер түріндегі қоршаулар бар.
өлген адамды тақта тастармен жабылған жерден қазылған шұңқырларға қойған. өлікті өртеу ғұрпы басым болған. өртелген сүйектердің қалдықтарын шұңқырдың батыс бөлігіне үйген немесе шашып тастаған. Қабірдің шығыс бөлігіне тағам салынған бірден беске дейін қыш ыдыс қойылып отырған. Ыдыстардың түбі жайпақ, көзелер және мойны мен бүйірі ойықталып жалғасатын құмыралар түрінде болып келеді. Ыдыстар тарақ тәрізді қалыппен өрнектелген, өрнек ыдыстың мойнына, бұйірінің жоғарғы бөлігіне, кейде түбіне жақын салынады. Ыдыс бетіндегі өрнектер тең бүйірлі үш бұрыштар, сынық сызықтар, меандр, каннелюр түрінде болып келеді. Кейбір құмыра ыдыстардан күйдірілген бидайдың немесе тарының қалдықтары сақталған. Қоладан және алтыннан істелген ұсақ бұйымдар әшекей заттар кездеседі. Олардың арасында сопақша салпыншақтар, сақиналар, моншақтар, қола сымнан иіліп, алтынмен апталған самай сырғалары, киімге қадауға арналған қола қаптырмалар бар.
Таутарының материалдың мәдениеті Қазақстанның, Жайық өңірінің, Оңтүстік Сібірдің андронов мәдениетіне жақын.
Жетісу қола дәуірінде.
Жетісудағы ең ірі ескерткіш Шу-Іле тауларының солтүстік-шығыс беткейінің етегіне орналасқан Қарақұдық қорымы. Тақта тастармен жабылған тас жәшіктерде балалар жасөспірімдер жерленген. Цисталарда ересек адамдар жерленген. Балалар мен ересектердің жерленген жәшіктері сопақшаланып немесе тікбұрышталып қоршалған. Барлық қаңқа сүйектер қолы-аяқтары құсырылған күйінде, бастары батысқа қаратылып жатыр. Балалар қабірінің бас жағына өрнек салынбаған шағын қыш ыдыс қойылған, ересектер қабірлерінен құмыра тәрізді үлкен ыдыстардың сынықтары, қола моншақтар, сабы бар қол айна кездеседі. Қабірлерден табылған қой сүйектері, ыдыстардағы күйген тағам қалдықтарының табылуы өліктердің жанына сүт, ет тағамдары қойылғандығын көрсетеді.
Алакөл ойпатында, Онағаш атырабында әйел қабірінен табылған әшекей заттар сәндік бұйымдарды тағу салтын қалпына келтіруге мүмкіндік жасады. Әйел құлағына бір ұшында салпышағы бар үлкен сырға таққан, қолына қола білезіктер салған. Киіміне көптеген қола қаптамалар мен моншақтар тігілген.
Онағаш атырабында қабірдің маңынан қоныс табылды. Үйлері екі бөлмеден тұратын, тікбұрышты жартылай жертөле. Қоныстың мәдени қабатынан малдардың сүйектері қыш ыдыстардың сынықтары және қоладан жасалған еңбек құралдары табылды.