«1Қыпшақ аруы» М.Мағауиннің «Қыпшақ аруы» повесінде ХІ ғасырдан бүгінге дейінгі өнер адамының (Қыпшақ ханы Көбектің бәдізші ұлы Саржан, оның бүгінгі жалғасы мүсінші Көбеков Саржан) қилы тағдыры арқылы ұлтымыздың тарихы, саяси өмірі, мәдениетінің көкейкесті мәселесі қозғалады. Повесте ХІ-ХХІ ғасыр аралығындағы оқиғалар, яғни мың жылдық шегіндегі ел өміріндегі елеулі бел-белестер қамтылады. Автор хронологиялық аса ауқымды дәуірді қамту үшін мифопоэтикалық символдарды сәтті қолданып, нәтижеге жеткені көрінеді.
«Ата-бабалардың сұлулық пен тазалық, мінез бен парасат, құт пен кие туралы ұғымының мәңгілік көрінісі». Жазушы бұл шығармасында қазіргі мен өткенді жалғастыруға ұмтылады. Өйткені «Қазақ қазіргі советтік-отарлық құлдық санадан құтылуы үшін өзінің ата-бабаларының даңқты тарихын тануы керек. Біздің кім болғанымызды. Қазақ қана емес, қалың жұрт та» («Қылмыс»). Шынында да біз кім болғанбыз? Талантты мүсінші Саржан. Совет кезеңінде өмір сүрген. Идеологиялық тапсырыстарды орындап табысқа жеткен. Атағы да баршылық. Бірақ өз-өзіне көңілі толмайды. Істеген ісіне, сомдаған мүсіндеріне. Еуропаша білім алған. Жаны да, қаны да қазақ. Бірақ ұлттық өнердің тұңғиығына бойлауға тарихи санасы кемшін. Сөйтіп жүргенде кездейсоқ Жазушымен кездеседі. Жазушы-ұлттық мәдени кодтың иесі. Мүсіншіге жол нұсқайды (Қыпшақ өнерінің озық үлгісі – балбал тастар арқылы). Саржанның эпопеясы осы кезден басталады. Повестегі Кеңестік кезеңде өмір сүрген дарынды мүсінші Саржан тылсым жағдайда бүгінгі өмірден жоғалып, өзінің түпкі бейнесі қыпшақ ханы Көбектің ұлы бәдізші Саржанның дәуіріне өте алады. Осылайша замандар мен дәуірлер, өткен мен бүгін, тірі мен өлі, аруақ пен адамдар өзара тоғысып, тілдесіп, алмасып жатады. Уақыт пен кеңістікке бағынбау, ғаламдарды еркін шарлау, кедергілерді елемеу -мифопоэтикалық танымның төл белгісі. Олай болса М.Мағауин бұл шығармасында реалистік стильден саналы түрде алшақтап, керісінше көркемдік қияли танымға табан тіреген деп түйін жасауға әбден негіз бар.
Хикаяның басында жазушы революция ерлерін сомдап тоқырай бастаған мүсінші досына С.А.Половцеваның «Қыпшақ тас мүсіндері» деген альбомын тарту етеді. Мүсінші ризалық білдіріп, жазушы досының мүсінін қашағысы келеді. Бірақ оған кейіпкер: «Болмайды, - дедім, Саржанның шынымен айтып тұрғанына көзім жетіп. - Мен тәңіріге, әруаққа және тылсымға сенетін кісімін. Жадағай, жалғыз-ақ өлшемдегі фотосурет емес, басыңның, бар бітіміңнің нақпа-нақ көшірмесі – қолдан жасалған сыңарың... Мүмкін, шайтан қонар. Ең қорқыныштысы – менің жаным өзімді тастап, сол мүсінге көшіп кететін шығар. Түгел болмаса да, тең жарым, бөлшек бітісімен.... Рахмет, әуре болмай-ақ қой, - дедім» . Бұл эпизодты повестің мифологиялық сананың құлақкүйі деуге болады. Саржан альбомды ақтарып отырып, қыпшақ аруының тас мүсініне тап болады, оған ғашық болып қалады. «Қыпшақ аруы» – тас мүсін – Саржанның өз-өзін табуға көмектеседі. Өнердің құдіреті. Ұлттық өнердің кереметі де сол емес пе: қатарынан асып туған мүсіншінің сана түкпірінде бұғып жатқан архетиптерін, кодтарын оятады. Қазақша айтсақ – аруағын оятады, тірілтеді. Балбал тас – аруақтың жер бетіндегі бейнесі. Аруақ-тірі. Балбал тастың айналасында ұшып жүр. Ол мүсіндер орналасқан Украинаның Херсон өңіріне сапар шегеді, музейлерді аралайды, балбалдармен сырласады, қыпшақ тарихына қатысты еңбектермен жіті танысады. Ақыры тас мүсіндегі қыздың аты Айсұлу бегім (ХІ ғасырдағы жары), өзінің бір кездегі қыпшақ ордасындағы мүсінші Көбек ұғлы Саржан екенін сезінеді. Қазақша айтсақ, Саржан – аруақ қонған, аруақты ер. Енді өзінің де, жары – Айсұлу бегімнің де мүсінін толық қашап шығуы керек. Сонда ғана аруақ толық тіріледі. Қалпына келеді. Осылайша мүсінші өнердегі ең биік мұратына ұмтылады. Өнердің шыңына жеткенде ғана сурет, жансыз мүсін тірілмек. Сөйтіп өзін-өзі жоғалтып таба алмай жүрген мүсінші Саржан Көбеков «мазмұны да, формасы да ұлттық» бірегей өнер туындысын жасау арқылы өзін табады. Бұл іске Айсұлу бегім аян беру арқылы қолдау көрсеткен соң Саржан іске шұғыл кіріседі. Мүсін жасалып болғанша Саржан екі дүниенің ортасында жүреді, бұрынғы бабалардың әлеміне барып, саяхаттап келіп отырады. Межелі мерзімге жеткенде досын шақырып: « Ал, Мұхасы, Уақыт тығыз» - дейді де мүсіндерге жан кіргізу рәсімін бастап кетеді. Әуелі жігітке жүрек тұсындағы сол жақ шарайна үстіне шапқысын жиектей салады да мынадай арбау сөз айтады: « –Уа, тәңірім! Қуат бер, құтын қайтар, жан бер!». Ежелгі түріктер жанды құт деп те атайды, демек жазушы магиялық ескі үлгіге де иек артады. Қисынсыз жайттардан кейін өнер иесінің қала көшелеріне тұрғызған мүсіндері, тіпті энциклопедиядағы өмірбаяны да қырық күннің ішінде тылсым жағдайда жоғалады. Жазушы бұнда қырық күнді бекер алып отырған жоқ, өйткені дәстүрлі түсінікте адамның рухы қырық күнде арғы дүниеге өтіп үлгереді ғой. Әрине, совет кезеңінде реалистік роман дәстүрінде тәрбиеленген оқырман үшін мұның бәрі мистика, елес болып көрінуі заңды. Жазушы бұны да алдын ала қарастырған. Реалист оқырманның кейпіндегі рөлді Жазушы өзі атқарады. Таң қала отырып, өз бойындағы күмән мен тұманды, сезік пен сескеністі қатар жеңе отырып, өзі де әрең сенеді, оқырманды да сендіреді.
«Мағауин осындай мистикалық астарлау арқылы бүгінгі ғалым-дардың ата- баба тарихына жауапсыздығын меңзейді. Ата-бабаның текті екенін түсіндірген ғалымға бүгінгі қоғамда орын болмауы мүмкін деген ойды осылай мистикалық жоғалу арқылы айқындайды. Негізі мұндай мистикалық элемент – қазіргі постмодернистік əдебиетте кеңінен қолданылатын амал» – дейді ғалым А. Ісімақова [2.33].
Бүгінгі қоғамның нақтылы тыныс-тіршілігі, жазушы М.Мағауиннің өмірбаяндық деректерінен үзіктер мәселен, «Айсұлу... әй, иә, Бақытжамал, яғни Бақыт-сұлу ыдыс-аяғын жуып-шайып, балалардың ертеңгі киім-кешегін ыңғайлап, күнделікті күйбең шаруасына жегілген. Мен тағы да кабинетіме кіріп, оңашаландым» осы бір жолдар оқиғаға мейлінше шыншыл сипат беруге көмектессе, мифопоэтикалық айшықтар бүгінгі ұрпақты бабалар дәуірімен табыстырып, жас буынның зердесінде ұлы қыпшақтың рәміздері жалғаса беретінін дәйектейді. Жазушының бас кейіпкері Саржан мүсіншіні ауыл мектебіне мұғалім етіп қайта оралтуы – тәуелсіздіктен кейін ұлттық құндылықтар тегеурінді күшке айналғанын тұспалдайтын ишара. Шынтуайтында, сонау сақ-хунну, көне түрік таңба-символдары егеменді еліміздің рухани-саяси өмірінде шешуші мәнге ие болып отырғаны шындық. Мәселен, Күлтегін ескерткішінің Астанаға оралуы да бүгінгі күнгі елеулі оқиға. Байырғы архетиптер, рәміздер ұрпақ жадында осылайша оянғандықтан қазіргі жас ұрпақтың өкілдері өткен бабалардың қаһармандық дәуірімен өзін табиғи жалғастықта, үндестікте сезіне алады. Сол себептен де арғы ғасырларға ұшқыр қиялмен саяхаттай да алады, демек бүгінгі кішкентай Саржандар мектеп партасынан да табылары хақ. Повесте қыпшақ ғаламынан қайта оралған Саржан Көбеков өз қызы Айбике туралы «Кішкентай қызымыз бар. Айбике. Қазір кішкентай емес, әрине. Биыл он сегізге шықты, облыстық педагогика институтында оқиды...», - деп нақтылы мәлімет беруі өткен мен бүгіннің қоғамда орын алып отырған сабақтастығын танытқандай.
Бұл шығарманың өзіндік сипаты – жазушы екі түрлі қоғамдық жағдайды салыстыра келіп, өз замандастарымен қарым-қатынасын, қоғам, адам, уақыт деген көзқарасын, күйініш-сүйінішін танытып, өзіндік дүниетанымын ұсынып отырады.