«Көк мұнар» романы
Бұл Мұхтар Мағауиннің алғашқы романы. "Көк мұнарға" бастан-аяқ зиялы қауым өкілі, ғалымдар өмірі арқау болған. "Көк мұнар" арқылы Мұхтар Мағауин өзіне дейін түбегейлі жазыла қоймаған тақырыпты қозғап, өмір шындығын көркемдік шындық арқылы көрсетуді мақсат тұтқан. Романда ғылым деген қызығынан қиындығы басым, мол білім қорымен келіп, еңбекқорлық, ізденімпаздық арқасында көздеген мақсатқа жеткізетін үлкен жолда кімнің кім екенінің бетпердесі ашылатыны зерделенеді. Бас-аяғы жиырма шақты кейіпкер қатысатын шығармаға профессор Әзімхан Бекмұхамедов; доцент Бәкен Тәңірбергенов; Едіге, Кенжек, Халел, Бәтия, Әнуар, Мұхамед-Шәріп, Бердібек сынды аспиранттар өмірі арқау болған. Бас қаһарманы – Едіге.
«Мен»
М. Мағауиннің «Мен» романы туралы қазақ əдебиетіндегі мемуарлық романдар туралы зерттеп жүрген ғалым əрі жазушы Н. Ақыш былай дейді: «Өзінің прозалық көркем туындыларына тəн өзгешеліктер, стиль мен машық М. Мағауиннің «Мен» мемуарлық романында да үзіліп қалмай, ары қарай жалғасын тапқан. Содан жазушы шығармашылығымен жақсы таныс оқырман бірден-ақ Мұхтар Мағауин əлеміне енгенін байқайды. Одан арғы ой желісі, баяндау үрдісі қаламгердің өз стилін айқындайтын сөйлемдермен жалғасын табады» . Жоғарыдағы зерттеуші сөзімен толықтай келісеміз, қаламгердің жазу стилін танытатын бұл еңбекте оның сөз туындату машығынан да бөлек мінез ерекшелігі, адами тұрпаты, шығармашылық тұлғасы ерекшелене түскен. Кеңестік кезеңдегі көп нəрсеге тыйым салынған тұстарда еш тартынбастан ұлтын ұлықтай білген, «жарыққа шығар-шықпасы белгісіз» екендігін ұғына, біле тұра, сол өз заманында жазылған туындылары мен жарық көрерде сан түрлі «шырғалаңды» бастан өткерген өткір шығармаларын қалай өмірге əкелгені туралы толғаныс кітабын қаламгердің өзі «Шытырман» деп атапты. Бұл еңбектің не туралы болатындығын алғашқы беттегі қысқа ғана сөйлемдер айқындап береді: «Бастан өткен ғұмырдың көңілдегі суреті. Қаламға ілінген жазудың жүректегі жүгі. Тұтас ғұмыр емес, бедерлі белестер ғана» . «Жазудың жүрекке түскен жүгін» жазушының мойымастан арқалауына сеп болған оның ел болашағына деген сенімі еді. Оның күшжігеріне қуат үстеген де осы сенім болатын:
«Саған сол тар күндердің өзінде күш берген немене? Сенім болса керек. Өзіңді өте жақсы көретін едің. Мен жазбасам, қазақ əдебиеті тұралап қалады, мен күреспесем, ежелгі мұра біржола ұмытылады, атаның аруағын арқалап жүрген – жалғыз өзім, алаштың мұратын келер ұрпаққа жеткізетін – Мен, Мен ғана, Мен болмасам, ұлысымның ырысы ортаяды, ұрпағымның көкірек-көзі ашылмайды, Мен, Мен... деп ойладың. Аз ба, көп пе, бар жасаған еңбегің – осы Сенімнің көрінісі» . Ғұмырбаяндық хамсаның алғашқы беттерінің бірінде жазылған жоғарыдағы үзіндіден ұққанымыз – ел сенімін ақтауға ұмтылған ұланының өр рухының көрінісі еді. «Мен, мен едім, мен едім» деп жер қайысқан жаудың қабырғасын сөгіп, кеудесін соққан Махамбеттей ердің ұрпағы екендігін қаламгер жоғарыдағы сөздерімен ғана емес, батыл іс-қимылымен де дəлелдеген болатын.
«Аласапырандай» тарихи танымы зор туындыны дүниеге əкеліп, 15 пен 18 ғасырлардың арасындағы орындары үңірейіп бос тұрған жыраулар поэзиясын, жыр жауһарларына толы асыл мұраны көп дүниенің арасынан ар шып алып, халқының алдына жайып салған М. Мағауиннің шығармашылық тұлғасы жоғарыдағы секілді өршіл рухта танылып жатса, кеудемсоқтықтың, асып-тасығандықтың белгісі деп емес, ұлты үшін жасалған жан қиярлық ерлікпен теңдес еңбек ретінде бағаланбақ. Қаламгердің «Менін» алдыңғы қатарға шығаруы жалғыз Мағауинға ғана тəн дүние емес, ғұмырбаяндық шығармалар мен күнделік тектес туындылардың біршамасында кездесетін жайт екендігін төмендегі орыс тіліндегі тұжырымнан көре аламыз: «Социально-психологической основой дневника в литературе 19 века становится утверждения «я» как бы первостепенной духовной ценности и верховного судьи окружающих. Дневник генетически связан с развитием индивидуализма как мировозрения».
Ғұмырбаяндық романдардағы шығармашылық тұлға мəселесін қарастырғанда, шығармашылық тұлғаның шынайы табиғаты мен шығармашылық үдеріс жайында нақтырақ білу қажет. Шығарма мазмұнында көрініс тауып жататын күрделі кейіпкерлер мінезі мен қайшылықты оқиғаларға қаламгердің өзі де белгілі бір дəрежеде қатысып отыратындығы белгілі. Бұлай дейтін себебіміз, шығармада түрлі деңгейде көрініс тауып жататын сан түрлі кейіпкерлердің бойынан жазушының тұлғасын, оның мінез көріністерін, өмір сүру, жазу-сызу қалыбының ұшқындарын байқап жататынымыз ақиқат. Шығарманы туындатуға себеп болған жайттар, бастапқы идеяның көркем образдарға айналуы, көркем шығарманы туындату үдерісі, шығарманы дүниеге əкелу барысындағы автордың елестету, сезіну, түйсіну, қиялдау, меңзеу секілді психологиялық жай-күйі, оның дүниетанымы, шығармашылық көңіл ауаны, авторлық ұстанымы, т. б. – автордың шығармашылық тұлғасын айқындай түсуде маңызды рөл атқаратын мəселелер.
Қаламгердің шығармашылық тұлғасын шығармасындағы көркем мəтіннен бөліп қарау дұрыс емес. Шығармадағы кейіпкер бұл – автордың өзі, əсіресе мемуарлық шығармалардан мұны айқын байқауға болады. Көркем шығармадағы автордың шығармашылық тұлғасы оның нақты авторлық ұстанымын өзі туындатқан романында қаншалықты жүзеге асыруымен айқындала түспек.
Қаламгер шынайы өмірдің ақиқатын таныта білуде, жазушы өмірінің сан қырлы қалтарысын ашып көрсетуде күнделікке жүгінеді. Адамзаттың ішкі жан дүниесін, көңіл-күйін, жүрегінің түкпіріне жасырған сырын, құпия қалтарыстарын жан-жақты ашуға мүмкіндік беретін күнделікті мемуарлық шығарма туындатудағы басты тəсіл, негізгі құрал ретінде пайдалану – əлемдік əдебиетте кеңінен тараған дəстүр. Өткен өміріндегі өз басынан өткерген оқиғаларды нақпа-нақ сипаттап, дəлме-дəл суреттей білуде күнделікке ертеректе түртіліп қойылған жазбалардың атқаратын міндеті ерекше екендігін қаламгерлердің еңбектерінен байқай аламыз.
М. Мағауин күн сайын күнделік жазып отырмаған, оның бар жазғанын (күнделікке) жиып-тергенде бір дəптер де толмайды. Ол тек алдағы жазылар дүниесінің нобайын ғана қысқа ғана сөздермен сырты жұқа қара дермантин дəптерге тізіп отырған. Бұл тұрғыдан келгенде, он тоғызыншы ғасырда өмір сүрген орыс жазушысы Д. Григоровичтің болашақ шығармасына қажетті штрихтар мен детальдарды қысқа ғана етіп қойын кітапшасына тізіп отыруы секілді ұқсастықты байқауға болады. Енді сөзіміздің дəлелді бола түсуі үшін жазушының ғұмырнамалық хамсасындағы өз жазбаларына жүгінелік: «Сондай-ақ қойын дəптер жүргізу жайын да қабыл көрмедік. Əлдеқалай естіген сөз үзігі, ойға оралған келте суреттер мен жекелеген толғамдарды тіркеп жазып отыруды да құнттамадық. Мұның бəрі бар нəрсе, бірталай қаламгер қажетіне жұмсап, пайдаға асырып жүрген нəрсе. Əлдебір өмірлік деректерді, əсіресе, бұрынғы-соңғы тарихқа қатысты оқиғалардың мезгілі мен мəнісін белгілеп қойған теріс емес. Мен бұл жағын да оншалық ескермедім, өйткені əуел бастан бай кітапханам болды, өзіме қажетті тарихи деректердің барлығы да қол созым жерде тұр, алам да пайдалана берем» .
Достарыңызбен бөлісу: |