Конспектісі мамандығы: «5B011700 Қазақ тілі және әдебиет»



бет4/8
Дата30.10.2019
өлшемі200,16 Kb.
#50857
түріКонспект
1   2   3   4   5   6   7   8
Байланысты:
лекция бакалавриат

Жоспары:


1. Тәрбиенің мәні мен сипаты

2. Тәрбие процесі және оның ерекшеліктері.

3. Өзін-өзі тәрбиелеу және қайта тәрбиелеу



Негiзгi ұғымдар: тәрбие,тәрбие процесі, тәрбие мәні, өзін-өзі тәрбиелеу, қайта тәрбиелеу

8.1 Тәрбиенің мәні мен сипаты

Тәрбие білім беру, оқыту-ішкі жан дүниеге түрткі болатын, жағдай жасайтын, оларды іске асыратын сыртқы жағдайлар. Сондықтан да философтар, психологтар адамның жан-дүниесін тәрбиелеудің қозғаушы күші бар екенін көрсетеді. Тәрбиелеу мен өзін-өзі тәрбиелеу ара қатынасынан тәрбиелік қарым-қатынас өрбиді. Тәрбиелік қатынас өзара қарым-қатынастың бір түрі, ол адамды тәрбие, білім беру, оқыту арқылы дамытуға бағыттайды.

1993 жылы қабылданған тәлім-тәрбие тұжырымдамасында: “тәрбие халықтың ғасырлар бойы жинақтап, іріктеп алған озық тәжірибесі мен ізгі қасиеттерін жас ұрпақтың бойына сіңіру, баланың қоршаған ортадағы қарым-қатынас дүниетанымын, өмірге деген көзқарасын және соған сай мінез-құлқын қалыптастыру”-деп анықтама берілген ал, қазақ педагогикалық энциклопедия сөздігінде : “тәрбие қоғамдық, өндірістік және мәдени өмірдің белсенді қатынасуымен даярлауды мақсат етіп қойған, жеке адамды қалыптастырудың жүйелі процесі” –деген анықтама береді. Қазіргі заманда жастармен жұмыс жасаудың жаңа әдістерін, концептуалдық жолдарын және формаларын іздестіру керектігі қоғам талабы. Қазіргі тәрбие туралы тұжырымдамалар жалпыадами құндылықтар мен барлық салалардағы әрекеттің өркениетті формаларына сүйенгенімен өзіндік тұрғыдан ерекшеленеді. Барлық тұжырымдамаларда :


  • гуманизм идеясын;

  • тәрбиені мәдени контекстте жүзеге асыруды;

  • ашық тәрбиелік жүйелерді құруды;

  • тәрбиені отбасында қайта қарауды;

  • индивидуалдылықты дамыту және қолдауды;

  • тәрбие әдістерін және оны ұйымдастыру формаларының икемділігі мен альтернативаларын есепке ала отырып, жүзеге асыру қажеттілігі туындауда.

Гуманистік тұрғыда білім беру мекемелерінде жеке адам тұлғасына қарай шешуші қадам жасайды, ол өзіндік даму процесі барысында педагогтар жүзеге асыратын индивидттен алшақ абстрактілі жоспарлар мен бағдарламалар жасайтын құрал ретінде емес, субъектісіне айналды. Мұндай мекемелерде әрбір адамнаң индивидуалды өмір мақсаттарын, талаптары мен мүдделерін жоғары санайды, өз дамуында өзін тану үшін жағдайлар жасайды. Мұндай оқу орындарындағы оқытушылар шәкіртті болашақ өмірге дайындап қана қоймай, дамып келе жатқан тұлғаның психикалық ерекшеліктеріне сәйкес - әр өсу кезеңінің жақсы өмір сүруін қамтамасыз етеді.

Бұдан бірнеше жыл бұрын иллюзия болған: мемлекеттің тез демократизациялануы көптеген өркениетті мемлекеттердегідей экономиканың және мәдениеттің, соның ішінде білім мен тәрбиенің де жоғарғы деңгейге көтерілуі қаматамасыз етілуде.

Мемлекет мәдениеті мен байлығы бір критериймен, яғни тәрбиеге байланысты өзгереде, өлшенеде алады. Тәрбиелеуде отбасы, мектеп, орта жетекші роль атқарады.

Әрине сабақ үстінде әр оқытушы шәкірттің жоғарғы рухани ұмтылыстарын көрсету үшін көп нәрсе жасай алады. Егер де отбасы, қоршаған әлеуметтік шындық, сабақтағы өткенді дәлелдесе, ал үлкендермен қарым-қатынас адами қасиеттерді бекітсе, онда оқу орындарының тәрбиесіне осы да жеткілікті болар еді. Дегенмен оқу орындарынан тыс ортаның жағдайы, моральдық принциптердің жоғалуы адамның рухани дүниесіндегі қажеттіліктерді өтемейді. Еркін рынок ұрлық, пара беру, ұйымдасқан қылмыстық сияқты рецидивтермен көрінеді. Кәсіпкерліктің артында шеткі эгоизм престижі түсініледі, мақсатқа барлық тәсілмен жету заңдылығы дәлелденеді, ақиқаттық, әділеттілік емес, қандай жолмен алынса да байлық, ақша, «әдемі өмір» алдынғы қатарға шығу қауіпі бар. Былайша айтқандағы өтпелі кезең біздің балаларымызды жартылай порнографиялық «өнермен» танысуға мүмкіндік берді. Жақсылық пен зұлымдық арасындағы шекараның жоюлуы кезеңінде өсіп келе жатқан ұрпақтардың алдында өз жауапкершілігін түсінетін үлкендердің қоғамы оларды өзін тану кезінде қолдаусыз және жәрдемсіз қалдырмаулары тиіс.

Ұстаз, ата ана, кез келген ересек адам рухани бағыт беруші міндетін өзіне арта отырып, мәселені шешуге маманды араластыруы қажеттілік болып отыр. Ол- педагог-психолог мамандар.

Балалардың өз қабілеттері мен таланттарын әрі қарай дамыту мүддесі мен дайындығы сияқты факторды ескермеу мүмкін емес. Әрине бұл фактор отбасы және оқу орындары тәрбиесінің нәтижесінде қалыптасады. Дегенмен біріншіден ол қоғам мәдениетінің әсер етуі нәтижесінде пайда болады.

Енді қазіргі кездегі тәрбиенің қолданылып жүрген бірнеше әдісіне тоқталып өтелік:


  • Тәрбие жалпы адами құндылықтарға сүйенеді (бұл бағдарламаның негізін салушылардың бірі В.А.Караковский). Тәрбиеде негізгі құндылықтарды айырып көрсету: Жер – барлық тірінің ортақ үйі, отбасы - өз ұрпақтарын тәрбиелейді, туған жер - әр адамның Отаны , физикалық / ой / рухани еңбегі, білім құндылығы, мәдениет құндылығы, бейбітшілік құндылығы, адам құндылығы – мұның барлығы әлемде адамға бағытталған.

  • Тәрбиелеудің гуманисттік және демократиялық сипаты: өзараәрекеттесу идеясы бірін бірі түсінуді, бір бірін сыйлауды, оқытушы бала тұлғасына бағытталу тұрғысынан келуді түсінеді.

Мәдениеттанулық әдіс, тәрбиені мәдениетті игеру процесі тұрғысынан қарастырады. Мәдениет – тұлға мүмкіндіктерінің ең жоғарғы деңгейі. Мәдениет көрсеткіштері: білімді пайдалана алу, дүниетаным қалыптасуының деңгейі. Өркениетті адам әлемі – мәдениет әлемі, мәдениетті ұрпақтарға қалдыру тәжірибесі, адамның шығармашылық белсенділігі. Мектепте оқушылар мәдениеттің негізін игерулері керек, яғни білім мәдениетінің гармониясы, шығармашылық әрекеттер мәдениеті, сезім мәдениеті. Ал, жоғарғы оқу орындарында кеңейтіліп, дамытылады. Білім мәдениеті: білімдерді қабылдау қабілеттілігі, білімді пайдалану, материал мен жұмыс жасау қабілеттілігі. Творчествалық әрекеттер мәдениеті: алған білімдердің негізінде жаңаны құру. Қатынас және сезім мәдениеті: бір нәрсеге адекватты жауап беру, өзін-өзі ұстай алу, сезімдерін білдіру, жанжалсыз қатынасқа түсу қабілеттілігі.

Қазіргі тәрбиеде ұстанатын идея- күш көрсетпеу идеясы. Яғни бұл – адамның жалпы әлемге, табиғатқа, тірі нәрсенің бәріне, басқа адамдарға жақсылық пен зұлымдық позициясынан қатынасын сипаттайтын этикалық түсініктер.

Күш көрсету – белгілі пайданы иемдену мақсатындағы бір топ адамдардың екіншіге күш қолдануы. Біздің түсінігіміздегі күш көрсетпеу – саяси, экономикалық, эстетикалық, этикалық және жекелік проблемаларды және жанжалдарды шешуші әдіс ретінде күш қолдануды жоққа шығаратын, адам мен оның өмір сүру құндылығын қабылдау негізінде жатқан идеологиялық этикалық принцип.

Психологиялық-педагогикалық тұрғыдан бұл тұжырымдама педагогика мен психологоияның гуманисттік теорияларында көрініс тапты. Көбінесе мұнда Вентцель К.Н., Маслоу А., Роджерс К., Руссо Ж-Ж., Сухомолинский В.А., Толстой Л.Н., Амонашвили Ш.т.б. көзқарастары көрініс береді.

Күш көрсетпеу концепциясы педагогикада «бостандық» түсінігімен байланысты. Гуманистік бағыттағы педагогикада бостандық ұғымы негізгі болып табылады. Бостандық баланың өзіндік іс-әрекеті. Тұлға дамуындағы биологиялық приоритеттерден шығатын еркін тәрбиелеу өкілдері осы позицияны ұстанады. Мысал ретінде М.Монтессориді келтіруге болады. Оның тұжырымдамасы бойынша баланың еркін көріністеріне мектеп мүмкіндік беру керек. Ұстаз бала қызметіне араласпауы тиіс. М.Монтессори ойынша кедергі жасамаған жағдайда тәрбиенің барлық сипаты, бостандық әрекеті және жеке шығармашылық еңбегі көрініс береді.

Бостандық саналы түрде таңдау жасауды білдіреді. Қазіргі замандық гуманистік педагогика мен психология бостандық таңдау жасау мүмкіндігі деген ұғымға негізделеді. К.Роджерс бойынша оған тек өзін тыңдаған, өзін қабылдау, басқалардың ойына емес өз тәжірибеге бағдар алу, сонымен қатар басқаларды түсініп қабылдаған кезде жетуге болады.

Сонымен, бостандық мәселесін әр түрлі тәсілдерді сараптау барысында бұл ұғымның педагогика ғылымында вариативті болып келетіні көрінеді, авторлардың бастапқы концепцияларын дәлелдейді.

Бұл жерде күш көрсетпеуге байланысты өзара шарттас екі блокты көрсетуге болады:



  1. Өсіп келе жатқан ұрпақта күш көрсетпеу рухын тәрбиелеумен байланысты мәселелер, оларға үш бағытты жатқызуға болады:

  • табиғатқа, және барлық тірілерге қатынасы;

  • адамдарға, соның ішінде өзіне гумандық қатынас, тұлғааралық және жекелік жанжалдарды зорлықсыз жолдармен шешу қабілеттілігі, басқа адамды қабылдау мен түсіну қабілеттілігін дамыту.

  1. Білім беру және тәрбиелеу процесінің гуманизациясы, үлкендер мен балалардың өзара қатынасымен байланысты мәселелер:

  • үлкендер мен балалар қатынасы жүйесінің әр түрлі деңгейдегі білім беру орындарындағы жұмыс жасау формалары мен әдістерінің гуманизациясы;

  • күш көрсетпеу идеясының негізінде жасалған педагогикалық қызметтің жаңа формалары мен әдістерін жасау және ендіру;

  • орта маманданған және жоғарғы оқу орындарында келешек педагогтарды дайындауды реформалау.

Екінші топтағы мәселелерге ерекше көңіл бөлу керек. Егер педагогиканың өзі авторитарлы позицияларды ұстанатын болса, балада күш көрсетпеу қатынасын тәрбиелеу мүмкін емес. Сондықтан, оқу-тәрбие процесінің өзі гуманизацияланған болу керек.

Жоғары педагогикалық білім беру сапасын көтерудің жаңа жолдарын іздестіру, қазіргі жүйені әлемдік педагогикалық тәжірибеге интеграциялау жоғарғы педагогикалық мектепті білім берудің көпдеңгейлі жүйесіне өту қажеттілігіне алып келді. Оның қазіргіден ерекшелігі педагогикалық білім беруде адам қалыптастырушы және мәдениет танытушы функциялардың қайта жасақталуы.

Көпдеңгейлік жүйеге өту кезінде пайда болатын осы және басқа да проблемаларды шешудің тұтастық тәсілі педагогикалық білім берудің жаңа философиясын жасауды көздейді. Оның негізінде адамның тұтас образы жатыр.

Тұлға мәдениеті – тұлғаға жалпыадамдық ұлттық мәдениетпен гармонияда өмір сүруге мүмкіндік беретін сипаттардың жиынтығы (білім, қасиет, әдет, ойлағанға жету әдістері, құндылықтық бағдарлар).

Қоғам дамуының әр кезеңі, әр уақыты тұлға мәдениетінің мазмұнына жаңа, өз акценттерін енгізеді. Адамда өзіне әлеуметтік және биологиялық индивидуалдылық ретінде адекватты қатынасты қалыптастыру маңыздырақ.

Өзін анықтаушылық, мендікті, позициялық анықтаушылықты, оны жүзеге асыру бағдарламасын көздейді. Бұл механизмнің жүзеге асуын қамтамасыз ететін негізгі шарт, өзін анықтау сфераларының болуы. Мұндай сфера төртеу – адам, қоғам, табиғат және адам қызметінің интерацияланған өнімдері. Тәрбие адамның өзімен гармониясын басқа адамдармен, қоғаммен, табиғатпен, адам қызметімен гармониясы арқылы қамтамасыз етуі керек.

Ұлы ғұлама ойшыл әл-Фараби: “Бақытқа жету жолында” деген еңбегінде: “Тәрбие деп халықтардың бойына білімге негізделген, этикалық ізгіліктер мен өнерлерді дарыту деген сөз”-деп өзіндік тұрғыдан пайымдаған. Яғни, жан-жақты дамыған адамды қалыптастыруды көздейтін және қоғам талабына сай адамды қалыптастыруда белгілі-бір мақсатқа сәйкес жүйелі әрі саналы түрде әсер ету болып табылады. Өткен ғасырдың алғашқы ширегінің өзінде Ж.Аймауытов “Тәрбие” атты мақаласында “тәрбиеге әсер беретін нәрсе өскен орта, ата-ананың тәрбиесі. Соңғысы күшті болмаса, бара-бара адамды замандас, жолдастың азғырып, не түрлі жаман мінезді жұқтыратыны белгілі”-деп жазған болатын.

Жоғарғы оқу орындарында білім беру процесінде барлық тәрбие түрлері практикада іске асырылады, әсіресе кәсіби білім беретін университеттерден нақты тәжірибесін көруге болады. Оқу жоспарында пән блоктары негізгінде тәрбие түрлері мамандық бойынша берілген:



  • Адамгершілік, эстетикалық, дене шынықтыру, құқықтық, азаматтық және экономикалық тәрбиелер (гуманитарлық блок)

  • Ақыл –ой, экологиялық тәрбие (табиғи ғылыми блок)

  • Еңбек тәрбиесі, тәжірибе кезінде, аудиторияда, сонымен қатар өзіндік жұмыс орындаған кезінде.

Тәрбие әдісін жіктеген кезде үш үлкен топқа бөлуге болады:

  • студенттердің дүниеге көзқарасы және құндылық бағдарын тұжырымдау әдістері;

  • мотивацияны ынталандыру әдістері;

  • жеке адамның шығармашылық икемділігінің дамуы және оның сапасын арттыру әдістері.

Тәрбиелеушілік әдістер педагогикалық қарым – қатынас жасау білім берудегі белсенділік әдістері (семинар- дискуссия, контекстік білім, оқыту мәселелері және т.б.), студенттердің қызығушылығын арттыру және құнды шешімдер қабылдау барысында іске асырылады. Тәрбиелеуде педагогтар үлкен роль атқарады. Тәрбиеші білім беру барысында тәрбиенің төмендегідей артықшылықтарын анықтай алады:

  • жеке адамның қоғамдық ортадағы адамдарға гуманистік құндылық бағдарының қалыптасуын;

  • демократизм және толеранттық қатынасын;

  • ұлттық санасы мен ұлттық ойының ерекшелігін;

  • жеке адамның креативтік мәнін ашу қабілеттілігін.

Ал, бұл жеке адамды тәрбиелеуде басшы қызмет атқаратын қасиеттер жиынтығы. Тәрбие түрінің қайсында болмасын, тәрбиелеуші бұл қасиеттердің қалыптасуына ерекше мән береді.

8.2 Тәрбие процесі және оның ерекшеліктері.Жалпы білім беру мекемелерінің оқу-тәрбие процесі тұтас педагогикалық процесс болып табылады. Педагогика ғылымында тәрбиеге әлеуметтік және педагогикалық тұрғыдан қарайды. Ол туралы біз жоғарыда айтып кеткенбіз. Біз оның құрылымдық компоненттеріне жекелеп тоқтайық.1. Тұлға қалыптастырудағы мақсатты бағыт жүйесі, яғни іс-әрекеттің мақсаты болғанда ғана ол тәрбие процесі бола алады. 2. Арнайы ұйымдастырылған тәрбие жүйесі. Демек, тәрбие жүйесінде бір ғана әдісті пайдалану мүмкін емес, бірін-бірі толықтырып отыратын бірнеше әдіс-тәсілдер арқылы нәтижеге жету.

3. Тәрбиеленуші мен тәрбиешінің өз-ара байланыстылығы. Мұнда тәрбиеші мен тәрбиеленушінің кері байланысынсыз нәтиженің болмайтындығы анық. Сондықтан да тәрбие процесінде ол екеуінің арасында гумандық, сыйласымдылық қарым-қатынастың болуы шарт. Тәрбие процесінің мәні педагогикалық жағдаяттардың шешімін табу және оның себептерін айқындауға тікелей байланысты. Яғни, педагогикалық іс-әрекеттің нәтижелілігі, тәрбие процесі мен оның салаларын дұрыс ажыратып, сол тұрғыдын әрекет етуге тәуелді. Қазіргі таңда бұл мәселе төмендегідей жіктеледі:


  • Педагогикалық диагностика, яғни тәрбиеленушінің тәрбиелілік деңгейін анықтап, соған сай үйлесімді тәрбие процесін іске асыру міндеттерін айқындау.

  • Бағыт-бағдарлы жоба құру. Тәрбиені іске асыруды жоспарлай отырып, оның мазмұнын, формасын, әдістерін анықтау.

  • Ұйымдастырушылық, яғни жоспарланған іс-әрекетті іске асырудың тәсілдерін, жүргізілу жолдарын белгілеу.

  • Нәтижені бақылау және бағалау. Тәрбие процесінің іске асырылуын бақылай отырып, нәтижесін бағалау.

Ал, тәрбие процесінің ерекшеліктеріне келер болсақ, жоғарыда айтып өткендей тәрбие мен оқыту өзара байланысты тұтас іске асырылатын процесс. Бірақ, олардың іске асырылуындағы ұқсастық пен қатар айырмашылықтар да бар. Алдымен ұқсастығына тоқталар болсақ:

  • тәрбие процесі құрамына оқытудың элементтері енеді, мысалға белгілі бір ережені орындауды талап етпестен бұрын, оны орындауға үйрету қажет;

  • оқыту процесі оқытушы мен оқушы қарым-қатынасын ұйымдастырудан тұратын болса, іс-әрекет барысында оқытушы тәрбиелеушілік қызметті де атқарады;

  • оқыту мен тәрбиелеу процесінде бірдей әдістер қолданылады (түсіндіру, бақылау т.б.).

Екеуінің айырмашылығы оқыту барысында әртүрлі ғылымдардың негізін меңгерту көзделсе, тәрбие процесінде оның жеке қасиеттерін қалыптастыру көзделеді.

Сонымен тәрбие процесінің сипаты:



  • мақсатты бағытталумен (мақсат нақты, анық болса, нәтиже де тиімді);

  • мақсаттың бірлігі (тәрбиеленуші мен тәрбиешінің қызметтестік көрсеткіші);

  • ұзақтылығы (нәтиже, оқыту процесіндегідей бірден көрінбейді);

  • көп факторлылығы (тұлғаға жағымды, жағымсыз көптеген факторлар әсер етеді);

  • тәрбие процесінің үздіксіздігі (бір рет іске асыру деген мүлдем болмайды);

  • кешенділігі (мақсат, міндет, мазмұн, әдіс, түрлерінің тұтастығы);

  • вариативтілігі (тәрбиеленуші жеке ерекшеліктерімен, әлеуметтік тәжірибесімен ерекшеленеді);

  • қарама-қайшылығы (тәрбиенің қозғаушы күші).

Қорыта келе, өзіміз көріп отырғандай оқыту мен тәрбие тұтас процесс болғанымен өзіндік ерекшеліктері де бар.

8.3 Өзін-өзі тәрбиелеу және қайта тәрбиелеу

Тәрбие мақсатының педагогикалық процесс пен қоғам қажеттілігіне қарай өзгеріп отыратыны баршамызға мәлім. Қоғам мүшелерінің бәрінде ортақ, бірегей мінез-құлық, қасиет болмайды. Адамдар тұлға ретінде , өзіндік жеке ерекшеліктерімен дүниеге келмейді. Әрбір адам жеке тұлға ретінде қалыптастырылып, тәрбиеленуі оның өзіндік іс-әрекеттеріне де тікелей байланысты. Ол үшін әрбір адам өзін-өзі үнемі жетілдіріп, тәрбиелеп отыруы тиіс. Біз тақырыпқа байланысты алдымен өзін-өзі тәрбиелеу мәселесін қарастырайық. Өзін-өзі тәрбиелеу дегеніміз адамның өзінің теріс қылықтарын жойып, жағымды қасиеттерін жетілдіруге байланысты саналы, мақсатты іс-әрекеті.

Тұлғаның өзін-өзі тәрбиелеуде «мен» ұғымының мәні зор. Әрине, тәрбие барысында адамдарды бірдей, инкубаторлық тұрғыдан тәрбиелеу тіпті де дұрыс емес. Біз, тәрбие процесін баршаға бірдей, ерекшеліктерін ескере отырып жүргіземіз. Бірақ әрбір жеке тұлға жекелік қасиеттеріне сай қабылдап, бойына сіңіреді. Біз тәрбие процесінде адамдардың өз қоғамына сай тәрбиеленуін басшылыққа аламыз. Көптеген жағдайда адамдар тәрбиесі қоғаммен, ортамен үйлеспей жатады. Мұндай жағдайда әрбір жеке адам өзін-өзі тәрбиелеумен саналы түрде айналысуы тиіс. Бұл процесс педагогикалық процесте өзін-өзі тәрбиелеу процесі деп аталады. Мұның құрамына: өзін-өзі бақылау, өзін-өзі аңғару, өзін-өзі басқару, өзін-өзі бағалау т.т. жатады.

Ал, тәрбиесінде белгілі бір себептермен көлемді ауытқушылықтар болған жағдайда қайта тәрбиелеу процесі іске асырылады. Ол:



  • жеке тұлғаның мінез-құлқындағы ауытқушылықтың басты себептерін анықтау;

  • тәрбие процесінде туындап отырған мәселелерді айқындау;

  • қиындықты жеңу жолдары мен әдіс-тәсілдерін жобалау;

  • таңдалып алынған әдістеме ықпалын бақылау;

  • жобаланған жоспардың іске асуын қадағалау (тәрбиеленушінің белсенділігін есепке алу);

  • таңдалған әдіс нәтиже бермеген жағдайда жаңа әдіс таңдау;

  • талап қоюды нақтылау.

Қайта тәрбиелеу процесіне психолог, кейде медицина мамандары да араласа алады. Дұрыс ұйымдастырылған тәрбие процесі қашанда өз нәтижесін берері хақ.

9 дәріс. Тәрбие заңдылықтары мен принциптері.-1 сағат.

Мақсаты: студенттерді тәрбие заңдылықтары және принциптерімен таныстыра отырып, тәжірибеде қолдануды үйрету

Жоспары:

1. Тәрбие процесінің сипаты.

2. Тәрбиенің негізгі заңдылықтары және принциптері.

Негізгі ұғымдар: тәрбие процесі, тәрбие заңдылықтары, тәрбие принциптері

9.1. Тәрбие процесінің сипаты.

Тәрбие процесі (ТП)-бұл сыртқы мақсат бағдарлы ықпал мен тұлғаның өзін-өзі тәрбиелеуін кірістіре жүргізілетін тұлға қалыптастыру, дамыту процесі.

ТП-бұл өзара байланыстағы ұдайы дамып отыратын тәрбиелеу жүйесінің тізбегі, мұндағы әрбір тізбек алдыңғы нәтижелер есебінен құралады. Бұл түсінік бойынша тәрбие процесі өзіндік даму жүйесі ретінде қарастырылады және оның бірлігі болып дамушы тәрбиелеу жағдайында (тәрбие ісі) есептеледі. Мұнда тәрбиеленушілер, тәрбие іс- әрекеті, тәрбиеші, оның тәрбиеленушілерімен өзара әрекеті ғана дамып қоймай, келешек күрделі жүйе қалыптастыратын біртұтас объектіні дамытады.

ТП көпқырлылық, иерархиялық, статистикалық, өзін-өзі басқару сияқты қасиеттермен сипатталады.

ТП-де мазмұндық және процессуалдық жақтары анықталады. Бұлардың бірлігі тек тәрбие іске асатын нақты жағдайлар төңірегінен шығуға мүмкіндік беретін жоғары дәрежедегі абстракциялау арқылы жасалады. Оқу пәні мұғалімнің, сынып жетекшісінің, ұжымның тәрбиелік іс-әрекетінің барлығы тәрбие процесі болып табылады. Олардың арғы жағындағы тұтастықты көру үшін педагогикалық абстракциялау керек. Абстракциялаудың жеткілікті дәрежесі- тәрбиелеу теориясының аса маңызды әдіснамалық проблемасы. Өйткені, төмен дәрежедегі абстракциялауда тәрбие процесі тексеріле алмайды, ал өте жоғары болса, шындықтан ауытқу қаупі туады.

Педагогикалық процесс- біріншіден мазмұны жағынан өзінде оқу және сонымен бірге оқушылардың оқудан тыс іс-әрекеттерін де қамтиды; екіншіден, процестің өзінің екі жақтылық қасиетін көрсетеді, үшіншіден мұғалім мен оқушылар арасындағы өзара қарым- қатынастарының күрделілік қасиетін дәлелдейді, яғни, оқушылар да және ұстаздар да педагогикалық процесте бірдей нысаналар ретінде және ықпалдың субъектісі –объектісі ретінде және іс-әрекеттің субъектісі ретінде де көрінеді.

“Оқыту” – педагогикалық процестің бір бөлігі, онда өсіп келе жатқан ұрпақтың тұлғасын қалыптастыру міндеттері оқушылардың білімдер негізін меңгерудегі танымдық әрекеттерін мұғалімдердің ұйымдастыруы арқылы шешіледі; “оқыту формалары” мұғалімнің басшылығымен оқушылардың өзара әрекеттерін қамтамасыз ету арқылы шешіледі. Педагогикалық процесс – оқытушылар мен оқушылардың іс-әрекеттермен алмасуы. Сондықтан да, іс-әрекеттердің элементтері педагогикалық процесс құрылымына кіреді. Педагогикалық процесс бір ғана сәттік емес, уақыты жағынан ұзақ процесс. Оның заңдылықтарының ерекшеліктерін оқу барысында олардың бірқатары педпгогикалық процестің әлеуметтілік сипаттағы ерекшелігін көрсетеді және біртұтас педагогикалық процесте қалыптасушы тұлғаға қойылатын талапқа және осы талаптарға тәуелді мақсат, міндеттер және мазмұнға әсерін тигізеді.

Біртұтас педагогикалық процесс тұлға мен қоғамның мүддесіне сай жасалынып жүзеге асыратындықтан, онда ол тұлғалық бағытталған сипат алады. Демек, тұлға дамуының қайшылықтар тобы ең өзекті, жетекші болады.

Біртұтас педагогикалық процесте тәрбие процесі ерекше орын алады. Бұл процестің орны мен рөлі тұлға қалыптастыру процесі құрылымында тез байқалады.Тұлға қалыптастыру басқарушы, бақылаушы сипат алған тұтастығында , яғни адамдар саналы ниетпен , алдын-ала белгіленген жоспар мен міндеттерге сәйкес әрекет жасаған тұтас ортада тәрбие іске кіріседі. Тәрбие – бұл тұлғаны мақсат-бағдарлы қалыптастыру процесі.Бұл сонымен қоса , қоғамға қажетті әрі пайдалы тұлға қалыптастыру мақсатындағы тәрбиеші мен тәрбиеленушілердің ұйымдасқан , басқарылған, бақыланатын бірлескен өзара әрекеті.ТП-бұл белгіленген мақсатқа жетуге бағытталған тәрбиешілер мен тәрбиеленушілрдің нақты пәрменді бірлескен әрекеті.

ТП-нің өзіндік ерекшеліктері бар. Ең алдымен бұл процесс мақсатты-бағдарлы болып табылады.Оны ұйымдастыруда мейлінше пәрменділікке жеткізетіні - тәрбие мақсатының тәрбиелеушіге жақын әрі түсінікті мақсатқа айналуы. Нақты осы мақсаттардың бірлігі мен оған жетудегі өзара байланыс арқылы қазіргі тәрбие процесі сипатталады.



9. 2. Тәрбиенің негізгі заңдылықтары және принциптері.

Тәрбие іс-әрекеті тәрбиенің заңдылықтарын есепке алған жағдайда нәтижелі болады. Сонымен тәрбиенің негізгі заңдылықтары:

1. Тәрбиенің іс-әрекет процесінде іске асу заңдылығы. Тәрбие процесіндегі қарым-қатынастың сипатына байланыстылығы.

2. Тәрбиенің тұлғаның қоғаммен, басқа адамдармен қарым-қатынасына тәулді болу заңдылығы. Қарым-қатынас жағымсыз болса, тәрбие нәтижесі де төмен болады.

3. Тәрбие мен өмірдің байланысты болу заңдылығы. Өмірден алған тәжірибе ең жақсы тәрбиеші қызметін атқарады.


  1. Жеке тұлғаны тәрбиелеу, педагогикалық іс-әрекеттің қатар жүру заңдылығына сай іске асырылады. Тәрбиешінің сөзі мен ісінің бірлігі. Тәрбиеленуші тәрбиешінің ақыл-кеңесін, өз тәжірибесінен тексереді.

  2. Тәрбие мазмұны, тәрбиеленушінің өмір сүріп отырған тарихи кезеңіне тәуелді болады. Тәрбие мазмұнын анықтау үшін сол кезеңдегі ғылымның, мәдениеттің жетістіктерін есепке алу керек.

  3. Тәрбиенің мазмұны,әдістері, формасы тәрбиеленушінің жас, жыныс, және дара ерекшеліктеріне сай жүргізіледі.

  4. Тәрбие тәрбиеленушінің тәрбиешіге қарым-қатынасына тәуелді. Бір біріне деген сенімділігі, тәрбиенің нәтижелілігін арттырады.

  5. Тәрбие тәрбиешінің кәсіби біліктілігіне тәуелді.

  6. Тәрбиенің нәтижелілігі оған қатысушылардың (тәрбиеші, сынып жетекшісі,жоғарғы оқу орнында куратор, психолог, ата-ана, оқытушылар) іс-әрекеттерін келісіп іске асыруларына да тәуелді.

Өзіміз көріп отырғандай, тәрбие заңдылықтары тәрбие процесінің нәтижесін суреттейді. Тәрбие заңдылықтарымен қатар, принциптерін де тәрбие процесінде ұстану қажет.

Тәрбие принциптері дегеніміз, тәрбие процесін жүзеге асыру барысында ұстануға тиісті талаптар. Бұл талаптар, яғни принциптер төмендегідей:



  • Тәрбиенің өмірмен, қоғаммен байланыстылығы. Яғни, тәрбие қоғам сұранысын есепке алып отыруы тиіс.

  • Тәрбиенің міндеттілігі. Тәжірибеде іске асырылуы тиіс.

  • Кешенділік принципі. Тәрбие принциптері тұтастықта жүзеге асырылады.

  • Барлық принциптердің тепе-теңдігі. Принциптердің маңыздысы, маңызды емесі болмайды. Барлығын тең тұрғыда ұстанады.

  • Тәрбиенің гумандық принципі. Адамдарды құрметтеу, сыйлау, бір-біріне мейірімді бола отырып, талап қоя білу. Өзін басқаның орнына қоя білу.

  • Жағымды қасиетке сүйену принципі. Тәрбиеленушінің жағымды қасиетін тауып, соған сүйене отырып тәрбиелеу.

  • Тұлға дамуына бағытталу принципі. Барлық тәрбиеленушілердің өзіндік ерекшеліктері бар: жынысы, жас, темпераменті, жинақтаған тәжірибесі, мінез-құлқы, даралығы. Сондықтан тәрбиеде мұндай ерекшеліктер міндетті түрде ескерілуі қажет.

Сонымен аталған принциптерді тұтас ұстанып, тәрбие процесінде жүзеге асырар болса, тәрбие жұмыстары қажетті нәтиже береді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет