4) Иллюстрациялы материалдар: карта
5) Әдебиеттер
1.Қазақстан тарихы.Очерк.,Алматы.,1993
2.Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. 5 томдық.,1 том.Алматы., 1996
3.Күзембайұлы. Қазақстан Республикасының тарихы. Алматы., 1998
4.К.Рысбаев. Қазақстан Республикасының тарихы. А., 2002 ж.
5.Қазақстан тарихы : ақтаңдақ беттерінен. А., 1991 ж.
6.Ч.Мусин. Қазақстан тарихы А., 2003 ж.
7.Қазақтың көне тарихы. А., Жалын. 1993 ж.
8.Н.Мыңжан. Қазақтың қысқаша тарихы. А., Жалын 1994 ж.
6) Қорытынды сұрақтары:
1.Қазақстан территориясындағы тайпалық одақтардың құрылуының алғышарттарын атаңыз?
2.Сақтардың шаруашылығындағы негізгі бағыттарды атаңыз?
3. Б.з.б. ІІ ғасырда Үйсіндердің территориясын көрсетіңіз?
4. Қаңлылардың қоғамдық –саяси өміріндегі ерекшеліктерді көрсетіңіз?
5. Ғұндардың бірінші «ұлы қоныс аудару» кезеңін атаңыз?
6. Сармат мәдениетінің кезеңдерін көрсетіңіз?
1) Тақырып №3. Орта ғасырдағы Қазақстан (VI-ХІІІғғ. басы)
2) Мақсаты: Қазақстан территориясында VІ–ХІІІ ғғ. басындағы өмір сүрген мемлекеттерге сипаттама беру және ашып көрсету, мемлекеттік құрылымдардың сабақтастығына назар аударту.
3)Дәріс тезистері
Халықтардың ұлы қоныс аудару дәуірі Қазақстан мен Орта Азияның және Шығыс Еуропаның этникалық және саяси картасын едәуір мөлшерде өзгертті. V ғ. Түркі тілдес теле тайпаларының Қисапсыз көп топтары Солтүстік Моңғолиядан бастап, Шығыс Еуропаға дейінгі ұланғайыр далаға кең жайылып қоныстанады, оңтүстікте олардың қоныс- өрісі Амударияның жоғарғы ағысына дейін жетеді.
VI ғ. Қазақстан жері аса қуатты мемлекет - Түрік қағанаты өкіметінің қол астына қарайды, олардың билеушілері түрік тайпасының Ашындар әулетіне шығып отырған. Қағанат ұйымдасқанға дейінгі түрік этносының өзінің құрылу тарихына келсек, ол II ғ. VI ғ. Ортасына дейінгі Ганьсу, Шығыс Түркістан мен Алтай аймақтарында бірте - бірте сатылып құрылған.
«Түрік» атының тұңғыш рет аталуы қытай шежірелерінен кездеседі және ол 542 жылға жатады. Қытайлар түріктерді сюнну ғұндар деп атаған. 546 ж. Алтайда теле тайпасы қыруар әскерінің талқандалуы салдарынан түріктерге 50 мың үйдің келіп қосылу себепті олар кәдімгідей күшейеді. 552 ж. түріктердің бастаушы Бумын өздерінің билеушісі аварларға қарсы шығып, оларды ойсырата жеңеді. Осы мемлекеттің ойрандалған орнында олар Түрік қағанатын құрады. Бұл этникалық - әлеуметтік бірлестіктің атасы - Бумын - қаған болды. Оның мүрагері Мұкан - қаған билік құрған жылдарда Түрік қағанаты Орта Азияда саяси үстемдікке ие болады. Олар Маньчжуриядағы қидандарды, Енисейдегі қырғыздарды бағындырады, бұларға Солтүстік Қытай мемлекеті алым - салық төлеп тұрады.
Отырықшы тайпалар байлығына ие болу үшін түріктер Орта Азияға қарай ұмтылады. Бұлар арада олар қарауындағы жерлері Каспий теңізінен Солтүстік Үндістан мен Шығыс Түркістанға дейін созылып жатқан эфталиттерге кездеседі. 561 -563 жж, Түріктер Иранмен эфталиттерге қарсы одақ құрады. 564 ж. Иранның шахы Хосору Ануширван эфталиттерге аса маңызды стратегиялық Тохарстан облысын тартып алады. 587 ж. Бұқара түбінде түріктер эфталиттердің негізгі күшінің күл-талқанын шығарады. Иран мен Батыс түрік қағанатының саяси шекарасы Амудария болады.
Түріктер мен олардың билігінде болған соғдылар Византиямен тікелей сауда байланысын орнатуға ынтызар еді.
Иран бұған кедергі жасайды.568 ж. Соғды көпесі Маниах түрік қағанатының елшілігін Константинопольге бастап барады, онда екі еларасында сауда келісімі және Иранға қарсы әскери шарт жасалды. Парсылар империямен қағанаттың өзара одақ құруына мейлінше қарсы болды. Иран түріктерге жыл сайын 46 мың алтын теңге салық төлеп түрады және олардың сауда -саттығына кедергі жасамауды міндетіне алады. Осыдан кейін түрік әскері Амударияның арғы бетіне әкетіледі. Бұл жағдай Византия -түрік одағына әсер етеді. 571 ж. Истеми Терістік Кавказды алып, Боспоға шығады. Оның ұлы Түріксанф Керчіні басып алып, Қырым жеріне енеді, бірақ көп ұзамай жарты аралдан кетіп қалады. Өзара қырылыс пен әлеуметтік қайшылықтар қағанатты қатты әлсіреді. Күшейіп алған Иран 588 ж. Герат түбінде Түріктерді жеңіп шығады. Византия 590 ж. Боспорды қайтадан жаулап алады.
Түрік қағанатындағы өзара қырғыс кезеңі 603 ж. Батыс Түрік қағанатының бөлініп шығумен аяқталады, Шығыс Түркістанның көкалды аймақтарынан бастап Амударияға, Еділ өңірі мен Терістік Кавказ далаларына дейін созылып жатқан байтақ жер осынау Қағанат қарауына көшеді.
Батыс Түрік қағанаты (603-704 ж.). Қағанаттың этникалық саяси өзегі «он тайпа» болды, олар Қаратау баурайынан Жоңғарияға дейінгі аралықта жатқан ежелгі үйсін жерін жайлайды. Шу өзеннің шығыс жағында Дулының бес тайпасы, ал оның батыс жағында бес тайпалы нушебилер тұрып жатты. Суяб қаласы елдің астанасы болды, ал қағанның жазғы ордасы Мың бұлақ (Түркістан қаласы жанында). 610-618 жж. Жеғуй-қаған мен оның інісі Түн-жабғы қаған билеген кезде қағанаттың күш - қуаты таси түседі. Тохарыстан мен Ауғаныстанға жасалған жаңа жорықтар мемлекет шекарасын Үндістанның солтүстік - батысына дейін жылжытып кеңейтеді.
Қағанат шаруашылықтың көшпелі және жартылай көшпелі әдісі басыңқы және отырықшы - егіншілік түрі қоса жүргізілетін бірігей жүйесі болып табылады. Қала мен дала қағанат құрамындағы біріккен - әлеуметтік - саяси ағзаның бір - біріне аса қажет, бірін-бірі толықтырып отыратын бөлшектер еді. Елдің халқы - түріктері де, соғдылары да - бәрі бірдей сауда - саттықпен қолөнер кәсібімен, егіншілік және мал өсірумен айналысып отырған.
Қағанаттағы бірінші тұлға - жоғарғы билеуші - басқарушы, әскери бастық, күллі жердің қожасы да-қаған болған. Қағанаттағы жоғарғы лауазымдар - жабғы, шад және елтебер -қаған әулетіне ғана тән атақтұғын. Сот қызметтерін бүйрықтар мен тархандар атқарған. Қағанаттың негізгі халқы мал өсіретін ерікті ұсақ қауым мүшелері болған, оларды «қара будун» деп атаған. Әлеуметтік жағынан тайпалар - ақ сүйек және вассал тайпалар болып бөлінген. Бағыныштылар эманда алым - салық төлеп отырған. Түріктердің көрші тайпалар мен халықтарға шапқыншылық жасағандағы мақсатының бірі - құлдарды әкету болған.
Жаулап алынған жерлерде негізінен олардың әлеуметтік, экономикалық және мемлекеттік құрылысы сақталған, бірақ қағанның орынбасарлары - тудундар алым - салық жинау және оны қаған ордасына жіберіп отыруды қадағалаған. Батыс түрік қағатында таптардың пайда болу процесі және ерте феодалдық қоғамдық қатынастардың құрылуы жедел жүріп жатты.
Қарауындағы халықтар мен тайпаларды ұдайы бағынышты етіп ұстап отыруға Батыс түрік қағанаты Орталық өкіметінің әскери - саяси ресурсы жетіспейтін болып шықты.
Қағанат ішінде өзара тартыс үздіксіз жүріп, билеушілер жиі - жиі ауысып жатты, бұл ыдыраушылықты асқындырып жібереді. Он алты жылға созылған тайпалар арасындағы соғыс пен әулеттік ішкі қырқыстар Жетісуға Тан империясы әскерінің баса көктек кіруіне әкеліп соқты. Таң губернаторлары Батыс түрік тайпаларын қаған әулетінен өздері қалып қойған сыбайластары арқылы басқаруға тырысты. Алайда Түріктердің Таң басқыншылығына және олардың сыбайластарына қарсы жүргізілген тынымсыз күресі түргештердің күшейіп көтерілуіне, сөйтіп 704 ж. Жетісуда олардың саяси жетекшісі күш болып шығаруына себепші болды.
Қарлұқ мемлекеті (756 - 940 жж.)
Қарлұқтар туралы «бұлақ» деген атпен мәлім болған алғашқы деректер V ғ. жатады. Ежелгі түріктердің руникалық ескерткіштері «үш қарлұқ» атын Алтай тауы мен Балқаш көлінің шығыс жағалауы арасын қоныс еткен көшпелі тайпаларының қуатты одағы. VII ғ. орта кезінде қарлұқ бірлестігінің құрамына ірі - ірі үш тайпа - бұлақ, шігіл мен ташлық кірген. Қарлұқ тайпаларының көсемі Елтебер деп аталған.
742ж. Моңғолия даласындағы саяси жетекшілер шығыс түріктерінің өкіметі қиратқан үш тайпаның - қарлұқтың, ұйғырлар мен басмалдардың одағына көшеді. Аз уақыт басмалдардың бағы жанды - олардың көсемі қаған болды. Қарлұқтар басшысы мен ұйғырлардың жетекшісі жабғы атағын алды. Алайда 744ж. басмалдарды ұйғырлар мен қарлұқтардың біріккен күші күл талқан етеді. Орталық Азияда жаңа мемлекет -ұйғыр қағанаты пайда болды. Ұйғыр тайпаларының басы жоғарғы қаған болды да, қарлұқтар көсемі оң жабғы атағын алды. Дербес тұруға ұмтылған қарлұқтар ақырында ұйғыр қағанатынан бөлініп кетеді.
VIII ғ. орта кезінен бастап, қарлұқтар мен оғыздар арасында түргештер мұрасын иемдену жолындағы тартыс етек алады, олардың қалың - қалың топтары Ыстық көл мен Талас облыстарына негізгі бөлігі Жетісу жерінен өтіп, Сырдария өңіріне кетіп қалды.
766 ж. Түргеш қағандарының қос ордасы - Тараз бен Суябты қоса, бүкіл Жетісу қарлұқ жабғысының қоластына көшеді. Қарлұқтар қам - харектімен ерте феодалдық мемлекет құрылды. Қарлұқтар бір тынбастан шекараларын кеңейте береді. 466 - 775 жж. қарлұқтардың бір бұтағы Қашқарияны басып алады, ал VIII ғ. аяқ кезінде олардың өзге бір тобы Ферғанаға ықпалын жүргізе бастайды.
Жетісу территориясында қарлұқ тайпаларының саяси бірлестігі құрылады. Араб және парсы деректеріне жүгінсек IX - X ғғ. Қарлұқ бірлестігі болып жатқан рулық - тайпалық таптар құрылды. Мысалы, араб жағрафияшысы Әл-Марфази қарлұқтар құрамында тоғыз тайпа болған дейді. Қарлұқ құрамына Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанның: тұхси, шігілдер, түркештер, халаджылар, чаруктер, барысхандар сияқты көшпелі және жартылай көшпелі түрік тілді тайпалары енген. Қарлұқтардың қоластындағы халықтар этникалық жағынан бір тектес болмаған, олардың ішінде иран тілді соғдылыр, Таяу Шығыс пен Орталық Азия елдерінен ауған келімсектер бартұғын.
VIII - X ғғ. қарлұқ мемлекетінде отырықшы - егінші тұрғындары түріктендіру процесі қызу жүріп жатты.
VIII - X ғғ. қарлұқ тайпалары Қазақстанның Жоңғар Алатауынан бастап, Сырдарияның орта ағысына дейінгі кең көсіліп жатқан территориясын қоныс етеді, Балқаш пен Ыстық көлдер арсында Іле, Шу, Талас өзендері бойында, Тян-шяннің сілемдерінде, Испиджаб облысындағы орта ғасыр қаласы Отырарға дейін еркін көшіп - қонып жүреді. Араб жағрафияшысы Ибн Халдунның мәліметіне қарағанда, «қарлұқтар жерінің батысынан шығысына дейін жету үшін 30 күн жүру керек» екен.
Қарлұқтар мен ұйғырлардың шығысындағы VIII ғ. аяғы мен IX ғ. бас кезіндегі бәсекелі талас - тартысы қарлұқтардың жеңіліп, Моңғолиядағы ұйғыр қағанатының жоғарғы билігіне мойынсұнуымен аяқталады. Қарлұқтар батыста Мәуереннахрдың араб жаулаушыларымен жан аямай күреседі. IX ғ. бас кезінде арабтарға қарсы бағытталған әртүрлі қимыл - әрекеттерді белсене қолдайды. 810 ж. арабтар қарлұқтарға шапқыншылық жасап, Құлан қаласына дейін жетеді. 812 ж. олар Отырарға жортуылға шығып, қарлұқтар қолын қирата жеңіп, олардың жабғысын қимақ еліне қашып кетуге мәжбүр етеді. IX ғ. 20 жж. бастап Мәуереннахрда жергілікті саманилер әулеті билік жүргізеді, ол Бағдаттағы араб халифына сырттай ғана тәуелді болып есептеледі.
840 ж. Орталық Азия даласында аса маңызды оқиға болды: Енисей қырғыздары ұйғыр қағанатын жойып, ұйғырларды Тұрфан көгалды аймағы мен Ганьчжоу ауданына еріксіз көшіреді. Бұл оқиғаны Исфиджаб билеушісі, қарлұқ жабғысы Білге Күл Қадырған шебер пайдаланады да, жаңадан қаған атын алып, өзінің жоғарғы өкіметті алуға қақы бар екенін ашықтан - ашық жариялайды. Тап сол жылы қарлұқ қағанатының саманилерге қарсы соғыс жүргізуіне тура келеді. Өйткені Самарқант уәлиі дінсіз түріктерге қарсы қасиетті соғыс ашылды деп жар салады да, Исфиджабты басып алады. 893 ж. самани Исмаил ибн Ахмет Таразға жорық жасайды. Қарлұқ қағаны Оғұлшақ Қадырхан қаланы ұзақ уақыт қамап қоршаса да шыдайды, бірақ ақырында қала құлап, оның халқы ислам дінін қабылдайды. Оғұлшақ өз ордасын Тараздан Қашқарияға көшіреді де, Саманилерге қарсы соғыс әрекеттерін жүргізе береді. Бұған қарсы Жетісу түріктері Саманилердің қысымына тойтарыс беріп қоймай, олардың мемлекетіне жортуыл жорықтар да жасап тұрады. 904 ж. Мауереннахрға түріктің қалың әскері басып кіреді, бірақ олар біраздан кейін тықсырылып шығарылады.
Оңтүстік Қазақстан жерінің Қарлұқ қағанатына кіретін азғана бөлшегінде ғана араб өктемділігі орнайды. Фараб, Исфиджап, Тараз сияқты қалалары саяси күрестің небір қиын -қыстау кездерінің өзінде, ерте орта ғасыр дәуіріндегі араб тарихшылырының айтуынша, арабтар үшін тынышсыз жерлер болып қала береді. Арабтардың жаулап алуы халифат қол астындағы территориялардың әлеуметтік - экономикалық, саяси және мәдени өмірінде, ондағы этникалық, тілдік процестерде белгілі бір із қалдырады.
Қарлұқтардың мемлекеттік құрлымының бір сипаты - онда еншілік тайпалық жүйесінің дамыған түрі бар болатын, бұл әрине басқарудың орталықтанған түрінің бекуіне жәрдемін тигізбеді. Қарлұқ жабғылары билігінің аты болмаса, заты жоқтұғын. Ірі - ірі тайпалар құрып, жер - суы бар билеушілер өздерінің жартылай дербес, ал шын мәнінде тәуелсіз иеліктерін күшейтіп, нығайтуға ұмтылып отырды. Тайпаның текті кісілерінің көп артықшылықта бартұғын және олардың мұрагерлік сипаты болатын. Қарлұқ мемлекетіндегі басқарудың әскери - әкімшілік жүйесі - олардың көшпелі және жартылай көшпелі тұрмыс - салтының ерекшеліктерін көрсетеді.
Әлеуметтік және жіктік теңсіздік қарлұқ қоғамының негізгі өзегі болатын. Байларға ілесе кедейлер жүретін, қауымның ешбір Құқы жоқ тобы - құлдар еді. Алайда халықтың негізгі бұқарасы қоғамның қатарындағы мүшелері еді, олар көбінесе малы мыңғырған қамқоршы байларға экономикалық жағынан кіріптар болып қалатын. Өктемдік жүргізетін ақсүйек билеушілердің қатал иерархиялық жүйесі айдан-анық көрініп тұрумен қатар, қарлұқ конфедерациясының рулар мен тайпаларды да өзінің әлеуметтік маңыз - мәніне қарай бөлінеді.
Көшпелі тайпалардың билеушісі ақсүйек топтарының қолында жайылымдар мен құнарлы жер ғана емес, қала орталықтары да болатын. «Худуд әл - адам» бойынша қарлұқтар елінде 25 қала мен қыстақ болған, олардың ішінде: Тараз, Құлан, Мерке, Алмалық, Тұзын, Балиг, Барысхан, Сыйкөл, Талғар, Тонг, Пенчул т.б. бар екен. Қарлұқтардың астанасы және олардың көптеген қалалары Ұлы жібек жолы бойында тұрған, ал бұл жолдың Қазақстанның оңтүстігі мен Жетісу үшін елшілік және сауда - саттық желісі ғана емес, сол сияқты мәдени және рухани байланыстар арнайы орасан зор маңызды болды.
ІХ-ХІІ ғасырлардағы ортағасырлық мемлекеттер
Оғыз мемлекеті (IX - XI ғғ. басы)
VIII ғ. орта кезінде Түркештер мұрасы үшін қарлұқтармен болған күресте оғыздардың едәуір бөлігі Жетісуды тастап, тау баурайлары мен Шу алқабына кетіп қалған болатын. Осы арада олрдың «Көне Грузия» деп аталатын ордасы бар тұғын. IX ғ. бас кезінде оғыздардың көсемі қарлұқтармен және қимақтармен одақтасып, хазар - печенег бірлестігін күйретеді, сөйтіп Сырдарияның төменгі жағы мен Арал өңірі даласын басып алады. IX ғ. соңғы кезінде олар хазарлармен одақ құрып, печенегтерді жеңеді де, Орал мен Еділ арасын қол астына қаратады.
Печенегтермен ұзақ уақытқа созылған күрес - тартысы олардың саяси бірлігін күшейтіп, тайпалардың оғыздық одағын құруға себепші болды. Қырғыздар құрамына Сырдария алқабы мен Арал - Каспий далаларындағы үнді - еуропа және фин - тектес ежелгі этникалық компоненттері және сонымен бірге Жетісу мен Сібірдің: халаджылар, жағарлар, чаруктер, қарлұқтар, имурлер, байандұрлар, кайлар секілді көшпелі және жартылай көшпелі тайпаларды да кіреді. Оғыздардың этникалық қауымдастығының құрылуы ұзақ және күрделі процесс болады. Әу баста оғыз тобының өзегі Жетісуда ұйымдасады, алайда батысқа қарай жылжу барысында Оңтүстік және Батыс Қазақстан жерінің көшпелі және жартылай отырықшы халқының есебінен едәуір дәрежеде толығады.
Оғыздар көптеген рулық тармақтары бар бірсыпыра тайпаларға бөлінеді. Махмұт Қашғаридың айтуынша, әуелгі кезде олар 24 тайпалардан құрылып, екі бөлікке: бұзықтар мен ұшұқтарға бөлінеді. Бұзықтар көптеген артықшылықты пайдаланған. Осынау екі топтың әрқайсысына 24 тайпа енген, олардың өзі тепе - тең екі бөлімге бөлінген. Оғыздардың қарлұқ, печенег, башқұрт, қимақ, қыпшақ сияқты түркі тілдес көрші тайпалармен тығыз байланыста болуы - уақыт өткен сайын олардың өзара жақындасуына жол ашады.
IX ғ. аяғы мен XI ғ. бас кезінде оғыз тайпалары Сырдарияның орта ағысына Еділдің төменгі бойында дейінгі орасан кең территориясын мекендейді. Оғыздардың қоныс өрістері Ырғыз, Орал, Ембі, Ойыл өзендерінің бойларында, Сырдариялық Қаратау баурайлары мен Исфиджаб шегіне дейін жайылып, шашырап жататын. Олар Сырдарияның орта және төменгі ағысы бойында, Арал өңірі мен Шығыс Каспий аймағында шоғырланып қоныс тепкені. Оғыз тұрақтары мен бекіністерінің шекарасы Оңтүстік Орал мен Төменгі Еділ бойына дейін жетеді. Оғыздар мен иеленетін отырықшы облыстармен, Хорезммен, Мауараннахрмен және Хорасанмен шектесіп жатады.
IX - X ғғ. оғыз мемлекетінде ескі рулық - тайпалық институттардың азып-тозу процесі үздіксіз жүрумен бірге, патриархалды- феодалдық қатарында да дамиды.Х ғ. аяғы мен XI ғ. бас кезінде Сырдария жабғысының мемлекетінде алым-салығы тиянақты түрде жинап отыру жүйесі жұмыс істеген, бұл мемлекетте тұрақты басқару аппаратының құрылғанына дәлел бола алады.
Оғыз қоғамында жеке меншік қалыптасып дами бастайды, ақсүйек байлар тобы жеделдете бөлініп шығып жатады. Малға жеке меншік-мүліктік теңсіздіктің негіз болып табылады. Бай ақсүйектермен бірге қауымның қатарындағы мүшелері, кедейлер мен құлдар бұқарасы тіршілік етеді. Оғыздардың басты шаруашылығы интенсивті түрде мал өсіру болады.
Көшпелілермен қатар елде жартылай отырықшы және отырықшы жұрттың жинақты топтары да күн көрген. X - XI ғғ. ортағасырлық авторлар қалалар мен отырықшы қыстақтар қатарында Жент, Сауран, Қарнақ, Сүткент, Фараб, Сығанақты атап өтеді. Малынан айрылған көшпелілер отырықшы тірлігіне ауысады. Олардың басты кәсібі енді егіншілік пен қолөнер болады. Оғыздардың көшпелі даласы Мауереннахр, Хорезм мен Жетісу сияқты, егіншілігі дамыған көгалды аймақтармен тығыз байланыс жасап тұрған. Дала мен отырықшы-егіншілік зоналарында құл саудасы кеңінен жайылады. IX ғ. Хорасанның билеушілері жыл сайын Бағдат халифтарының сарайына екі мың оғыздық құлды жөнелтіп отырған. Оғыздар негізінде мәжусилер болған, бақсы-балгерлерге табынған. Сонымен бірге оғыздар арасына бірте-бірте ислам діні де ене бастайды.
Оғыздар мемлекеті Еуразияның, саяси және әскери тарихында маңызды рөль атқарады. 965 ж. олар Киев Русымен одақтасып, Хазар қағанатын талқандайды. X ғ. орта кезінде хазарлар шекарасы Каспий теңізінің солтүстік шығыс жиегіне жеткен еді. 985 ж. оғыз жабғысы орыс кіназдарымен бірлесіп, Еділ Булгариясын ойрандайды. Осының бәрі оғыз мемлекетінің саяси күш-қуатының өсуіне жол ашады.
Қарахан әулетінің мемлекеті ( 942 - 1210 жж.)
Қарахан әулетінің атасы Сатуқ Бограхан болып есептелді. Саманилердің қолдауына сүйініп, ол өз ағасы Оғылшаққа қарсы шығады да Қашғар мен Таразды өзіне қаратады. 942 ж. Сатуқ Баласағұн билеушісін құлатып, өзін жоғарғы қағанмын деп жариялайды. Осы кезден бастап, Қарахандар мемлекетінің өз тарихы басталады.
Қарахандар мемлекетінің құрылуы мен оның ерте тарихында басты рөлді қарлұқ тайпалары атқарады, бұл қарлұқтармен бірге шігіл мен яғма да кірген еді. X ғ. яғманың бір бөлігі қарлұқтармен бірге Жетісуды, Нарынның түскейін мекендейді. Кейінірек, XI ғ. яғмалар қиян теріскейде, Іле алқабында тұрады. Ыстық көлдің солтүстік жағынан көшіп келген шігілдер де осы алқапқа тарап кеткен еді.
992 ж. қарахандар шығыста Хотанды, батыста Бұқарды жаулап алады. 999 ж, Қарахан әулетінің Насыры мен Ғазнаулер әулетінің Махмұты бірлесіп, Орта Азияға Саманилер мемлекетін біржолата қиратады. Амудария Қарахандар мен Ғазнаулилер арасында шекара болып қалады. Солтүстік Қарахандар мен Қыпшақ хандығының шебі Тараз қаласына жуық өтетін. Ал Солтүстік-шығыс бетте Қарахандар шекарасы Балқаш көлі мен Алакөл шетінен аспайды. Шығыста олар ұйғырлармен шектелетін, Қарахандардың оңтүстік-шығыстағы иелігі Шершенге дейін созылатын. Олардың Батыс пен оңтүстік-батыс жаққа қарай жылжуы Оңтүстік Түркменияға салжықтар қарсылығына, Амударияның төменгі бойында Хорезмшах қарсылығына тап болады. Бұдан кейінгі екі ғасыр бойына Қарахандар иелігі Батыста Амудария мен Сырдария арасындағы Мауараннахрдан бастап, Шығыста Жетісу мен Қашғарға дейін кең көсіліп жатады.
Қарахандар мемлекеті шекаралары тұрақты, созылып жатқан егіншіліктерге бөлінеді. Егіншілік иелерінің құқықтары зор болатын, олар өз атымен теңгелер шығаруға дейін, кейде тіпті лауазымдарын өзгертуге дейін баратын. Саяси өмір талас тартыс және өзара қырқыс жағдайында өтіп жататын.
XI ғ. 30-шы жылдарының аяқ кезінде Ибраһим ибн Насырдың тұсында мемлекет екіге бөлінді: біріншісі, орталығы Бұқарда болған, қарауына Ходжентке дейінгі Мауараннахрды қосып алған Батыс хандығы, екіншісі, қамтуына Тараз, Исфиджаб, Шаш, Ферғана, Жетісу мен Қашқар кіретін Шығыс хандығы. Оның астанасы Баласағұн қаласы болды. Сөйтіп бұрын ағахан яғни жоғарғы хан өкіметінің қоластында болған
Қарахандар мемлекетінің іс жүзінде ыдырап, дербес және жартылай дербес егіншіліктерге бөлінуі заңды түрде бекітіледі.
Қарахан мемлекеті бұрынғы мемлекеттік құрылымдарының жай ғана қайталануы еместі. Қазақстан жеріндегі көшпелі қоғамдарының саяси құрылымдарынан мұның бір айырмашылығы:
- әскери басқару әкімшілік басқарудан бөлінген болды. Мемлекеттік - әкімшілік құрылыс иерархиялық принципке негізделген еді.
Қарахан әулеті мемлекетіндегі аса маңызды әлеуметтік-саяси институт әскери-мұралық жүйе болған. Хандар өздерінің туысқандары мен жақындарына белгілі бір ауданның, облыстың не қаланың халқының сол уақытқа дейін мемлекет пайдасын алынып келген салықты өзіне жинап алу хұқын тарту етеді. Мұндай салық «иқта» деп аталады, ал оны берушіні мұқтажар немесе иқтадар деп атаған. Иқта институты Қазақстанның оңтүстігінде мен оңтүстік-шығысының шаруашылық және саяси өмірінде елеулі рөль атқарады.
Халықтың ең басты тірлігі көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығы болады. Сонымен бірге XI - XII ғғ. Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанда түрік тайпаларының тұтас бір бөлігі егіншілікпен айналысады және қала мәдениетіне барып қосылады.
Көшпелі және отырықшы халық идеологиясында ежелгі түріктердің діни түсініктері орын алады. Қағанатта мемлекеттік дін есебінде қабылданған ислам одан әрі дами береді. Елді исламдандыру, әсіресе Оңтүстік Қазақстан аудандарын исламдандыру, мұсылман дінінің көшпелі ақсүйектер арасына енуі көне түрік руникалық жазуын тықсырып тастайды да, араб әрпіне негізделген жаңа түрік жазуының түзілуіне жеткізеді.
Қарахан әулеті тұсында түрік этносының ой-санасы өседі, мұсылман әдебиеті түрік тілінде шыға бастайды. Бұл салада жұрттың бәрінен бұрын Жүсіп Баласағұнның есімі белгілі болды.
Қара қытайлар мемлекеті. Қара қытайлардың құрылуы Орталық Азияның қидан тайпаларымен тығыз байланысады. Қидандар б. з. IV ғ. жазба деректерде монғол тілді тайпалар ретінде аталады. Олар Қытайдың солтүстік жағында Маньчжурия мен Уссури өлкесінің территориясын мекендеген. 924 ж. Алтайдан бастап, Тынық Мұхитқа дейінгі аса кең жер Қидан мемлекетінің қоластына өтеді.
1125 ж. Сунь Қытайы мен Чжурчжень мемлекетінің біріккен күші Ляо империясын құлатады. Қидандардың бір бөлігі чжурчжендерге бағынады да, қалған бөлігі Енисей қырғыздардың жерін басып өтіп, Еділ өзенінің бойына жетеді, сөйтіп сол арадан аттас қала салады. Олардың, қидандардың батыс тармағы өкіметі қоластына Жетісудің бір бөлігі қарап, жергілікті түрік тілдес халықтармен араласып кету нәтижесінде, келімсектер Қара қытай аталып кете береді.
1128ж. Қарахандар әулетінен шыққан Баласағұнды иемденуші өздеріне қысым жасап, тыныштық бермеген қаңлылар мен қарлұқтарға қарсы аттануға шақырады. Қарақытайлар көсемі Елу Даши Баласағұнды басып алып, Қарахандар әулетінің билеушісін тағынан тайдырып, Жетісуға өз мемлекетін орнатады. Сосын бірқатар даулар жорықтарын жасап, мемлекет шекарасын Енисейден Таласқа дейін кеңейтеді. Содан кейін қарақытайлар қаңлыларды бағындырып, Шығыс Түркістанды қосып алады. 1137ж. Олар Ходжент жанында Мауереннахрдың иесі Махмұд ханды, ал 1141 ж. Самарқанға таяу жердегі Қатуан даласында салжық-қарахандар әскерін күйретеді. Қарақытайлар Бұқарды және күллі Орталық Мауараннахрды басып алады. Хорезмге жіберілген айрықша әскер Хорезм шахты жыл сайын өздеріне 3 мың алтын динар мөлшерінде алым төлеп тұруға мәжбүр етеді. Жетісу, Оңтүстік Қазақстан, Мауараннахр мен Шығыс Түркістан Қарақытай мемлекетінің құрамына енді. Қарахандар әулетін қарақытайлар өз вассалына айналдырады.
Қарақытай мемлекетінің басшысы Горхан деп аталады. Баласағұн оның иеліктерінің орталығы болып қала береді. Әскерде тәртіп өте қатал болады, Ел ішінде аула басынан салық жинау жүйесі енгізілді - әр үйден бір динардан салық алып отырады. Горхан жақын-жуықтарына жер-суды тарту етпейді, өйткені олар күшейіп алып, бәсекеші болып кетер деп қауіптенеді. Қарақытайлар Жетісудың оңтүстік бөлігін, Исфиджабтың солтүстік-шығыс аймағын, Құлжа өлкесін тікелей басқарады, Жетісудың Іленің теріскей бетінен әрі жатқан бөлігі Қарлұқтар хандарының қарауында болатын, бірақ олардың ортасында ұдайы Горханның өкілі тұрған. Бірінші Горхан 1143 ж. қайтыс болады. 1208 ж. қарақытайлар
Моңғолиядан Шыңғысхан тықсырып қуып шыққан соң Күшілік бастаған наймандар қашып кетеді.
Достарыңызбен бөлісу: |