Ақ орда
14-15 ғғ. Орта Азия мен Қазақстан монғол шапқыншылығы зардабынан арыла бастады. Әлеуметтік-экономикалық жағдайлар түзеле бастады. Көптеген ұлыстар мен елдер тәуелсіз бола бастады. Осындай тәуелсіздікке ие болған мемлекеттердің бірі - Ақ Орда. Оның шекарасы Жайық өзенінен Ертіске, Батыс Сібір ойпатынан Сырдың орта шеніне дейін созылып жатты.
Ақ Орданың халқы - қыпшақтар, Алтайдан осында қоныс аударған наймандар, қоңыраттар, керейттер, үйсіндер, қарлұқтар т.б.
Ақ Орда хандары - Орда Ежен, Сартақ, Қоныша, Баян, Сасық-Бұқа, Ерзен, Мүбарак, Шымтай, Орыс хан, Қойыршак, Барақ т.б.
Ақ Орданын күшейген кезі 14 ғ. 2 жартысы. 1361 ж. Ақ Орданың билеушісі болған Орыс хан өз жағдайын біраз күшейтіп, енді Алтын Орда тағын иемденуге күш салды. Сөйтіп, 1374-1375 жж. Еділ бойымен жорыққа шыққан ол Сарайды өзіне қаратып, Хажы-Тарханды (Астраханьды) қоршауға алды. Кама бұлғарларының жерін бағындырды. Бірақ Орыс ханның үстемдігі ұзаққа созылмай, келесі жылы ол Еділ бойынан кетіп, Алтын Ордадағы билікті Мамайға беруге мәжбүр болды. 1377 ж. Орыс хан қайтыс болды.
Ақ Орда иелігі Орыс ханның баласы Темір Мәлікке көшті. Бірақ осы кезде Маңғыстау үстіртінің билеушісі - Жошы әулеті Түй хожа оғланның баласы Тоқтамыс Орта Азия әміршісі Ақсақ Темірге сүйеніп, Темір Мәліктің әскерін талқандайды. Өзін 1379 жылы Ақ Орда ханы етіп жариялайды. Ақ Орда әмірлерінің қолдауына ие болған ол, 1380 жылы Сарайды, хажы-Тарханды, Қырымды және Мамай Ордасын басып алды. Тоқтамыстың бұл табысы орыс жеріне басып кірген Алтын Орда ханы Мамайдың 1380 ж. Куликово даласында орыс әскерлерінен жеңілуі себебінен мүмкін болды.
Тоқтамыс мұнымен тоқтаған жоқ. Атап айтқанда, Тоқтамыс Ақсақ Темірдің қамқорынан босануға тырысады. Бірақ, 1380, 1391, 1395 жж. Ақсақ Темірдің Тоқтамысқа қарсы жасаған аса үлкен үш жорығынан кейін Алтын Орда тас-талқан болып қирайды. Темірдің басқыншылық соғыстарының нәтижесінде және ішкі талас-тартыстан 14 ғ. соңы мен 15 ғ. бас кезінде Ақ Орда да әлсіреп қалады.
1423-1424 жж. Орыс ханның немересі Барақ өзінің бақталастарын жеңіп шығып, Ақ Орда да хандықты өз қолына алды. Алайда, Ақ Орданың басты қаласы Сығанақ, т.б. Сырдың орта ағысындағы аудандар Темір әулетінің қолында еді. 1425-1426 жж. Барақ Ақсак Темірдің немересі Ұлықбекке қарсы жорыққа аттанып, Сығанақты және Сыр бойындағы басқа да қалаларды босатты.
Жорықта жүріп Барақ қаза тапқаннан кейін Шығыс Дешті Қыпшақтың билігі Шайбан әулетіне көшті. Барақ өлген соң олар Ақ Орданың елеулі бөлігін жаулап алды.
Сөйтіп, 1227 жылы Жошы өліп, оның ұлысы екіге жіктелгенде пайда болған Ақ Орда екі ғасыр өмір сүрді. Ақ Орданың отырықшы аудандарында жерді шартты түрде иелену мен жеке меншіктің түрлері қалыптасты. Мал шаруашылығы да дамыды. Жер иеленушіліктің інжу, милк, сойырғал сияқты түрлері және тархандық сый тарту болған. Ақ Орданың еңбекші халқы хандар мен ақсүйектер пайдасына күпір, зекет, тағар тәрізді салықтар төлеп тұрды. Ақ Орданың ресми тілі қыпшақ тілі болды.
Шағатай ұлысы, Моғолстан және Әмір Темір мемлекеті.
Моғолстанның құрылуы, жер аумағы. XIV ғасырдың ортасына қарай Шағатай ұлысы ыдырап, Шағатай ұлысының шығыс бөлігі - Оңтүстік шығыс Қазақстан мен Қырғызстан аумағында Моғолстан мемлекеті құрылады. Ал ұлыстың келесі бөлігі - Мауараннахрдың батысында Әмір Темір мемлекеті құрылған. Моғолстан аталу себебі, Шығыс деректерінде «монғол» сөзіндегі «н» әрпі түсіп қалып, «моғол» немесе «моғолстан» сөзі қалыптасып кеткен.
Мемлекетті кезінде Шағатай ханға адал қызмет еткен дулат тайпасының әмірі Поладшы басқарған. Әмір Поладшы бастаған дулат ақсүйектері Поладшының хан болуға құқы болмағандықтан, өздерін тыңдайтын, Шағатай ұрпағы Дува ханның немересі, он алты жасар Тоғылық-Темірді 1348 жылы Моғолстан ханы етіп сайлайды. Ал негізгі саяси билік осы Әмір Поладшының қолында болған. Әмір Поладшы Моғолстанды Мауараннахрдан біржола бөліп алып, тәуелсіз, жеке хандық құруға бар күшін салды. Дулат тайпасы шонжарларының жаңа құрылған бұл өкіметте беделдері бұрынғыдан да күшейген. Жалпы, дулаттардың беделі Шағатай ханның кезінен белгілі. Атақшы тарихшы Мұхаммед Хайдардың жазуы бойынша, Шағатай хан өз мемлекетін үлестерге бөлгенде, өзіне адал қызмет еткен дулат әмірі Поладшыға Маңлай-Сүбе жерін берген. Маңлай-Сүбе Шығыс Түркістаннан Ферғанаға дейінғі кең-байтақ жерді алып жатқан. Осы аумақта Шағатай кезінен бері өз биліктерін жүргізіп келген дулат тайпасының өкілдері Моғолстан хандығының құрылуына да белсене араласқан.
Халқының этникалық құрамы. Моғол хандығының тағына негізінен Шығыс тұқымдары мен монғол ақсүйектері отырған. Әрине, монғол шапқыншылығы кезінде келген арлат, чорас, калучи сияқты тайпалар алғашқы кезінде өздерінің басымдылығын көрсеткенмен, уақыт өткен сайын жергілікті түрік тілдес тайпалар басымдылық алып, монғолдарды өздеріне сіңіре бастаған. Ал қалғандары Шығыс Түркістанға, ұйғырларға қоныс аударып, соларға араласып, өздерінің монғол атынан мүлде айырылған.
Моғолстанның солтүстік-шығыс жағын алып жатты. Ал бұл аймақтағы түркі тілдес үйсін, каңлы тайпаларының біздің дәуірімізге дейінгі III - II ғасырлардан өмір сүріп келе жатқандығын білесіндер. Одан кейін V-VІ ғасырларда да бұл аймаққа түркі тілдес тайпалар келіп қоныстанды. Сондықтан да орта ғасырдан дамыған кезінде құрылған Моғолстанның негізгі халқы түркі тілдес тайпалар: дулат, қаңлы, үйсін, арғын, баарын, барлас, бұлғашы, т.б. ертеден осы өңірді өмір сүрген тайпалар еді. Бұлардың қатарында осы жергілікті халықтармен араласып, түркіленІп кеткен монғол тайпалары да болды. Мемлекеттің ұлттық құрамы онда қазіргі қазақ халқының негізін құрап отырған ру-тайпалардың басым болғанын, сөйтіп бұл мемлекеттің қазақ халқының мемлекеттілігінің бастауында түрған елдердің бірі екендігін көрсетеді.
Моғолстанның ішкі-сыртқы жағдайы. Саяси тұрақсыздық орын алған күрделі кезеңде билік басына келген Тоғылық-Темір хан елдің ішкі-сыртқы жағдайын жақсартып, XVI ғасырдың басына дейін билік еткен әулеттің негізін қалады. Хандықтың бүкіл аумағын біріктіріп, бір орталыққа бағындырады. Мемлекеттің орталығы Алмалық қаласы болады.
Хан өзінің билігін бұрынғы қалыптасқан жүйемен жүргізеді. Оны ұлыстық басқару жүйесін сақтауынан көруге болады. Дулат тайпасының мұралық лауазымы жоғары ұлысбегі деген атағын сол қалпында қалдырады. Салық жинауда кейбір жаңа шаралар қолданылады. Мұсылман дінін мемлекеттік дін ретінде қабылдайды. Тоғылық-Темірге дейін моғол билеушілерінің ислам дініне енуі баяу жүріп келсе, енді хан бұл мәселеге ерекше көңіл бөлген. Мырза-Мұхаммед Хайдардың жазуы бойынша, бір күнде 160 мың адам ислам дінін қабылдайды. Ханның бұйрығы бойынша дінді қабылдамаған әмірлер мен бектерді өлім жазасына кескен. Сөйтіп хан ел ішінде қатал тәртіп орнатады.
Тоғылық-Темір өзінің сыртқы саясатында Шағатай ұлысының кезінде орныққан Орта Азия жеріндегі билікті қалпына келтіруге әрекет жасайды. 1360-1361 жылдары Мауараннахрға екі рет сәтті жорық жасап, баласы Ілияс-Қожаны Мауараннахрдың хан тағына отырғызып қайтады. Моғолстанға оралған Тоғылық-Темір хан қаза болады. Өзінің мұрагерлік құқығын реттеп қайту үшін Ілияс-Қожа Моғолстанға кеткен кезде Орта Азиядағы жағдай күрт өзгереді. Тоғылық-Темірдің тірі кезінде оған тәуелдікті амалсыздан мойындап жүрген Әмір Темір енді Мауереннахрдағы билікті өз қолына алу үшін, Ілияс-Қожаға қарсы шығады. Әмір Темір мен Ілияс -Қожа ханның арасында бірнеше рет қақтығысулар болады. Моғол ханы жеңіліске ұшырайды. Соңғы жеңілістен кейін Ілияс-Қожа Моғолстаннан жаңа әскери күш жинап келіп, қайта соғысады. Ташкент қаласының маңында 1365 жылы 22 маусымда екі жақтың арасында шешуші "Батпақ шайқасы" болады. Жазба деректердің хабарына қарағанда, кескілескен шайқас болғаны соншалықты, екі жақтан 10 мыңға жуық адам құрылған. Шайқаста Ілияс-Қожа хан жеңіске жетіп, Әмір Темір қашып құтылады.
Батпақты жеңісінен кейін Моғол ханы Самарқанға қарай аттанып, оны қоршауға алады. Бірақ халық қаланы жан аямай қорғайды. Қаланы ұзақ уақыт қоршаудан қалжыраған моғол әскерлерінің мініс аттары жаманат індетінен қырыла бастайды. Қаланы алудың мүмкін еместігіне көзі жеткен хан Моғолстанға қайтуға мәжбүр болған. Сөйтіп, Шағатай ұлысы кезіндегі билікті қайта қалпына келтіру ісінің алғашқы кадамы сәтсіздікпен аяқталады. Бұл сәтсіздіктің басты себебі, билеушілер арасындағы алауыздық, саяси феодалдық батыраңқылық еді. Ақыр аяғында Ілияс-Қожа хан да осы феодалдық талас-тартыстың кұрбаны болады.
Бұдан кейін де Моғол хандығындағы билікті дулат тайпасының атақты әмірлері Қамар ад-дин мен оның інісі Шамс ад-диндер жүргізген. Қамар ад-дин де өзін тыңдайтын, жас Тоғылық-Темірдің соңғы ұрпағы Қызыр-Қожа Оғланды хан тағына отырғызып, дулат тайпасының әмірлері мен шонжарларының жағдайын жақсартуға күш салады.
Әмір Темір.
Моғол хандығын осындай саяси бытыраңқылық жайлап жатқанда Мауараннахрдағы билікті өз қолына алып, күшейген Әмір Темір енді Моғолстанды жаулауға кіріседі.
XVI ғасырдың аяғында Әмір Темір Моғолстан жеріне бас көтертпей, дүркін-дүркін жорықтар жасайды. Алғашқы жорығы 1371-1372 жылдары болған. Бұл жорықта Алмалық қаласына дейін жетеді, бірақ қалаға кірмейді. Жол бойындағы елді мекендерді тонап, халықтың мал-мүлкін талан-таражға ұшыратып, көптеген тұтқын алып қайтады. Екінші жорықта 1375:1377 жылдары оңтүстік Қазақстан арқылы жүріп, жетісудің Шарын өзеніне дейін жетеді. Моғол ұлысының басшысы Қамар ад-динмен шайқасып, оны жеңеді. Қамар ад-дин Шығыс Түркістанға, Үш Тұрфанға қарай қашып құтылады.
Әмір Темір Моғолстанға 1380-1390 жылдары да бірнеше рет жорық жасаған. Бұл жолғы жорықтың жойқындығы соншалықты, Әмір Темір өзінің балаларының қолындағы әскерлермен қосқанда 120 мың адаммен аттанған.
Әмір Темір 1371-1372 жылдары Моғолстанға әскер аттандырады. Олар Моғолстанның шығыстағы қалаларының бірі Алмалықтың жанына дейін жетіп, керейіттерді талқандап, қайтып оралады. Нақ осы жылы Темірдің өзі де Моғолстанның жері Ыстықкөл өңіріндегі Сегізағашқа дейін барлаушылық жорық жасап, көптеген тұтқын алып, қыруар олжа түсіріп қайтады. Бұл жорық моғол жерінің ішкі аудандарына келешекте жасалатын жорықтардың бағдарламасы болған еді.
Әмір Темір Моғолстанға 1371 жылдан 1390 жылға дейін он шақты рет жорық жасаған. Оның алғашқылары 1371-1377 жылдары Сайрам, Талас арқылы жүрген. Жетісудің ішкі аудандарына өтіп, Іле өзеніне дейін жеткен. Әмір Темір 1376 жылы көктемде моғолстанның атақты колбасшысы Қамар ад-динді талқандау үшін 30 мың адамдық әскер аттандырады. Оны кыпшақ Әмірі Сасы-Бұға басқарған. Алайда Сасы-Бұға басқа әмірлермен астыртын келіседі де, Әмір Темірдің Хорезмге кеткенін пайдаланып, оған қарсы бүлік шығарады. Сасы-Бұға Ақ Орданың ханы Ұрұс пен Моғолстанның билеушісі Қамар ад-диннен көмек сұрайды. Бұл хабарды естіген Әмір Темір Мауараннахрға тез оралып, Қамар ад-динді Атбасы маңында (Қырғыз жері) қуып жетіп, талқандайды. Бұдан кейін де моғол әмірінің темірге қарсы күресінен ешбір нәтиже шықпаған. Ол 1377 жылы Қаратау етегінде және Ыстықкөлге баратын жолдағы Бұғым шатқалында екі рет Әмір Темір әскерлерінен күйрей жеңілген.
Ақ Орда мен Моғолстан билеушілері өздерінің Әмір Темірге жеке-дара қарсы тұра алмайтындарын біліп, 1380 жылдың аяғында одақ құруға әрекет жасайды. Алайда бұл одақтан да еш нәтиже шықпаған. Өйткені одақтың құрылып жатқанын білген Әмір Темір 1384-1391 жылдардың аралығында Алтын Ордаға және моғол жеріне бірнеше рет жорықтар жасаған. Моғолстанды біржолата қаратып алу үшін оның түкпір-түкпіріне 120 мың әскер аттандырады. Осы жорықтарды Темір әскерлері көп олжа түсіріп, қора-кора қой, үйір-үйір жылқы, топ-тобымен қолға түскен тұтқындарды Мауереннахрға жіберіп отырған. 1390 жылдардағы жорықтардан кейін Моғолстан Темірге толық тәуелдікке түсті.
Ноғай ордасы
Алтын Орда ыдырап, Ақ Орданың әлсiреуi нәтижесiнде Қазақстанда бой көтерген мемлекеттiк құрылымдардың бiрi - Ноғай ордасы едi. Ноғай ордасы Едiгенiң ел билеген жылдарында (1398-1411) Алтын ордадан бөлiне бастады, оның ұлы Нұраддиннiң тұсында (1426-1440) күшейiп, бiржолата бөлiнiп шығады. Ноғай ордасында үстем тайпа маңғыттар болды. Сонымен қатар қоңырат, найман, арғын, қаңлы, алшын, қыпшақ, тама т.б. ру-тайпалары болды.
Ноғай ордасы Едiл мен Жайық арасында созылып жатқан құмды жалпақ дала мен таулы жерлердi мекендедi. Оның халқы Солтүстiк батыста Қазанға, Оңтүстiк-батыста Арал, Атырау өңiрлерiн, Солтүстiгiне тiптi Маңғыстау мен Хорезмге дейiнгi жерлерде көшiп-қонып жүрдi. Орданың орталығы Жайықтың төменгi сағасындағы Сарайшық қаласы болды.
XVI- XVIII ғасырларда Ноғай ордасы Орыс мемлекетiмен, Қырым хандығымен сауда-экономикалық, саяси байланыс орнатты. Ноғай ордасының тарихы Едiл бойы мен Сiбiрдегi, Орта Азия мен Қазақстанның көршi хандықтарымен, әсiресе көшпелi өзбек және қазақ халқының тарихымен тығыз байланысты.
Қазан және Астрахань хандықтарының Ресейге бағынуымен, сондай-ақ Ноғай билеушiлерiнiң арасындағы қақтығыстарға байланысты Ноғай ордасы бiрнеше жеке ордаларға ыдырап кеттi.
4) Иллюстрациялы материалдар: презентация, карта
5) Әдебиеттер :
1. Қазақстан тарихы. Очерктер- Алматы, 1994
2. Күзембайұлы. Қазақстан тарихы. - Алматы, 1999
3. Ырыспайұлы. Қазақстан Республикасының тарихы.- Алматы, 2000
4. Қазақстан тарихы. Д.Бабаев. Алматы «Рауан» 1996.
5. Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихы. Қ.М.Байпақов, Б.Е.Көмеков,
К.А.Пищулина. Алматы «Мектеп», 2001.
6) Қорытынды сұрақтары:
1. Монғолдардың жаулап алу соғыстарының себептері қандай?
2. Қазақстан территориясы кімдердің ұлыстарына кірді?
3. Ақ Орда қалай құрылды? Ақ Орда жұртының этникалық құрамы?
4. Моғолстан, Әбілхайыр хандығы, Ноғай Ордасы қашщан және қалай пайда болды?
5. Қазақстан территориясында VI – XIII ғасырларда және XIV – XV ғасырларда өмір сүрген мемлекеттердің дамуында айырмашылығы неде?
1) Тақырып №5. Қазақ халқы қалыптасуының аяқталуы және XV-XVI ғғ. Қазақ хандығы.
2) Мақсаты: Қазақ хандығының құрылуы мен қазақ халқының қалыптасуының алғы шарттарын объективті түрде ашып көрсету, қазақ жүздерінің құрылуының ерекшеліктерін, ол оқиғалардың тарихи маңызын көрсету
3) Дәріс тезистері
«Қазақ» этнонимі және қазақ халқының қалыптасуы
«Қазақ» этнонимінің пайда болуы мен шығу тегі туралы мәселеде ғалымдар арасында бірыңғай пікір жоқ. Кейбір зерттеушілер бұл ұғымның алғашқы кезде тек әлеуметтік мәні ғана болды және өз тайпасынан, руынан бөлінген азат, еркін («қашақ») адамдарды білдірді десе, екінші бір ғалымдар тобы оның этноним мәні болды дегенді дәлелдеуге тырысады. Өз тайпасынан бөлініп еркін жүру, яғни «қашақ» болу (қашқын, қарақшы болу емес) ХІV-ХV ғасырлардағы өзара тартыстар мен таластар кезінде жиі-жиі болатын қырқыстардан бой тасалауы еркін жүруді ұнататын көшпелі тайпалар үшін сирек кездесетін құбылыс емес еді. Өзара соғыстар мен тартыстардан және басқалардың тақ пен билік үшін күресінен зардап шеккен адамдардың үлкен топ болып өз тайпаларынан бөлініп өмір сүруі, басқа тыныш жаққа кетуі немесе көрші тайпаларға қосылуы оларға «қашақ» деген ат берді. Кейбір ғалымдар «қазақ» этнонимін «қазақ» («ақ қаз») қаздай тізілген ақ киіз үйлерден іздесе, екінші бір ғалымдар сақтардан «сақ», «қай сақ» іздейді.
Қазақ халқының және онымен шектесіп жатқан жерлердің ежелгі дүниесін зерттеу ғылыммен байланысты мәселе, өйткені Еуразияны мекендеген тайпалардың да этногенездік процестерінің әсері мол болған.
Орталық Азияның барша аумағының тарихы сияқты, Қазақстанның да этникалық тарихы күрделі.Сан ғасырлар бойы бұл арада көптеген тайпалар мен халықтардың тағдыр-талайы тоғысып жатқан.Олар жайындағы мәліметтер батыс пен шығыстың қыруар деректерінде сан тілде жамырап сөйлеп жатыр. Шығыстанушы зерттеушілердің бірнеше ұрпағы оларды оқып зерттеу жөнінде көп жұмыс жасағаны бүгінгі буынға айтарлықтай мәлім.
Ғылыми деректерде этнос ұғымы жалпыға ортақ сыртқы кескін-кейпі ғана емес, едәуір түрақтанған ерекше мәдениеті мен мінез-құлқы бар, сол сияқты өзінің бірыңғай екенін және басқа этникалық топтардан бөлек екенін түсінетін сана-сезімі бар, оның бұл қасиеті өз атымен бекітілген адамдардың тарихи қалыптасқан түрақты бір тұтастығы ретінде орныққан.
Қазақ халқының шыққан тегі туралы мәселенің көптеген аспектілері ішінен өзекті ретінде лингвистикалық және антропологиялық мәселелерін бөлшектеп алған жөн. Айтылып отырған өңірде осы екі процестің екеуі де қатар түрде, көбіне тарихи параллельді тік сызық бойымен дамып отырған деп айтуға толық негіз бар. Мәселеге бұлай келу шығу тегінің мираскерлігін және сақталып келе жатқан "ата-бабалар" белгісін мұқият қарап тексеруімізге мүмкіндік береді. Рас, жеке бір тарихи дәуірлерде горизонтальдық даму да белгілі рөль атқарған. Қазақстанның ертедегі тарихын екі аумақты кезеңге: үнді еуропалық және түріктік кезеңдерғе бөлуге болады. Бірінші кезең, этникалық бірлестіктері мен нәсілдік құрылымы қалыптасқан ретінде көрінеді.
Лингвистикалық жағына, бұл кезеңде тек Қазақстанның тұрғындары емес, Еуразияның аса кең аймағының тұрғындары да үнді еуропалық ежелгі иран тармағына кіреді. Қазақстандағы біз қарастырып отырған кезең жылнамалық жағынан алғанда б.з. дейінгі ІІІ-І мыңжылдықтарды қамтиды. Қазақстанның осы кезеңмен байланысты археологиялық қазбалары оның қарауындағы жердің басым көпшілігінде қола дәуірінің Андронов мәдениеті тармағына дәлел бола алады. Оның батыс бөлегінде Қималық мәдениет көбірек жайылған. Қаралып отырған кезеңде Қазақстан территориясы - "көшпелілер үшбірлігі" дегенді тарататын орталыққа, яғни қару-жарақтың, ат әбзелдерінің классикалық заттары мен бұйымдарды өрнектеудің "аңдық стилі" кеңінен тараған құт мекенге айналды. Дегенмен осынау ұлан ғайыр көшпелі әлемнің өзіне ғана тән жергілікті шаруашылық-мәдени нұсқалары болған. Соның бірі ерте темір ғасыр дәуіріндегі Қазақстанның көшпелі тайпалары болып табылады. Дұл кезеңде Еуразия даласында жекелеген этникалық қоғамдастық түріндегі сақтар ("скифтер") деп аталатын үнді Еуропалық тайпалардың кездескендігі айтылады. Қола дәуірінде мал өсірумен, егіншілікпен шұғылданған, бет-бейнесі Еуропа тектес болып келетін андроновтық үнді -иран тайпаларының орнын ерте темір кезеңінде Оңтүстік пен Шығыс облыстарда - скифтерге туыс, көшпелі мал шаруашылықты сақ тайпалары, солтүстік пен батыс облыстарда - савромат тайпалары басады.
Қазақстандағы және күллі Еуразия территориясының далалық аймақтарындағы этникалық процестің шешуші кезеңі б.з. І-мың жылдығының орта кезінен түріктердің батыс бағытына қарай жаппай жайыла қоныстануымен байланысты бел алады. Солтүстік Моңғолиядан Амударияға дейін - Жетісуды қосқанда - Оңтүстік және оңтүстік-батысқа қарай созылып жатқан орасан зор территорияға біртіндеп түркі тайпалары тарап, қанат жайып мекендей бастайды. Қазақстан жерінде түріктер және олардың бастау хаттарда аталатын бұғы, байырқу, беклі, қыбыр, түркеш, бұлақ, қарлұқ сияқты тайпалары осы араның ежелгі тұрғындары сақтардың, сармат, үйсін, қаңлылардың ұрпақтарымен сіңісіп кетеді.
Жаңа әлеуметтік (ерте феодалдық) қатынастың құрылуы және VI ғ. көне түркі мемлекеті - Түрік қағанатының, содан кейін Батыс Түрік қағанатының ұйымдасуы түркі тілді тайпалардың батыс жеріне тасқындап келуіне, сөйтіп Қазақстанның жергілікті халқын түріктендіруге, антропологиялық түрдің бірте-бірте моңғолдануына, түрік тайпаларының белгілі-бір территорияда тұрақтап қалуына себепші болады. Бірқатар түрік мемлекеттері пайда болған дәуірде Қазақстан жеріндегі этникалық процестерге бірігу әрекеті күшейе түседі. Қазақстанның Оңтүстік-шығысындағы Түркеш қағанаты VІІ- VІІІ ғғ. Шу мен Іле арасындағы аумақты территорияның тайпаларын біріктіреді; ел орталығы Талас пен Суябта болады. ІХ-ХІ ғғ. Оғыздар мемлекеті оңтүстік Қазақстан территориясында Сырдария алқабын мекен етті. Ал солтүстік, шығыс, орталық аудандарын VШ-ХІ ғғ. өздерінің ерте феодалдық мемлекеттерін құрған қимақ пен қыпшақ тайпалары жайлайды. Алайда түркі халқының этникалық бірлесу жолымен дами беруін моңғол басқыншылығы бөгеп тастайды. Бұл үлкен аймақтағы этникалық жағдайға кері әсер ететін жәйттер өте көп болатын. Халықтың дені қырып-жойылып, құлдыққа алынып, Шыңғыс ұрпақтарының жаулаушылық жорықтарына тартылып, ел-жұрт шебінен алысқа жер аударып жіберіледі. Қазақстандағы түркі тайпаларының қалған бөлігі жаңа саяси құрылымдар арасына - Жошы, Шағатай, Үгедей ұлыстарының арасына бөлшектеніп кетеді. Бұларға жаңа этникалық компонент - Қазақстан жеріне келіп қоныс тепкен моңғолдардың жалайыр, қоңырат, маңғыт, барлас, байриндар сияқты рулары мен тайпалары келіп қосылған болатын.
Қазақ халқының қалыптасуы ХV-ХVІ ғғ. қазақ халқы мен оның этникалық территориясының құрылып, қалыптасуының сан ғасырлық процесі негізінен аяқталады, іс жүзінде ол қазақтар кейінгі ғасырларда мекен етіп келе жатқан жер шебімен сәйкес келеді.
Орталық Азияның ХV-ХVІ ғғ. құрылған басқа да түркі тектес халықтары сияқты, қазақ халқының да этникалық негізін, өткен замандарда әр тілде сөйлеген, толып жатқан тайпалар қалаған болатын; олар - сонау сақтар мен үйсіндерден, қаңлылар мен ғұндардан, түріктер мен түргештерден, қарлұқтар мен оғыздардан, қимақтар мен қыпшақтардан бастап, наймандар мен арғындарға, керейлер мен қоңыраттарға, жалайырлар мен дулаттарға дейінгі әртүрлі замандарда Қазақстан жерін мекендеген басқа да көптеген тайпалар болатын. Бұлардың кейбіреулерінің әртүрлі дәуірлерде өз мемлекеттері болды. Көптеген рулар мен тайпалардың түрікше аты кейінгі уақытқа дейін қазақтарда сақталып келді. Қазақ халқының құрылуына себеп болған этногенетикалық процестердің бастау көзі мүлде ежелгі уақыттан - алғашқы қауымдық қоғамның ыдырау дәуірінен барып шығады.
Моңғол жаулаушылығы тұтас алғанда Қазақстан территориясындағы этникалық процесс барысына қатты ықпал жасайды. Сол уақыттағы Қазақстан этникалық тарихының негізгі мән-мазмұны - халықтың қалыптасу процесінің аяқталуы, қазақ жүздері тайпалар құрамының сараланып бөлінуі, ежелгі автохтонды этникалық өзекті толықтырған тайпалар мен рулардың өздерінің ХVІІ-ХІХ ғғ. деректерде жазылған, кейініректегі территорияларына келіп қоныстануы десек қателеспейміз. Ал ХV-ХVІ ғғ. шамасында жүздер қалыптасып бітеді, бірақ олардың құрылуы, тайпалардың қайта бөлініп, ара жігін ашуы одан бұрынғы ғасырларда, халық болып қалыптасудың ұзаққа созылған қам-харекеті, қыпшақтар мен өзбектердің, ноғайлар мен моғолдардың этникалық қатарына қосылуы үстінде өтеді. Қазақ халқының этникалық бірлесуі процесінің біржолата аяқталуы оның, бірнеше мемлекет құрамына енген, кейбір жеке тарихи қалыптасқан бөлшектерінің бытыраңқылығынан кешеуілдеп қалады.
XV ғғ. екінші жартысы мен XVI ғ. қазақ халқының негізгі этникалық территориясын мемлекет етіп біріктіру халықтың да қалыптасу процесінің аяқталуын тездетті. Қазақ хандығының да қалыптасу процесінің аяқталуын да тездетті. Қазақ хандығының, Әбілқайыр хандығы мен Ақ Ордадан, сол сияқты Моғолстаннан бір айырмасы оның аналардан гөрі кең, тиянақты этникалық негізі қалыптасып біткен халқы болды. Моңгол жаулаушылығынан кейін тұңғыш рет Шығыс Дешті-Қыпшақтың, Түркістан мен Жетісудың күллі түрік рулары мен тайпалары түгелге жуық бір мемлекетке біріктірілді.
XV ғғ. екінші жартысынан бастап, осы бір қалыптасқан халық көршілері арасында да, сол заман оқигаларын көрсететІн жазба деректерде де "қазақ" атымен белгілі болады. Қазақ этнонимінің туу тарихы ұзақ уақыт бойы зерттеушілердің қызу айтыс-тартысының тақырыбына айналып келеді; ол халықтың өзінің шыққан тегі туралы туғызған көптеген аңыз-әңгімелерінде сөз болады. Ғалымдардың "қазақ" атауы жөніндегі пікірі әр түрлі. Кейбір жазба деректерде "қазақ" сөзі ескі түрік тіліндегі "еркін адамдар" ұғымын білдіретінін айтады. Тағы бір деректерде сақ, хазар тайпаларының атынан шыққаны айтылады. Деректерде бұл термин әуелгі кезде әлеуметтік мәнінде қолданылып, "өз мемлекетінен, тайпасы мен руынан оқшауланып шығып, шытырман оқиғалар іздеуге мәжбүр болған адам" (В.В.Бертольд) мағынасында қолданылады. "Тарих-и-Рашиди" мен өзге деректерде "қазақ" атауы Жәнібек пен Керей бастап Жетісуға көшіп кететін саяси топты білдіру үшін бастапқы кезде "өзбек-қазақ", сосын "қазақ" түрінде пайдаланылады. XV ғ. "өзбек", "қазақ" терминдерінің анық этникалық мәні болмайды. Мысалы, Ибн Рузбихан XVI ғ. бас кезінде былай деп жазды: "Шыңғысхан иеліктерінен шыққан, асыл текті үш тайпаны өзбектерге жатқызады. Қазір (олардың) біреуі - шайбанилер, ал оның мәртебелі ұлы ханы бірқатар ата-бабаларынан кейін солардың билеушісі болып келеді және болып отыр. Екінші тайпа — қазақтар, олар барша әлемге күш-қайратымен, ержүрек батылдығымен әйгілі, үшінші тайпа -маңғыттар, олардың патшалары Астраханнан".
Жәнібек пен Керей хандығы нығайғаннан кейін, олардың қамтуындағы халық түгелдей қазақтар деп атала бастады. Бірте-бірте "қазақ" атауы этникалық мәнге ие болады да, Шығыс Дешті-Қыпшақтың, Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанның әбден қалыптасқан түркі тектес халқының этнонимі ретінде қолданыла бастайды. Шығыстың жазба деректерінен алынған қазақ термині туралы және оны әлеуметтік, саяси тұрғыдан түсіндіру жөніндегі ең соңғы, ең толық мәліметтер Т.И. Сұлтановтың кітабында берілген.
Достарыңызбен бөлісу: |