Курсы: 1 Оқу семестрі: 1,2 Шымкент 2013


XX ғасырдың басында Қазақстандағы саяси өмірдің жандануы



бет7/11
Дата15.09.2017
өлшемі2,11 Mb.
#32822
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

XX ғасырдың басында Қазақстандағы саяси өмірдің жандануы.

Қазақстанда марксизмнің тарауы Орталық Россиядан көп кейін басталды. Оған өлкеде әлеуметтік-экономикалық қатынастың әліздігі және жұмысшы табының аздығы себеп болды. Қазақ өлкесінде Атбасарда, Көкшетау, Павлодарда алғашқы марксизм идеясын таратушы Петербург қаласындағы Благоевтар тобынан келген В.Г. Харитонов, Қарқаралы мен Семейде социал-демократ И.С. Домашевич, Верныйда А.С. Кочаровская т.б.болды.

Петропавл қаласында 1902 жылдың аяғында ұйымдастырылған тұнғыш маркстік үйірме негізінен жер аударылғандардан құрылды. 1903 жылы осындай үйірме Петропавл темір жолында, 1902 жылы Орынбор қаласында құрылды. 1903 жылы 1 мамырда Орал қаласындағы саяси үйірме мүшелері ереуіл ұйымдастырды.

Бірінші орыс революциясы кезінде (1905-1907 жж.) патшалық тәртіпке қарсы күреске ұлттық аймақтардың езілген халықтары да көтерілді. Отарлық ұлт аудандарының «ұйқыдан оянуына» негіз болған оқиға – 1905 жылғы «Қанды жексенбі» (9 қантардағы Петербургтегі оқиға).

1905 жылы ақпанда Түркістанда, Перовскіде, Жосалыда, Шалқарда, Петербургтегі қарусыз жұмысшыларды атқылауға наразылық білдерген алғашқы қарсылықтар болып өтті. 1905 жылы 1 мамырда Верныйда, Перовскіде, Қостанайда еңбекшілердің бірлігін қуаттайтын ереуілдер өткізілді. Қарқаралыдағы қарсылық жиынына М. Дулатұлы белсене қатысты.

Қазақ еңбекшілердің саяси қөзқарасының өсуіне Бүкілроссиялық қазан саяси ереуілі ерекше әсер етті. Бұл ереуілдің әсерімен Қазақстан қалаларында – Шалқарда, Қостанайда, Верныйда, Оралда т.б. жерлерде ұйымдасқан ереуілдер мен бой көрсетулер социал-демократия ұйымдардың басқарумен «Патша билігі жойысың?», «Бостандық жасасын» деген ұрандармен өтті. Осы жылдары Перовскіде, Қостанайда, Оралда, Успен кенішінде стачкалық комитетттер құрылды.

17 қазандағы 1905 жылғы патша манифесінің («Мемлекеттік тәртіпті дурыстау туралы») халықты алдау екенін «Алаш» қозғалысы өкілдері әшкерелеп, сынады. 1905 жылы 18-19 қазанда Орынборда өткен демонстрация « Демократиялық республика жасасын», «Самодержавие жойылсын» деген саяси ұрандармен өтті.

1912 жылы мамырда Қазақстанда Спасск мыс қөрыту заводында басталған ереуіл 1913 жылғы маусымға дейін созылды. 1913 жылғы қыркүйекте Торғай уезінің Шоқпаркөл көмір кендерінде болған жұмысшылардың толқуы 1914 жылдың бірінші жартасында Ембі мұнай- шыларының ереуілдерімен ұласты. Жаңа революциялық өрлеу дәуірінде Қазақстанның жұмысшы табы жалақыны 20% -ға арттыруға, қожайындардың айыптарды көбейтуден бас тартуына қолы жетті.

Ұлттық зиялы қауым өкілдері қазақ ауылының саяси өмірге тартылуын тездетті.

1909 жылы шілдеде Ахмет Байтұрсынұлы Қарқаралыда мұғалім болып жүргенде патша өкіметінің қанау саясатына қарсылық білдіргені үшін Семей түрмесіне қамалды. 1910-1917 жылдары Орынборға жер аударылды. 1900 жылы Петербургте «Қырық мысал» деген кітабі, 1911 жылы Орынборда «Маса» атты жинағы шықты. 1913 жылы наурызда «Қазақ» газетін шығаруды ұйымдастырып, редакторы болды. «Қазақ» газеті (1913-1918 жылдар) либералдық– демократиялық бағыттағы идеяларды білдірді.

Сөйтіп, осы кезеңдері әлеуметтік күрестің шиеленісуіне алғышарттар қалынтасты:
1.Революциялық..жағдайдың..тереңдеуі.
2.Шаруашылық..дағдарыс.
3.Азық-тулік..тапшылығы.
4. Партиялар мен құпия үйымдардың ашылуы.

Қазақстан бірінші дүние жүзілік соғыс жылдарында. 1916 ж. ұлт-азаттық көтеріліс .

Бірінші Ресейлік революция жеңілгеннен кейін елде реакция кезеңі басталды. Ереуілге шығуға, жиналыстар өткізуге тиымдар салынды. II - Мемлекеттік Дума таратылып, сайлаудың жаңа жүйесі енгізілді. Жаңа заң бойынша қазақтар сайлау құқығынан айырылды. Төңкерістік қозғалыстарға қатысқандарды сотсыз және тергеусіз жазалайтын тәртіп енгізілді.

Реакция жылдары патша өкіметі тек қатаң қудалау жасаумен шектелмей , ауыл шаруашылығанда кулактардан берік тірек жасауды көздеді . 1906 ж. 9 - қарашада Министрлер Кеңесінің төрағасы П. А. Столыпин шаруаларды кауымнан хуторға бөлу туралы жаңа жер иелену заңын шығарды. Столыпиннің аграрлық саясатының құрамдас бөлігі - Сібір Қазақстанға жаппай қоныс аудару болды. 1906 және 1912 жж. аралығында қазақтардан Ресейден қоныс аударғандар үшін 17 млн. астам жер тартылып алынды. 1917 ж. қазан революциясының қарсаңында жалпы Қазақстанда жергілікті халықтан тартып алынған жер көлемі 45 млн. десятинаға, ал қоныс аударып келгендердің саны 1,5 млн. жетті.

Ұлттық - отарлық езгінің күшеюі, қоныс аудару саясаты қазақ халқының ұлттық сана-сезімінің өсуіне алып келді. Қазақ қоғамындағы әр түрлі идеялық - саяси ағымдар « Айқап » журналы (1911-1915жж.) мен « Қазақ » газетінің ( 1913-1918жж.) бетінде жарық көрді. Олардың беттерінде жер қатынастарының, ағарту мен білім беру ісінің, қазақ ауылдарында тауар-ақша қатынастарын дамыту мәселелері жазылып, патша өкіметінің отаршылдық саясаты әшкереленді.

1914 ж. Ресей дүниежүзілік соғысқа тартылды. Бірінші дүние жүзілік соғыс барлық халықтарға, оның ішінде Қазақстанға да аса ауыр зардаптарын тигізді. Соғыс қажетіне 1914-1916 жж. Түркістан өлкесінен 2089 мың тонна мақта, 300 мын пұт ет, 70 мың жылқы, 13 мыңға жуық түйе, 14 мыңға жуық киіз үй алынды. Соғыстың бірінші жылында тек Жетісу облысынан майдан қажетіне жіберілген мал мен оның өнімдерінің құны 34 млн. сомға жетті . Жергілікті халықтан алынатын салық 3-4 есе көбейді.

Соғыс елдегі жалпы-ұлттық дағдарыстың пісіп жетілуін тездетті. Оның айқын көрінісі Қазақстан мен Орта Азияның барлық аймақтарын камтыған 1916 ж. ұлт-азаттық көтеріліс болды. Көтерілістің басталуына патшаның 1916 ж. 25 - маусымдағы армияның тыл жұмыстарына Қазақстанның, Орта Азияның және ішінара Сібірдің 19-дан 43 жасқа дейінгі «бұратаналық» еркектерді шақыру жөніндегі жарлығы тікелей себеп болды. Көтерілісті Торғай даласында Әліби Жангелдин мен Амангелді Иманов, Орал облысы мен Бөкей ордаларында Сейтқали Меңдешев , Әбдірахман Әйтиев, Маңғыстауда Жалау Мыңбаев , Ақтөбе даласында Әділбек Майкөтов, Жетісуда Тоқаш Бокин , Бекболат Әшекеев, Ұзақ Саурықов, Тұрар Рысқұлов және т.б. басқарды.

1916 ж. шілде, тамыз айларында көтеріліс бүкіл қазақ даласын камтып, бірте - бірте ұйымдасқан сипат ала бастады. Оны басу үшін патша өкіметі құрамында жақсы қаруланған әскер бөлімдері мен қазақ - орыс отрядтары бар жазалаушы экспедициялар жіберді. Жетісудағы көтеріліс аяусыз басып-жаншылды.Сотсыз және тергеусіз атылғандарды есептемегенде, сот үкімімен Түркістан өлкесінде 1917 ж. 1-ақпанына дейін 347 адам өлім жазасына , 168 адам каторгалық жұмыстарға , 129 адам түрмеге жабылуға кесілді. Соның салдарынан 300 мың қазақтар мен қырғыздар Қытайға қашуға мәжбүр болды. Ал Торғайдағы көтеріліс 1917 ж. ақпан төңкерісіне дейін жалғасты.

1916 ж. көтеріліс қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының тарихында ерекше орын алды. Ол кезінде Кенесары Қасымов бастаған ұл-азаттық қозғалыстан кейін Қазақстанның бүкіл аймақтарын қамтып, бүкіл қазақтық сипат алды.



XIX ғ. Екінші жартысындағы Қазақстан мәдениеті.

XIX ғ. екінші жартысында Қазақстанның экономикасын, табиғи байлықтарын, тарихын зерттеу үшін көптеген ғалымдар жіберілді. П. П. Вельяминов-Зернов , А. И. Добромыслов, Г. Н. Потанин сиякты көрнекті орыс ғалымдарының есімдері Қазақстанмен тығыз байланысты.

Қазақстан мәдениеті мен қоғамдық ой-пікірінің тарихында қазақтың тұңғыш ғалымы Ш. Ш. Уәлиханов ( 1835-1865 жж.) ерекше орын алды. Оның қазақ халқының тарихына байланысты жазған еңбектері шығыстану ғылымына зор үлес қосты.

Ағарту ісі мен ұлттық мектеп тарихына Ыбырай Алтынсарин терең із қалдырды. Ыбырай орыс графигіне негіздеп қазақ әліппесін жасады, «Қырғыз хрестоматиясын» және «Қырғыздардың орыс тілін үйренуде бастапқы нұсқауды » жазды. Азаматтық мектептер, колөнер және ауыл шаруашылық училищелерін ашуға көп күш жігерін жұмсап, қыздар мектеп интернаттарын ашты.

Қазақтың жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Қүнанбаев болды. Ол өз шығармаларында адамгершілекке, рухани тазалыққа оқып білім алуға шақырды. Абайдың өз балалары - Акылбай, Мағауия, інісі Шәкәрім, Туысы Көкбай көптеген шығармалар қалдырды.

Ауыз әдебиетінде Махамбет, Шернияз, Сүйінбай, Бақтыбай, Кемпірбай, Орынбай, Шөже, Біржан, Жамбыл, Майкөт, Әсет, Сара т.б. ақындар, қазақ музыкалық өнерінде Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина, Тәттімбет, Ықылас, Мұхит, Біржан Сал, Ақан сері, Жаяу Мұсаның есімдері бүкіл қазақ даласына белгілі болды.



4) Иллюстрациялы материалдар: карта

5) Әдебиеттер:

1. Абдураимов М.А. Очерки аграрных отношении в Бухарском ханстве в XVII - первой пеоловине XIX века Т, 1966

2. Зиманов С.З. Россия и Букеевское ханство.А,1964

3. Мәшімбаев С.М. Патшалық Ресейдің отарлау саясаты.А,1994

4. Қазақстан тарихы.Очерк.,Алматы.,1993

5. Қазақстан тарихы. 3 том.Алматы., 2002

6. Күзембайұлы. Қазақстан Республикасының тарихы. Алматы., 1998

7. К.Рысбаев Қазақстан Республикасының тарихы. А., 2002 ж.



6) Қорытынды сұрақтары:

1. Қазақстанға әкімшлік реформаларды енгізуде Ресейдің қандай мақсаттары болды?

2. Патшалықтың қоныс аудару саясатының мақсаттары неде?

3. Қазақстанда аграрлық саясаттың ерекшеліктері неде?

4. 1905-1907 жж. орыс революциясы Қазақстанға қалай әсерін тигізді?

5. Халықтың жағдайына бірінші дүниежүзілік соғыс қандай әсерін тигізді?

6. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің ерекшеліктері, сипаты мен себептері неде?

1) Тақырып №9. 1917-1925 жж. Қазақстандағы мемлекеттік өзгерістер мен саяси оқиғалар.

2) Мақсаты. Қазан революциясына баға беру, оның Қазақстандағы саяси оқиғаларға әсерін көрсету. Азамат соғыс жылдарында Қазақстанның ролін, Қазақ Кеңестік мемлекеттіліктің құрылуы және Қазақстандағы «әскери коммунизм» саясаты туралы мәліметтерді игеру.

3) Дәріс тезистері

1917 ж. ақпанда буржуазиялық - демократиялық төңкерісі жеңіп, патша өкіметі құлатылды. Петроградтағы оқиғалар туралы хабарды Қазақстан халқы, ұлттық - демократиялык қозғалыстың басшылары қуанышпен қарсы алды . Олар ұлттық автономия кұратын, жалпы ұлттық мәселелерді шешетін сәт туды деп есептеді.

1917 ж. наурыз-сәуір айларында бүкіл елдегідей, Қазақстанда да қос өкімет орнады. Уақытша Өкіметтің Қазақстандағы жергілікті органдары құрылып, облыстардың басына бұрынғы патшаның шенеуніктері, сондай - ақ қазақтардың ұлттық интеллегенциясының жекелеген өкілдері қойылды . Мысалы , Ә . Бөкейханов Уақытша өкіметтің Торғай облысындағы, М. Тынышбаев Жетісу облысындағы комиссарлары болып тағайындалды . Жер - жерде Уақытша үкіметпен қатар, екінші өкімет - жұмысшы , солдат және шаруалар депутаттарының Кеңестері құрылды.

Олармен қатар , қазақ интеллигенциясы басқарған облыстық, уездік съездер шақырылып, онда қазақтардың облыстық және уездік комитеттері кұрылды. Олардың көпшілігін қоғамдық - саяси қызметте тәжірибесі бар Р. Марсеков , Ж. Досмүхамедов, И. Жайнақов, С. Сейфуллин, М. Айтенов, X. Досмұхамедов , Ж. Алдоңғаров, М. Шоқай сияқты көрнекті қайраткерлер басқарды . Қазақ комитеттері Қытайдан қайтып оралған босқындарды орналастыру және әлеуметтік мәселелерді шешуге тырысты . Олармен қатар қазақ жастарды мәдени - ағарту істерімен шұғылданатын жастар үйірмелерін, ұйымдарын құрды.

Патша өкіметі құлағаннан соң, Қазақстан большевиктері де астыртын жағдайдан шығып , олар уақытша үкіметтің саясатының мәнін халыққа ашып, жұмысшылар мен шаруаларды жаңа революцияға шақырды.

Осы тұста Орынбор қаласындағы қазақ зиялылары кезек күттірмейтін ұлттық мәселелерге байланысты бір тұжырымға келу үшін жалпы қазақ съезін шақыру туралы шешім қабылдап, «Қазақ» газеті аркылы казак халқына арнайы үндеу жариялады. Бірінші жалпы казақтық съезд 1917 ж. 21-26- шілдеде Орынбор қаласында өтті. Съезд мемлекеттік басқару нысанын, қазақ облыстарының автономиясын, жер мәселесін, халықтық милиция ұйымдастыру, земство, халыққа білім беру, сот, рухани - діни, әйелдер, Құрылтай жиналысын шақыру, қазақ облыстарында оның сайлауына әзірлік және т.б. мәселелерді қарады. Съезд қазақтың саяси « Алаш» партиясын құру туралы мәселе қарап, оның бағдарламасын жасауға шешім қабылдады. Мемлекеттік басқару жүйесі туралы қазақ облыстары демократиялық федерациялық парламенттік Ресей республикасының құрамында облыстық ұлттық-аймақтық автономия алуы тиіс деп шешті.

1917 ж. басында Ресейге төңкерістік жаңа толқын көтерілді. Империалистік соғысты азамат соғысына айналдыру ұраны кеңінен насихатталды.

1917 ж. 27 ақпанда Петроградта буржуазиялық-демократиялық революция жеңіске жетті. Патша үкіметі құлатылып, қос өкімет орнады. Бүкіл Ресейдегі секілді Қазақстанда да уақытша үкімет пен жұмысшы, солдат депутаттарының кеңестерінің билігі орнады. Буржуазиялық-демократиялық ақпан революциясының жеңіске жетуі өлкедегі еңбекшілердің саяси белсенділігін арттырды. Уақытша үкіметтің

жергілікті органдары құрылды. Облыстар мен уездерге бұрыңғы патша үкіметінің чиновниктерінен, әсерлерден, меньшевиктерден және буржуазиялық ұлтшылдардан Уақытша өкіметінің комиссарлары

тағайындалды. Әлихан Бөкейханов Торғайдың, М. Тынышбаев Жетісудың комиссарлары болып тағайындалды. Қазақстанда 1917 ж. наурыз-мамыр айларында Семейде, Әулиеатада, Оралда, Түркістан өлкесінде және т.б. өлкеде құрыла бастады. Жұмысшы тобы мен солдат депутаттарының ізінше сәуір-мамыр айларында шаруа депутаттарының кеңестері құрылды.

Патша үкімет құлатылған соң, Қазақстан большевиктері астыртын жағдайдан шығып, өз жұмыстарын жандандырды.

Бұл кездегі империя көлемін қамтыған саяси тұрақсыздық жағдайында Орынбор қаласында шоғырланған қазақ оқығандары өзара кеңесіп, кезек күттірмейтін ұлттық мәселелеріне байланысты бір ұжырымға келу үшін жалпы қазақ съезін шақыру туралы шешім қабылдады. 1917 ж. 21-26 шілдеде Орынборда болған Бүкіл қазақтық съезде Алаш партиясы қалыптасып, басшы органдарын сайлады. Оған Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Е. Омаров, М.Шоқаев, М. Тынышбаев, X. Досмухамедов, Ж. Досмухамедов, X. Ғаббасов, т.б. кірді.

Сол жылы 5-13 (18-26) желтоқсанда Орынборда өткен екінші съезінде Қазақтың автономиясы-Алашордада өткен екінші съезінде Қзақстанның автономиясы-Алашорда үкіметі Ұлт Кеңесі құрылды. Петроградта 1917 жылғы қазан айында Ленин бастаған революциялық күштер жеңіске жетіп, Уақытша үкімет құлатылып, мемлекет билігі кеңестердің қолына көшкені туралы хабар бүкіл Ресейді ғана емес, дүниежүзін, бүкіл әлемді дүр сілкіндірген оқиға болды. Бұл оқиға бүкіл елде, Ресейдің орталық аудандарында оның шет аймақтарында кеңес өкіметің құру, нығайтумен ұштасты. Ол көп жерлерде орталық аудандардың ықпалымен қан төгіссіз іске асты.

Төңкеріс бүкіл билікті жұмысшы, солдат, шаруа депутаттары кеңесінің қолына беру арқылы халықтың әр түрлі топтары мен әр түрлі ұлттардың, халықтардың келешектегі тағдырына байланысты әр түрлі үмітте болуға жол ашты. Ресейдің қол астында болып келген орыс емес халықтардың еңбекші бұқарасы Қазан төңкерісінен кейін экономикалық-әлеуметтік күйзелістен шығумен бірге отаршылдықтың бұғауынан босанып, тәуелсіздік алатын шығармыз деген үмітте болды. ;

Ал Ленин бастаған большевиктер зауыт, фабрикаларды жұмысшыға, жер ІІІ шаруаға бебітшілік- бүкіл халыққа деген ұран көре отырып, Ресейге тәуелді болып келген халықтар жөнінде өз бағыттарын белгіледі. Олар барлық ұлттар мен ұлыстардың, халықтардың теңдігі мен бостандығын, азаттығын жариялай отырып, оларды төңкеріс туының астынан кетпеуге шақырды.

Қазан төңкерісінен кейін көп уақыт өтпей-ақ елде азамат соғысы мен шетел басқыншылығының жорығы басталды. Бұл тұста Қазақстанда Кеңес өкіметі орнап болған жоқ еді. Биліктің Кеңестердің қолына өтуі мұнда кейінірек жүзеге асты. Оның бір себебі мұнда саналы, жақсы ұйымдасқан саны мол жұмысшы тобы болған жоқ. Екіншіден, шет аймақтарда билікті кімнің алатыны жөнінде тап-тұйнақтай шешіліп жатқан, жұрт қолдайтын бірыңғай пікір де болмады.

Кейбір жерлерде автономия жарияланып, олардың Ресей құрамында болатын, болмайтыны жөніндегі мәселе ашық тұрды. Мәселен, осы тұста құрылған Башқұрт, Түркістан, "Онтүстік шығыс одағы" деген атпен Сібірде пайда болған автономиялар қазақ зиялыларын ұлттық өз иелігін құруга құлшындырды. Сөйтіп, 1917 ж. ж. желтоқсанда Алашорда үкіметі пайда болды. Сонымен бірге қазақ даласында Кеңес өкіметін орнату жолындағы күресте жүріп жатты. Соның нәтижесінде 1917 ж. қазаннан 1918 жылғы наурызға дейін Қазақстанның көптеген аудандарында кеңес өкіметі орнады.

1918 ж. майдың аяғында Антанта елдерінің көмегімен Сібірдегі Чехословак корпусының офицерлік бүлігімен елде азамат соғысы басталды. Оларға ак гвардияшылар мен бірге әсерлер, меньшевиктер және Алашордашылар дем берді. Сонда да Қазақстанның біраз жерінде кеңес үкіметі сақталып қалды. Ақ гвардияшылардың тылында партизан қозғалыстары да жандады.

1919 жылы 10 шілде РСФСР Халық Комиссарлар Кеңесі "Қырғыз өлкесін басқару жөніндегі революциялық комитет туралы» жарлық

қабылдады.

1920 ж. 30 сәуірде РК(б)П Орталық Комитеті Қырғыз (Қазақ) облыстық бюросы құрылғаннан кейін өлкеде Кеңес өкіметімен мемлекеттік құрылысты одан әрі нығайту жұмысы жүргізіле бастады. Сол жылғы 17 тамызда РСФСР Халық Комиссарлар Кеңесі Қырғыз республикасы туралы Декрет жобасын мақұлдады. 26 тамызда ВОАК пен РСФСР Халком Кеңесі РСФСР құрамында "Қырғыз (Қазақ) кеңестік Социалистік Автономиялық Республикасын құру туралы" жарлық қабылдады. Орынбор қаласы Қазақ АКСР-інің алғашқы астанасы болды.

1920 ж. 4-12 қазанда Орынборда алғашқы Қазақстан Кеңестерінің құрылтай съезінде Орталық Атқару Комитеті (төрағасы С.М. Меңдешев) және Халком Кеңесі (төрағасы В.Радус-Зенькович) сайланды. Съезд "Қырғыз (Қазак) АССР-і еңбекшілері құқықтырының декларациясын" қабылдады. Онда Қазақ АССР-і РСФСР-дың автономиялық бірлігіне жататын жұмысшылардың, еңбекші қазақ халқының, шаруалардың, қазақтардың және қызыл әскер депутаттары кеңестерінің Республикасы болып құрылғанын мәлімдеді. Декларация Кеңестердің топтық мәнін белгілеп берді. Ол Ұлттық езушілік пен құлдыққа ұстау саясатынан батыл қол үзетінін жариялады.

Съезд Республика құрамына енетін барлық ұлттар мен ұлыстардың бейбіт өмірі үшін қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлді. «Әрбір ұлттың,-деп жарияланды - барлық мемлекеттік мекемелер мен мектептерде ана тілін пайдалануға бірдей құқығы бар және олардың әрқайсысына ұлттық еркін дамуға құқық беріледі және сондай құқық пен толық мүмкіндік қамтамасыз етілуге тиіс».

Қазақтың кеңестік ұлттық мемлекеттігінің жариялануының орасан зор тарихи маңызы болды. Қазақ халқы бұл актіні өзінің ғасырлар бойғы арманының орындалуы, отаршылдыққа қарсы сан ғасырлық күрестің нәтижесі, ұлттық қайта өрлеу жолындағы алғашқы қадам деп қабыддады.

ЖЭС жылдарындағы Қазақстан.

«Күйзеліс, жоқшылық, қайыршылану»- В.И. Ленин азамат соғысы аяқталғаннан кейінгі Кеңестер елінің жағдайын міне осылай бейнелеп суреттеді.

Империалистік соғыс пен азамат соғысы Ресейдің басқа халықтары сияқты, қазақ халқын да күйзеліске ұшыратты.

Жаңа экономикалық саясаттың енгізілуіне байланысты жерді жалға беру мен алуға, жалдама еңбекті қолдануға рұқсат етілді, ауылшаруашылық, несие және тұтыну кооперациясын дамыту көтермеленді. «Әскери коммунизм» тұсында енгізілген еңбек міндеткерлігі мен еңбекке жұмылдыру жойылды. Ұсақ кәсіпорындар жеке адамдарға немесе кооперативтерге жалға берілді. Темір жол және автомобиль тасымалының, өндіруші және өңдеуші өнеркәсіптің кәсіпорындары шаруашылық есепке көшірілді.

Өлкенің 28.мың коммунисінен өкіл болып, Орынборда (1921 ж. маусымда) өткен облыстық бірінші құрылтай партия конференциясы жаңа экономикалық саясатқа көшуді мақұлдады. 1921 жылғы наурыз-сәуір айларында республикада азық-түлік салғырты азық-түлік салығымен алмастырылды. Машиналарды жалға беретін алғашқы пунктер пайда болды, базарлар ашылып, кедейлер егістікті бірлесіп жырту үшін бірікті.

Сонымен бірге тоталитарлық, авторитарлық басшылыққа көшу басталып, ол әсіресе большевиктердің өлкелік партия ұйымының басшысы Ф.И. Голощекин болған кезде күшейе түсті.



4) Иллюстрациялы материалдар: карта

5) Әдебиеттер:

  1. Қойгелдиев М.Қ. Алаш қозғалысы.Алматы, 1995

  2. Нұрпейiсов К. Алаш ??м Алаш Орда. А., 1995

  3. Алаш-Орды. Сб. документов. Алма-Ата, 1992

  4. Образование Казахской АССР. Сб. документов. Алма-Ата, 1957

  5. Козыбаев М.К., Абылхожин Ж.Б. Коллективизация в Казахстане: трагедия крестьянства. Алма-Ата, 1993.

  6. Қозыбаев М.Қ. Ақтаңдақтар ақиқаты. Алматы, 1992

  7. Қойгелдиев М.Қ., Омарбеков Т.О. Тарих тағылымы не дейдi?- Алматы, 1993

  8. Қойгелдиев М.Қ. Тұтас Түркiстан идеясы және Мұстафа Шоқайұлы. Алматы, 1997

  9. Қоңыратбаев О. Тұрар Рысқұлов. Қоғамдық-саяси және мемлекеттiк қызметi.А., 1994

  10. Омарбеков Т.О. 20-30 жылдардағы Қазақстан қасiретi.Алматы, 1997

  11. Чокаев М. Туркестан под властью Советов. Алматы, 1993

6) Қорытынды сұрақтары:

1. Қазан революциясының тарихи маңызын қалай түсінесіз?

2. Азамат соғыс жылдарындағы қарама-қарсы тұрудың көлемі қандай болды?

3. «Әскери коммунизм» ұғымының мәні неде?

4. Межелеуден кейін өлкенің аймақтық-әкімшілік жағдайын көрсетіңіз?

5. «Алаш» партиясының негізгі мақсаттарын атаңыз?

6. Ұлттық интеллигенцияның дүниетанымын көрсетіңіз?

1) Тақырып №10. Тоталитарлық жүйенің қалыптасу кезеңіндегі қоғамдық-саяси жағдай және әлеуметтік-экономикалық құрылыс.

2) Мақсаты: тоталитарлық жүйенің қалыптасу жөнінде объективті тарихи білім беру, дәстүрлік құрылымның құлауын және оның зардабын көрсету. Саяси және идеялық оппозицияны жәбіллеу және идеологиялық пен саяси террордың үдейе түсуі.

3)Дәріс тезистері:

Республикадағы индустрияландыру бағыты.

«Қазіргі техника базасын өнеркәсіпке, тасымалға, ауыл шаруашылығына бейімдеу» ретіндегі неғұрлым кең мағынадағы индустрияландыру ісі Қазақстанда елдің басқа аудандарына қарағанда біршама кешірек басталып, уақыты жағынан КСРО халық шаруашылығын дамытудың бірінші бесжылдығымен (1928-1932жж.)тұтас келді, бірақ ол мейлінше қиын жағдайда өтті.

Республиканың халық шаруашылығын қалпына келтіру әлі аяқталмаған еді, тұтас алғанда өнеркәсіп өндірісі соғысқа дейінгі деңгейінің 61 процентіне ғана жетті. Өнеркәсіптен Орал-Ембі ауданындағы бірнеше мұнай кәсіпшіліктері, Орталық Қазақстандағы көмір өндіретін шағын шахталар және Алтайдағы қуаты шамалы түсті металлургия кәсіпорындары ғана бар еді. Республика өнеркәсібі дамуының төмен деңгейде болуын оның жер қойнауының әлі де толық зерттелмегендігімен түсіндіруге болады. Қазақстанның байлыққа толы кең-байтақ өлкесі туралы революцияға дейін жинақталған ғылыми білім көп емес-ті. Ал ең бастысы-олар өлкенің өндіргіш күштерін дамыту, халық бұқарасының тұрмысын жақсарту үшін іс жүзінде пайдаланылмады деуге болады. Байланыс және тасымал құралдары нашар дамыған еді. Жер аумағының мың километріне шаққанда бір километірдей ғана темір жол болды. Жұмысшы табының саны аз еді, ал ұлттық инженер-техник саусақпен санарлықтай болды.

Қазақстан экономикасында бұынғысынша ауыл шаруашылығы басым болатын, оның үлесіне бүкіл жалпы өнімнің 84,4 пайызы тиетін, халықтың 90 пайызы ауылды жерлерде тұратын.

Иесіз қалдырылған шахталар мен кәсіпшіліктер қайтадан қатарға қосылды, кооперативтік өндіріс жанданды. 1926 жылы ол Қазақстандағы өнеркәсіп өнімінің үштен бірін берді. Сауда жандана түсті. Шаруашылық есепті, өзін-өзі өтеуді, өзін-өзі қаржыландыруды енгізу және басқа шаралар өнеркәсіптің жаңа экономикалық саясат арнасында дамуына игі әсер етті.

Индустрияландыру жағдайында республика еңбекшілерінің қиын міндеттерді шешуіне, ең алдымен техникалық экономикалық жағынан артта қалуын жою қажет болды. Осы міндетті шешу үшін Қазақстан елді индустрияландырудың жалпы одақтық бас жоспарына енгізілді. Социалистік әдіс бойынша индустрияландыруды жүзеге асыру ауыр өнеркәсіптің жетекші салаларын, ең алдымен машина жасау саласын дамытуды, шахталар мен кеніштердің, жергілікті ресурстарды пайдалануға негіздескен барлық өнеркәсіп салалары кәсіпорындарының ескілерін қалпына келтіріп, жаңаларын салуды, халық шаруашылығының мұхтаждығына қажетті темір жолдар мен техникалық байланыс құралдарын орнықтыру, бірінші кезекте байырғы халық өкілдерін кеңінен тарту жолымен жұмысшы табы мен өндірістік-техникалық зиялылар кадрларын қалыптастыру талап етілді.

Өлкені бұрын отарлық жағдайда болуына байланысты экономикалық жағынан да, мәдени жағынан да мешеулігі туғызған қиындықтарды жаңа экономикалық саясаттың тоқтатылып, «әскери коммунизм» кезеңіндегі күрес әдістерінің жаңғыртылуы, халық билігінің жеке диктатурамен алмастырылуы, әміршілдік-төрешілдік басшылық әдісінің енгізілуі асқындыра түсті.Қазақстанда социализмнің бұлайша бұрмалануы 1925-1933 жылдары Қазақ өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы болған Ф.И, Голощекиннің есімімен және қызметімен тікелей байланысты болды. Бұрынғы кәсіби-революционер ол капиталистік емес даму жағдайындағы социализмнің теоретигі рөлін атқаруға тырысып, Сталиннің қатаң бағыты, аймақтық көсемшілдік идеясын жақтады. Ол ауыл «Қазан лебін сезінген жоқ», «1925 жылдың күзіне дейін бізде Қазақстан мен оның партия ұйымы болған да жоқ» деп дәлелдеп бақты, сөйтіп «Кіші Қазан» төңкерісін өткізу идеясын ұстанды. Голощекиннің бағыты елеулі қарсылыққа ұшырады, сол жағдайда ол И.В. Сталинге хат жазып, онда Өлкелік партия комитеті бюросы бағытының өңін айналдыра баяндап берді, И.В. Сталин қысқа әрі мейлінше айқын жауап қайтарды, онда былай делінген еді: «Голощекин жолдас! Мен осы жазбаңызда белгіленген саясат негізінен алғанда бірден-бір дұрыс саясат деп ойламаймын. И. Сталин».

Голощекин «Кіші Қазан» бағытына сәйкес индустрияландыру идеясын қорғап, былай деп жазды: «Өнеркәсіп саласында ең негізгісі ірілендіру емес, қайта оны жергілікті ұсақ және орташа (жарма тартатын, жүн жуатын, май шайқайтын орындар, жөндеу шеберханалары және т.б.) деңгейде, яғни бәрін ауыл шаруашылығына байланысты және оны неғұрлым рентабельді ететін деңгейде ұстау». Бұл бағытты ол 1927 жылы ұсынып, 1930 жылы VII Өлкелік партия конференциясының мінберінен тағы да нақтылай түсті. Ф. Голощекин жарияланған бағыт Саяси бюро мүшелігіне кандидат А.А. Андреев тарапынан көрініп қолдау тапты, ол Бүкіл қазақтық VI партия конференциясының мінберінен: «Біз КСРО-дағы индустрияландыру мәселесіне әрбір республиканың өз ауыр индустриясын құру, әрбір республиканы бас-басына индустрияландыру жолымен жүрмейміз», - деп мәлімдеді.

Қазақстандағы индустрияландыру жолдары туралы пікір сайыс барысында кереғар көзқарастар аңғарылады. Біреулер «түйеден социализмге» өту мүмкін емес, далада фабрикалар мен заводтар салу «шамадан тыс нәрсе» болып табылды, «ұлттық өзіндік ерекшелікті» жояды деп пайымдайды, басқа біреулер «қазақтандыру өндірісті қымбаттатып жібереді», қазақтармен «өнеркәсіп-қаржы жоспарын орындай алмайсың» және т.б. деп санады.

Жергілікті партия, кеңес, шаруашылық кадрларының индустрияландыруды жүзеге асыру барысында өлке экономикасының ең алдымен өнеркәсіпте сақталып отырған отаршылдық құрылымын қайта қарау қажеттігі туралы парасатты сөздерін (С. Сәдуақасов, Ж. Мыңбаев және басқалар) Голощекин, I. Құрамысов және олардың сыбайластары жергілікті үлтшылдық көріністері деп, ал жоспарлаушы органдардағы кейбір экономистердің өндіргіш күштердің даму деңгейіне, еңбек ресурстарының дәрежесіне сәйкес келетін индустрияландыру қарқыны туралы шақыруларын ұлы державалық шовинизм көрінісі деп есептеді. Теориядағы субъективизм мен практикадағы әміршіл-ырықсыз әдістер республиканың социализмге бет алуының балама жолын зерттеу мүмкіндігін жоққа шығарды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет