25. Жаңа әліпби қазақ тілінің толықтай фонетикалық ерекшеліктерін қамтиды ма?
Қазақ тілінің төл табиғи болмысын, әсіресе дыбыстық жүйесінің заңдылықтарын толық бере алады.
26. Латын әліпбиі негізіндегі қазақ жазуына, қызметіне қатысты ойыңызды ашып түсіндіре кетсеңіз
Өте дұрыс. Кез-келген тіл ең алдымен өзінің қоғамдағы атқаратын әлеуметтік қызметімен ерекшеленеді. Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде 3 бірдей әлеуметтік қызметке ие: этносты даралаушы, ұлтты ұйыстырушы, халықты біртұтастандырушы. Осы тұрғыдан келгенде латын әліпбиіне негізделген жаңа қазақ жазуы:
Біріншіден, қазақ халқының ұлттық сипатын даралаушы қызметін күшейтеді. Қазақ тілінің төл табиғи болмысын ерекшелеп, оның дыбыстық, морфологиялық, лексика-семантикалық құрылым-құрылысына және синтаксистік конструкциясына орыс тілінің тигізген ықпалын әлсіретіп төл тілдік табиғатын қайтаруға әсер етеді.
Екіншіден, мемлекеттік тілдің ұлтты ұйыстырушы қызметіне толыққанды тұғыр қызметін атқара алады. Қазақ қоғамында дәл қазіргі кезеңде екі түрлі дүние бейнесі орын алып отыр: біріншісі – қазақи тәрбие алған, қазақша ойлайтын әлеуметтік ортаның ментальдық ерекшелігі; екіншісі – орыс тілінде тәрбиеленеген орысша сөйлейтін қазақ тілін шала білетін әлеуметтік ортаның ментальдық ерекшелігі. Жаңа әліпби осы екі түрлі әлеуметтік ортаның арасындағы тілдік, ділдік, мәдени, рухани айырмашылықтардың жойылуына ықпал етіп, қазақтардың ұлт ретінде толыққанды ұйысуына, бірігуіне қызмет етеді.
Үшіншіден, мемлекеттік тілдің Қазақстан қоғамында ұлтаралық тіл қызметін атқаруына жол ашады. Демек қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі біртұтастандырушы қызметі жолға қойылады.
Төртіншіден, Қазақстан латын әліпбиіне көшу арқылы Түркі әлемінің интеграциясын жеделдетуге үлесін қосады.
Бесінішіден, жаһандану заманындағы ақпараттық-технологиялық кеңістіктің шет шекарасы жойылып біртұтастануы жағдайында латын графикасы ғылыми, мәдени, саяси, экономикалық, техногендік, көпшіліктік және т.б. сипаттағы сан алуан ақпараттар мен озық идеяларға қол жеткізуде код қызметін атқарады.
Достарыңызбен бөлісу: |