Зәуре. Мама, мен кеттім. Ерланды ертіп келемін.
Тәттігүл. Керегі жоқ. Отыр. Үйге кісілер келеді.
Зәуре. Кім?
Тәттігүл. Әлім жездем мен Балқия тәтем. Саған құда түседі.
Зәуре. Мама, бұл не сөз?
Тәттігүл. Қызым, білесің ғой, менің бір қасарыссам, қайтпайтынымды. Айтқан тілді ал. Тексіз қаңғыған Ерлан емес, өзіміз білетін Ерланға – керекті адамның баласына ти. Жездем – қала әкімі. Ол әкеңе көз қырын салып жүрсе, жаман болмаймыз. Баласы институт бітірген, қызметкер. Жездем аман болса, күні еретең-ақ ол бастық болады. Үй де, машина да дайын. Әрі алысқа бармайсың, есікпе-есік көршіміз боласың. Бас ауырып, балтыр сыздай қалса, керексің.
Зәуре. Сіз өйтіп басты қатыра бермеңіз. Жалпы, бұл әңгімені қойыңыз, әйтпесе аяғы жақсылыққа апармайды. Мен Ерланды өйтіп кемсіте бергеніңізге төзе алмаймын.
Тәттігүл. Мәс-саған, безгелдік! Жөндеп танымай жатып қорғайды ғой-ау мынау жігітсымағын!
Зәуре. Енді қалай деп едіңіз? Ерлан ғана емес, жалпы, білмейтін адамыңыз туралы бір ауыз да жаман сөз айтпаңыз, ол адамгершілікке жатпайды.
Зәуре кетеді.
Тәттігүл. Ой-бо-ой, мына қыз шынымен-ақ қағынған екен-ей! Оспан, Ос-па-ан, шық бері!