Механикалық тосқауылдар қатарына клеткасының қабықшасының қалың болуы немесе өсімдік клетка қабықшасында паразиттердің ферменттері ыдырата алмайтын лигниннің болуы жатады.
Өсімдік ұлпаларында патогендердің дамуына қажетті заттардың болмауы (немесе жеткіліксіз болуы). Кез келген өсімдік ұлпасы патоген үшін паразиттік тіршілігіне қажетті субстрат болып табылады. Әдетте суы мол, көмірсулар мен амин қышқылдарына бай ұлпа ең көп және жиі зақымданады. Онтогенездің белгілі бір даму сатыларында патогеннің дамуына қажетті кейбір заттардың әлі түзілмеуі, немесе метаболизм нәтижесінде өзгеріске енуі өсімдік организмінің ауруға төзімділігін арттырады. Мысалы, Fusarium graminearium Schw. саңырауқұлағы астық тұқымдас дақылдар ұлпасында холин және бетаин тектес заттар болса ғана паразиттік тіршілік етеді. Ал бұл заттардың көбі тозаң қапшығында болады, сондықтан дақыл масағы фузариозға гүлдеу кезеңінен кейін шалдығады.
Ингибиторлар. Бұл өсімдік ұлпаларының құрамында болатын немесе зақымдануға қарсы реакция ретінде синтезделетін, патогендердің дамуына тосқауыл болатын қосылыстар. Олардың қатарына фитонцидтер – химиялық табиғаты әр түрлі туа біткен пассивті иммунитет факторы болып табылатын заттар. Фитонцидтер көп мөлшерде пияз, сарымсақ, черемуха, эвкалипт, лимон т.б. дақылдар ұлпаларында өндіріледі.
Алкалоидтар - өсімдіктер бойында түзілетін құрамында азот бар органикалық заттар. Бұл заттарға әсіресе бұршақ, мак, алқалы, астра тұқымдас өсімдіктері бай келеді. Мысалы, картоптың құрамында болатын соланин және қызанақта болатын томатин көптеген патогендге уытты болып келеді. Ауру қоздырғыштардың дамуын сондай-ақ фенолдар, эфир майлар және бірқатар қосылыстар баяулата, немесе тоқтата алады. Барлық аталған ингибиторлар тобы интактты (зақымданбаған ұлпаларда) күйде әрдайым өсімдік организмінің бойында болады.
Патогеннің даму кезінде өсімдікте синтезделетін индукциялық заттар фитоалексиндер деп аталады. Химиялық құрамы бойынша бұлардың барлығы да төменгі молекулалық заттар, олардың көбіне фенолдық табиғат тән. Өсімдіктің зақымдануға сезімталдық дәрежесі фитоалексиндерді өндіру жылдамдығына байланысты болатыны анықталды. Қазіргі кезде фитоалексиндердің көбі анықталды. Мысалы, фитофтороз ауру қоздырғышымен зақымданған картоптан ришитин, любимин, фитуберин бөлініп алынса, ас бұршақтан – пизатин, сәбізден – изкумарин бөлініп алынды. Фитоалексиндердің түзілуі активті иммунитетке жатады.
Иммунитеттің бұл түріне ферменттік жүйенің мысалы тотығу фермендттерінің (пероксидаза, полифенолоксидаза) қарқындылығының артуы жатады. Бұндай қасиет ауру қоздырғыштарының гидролиздік ферменттерін инактивциялауға және патогендердің уының уытын жоюға мүмкіндік береді.