Жоспары:
“Педагогтік әдеп”туралы түсінік.
Педагогтік әдеп пен педагогтық тактиканың арақатынасы.
Лекция мақсаты: педагогикалық этика мен такт туралы білім, білік, дағыдыларын қалыптастыру.
Лекция мәтіні:
1. Педагогтік әдеп және педагогтік тактика туралы түсінік.
Қазіргі кездегі мектеп – оқушылар үшін ақпарат берудің бірден – бір көзі емес. Олар мектеп өмірі, мұғалімдер, оқушылар өмірі туралы оқиды, радио тыңдайды, телевизия хабарларын, кинофильмдерді көреді. Олар біздің мамандығымыздың құпияларымен, біздің қоғамымыздың оқушыларды тәрбиелеуге қоятын талаптарымен де таныс. Олар біраз жағдайда біздің қылықтарымызды бізден жақсы ажырата алады. Оларға біздің тарапымыздан қойылатын талаптың орынды болуын зейін қоя қадағалайды, олар біздің талаптарымызға сын көзбен қарауға да бар, тіпті келіспейтін кездері де болады. Сондықтан да біздің оқушылармен қарым-қатынасымыздың мәні ерекше. Оқушылармен дұрыс іскерлік және эмоциялық қарым-қатынас орнату – күрделі іс. Ол бізден жоғары шеберлікті, кәсіби білгірлікті, тиісті іскерлік пен дағдыларды қажет етеді. Ал біздің шеберлігіміздің аса маңызды бөлігі – педагогикалық әдеп пен педагогикалық тактика болып табылады.
Педагогикалық әдеп – мұғалім әрбір нақты жағдайда оқушыларға тәрбиелік әсер етудің бірден-бір тиімді құралын қолданатын арнайы педагогикалық іскерлік. Педагогикалық әдепке оқушылар жүрегіне педагогикалық жол табу деп те анықтама беруге болады. Оны оқушылардың сыртынан психологиялық бақылау жүргізу деп те атауға болады, өйткені педагогикалық әдептің өзі, К:Д.Ушинскийдің айтқанындай: “түптеп келгенде психологиялық әдеп”.
Педагогикалық әдепке және осы терминді қолдану өрісіне анықтама беру теорияда және педагогика практикасында үш түрлі көзқарасқа негізделеді:
жалпы адамзаттың әдептілікті сіңіру;
мұғалімнің жеке басының психологиялық ерекшелігі;
мұғалім шеберлігінің бір бөлігі.
Алғашқы екі көзқарас бойынша педагогикалық әдеп мұғалімнің оқушыларға деген сүйіспеншілігі, олармен сыпайы қарым-қатынасы, олардың қадірін біліп сыйлауы, қайырымдылық, ілтипаттылық, кеңпейілділік, шынайылық, ұстамдылық, байсалдылық, сенімділіксияқты мінез сипаттары және қасиеттері қатарында қарастырылады. Үшінші көзқарас бойынша педагогикалық әдеп оқушылармен қажетті қарым-қатынастар орнату және оны сол қалпында ұстай білудегі арнайы кәсіби іскерлік ретінде қарастырылады. Оған жалпы педагогикалық амал-тәсілдердің едәуір бөлігі, жекелеп айтқанда педагогтық техника да енеді.
2. Бұлайша ұғынғанда педагогикалық әдеп түптеп келгенде педагогикалық тактика болып табылады. Бұдан былай біз бұл екі терминді де қолданамыз. Оларды белгілейтін сөздердің шығу тегі түрлі болғанымен мазмұн ортақтығы мол:
такт латынша tactus – “жанасу, түйсіну” дегеннен,
ал тактика – грекше taktike – “тәртіпке келтіру” деген сөзден шыққан. Осы екі терминді пайдалану қажеттілігі бар ма?
Бар, өйткені біз көбіне бір терминді екіншісімен алмастырып жібереміз, педагогикалық тактикамен істес бола отырып, педагогикалық әдеп жайын айтамыз. Педагогикалық әдеп жағымды жақтан ғана қаралады. “Педагогикалық әдебі нашар” қайрымдылығы нашар, сыпайылығы нашар, балаларға деген сүйіспеншілігі нашар, т.б. деумен бірдей. Ал педагогикалық тактиканың тым күрделі – аса жақсыдан жаманға дейін, мейлінше жетілгендіктен қарадүрсінділікке тұқыртылған мәні болуы мүмкін. Әрбір мұғалім оқушылармен қарым-қатынаста белгілі бір тактиканы әрқашанда қолдана береді, бірақ онда педагогикалық әдептің болмауы да ықтимал. Былайша айтқанда мұғалімдердің бірсыпырасының оқушыларды бағындыруға, олардың қарсылығын тойтаруға бағытталған үркітулері, жазалаулары, ақылгөйлігі, дауыс көтеруі, т.б.жақсы болмаса да әрине өзіндік тактикасы, бірақ ол әсте де педагогикалық әдеп бола алмайды. Мұғалім оқушыларына ықыласты қарап, оларды қадірлеп, кеңпейілді, сақ, әдепті болғанымен олармен қоян-қолтық араласа алмайтын жағдай болады. Оның сабақтарында тәртіпсіздік үстемдік етеді, оқушылар үй тапсырмаларын орындамайды, айтқан ақылды тыңдамайды, шынтуайтқа келгенде оны сыйламайды. Мұндай мұғалімді әдептілігі жоқ деп кінәлауға болмайды. Онда әдеп бар. Бірақ оның тактикасы жетілмеген, тактикалық амал тәсілдері қоры аз, ұйымдастыру мен жүйелілік мүлде жоқ. Педагогикалық шеберлік тұрғысынан алғанда мұғалімнің мінез ерекшелігі ретіндегі әдептілігінің оның әрбір нақты жағдайда тиімді тактика таңдай білуінің үйлесімділігі мейлінше дұрыс болып табылады.
Жеке әңгімелескенде кейбір жолдастар “тактика” деген әскери терминді педагогика сияқты бейбіт ғылымға көшірудің керегі бар ма деген күдік білдірді. Өйте берсек, педагогикалық стратегиға да барамыз дейді олар. Мұндай күдіктің негізі жоқ шығар. А.С.Макаренконың тәрбие тәжірибесіне әскери өнердің кейбір элементтерін саналы түрде енгізгені мәлім. Оның үстіне тактика тек әскери ғана емес, философиялық, ғылыми, саяси термин. Сондай-ақ, педагогикалық та термин. Оқыту теориясында қазір “стратегия” термині кең де, тар да мағынасында қолданады. Мысалы, есеп шығару стратегиясы деп айтылып та жүр. Ал тактика – стратегияның құрамдас бөлігі. Сондықтан тактика ғана емес, стратегия да педагогикаға жат емес. “Тактика” термині оқушылармен қарым-қатынасымыз турасында әңгіме қозғалғанда педагогикалық әдебиетте де қолданылады. Тактиканың анықтамасында әдептің педагогикалық шеберліктің құрамдас бөлігі ретінде, оқушыларға әсер ету құралдарының белсенді қоры ретінде қарастырылатын педагогикалық әдеп анықтамаларымен бірегейлігі мол.
Осылайша ұғынылатын педагогикалық әдеп, менің бұрын айтып өткенімдей, нақты педагогикалық тактикаға, біздің стратегиямыздың нақтылы көріністеріне, оқушыларға ықпал етудің түрлі құралдарын іскерлікпен ұштастыруға және пайдалануға айналады.
Педагогикалық тактика мұғалімнен әскери тактика командирден нақты жағдайда бағдар табуды, бар мүмкіндіктер мен кедергілерді есепке алуды, тура және айналма жолдарды, қарсылықтың күткен және күтпеген формаларын, ықтимал нәтижелерді көре білуді, т.б. пайдалануды қандай талап етсе, сондай талап етеді. Әрине, оқу – тәрбие процесінде мұғалімдер мен оқушылар қарсыластар емес, қатысушылар. Олар өзара ынтымақта болады. Бірақ бұл ынтымақ тартыссыз бола бермейді. Оқушылар өзіндік тіршілік, мүдделерімен өмір сүреді, оларды біздің оқу және тәрбие талаптарымызға, алдағы алшақ жатқан мақсатқа сәйкес келмеуі мүмкін. Оқушылар үшін оқу мен тәрбие көптеген талаптармен, қолайсыздықтармен , шектелулермен т.с.с. байланысты. Олар қарсылық көрсетеді, бұл қарсылық оқушылардың жан дүниесіндей өте күрделі болуы ықтимал. Қарсылық ашық та астыртын, саналы да санасыз, жалпы да нақты, белсенді де самарқау мүмкін.
Педагогикалық әдеп қайшылықты жағдайларда мейлінше қажет, бірақ оның негізгі қызметі – ондай жағдайлардың алдын алу, оқушылардың қарсылығын бәсеңдету. Педагогикалдық әдеп келісімпаздық, оқушыларға деген талап қаталдығын босаңсыту, олармен қақтығысудан икемдену емес. Талап қоя білмейтін мұғалімнің де, оқушыларға айқайлайтындар және өкпелететіндер сияқты, әдептілігі шамалы болады.
Біздер педагогикалық әдепке әрбір нақты жағдайда оқушыларға әсер етудің тиімді құралы ретінде педагогикалық тактика деп анықтама бердік. Сөйтіп, егер мен оқушылардың сеніміне ие болғым, олардың қарсылығын бәсеңсіткім, олардың көңілі мен ой-күйін игергім, өз жағыма тартқым, өз еркіме көндіргім және с.с.әрекет еткім келсе, біріншіден, жеткілікті мөлшерде әр түрлі тактикалық құралдар (тікелей қолданылатынынан жанама қолданылатынына дейін) қорым; екіншіден, оқушылардың қарсылық көрсетулерінің себептерін білуім; үшіншіден, олардың көңіл-күйін бағалай білуім; төртіншіден, менің әрекетіме қарсы әрекетті болжай алуым керек. Осыған байланысты мен өзімнің жалпы тактикамды ойластырамын немесе жеке тактикалық жолды таңдап аламын: нақты бір теріс қылықты белгілі мөлшерде айыптаймын, оған бей-жай қараумен шектелемін, байқамаған боламын, жағымды баға беремін,т.с.с.
Педагогикалық тактика бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Оны барлық жағдайда барлық педагогтар қолдана алатын белгілі бір нұсқауға, тіпті ережелерге айналдыру қиын. Оқушылармен тіл табысуды жолға қоюға, оларға әсер етудің әр түрлі құралдарын қолдануға жалпы кеңес беруге ғана болады. Олар сіздерге, әрине, белгілі. Мен тек еске түсіре кетпекпін.
Бақылау сұрақтары:
“Педагогикалық әдеп-оқушылар жүрегіне педагогикалық жол табу” дегенді қалай түсіндіресіз?
Сіз қалай ойлайсыз К.Д.Ушинский неге педагогикалық әдепті психологиялық әдепке теңестіреді?
Педагогикалық әдепке анықтама беру қандай көзқарастарға негізделеді?
“Такт”, “тактика” терминдерінің мағынасы қандай?
Жоспары:
1. “Педагогикалық такт” ұғымы.
2. Педагогикалық такт – бала тәрбиелеудегі маңызы.
Лекция мақсаты: педагогикалық тактының қарым-қатынас орнату стилі туралы білім, білік, дағдыларын қалыптастыру.
Лекция мәтіні:
Педагогикалық такт
“Айтушы ақылды болса, тыңдаушы дана болады”
(Халық мақалы.)
1. Мұғалім мен оқушы арасында болатын қатынаста педагогикалық тактінің маңызы зор. “Такт” деген сөздің мағынасын дәлме-дәл беретін сөз қазақ тілінде жоқ. Педагогикалық такт деп біз мұғалімнің тәрбие беру процесінде балалардың көңіл күйін, жан дүниесін, мінез құбылыстары мен психо-физиологиялық ерекшеліктерін терең білудің негізінде нақтылы жағдайлардың талабына сәйкес қолданатын әдіс-тәсілдердің қосындысын айтамыз.
Педагог этикасында бұл ұғым тәрбиеші мен тәрбиеленушінің арақатынастарын белгілейді. Педагогикалық такт болмайынша мұғалім өз пәнін қанша терең білгенімен, тіпті тәрбиелік жұмыста алуан түрлі әдіс-тәсілдерді меңгергенімен, өзінің алдына қойған – жас ұрпаққа жан-жақты тәрбие беру мақсатына жете алмайды. Сондықтан педагогикалық тактінің психологиялық мәні бар екендігін атап кеткен жөн. Педагогикалық тактінің қалыптасуы жеке оқытушының психологиялық, эмоционалдық дүниесінің құрылымына байланысты. Осыған орай жеке тұлға басқа адамдармен, сондай-ақ жас ұрпақпен қарым-қатынас жасағанда, ол өзінің индивидаулдық өмір тәжірибесін, адамдар арасындағы қатынастардың қандай нормалар арқылы жүзеге асатындығын нақтылы көрсетуге тырысады. Өйткені педагогикалық такт, басқа этикалық ұғымдар сияқты, белгілі бір құрылымнан - өзіне тән ерекше құрамдас мүшелерден тұрады. Солардың ішіндегі ең негізгілері:
оқушыларға педагогикалық әсер етудегі мөлшерді сақтау мәселесі;
ұстаздық ықпалдың нәтижелілігі, жеке адамның, атап айтқанда, мұғалімнің баланың рухани дүниесін егжей –тегжейлі түсіне білуі;
жас буынның ұнамды қасиетін тани біліп, оны бүкіл адамгершілік мінез-құлықты қалыптастыруға пайдалануға қабілеттілігі.
Педагогикалық такт – мұғалімнің ең басты моральдық қасиеттерінің бірі, онсыз ол ұстаздық ете алмайды.
Педагогикалық тактінің жалпы негізі жоғарыда айтылғандай болғанымен, ол әрбір оқытушының практикалық қызметінде көп түрлі де әр мазмұнды болып келеді. Өйткені әр мұғалімнің өзіне қайталанбайтын, жас ұрпақты тәрбиелеу ісінде қолданатын әдістері мен тәсілдері бар. Мұғалімнің оқушымен қарым-қатынастары әр түрлі жағдайларға сәйкес дұрыс шешім, онымен ортақ тіл табуы, дұрыс талап қоюы, бір сөзбен айтқанда, мұғалімнің оқушыға орынды да әділ әрекеттері – осының барлығы педагогтік тактінің құрамдас бөлшектері. Мұғалім мен оқушының арасындағы қатынастар алуан түрлі. Сондықтан да оқытушы оқушыға деген қатынасын әр уақытта да өзгертіп отырады. Бір жағдайда қатаң талап қоюы, екінші бір жағдайда өтінуі, ал үшінші бір жағдайда жазалауы немесе мақтауы, сендіруі, үгіттеуі, тағы да көп әдістердің іске қосылуы мүмкін. Осындай сан алуан түрлі қатынастарда әр уақытта да белгілі бір педагогикалық тактіні сақтамаса, ойдағыдай нәтижеге жетіп, оқушыға жағымды әсер етілмеген болар еді. Мұғалімнің белгілі бір шектен аспай оқушыға әсер етуі, оның педагогикалық тактісіне, сезіміне байланысты.
2. Педагогикалық такт – бала тәрбиелеудегі маңызы.
Педагогикалық такт мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларды да тәрбиелеуде маңызды қызмет атқарады. Әсіресе жасы 14-15-тегі жас өспірімдермен қарым-қатынас жасағанда педагог өз жұмысында мейлінше ұқыпты болуы, тәрбиелік әдістерді догма ретінде емес, нақтылы педагогикалық ситуацияларға қарай өзгеріп отыратын динамикалық табиғаты бар құралдар ретінде пайдалануы абзал. Жас өспірімдерді тәрбиелеу ісінде жіберілген болмашы қателіктің өзі күрделі сәтсіздіктерге әкеліп соғуы мүмкін. Төменгі сынып оқушыларын тәрбиелеу үшін көбінесе жігерлілік, инициативтілік керек болса, жоғары сыныптардағы тәрбиелеу ісі мұғалімнің асқан шеберлігі мен ұстамдылығын, оның ұстаздық даналығын талап етеді.
Педагогикалық такт тек оқушымен дұрыс қатынас жасау ғана емес, сол қатынастың тиімді жақтарын табу, ал ол жолдар оқушылардың жас ерекшеліктеріне, бала мінезінің әр түрлілігіне қарай, тіпті бір сыныптағы оқушылардың әрқайсысының жалпы үлгерімі мен тәртібінің ерекшеліктеріне қарай, әр уақытта да өзгеріп отыруға тиіс. Осыған сәйкес мұғалім өзінің оқушылармен қарым-қатынасын сәйкестендіруі, нақтылы жағдайға байланысты қатынастардың жаңа түрін табуы – міне, осылардың барлығы мұғалімнің педагогикалық тактісінің көрсеткіші болып табылады.
Педагогикалық тактінің ең негізгі компонеттерінің бірі - оқушының ұжданы мен абыройын сақтай білу, оның психолгиялық көңіл күйін байқау, соған байланысты қатынас жасау, керек уақытында оқушыға сену және әрбір жағдайға байланысты талапты дұрыс қоя білу т.б.
Педагогикалық тактінің ішінде ең бір негізгі орын алатын мәселе – оқушының еріктілігіне шек қоймай, оған, өз мүмкіншілігінше, қабілетін дамытуға жағдай туғызып, көмектесу болып есептеледі. Педагогтің ең негізгі мақсатының бірі - әрбір баланың ерекшелігін, қайталанбайтын өзіндік жақтарын байқап, оның дамуына қазіргі педагогикалық ғылымның жетістіктерін қолданып жағдай жасау. Ал , бұл сияқты күрделі де құрметті жұмысты іске асыруда педагогикалық тактіні сақтай білудің ерекше маңызы бар.
Республикамыздағы педагогика мәселелеріне арналған ғылыми еңбектер мен көптеген әдістемелік материалдарда, сондай-ақ мектептердің жұмыс тәжірибелеріне талдау жасағанда педагогикалық тактіні бұзушылық көбінесе мынадай түрде кездесетінін байқауға болады. Кейбір оқытушы балаға шектен тыс қатаңдық білдіреді, әрбір адамға өзінен-өзі белгілі ережелер мен нормаларды қайталап, өз беделін оқушылардың алдында тез түсіреді.
Бақылау сұрақтары:
Педагогикалық такт дегеніміз не?
Педагог этикасында бұл ұғым нені білдіреді?
Педагогикалық тактінің психологиялық мәні қандай?
Педагогикалық тактінің құрамды бөліктері.
Педагогикалық тактінің негізгі компоненттерін атаңыз.
Педагогикалық тактінің бала тәрбиесіндегі маңызы қандай?
Жоспары:
Сендіру – коммуникативтік қарым-қатынастың негізгі тәсілі ретінде.
Сендіруге қойылатын талаптар.
Лекция мақсаты: сендіре білу туралы түсінік қалыптастыру.
Лекция мәтіні:
1. Сендіру – коммуникативтік қарым-қатынастың негізгі тәсілі ретінде.
Оқушыларға ықпал етудегі қайнар көздерінің арасында ең маңызды рөл педагогтің үлесіне тиеді. Мұғалім тәрбиеленушінің мінез-құлқына, іс-әрекетіне, сезіміне, санасына қандай тәсілдермен әсер етеді? Барлық мұғалім жолын енді бастағандар қарым-қатынас жасай алу икемділіктерін өздері жасай ала ма?
Қарым-қатынаста екі негізгі тәсіл коммуникативтік ықпал жасайтын қабылданған, яғни сөздің көмегімен әсер ету: сендіру мен иландыру.
Өсіп келе жатқан адам әлеуметтік ортамен, табиғатпен өзара байланыста болады. Өзара байланыс нәтижесі оның сенімі болып табылады, яғни білім жүйесі, көзқарастары мен қарым-қатынасы, мінез-құлық нормалары.
Сенім шынайы және жалған болады. Шынайы сенім шынайы дүниемен сәйкес болады және адам тұлғасын қоғамдық құндылық ретінде қарастырады. Адам өзінің шынайы сенімін қорғау үшін өлімге де басын тігеді. Жалған сенім, ең алдымен ұжымға да зиянды және қоғамға да. Бұл өзінің және басқалардың жағымсыз көзқарастарынан және өмірлік тәжірибе синтезінен пайда болады.
Біз мектеп оқушыларының жалған сенімдерімен жиі кездесіп отырамыз. Біз оларды тани аламыз ба?
Жалған сенімді жөндеу педагогтың табанды еңбегін қажет етеді. Оны үш бағытта жүзеге асыруға болады: сынып ұжымында қоғамдық пікір қалыптастыру, арнайы құнды дербес өмірлік тәжірибе жасау, дұрыс емес сенімнің жалған екендігін білдіру, дәлеледеу.
Ең алдымен күшті ұжым құруда алыс, орта, жақын перспективаларды оның дамуына бағыттау керек. Әрбір тәрбиеленушінің ұнамды жақтарына сүйене отырып, педагогқа өмірлік сенімді жоюға қадам басуы жеңілдеу болады. А.И.Кочетов жалған сенімді әлсіретуге төмендегі тәсілдерді бөліп қарастырды:
жеткіншекті өзін басқалармен салыстыруға үйрету: оны өзі қызығатын адаммен жақын таныстыру, ол оның көзқарастарына қарама-қарсы болуы керек (мысалы, бала оқығысы келмейді, ал оның танысы көп біледі, көп оқиды, жаттанды түрде емес, өзімшіл емес. Міне осыдан кейін ол жаттап алмайтын, білгішсінбейтін болады);
жалған сенімнің ертең қайда апарып соғарына мысалдар келтіру (мысалы, осындай кемшілігі бар адамдардың қайғылы жағдайға тап болғаны туралы, оның өз өмірін құртқандығы, бостандық, сертінен, ұятынан айрылғандығы, ол күшті сияқты еді бірақ өмір оның әлсіздігін, түкке жарамсыздығын дәлелдеді. Бұл үшін мысалдарды шынайы өмірден, көркем әдебиеттен, кинофильмнен алып қолдану керек.)
жалған сенімдегі жасөспірімнің пікірлерінің логикасының қисынсыздығын аңғарту (мысалы, барлық оқушылар ұстаздарын алдай берсе, ақыры не болатындығын, өзін-өзі ұстай білу қағидаларын сақтамаса , орындамаса не боларын сездіру және т.б.);
тәрбиеленушіге өзінің мінез-құлық әрекеттерін дәлелдеу үшін жағдай жасау, яғни өз пікірін, көзқарасын фактілер келтіріп, дәлелдеу үшін жағдай жасау, онан соң әрбір аргумент, дәлелдеулерді жоққа шығару.
Жалған сенім шындықпен, адамгершілікті жағдайлармен, құндылықтармен орын алмасуы керек. Жалған сенімді жөндеуде қолданылады:
жеткіншек рухани өмірде құндылықтармен бетпе-бет келуі: күшті болғысы келеді, сүйікті спорт түрімен айналысу, бұл үшін күн тәртібін орындау керек, жақсы оқу керек; үйірмелерге жазылу керек.
Мұғалімнің жалған сенімдегі жеткіншектің мінез-құлқына шыдамдылық көрсетуі: оның дөрекілігіне мұғалімнің ұстамдылық пен әдептілік көрсетуі, жеткіншектің дербес ерекшелігіне құрметпен қарауы;
Жеткіншекке сеніммен қарай білу, ол дұрыс емес қылықтар көрсетсе де (“Мен саған қалай көмектесе аламын? Жағдайыңның нашар екендігін көріп тұрмын!”);
оқушылар санасына шын сенімді орнықтыру үшін оқытушы жауапкершілікпен жұмыс істеуі қажет. Бұл оның міндетті тапсырмаларының негізін құрайды. Ол үшін оқушылар ұжымында, сыныбында: дұрыс пікір қалыптастыру қажет, өмірлік тәжірибе талап етіледі, жалған сенімді жоққа шығаратын логикалық дәлелдер қажет болады.
Адам сенімі үш компоненттің көмегімен жүзеге асады: білім – сезім – мінез. Жоғарыдағы тәжірибе және дәлелдерге сүйене отырып, сендірудің формуласын төмендегідей сипаттау мүмкін: Сенімнен формула келіп шығады: түсіну – бастан өткізу – қабылдау – жасау , яғни түсінемін, сезінемін (басымнан өткіземін), өзіме қабылдаймын, осыны өз іс-әрекетімде және мінез-құлқымда басшылыққа аламын.
2. Сендіруге қойылатын талаптар
Сендірудің көмегімен жаңа көзқарастар, қарым-қатынастар қалыптасады немесе дұрыс емес көзқарастар мен қарым-қатынастар өзгереді.
Сендіру формалары диспуттар, дискуссиялар, сұхбаттар, мұғалім әңгімесі, жеке үлгі-өнеге болуы мүмкін. Сендіру өзара әрекеттегі әдіс ретінде , ол қойылған талаптарға сәйкес келуі керек:
сендірудің мазмұны мен формасы тұлғаның жас ерекшелігінің деңгейіне сәйкес келуі керек (бастауыш мектеп жасындағыларға мысалы ертек, қиял-ғажайып әңгімелер, ары қарай шындық дүние әлемін оқып үйрену, адамның рухани дүниесін оқып үйрену деген сияқты және т.б.);
сендіру тәрбиеленушінің жеке ерекшеліктерін есепке алумен құрылуы тиіс; оқушының шын өмірлік бағытын білу қажет;
сендіру принциптер мен ережелер ретінде болуы керек, және нақты фактілер, үлгілер болуы керек; бастауыш мектеп жасындағыларға көрнекі-бейнелі материалдардың рөлі үлкен.
Сендіруде әңгімелесушіге белгілі нәрсені факті ретінде алып, талдау жиі кездеседі; бұл мүмкін болады-ау деген күдікті тұсаулауға көмектеседі.
Тәрбиеші өзінің айтқалы отырған әңгімесі арқылы, басқаны иландыра алатынына сенімді болуы керек. (Қараңыз: Ковалев А.Г. Тұлға психологиясы.)
Сендірушінің өзара әрекетінің нәтижелілігі мына шарттарға байланысты:
өзара әрекет күші, сендірушінің беделі мен оның мазмұнымен анықталады. Оқушы мұғалімге неғұрлым жақсы қараса, оның сендіруін ол соншалықты жақын әрі тез қабылдайды;
оқушының психикалық ерекшеліктерін есепке алу керек. Ол үшін педагог тәрбиеленушінің жүйке жүйесінің типін білуі керек, оқу-тәрбиеде оның жақын даму аймағын анықтауы керек.
Сендіруші мен сенушінің, олардың өзара әрекет кезінде интелеектуалдық-эмоционалдық жағдайын есепке алу. Мысалы, педагог баланың соншалықты ыңғайсыз жағдайда тұрғанына қарамастан, оның мінез-құлқындағы дұрыс емес жақтарын түсіндіріп айта беруі, оңды нәтиже бере қоймайтыны белгілі.
Сендіру әдісі әрекет етеді тек қана оның ойы, сезімі мен ерік ынтасы бірлікте болған жағдайда. Білім мен сезімді бір-бірінен бөліп алуға болмайды.
Сендірудің нәтижелі болмағы мұғалім сөзі мен оның әрекетінің қалай болатындығына байланысты. Тәрбиешінің сөзі мен ісінің алшақтығы кешірімсіз нәрсе. Мысалы, тәрбиеші балаларға уәде берді оны орындамады және т.б. Балалар мұндай педагогтардың сөзін тыңдамайтын болады. Егер мұғалім жақсы, дұрыс сөздерді айтып, егер олар мұғалім әрекетінде көрінбесе бұдан өткен сорақылық жоқ. Мұндай мұғалімдер қоғамға үлкен зиян келтіреді.
Бақылау сұрақтары:
Қарым-қатынаста сенімнің алатын орны қандай?
Сенімнің түрлері қандай?
Жалған сенімді жөндеуде мұғалімнің еңбегін түсіндіріңіз.
Жалған сенімді жөндеуде қолданылатын тәсілдер қандай?
Адам сенімінің үш компонентін атаңыз.
Сендіруге қандай талаптар қойылады?
Сендірушінің әрекетінің нәтижелілігі қандай шарттарға тәуелді?
Жоспары:
Педагогикалық қарым-қатынастың коммуникативтік міндетпен байланыстылығы.
Коммуникативтік дайындық – педагогикалық қарым-қатынастың элементі ретінде.
Достарыңызбен бөлісу: |