Хордалылардың (желілілердің) шығу тегі және эволюциясы
Хордалылар (желілілер) жануарлар дүниесінің тарихи даму кезеңдерінде ең соңғы, әрі ең жоғары сатыда дамыған жануарлар типіне жатады. Хордалылардың құрылысында басқы омыртқасыз жануарлар типтерінен басты айырмашылығы – ішкі қаңқаның қызметін атқаратын серпімді әрі вакуольді клеткалардан тұратын, әрі сегменттерге бөлінбеген арқа хордасының болуы арқылы ерекшеленеді. Арқа хордасы ұрықтың дамуы кезінде ішектің арқа тұсынан біртіндеп бөліну арқылы пайда болады. Хорда жануарлардың арқа тұсына жақын ұзына бойы орналасқандықтан арқа хордасы деп аталады. Төменгі сатыдағы хордалыларда (бассүйексіздерде) хорда өмір бойы сақталады. Ал, қабықтылардың тек дернәсілдік (личинкалық) даму кезеңінде ғана хорда пайда болып, ересектерінде хорда жойылып кетеді. Сондықтан да, қабықтыларды кейде личинкахордалылар деп те атайды. Хордалылардың жоғарғы сатыдағы тобы – омыртқалыларда (немесе бассүйектілерде) хорда олардың ұрығының дамуының алғашқы кезеңінде пайда болып, кейіннен оның орнына шеміршекті немесе сүйекті омыртқа жотасы пайда болады. Сондықтан да, оларды омыртқалы жануарлар деп атайды.
Хордалыларда хорданың үстіңгі жағында ұзына бойы созыла орналасқан жүйке түтігі болады. Ол орталық жүйке жүйесінің қызметін атқарады. Төменгі сатыдағы бассүйексіздер мен қабықтыларда жүйке түтігі өмір бойы сақталады. Ал, омырқалыларда жүйке түтігі ұрығының даму кезінде болады да, оның алдыңғы бөлігі – миға, артқы бөлігі – жұлынға айналады.
Хордалылардың асқорыту мүшелері хорданың астыңғы жағында орналасқан. Олардың жұтқыншағының екі бүйірінде көптеген желбезек саңылаулары орналасады. Суда тіршілік етуге бейімделген хордалыларда желбезек саңылаулары өмір бойы сақталып, желбезек аппаратына айналады да, суда еріген оттекпен тыныс алады. Құрылықта тіршілік етуге бейімделген кейбір омыртқалыларда желбезек саңылаулары ұрықтық даму кезінде пайда болып, кейін оның орнына атмосфералық ауаның құрамындағы оттекпен тыныс алатын арнайы мүше - өкпе пайда болады.
Хордалылардың қабықтылардан басқа топтарының бәрінің де қанайналымы – тұйық, әрі олардың жүрегі денесінің құрсақ жағында орналасқан. Сонымен қатар, хордалыларда кейбір
омыртқасыздарға ұқсас үшқабатты, екі жақты симметриялы, екінші реттік дене қуысы (целлом) болады. Хордалылардың да кейбір мүшелері өзара ұқсас бөліктерден (сегменттерден) тұрады.
Хордалылардың шығу тегі туралы зоолог ғалымдар арасында түрліше пікірлер бар. Төменгі сатыдағы хордалылардың қатты қаңқа қалдықтары болмағандықтан олардың қазба қаңқа қалдықтары сақталмаған. Сондықтан да, ғалымдар хордалылардың шығу тегін анықтау үшін көбіне жанама түрдегі ғылыми эмбриологиялық және анатомиялық деректерге ғана сүйеніп пікірлер айтады. Мысалы, көрнекті орыстың эмбриолог ғалымы Александр Онуфриевич Ковалевский (1840-1901) хордалылардың арғы тегін қарапайым екінші реттік ауыз қуысы бар – ішектыныстылармен және олардың арғы тегін қарапайым екінші реттік ауыз қуысы – одан да қарапайым «тірі қазба» деп саналатын иықаяқтылармен байланыстырып түсіндіреді.
Кейбір зоолог ғалымдар хордалыларды буылтық құрттардың бір орында қозғалмай тіршілік ететін тобы – көпқылтанды құрттардан шыққан деген пікірді ұсынады. Бірақ-та, кейінгі зерттеулер бұл пікірдің дұрыс еместігін дәлелдеп берді. Ғалымдардың екінші тобы хордалылар ертедегі екінші реттік дене қуысы бар құртқа ұқсас жануарлардан пайда болуы мүмкін деген көзқарасты қолдайды. Ал, кейбір ғалымдар хордалылар қазіргі кезде аздаған түрлері сақталған жартылай хордалы жануарлардың қауырсынжелбезектілер мен ішектыныстылардан пайда болған деген болжам жасайды. Өйткені, жартылай хордалылардың дене құрылысында хордалы жануарлармен ұқсас көптеген белгілер кездеседі. Мысалы, жұтқыншағында желбезек саңылауларының болуы хорданың нышаны мен невроцель қуысының байқалуы және т.б. Дегенмен де, жартылай хордалылардың құрылысында тек өздеріне тән және тікентерілілерде ұқсас көптеген белгілері болғандықтан жартылай хордалылар қазіргі кезде өз алдына жеке тип деп есептелінеді.
Соңғы кезде хордалылардың шығу тегі жөнінде екі түрлі гипотеза (болжам) кеңінен таралған. Оның бірі – Гарстанг гипотезасы деген атпен белгілі. Бұл болжам бойынша хордалылардың тікелей арғы тегі ертедегі тікентерілілердің еркін жүзіп тіршілік еткен дернәсілдері – аурикуляриялардан пайда болған деп жорамал жасайды.
Хордалылардың шығу тегі туралы екінші гипотеза (А.Н.Северцов және т.б.) бойынша хордалылар сыртқы түрі қазіргі ішектыныстыларға ұқсас су түбінде тіршілік еткен жануарлардан пайда болған деп жорамалдайды. Хордалылардың шығу тегі туралы бұл екі болжам бірін-бірі жоққа шығарады. Сондықтан да, әлі де болса хордалылардың шығу тегі түрлі ғылыми зерттеулер арқылы толық анықтауды қажет етеді.
Хордалылардың басқа жануарлармен туыстық жақын екендігін ссалыстырмалы эмбриологиялық және салыстырмалы анатомиялық әдістер арқылы анықтауға тура келеді. Ал, салыстырмалы палеонтологиялық зерттеулер негізінен қатты қаңқа қалдықтары сақталған ертедегі балықтардың арғы тегінен бастап нақты деректерге сүйенеді.
Алғашқы қаңқа қалдықтары сақталған балықтардың арғы тегі – жақсыз сауытты балықтар болған. Олар бұдан 425 млн. жыл бұрын тіршілік еткен. Олардың атына сәйкес жақ аппараты болмаған. Денесі сүйекті тақташалардан тұратын сауытпен қапталған. Олар көбіне су түбінде тіршілік еткен. Бұлардың бір тармағынан ертеде тіршілік етіп кейіннен біржола жойылып кеткен қалқандылар мен қазіргі кезде тіршілік ететін дөңгелекауыздылар деп аталатын жақсыз омыртқалылар пайда болған. Жақсыз сауытты балықтардың екінші тармағынан бұдан 420-330 млн. жыл бұрын жағы бар сауытты балықтар пайда болған. Жағы бар сауытты балықтардың аузында жақ аппараты және екі жұп жүзбеқанаттары (көкірек және құрсақ) болды. Олардың жақ аппараты қорегін ұстауға, ұсақтауға септігін тигізсе, ал жүзбеқанаттары денесінің тепе-теңдігін сақтауда негізгі рол атқарады. Сонымен қатар, жақ аппараты бар сауытты балықтарда ішкі қаңқаның қызметін атқаратын шеміршекті қаңқасы да болды.
Сауытты балықтарға жақын балықтар тобы акантодтар деп аталады. Олар палеозой заманының силур және пермь кезеңдерінде кеңінен таралған. Кейіннен біржола жойылып кеткен. Олардың қаңқа қалдықтары Евразия, Солтүстік Америка, Антарктида және Австралияның көптеген өңірінен табылған.
Дөңгелекауыздылармен салыстырғанда шеміршекті балықтардың пайда болуы омыртқалы жануарлардың эволоюциясында жаңа прогрессивті кезең болып саналады. Дегенмен де, шеміршекті балықтар жалпы балықтардың ертеде пайда болған қарапайым тобына жатады.
Сүйекті балықтардың алғашқы топтарының қаңқа қалдықтары сақталмағандықтан, олардың эволюциясының бастапқы кезеңдерін анықтау қиын. Кейбір ғылыми болжамдар бойынша сүйекті балықтар ертедегі акантодтардың бір тармағынан девон кезеңінде пайда болған деген пікірлер бар. Бұл кезеңде сүйекті балықтардың екі тобының (сәулеқанаттылар мен қалаққанаттылар класс тармақтары) өкілдері бір арғытектен пайда болуы мүмкін. Балықтардың эволюциясы негізінен
сулы ортаның әр түрлі қабаттарында тіршілік етуге бейімделу бағытында жүргендігі белгілі. Мұндай жағдайларға бейімдеу бастапқы кезде буынаяқтылар мен ұлуларға бәсекелестік бағытта жүрсе, кейіннен суда тіршілік етуге бейімделген жорғалаушылар, құстар және сүтқоректілер арасында жүріп отырды.
Шеміршекті және сүйекті балықтар бұдан 430 млн. жыл бұрын ортақ бір арғытектен бөлінген. Қазіргі кездегі шеміршекті балықтар (акулалар, скаттар, химералар) бұдан 150 млн. жылдай бұрын пайда болған деген пікірлер қалыптасқан.
Достарыңызбен бөлісу: |