XIX ғ. бірінші жартысындағы Ресейдің Қазақстандағы әкімшілік реформалары.
1822 жылы орыстың белгілі мемлекет қайраткері М. М. Сперанскийдің басшылығымен "Сібір қырғыздары туралы жарғы", 1824 жылы "Орынбор қырғыздары жөніндегі жарғы" - деген құжат негізінде патша үкіметі қазақ жерін басқару тәртібі жөніндегі заң шығарды. Осы заң бойынша Орта жүз бен Кіші жүз хандықтары жойылды. Кіші жүзде (соңғы хан Шерғазы Айшуақов) хандық биліктің орнына Ресейдегі сияқты әкімшілік-саяси басқару жүйесі қалыптасты. Ал Орта жүзде "аға сұлтан" деген басқарушы қызмет енгізілді. Орта жүз жекелеген әкімшіліктерге бөлініп, Омбы қаласының ішкі округтері деп саналды. Округтер болыстарға, болыстар ауылдарға бөлінді. Болысқа бөлудің негізіне рулық емес, территориялық бөліну принципі алынды. Сондықтан жаңа занды іске асыру барысында рушылдықтың іргесі сөгіліп, айтарлықтай өзгерістерге ұшырады. Қазақтардың белгілі бір әкімшілік шеңберден екінші әкімшіліктің жеріне ауысуы шектеліп, бұрынғы көшіп-қонудың рулық тәртібі бұзылды.
Ауыл старшындары қазақтардан сайланды. Болыстыққа сұлтандар тағайындалып, бұл қызмет шын мәнісінде атадан балаға мирас болып қалдырылып отырды.
Полиция мен сот өкіметі органдарын округтік приказ басқарды, ол оны бұрын сұлтандардан үш жылға сайланған аға сұлтандар басқаратын. Онда патша әкімшілігі белгілеген екі орыс заседателі тағайындалды. Сонымен бірге қазақ зиялыларынан сұлтандар мен билердің сайлауы арқылы қойылған екі заседатель отырды. "Сібір қырғыздары туралы Жарғы" бойынша осы кезге дейін жүргізіліп келген қазақ билерінің билік айту құқығын патшаның отаршылдық саясатын жүргізушілер өз қолдарына алып алды.
XIX ғасырдың басында Қазақстанның Ресейге бірігуінің аяқталуы жақын болатын. Осымен байланысты қазақ елі жалпы ресейлік қоғамдық еңбек бөлінісіне ене бастады. Пошта, жол қатынасының дамуы, сауданың, экономикалық байланыстың орнығуы іске асты.
Қазақ елі негізінен мал өсіруші өлке еді. Егіншілік шаруашылық айналымына енді-енді еніп келе жатты. XIX ғасырдың 30-60-шы жылдарында Қазақстанда небәрі 29 мың десятин егін егілді. Оның 14 мыңы Батыс Қазақстан аймағында, қалғаны елдің басқа аудандарында орналасты. Егіншілік халықтың аралас шаруашылық жүргізуі есебінен дамыды. Жартылай көшпелі өмір сүріп, мал өсіретін шаруалардың бір бөлігі көктем шыға жер жыртып, тұқым сеуіп, тырмалап егінді қарайтын адам қалдырып, жайлауға көшетін, сонан соң егін жинауға оралатын.
Егінші қазақтарды жатақтар деп атады. Жатақтардың көбінде көлігі, құрал-саймандары болмады. Сондықтан олар жинаған өнімнің тең жартысына дейін беріп, көлікті, күрделі құрал-сайманды байлардан, ауқатты шаруалардан жалға алатын. Қазақтар балық аулау, түз өндіру, аңшылық істермен де айналысты. Мал, аң терілерін, құс мамығын өңдеп сатуды жолға қойып, ұста-зергерлік кәсіп ететін қазақтар аз болған жоқ. Ресейден шығысқа қарай өтетін сауда жолындағы қазақ шаруалары керуеншілерге көлік жалдап та пайда түсірді.
Қазақстанда табиғаттың мол қоры болды. XIX ғасырдың ортасына қарай көптеген кен орындары ашылып, мыс, қорғасын, күміс, көмір өндіру қолға алынды. Кен балқытатын, өндіретін, өңдейтін кәсіпорындар салына бастады.
Қазақ жерінде тауар-ақша қатынастары бірте-бірте дами берді. Оған жәрмеңкелік сауда жасаудың зор ықпалы тиді. Қазақстандағы Қызылжар, Семей, Ақтөбе, Көкшетау, Гурьев, Орал, сондай-ақ, көрші Ресей губернияларындағы Омбы, Қорған, Түмен, Орынбор, Ірбіт, Төменгі Новгород қалалары ірі сауда орталықтарына айналды, оларда жазғы және күзгі кездерде жәрмеңкелер жұмыс істеді. Қазақстан орыс кәсіпшілігі үшін мал, шикізат жеткізуші әрі өндіріс өнімдерінін тұтынушысы болды. Қазақтар жәрмеңкелер меп айырбас пункттеріне қой, жылқы, ұсақ және ірі қара малдары мен май, былғары, тері, елтірі, ешкі түбітін, арқан жеткізді.
XVIII ғасырдың соңы - XIX ғасырдың басында Ресеймен шекаралық сауда орталықтарында Қазақстаннан тек бір жыл ішінде 1,5 миллионнан астам мүйізді ірі қара мал және 100 мыңнан аса жылқы сатылған. XIX ғасырдың ортасында Ертіс шекаралық ауданында жыл сайын 150 мындай жылқы, 3 млн. қой-ешкі және 100 мың өгіз бен сиыр - барлығы 8 млн. сомға дейін қаржыға мал түсіп отырған.
Бұл кезде Қазақстан Ресей астығының негізгі тұтынушысына айналды. Барлық шекаралық сауда орындары арқылы мұнда жыл сайын 400-500 мың сомға астық жеткізілді. Ресейден шұға, қағаз, қант, бояулар, жабайы аңдардын қымбат терілері, өңделген былғары, темір, болат, шойын, ине, алтын және күміс теңгелер алды. Сауда негізінен айырбас ретінде жүрді. Баға өлшемі жұрттың бәріне бірдей үш жасар қойдың құны 1 сом күміске теңеліп, сол бойынша басқа тауарларға тиісті баға қойылды.
Халықтың бай, кедей болып жіктелуінің күшеюі, жартылай көшпелі елге ақша-тауар қатынастарының барған сайын батыл енуі коғамның әлеуметтік-экономикалық құрылымын өзгертіп, әлеуметтік қайшылықтарды шиеленістірді және қауымдық-рулық қалдықтарының күйреуіне себебін тигізді.
Бұл өзгерістер бірден бола қалған жоқ. Елде тап тартысының, яғни кедей шаруалар мен ауқатты қанаушы топтардың арасындағы қайшылықтың күшеюі, қазақ шаруаларының отаршылдық саясатқа қарсы күресі барысында іске асты. Орыс мемлекетінің отарлау саясаты қазақтың ел басқару ісіне койған адамдарының небір өрескелдіктерді істеуіне жол ашты. Олар алым-салықты көбейтіп, патша әкімшілігінің, жергілікті әкімдердің пайдасына халықтың малын, қаржысын алып, өздерін бет қаратпай бағынышты етіп ұстағысы келді. Ал, қазақ шаруалары өздерінің адамдық құқын пайдаланып, біз де бір атаның ұрпағымыз деп зорлық - зомбылыққа көнгісі келмеді, әділдік пен адалдықты көргісі келді. Міне, осыдан келіп, қазақ халқының ұлт - азаттық қозғалысы басталды.
Сонымен бір жарым ғасырға дерлік созылған Қазақстанның Ресеймен бірігу процесі негізінен XIX ғ. 60-жылдары аяқталды. Осы кезден Ресей империясының казақ жерін отарлаудың үшінші кезеңі басталды. Бірақ оның көптеген өзіндік күрделі әрі қайшылықтарға толы ерекшеліктері бар еді.
Достарыңызбен бөлісу: |