9- Лекция. Ресей империясы құрамындағы Қазақстан (ХІХ ғ 60-90жж)
Жоспары:
1. 1867-1868 жж реформалар.
2. 1870 жылы Маңғыстаудағы көтеріліс.
3. ХІХ ғасырдың 80-90 жылдарындағы әкімшілік – саяси реформалар.
4. ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстан мәдениеті.
Пайданылған әдебиеттер тізімі:
1Кан Г.В, Шаяхметов Н.У. Қазақстан тарихы. Оқулық.-Алматы: «Кітап»,2012.-312б.
2.Қазақстан тарихы көне заманнан бүгінге дейін: очерк.-Алматы : «Дәуір».1994.-446б.
3. Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. 5 томдық. – Алматы: «Атамұра», 1996-2010ж.
4.Қазақ мемлекеттілігінің тарихы ( ежелгі және ортағасырлық кезең)/ ҚР Білім және ғылым министрлігі: Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты.-Алматы: «Адамдар» ЖШС, 2007.-431 б.
5.Омарбеков Т. Қазақстан тарихының ХХ ғасырдағы өзекті мәселелері: Көмекші оқу құралы.-Алматы: «Өнер», 2003.-551б.
Ресей империясы Қазақстанды өзіне қосып алғаннан кейін, мұнда отаршылдық тәртіпті күшейтуге бағыт алды. Ол үшін патша өкіметі осы кезге дейін өлкеде жүзеге асырылып келген округтік басқару жүйесін түбірімен өзгерту міндетін қойды, оның орнына сатылап бағындыру жүйесіне негізделген мемлекет аппаратын құруға кірісті. 1867 жылы 11 шілдеде патша Александр II - Жетісу және Сырдария облыстарын басқару туралы Ережелер жобасына, 1868 жылы 21 қазанда - Торғай, Орал, Ақмола және Семей облыстарын басқару туралы Ережелер жобасына қол қойды. Сөйтіп, 1868 жылдан бастап жаңа тәртіп бойынша қазақ даласын облыстарға, облыстарды уездерге, уездерді болыстарға, болыстарды ауылдарга бөлді де, ел арасында съезд өткізіп, болыс, старшын сайлау дегенді шығарды. Соның салдарынан шен-шекпен үшін болатын ру тайпалар арасындағы бұрынғы алауыздық оты өршіп, енді ол рулас, аталас адамдар арасында лаулады. Жемсауын парамен толтырған патша әкімдері бұл мүмкіндікті өз пайдасына шебер пайдаланды.
Жаңа реформа бойынша Қазақстан жері үш генерал - губернаторлыққа: Түркістан, Орынбор және Батыс-Сібір генерал-губернаторлықтарына бөлінді. Бүкіл әскери және азаматтық өкімет билігі түгелдей генерал - губернатордың басшылығына бағындырылды. Орынбор генерал-губернаторлығына - Орал /1868/ және Торғай /1868/ облыстары, Батыс -Сібір генерал-губернаторлығына - Ақмола /1854/ және Семей /1854/ облыстары, Түркістан генерал-губернаторлығына - Жетісу /1866/ және Сырдария /1867/ облыстары енді. Бұрынғы Бөкей хандығының жері 1872 жылы Астрахань губерниясына қосылды. Маңғышлақ приставтығы 1870 жылы Кавказ әскери округінің қарауына берілді, ал кейініректе Закаспий облысына енді. Әскери губернаторлар жанынан жарлықшы шаруашылық және сот бөлімдерінен тұратын облыстық басқармалар құрылды, оларды вице - губернаторлар басқарды.
Уезд бастықтарын облыстардың әскери губернаторларының ұсынуы бойынша офицерлерден генерал - губернаторлар тағайындап отырды. Әрбір уезд бастығының екі аға және кіші көмекшісі болды. Кіші көмекші феодалдық - рулық жоғарғы топтан және ақсүйек сұлтандардан шыққан адамдардан тағайындалды. Бүкіл өкімет билігі түгелдей уезд бастығының қолына шоғырланды, полициялық өкімет орындарын да оның өзі басқарды. Уезде орналасқан әскери бөлімдер, мекемелер мен бекіністер де уезд бастықтарына қарады. Әрбір уезд рулық негіз емес, жер аумақтық негіз бойынша құралған болыстардан тұрды. 100 - 200 шаңырақтан құралған әкімшілік ауылдар болды. Ал болыстар 1000 шаңырақтан 3000 шаңыраққа дейінгі ауылдарды қамтыды.
Феодалдық жоғарғы топтар қойған адамдар ғана болыс басқарушысы және ауыл старшыны болып сайлана алатын еді. Болыстық съездер мен ауыл жиындарында болыс басқарушыларын, ауыл старшындарын сайлау әрбір үш жыл сайын өткізіліп тұрды.Сайланғандар әскери губернаторлардың облыс және уезд бастықтарының бекітуінен кейін тағайындалып отырды.
1867-1868 жылдардағы реформалар бойынша әскери - сот комиссиялары мен уездік соттар құрылды, олар жалпы империялық заңдар негізінде жұмыс істеді. Бұл "Ережелер" екі жыл мерізімге тәжірибе түрінде уақытша енгізілген болатын. Алайда, бұл "тәжірибе" жергілікті халыққа теріс әсер етуі ықтимал деген қауіппен 20 жылдан астам уақытқа созылды.
Достарыңызбен бөлісу: |