Мазмұндық бөлім
5,6 сынып бағдарламасы (36 сағ.)
Кіріспе. Қазақ аңыздарының түрлеріне шолу. 2сағ.
Аңыз әңгімелер — Халық ауыз әдебиетінің жанры. Оқиғасы шындық өмірден алынғанымен, ауызша айтылып таралғандықтан, фольклорлық сапалармен толыққан көркем шығарма. Аңыз әңгімелер тарихта болған белгілі бір адамдардың атына, іс-әрекетіне байланысты туады. Мұндай адамдардың ел үшін еткен еңбегі, қамқорлығы, халық намысын қорғауы, сол жолда жасаған игілікті іс-әрекеттері ел аузында аңыз әңгімеге айналып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен. Аңыз әңгімелерде халықтың қоспасы болғанымен, негізгі ой түйіні барлық жерде бірдей сақталады. Оқиға желісі күнделікті өмірде кездесетін қарапайым сюжетке құрылған аңыз-әңгімелерде ертегілердегідей әсіре қиялдау көп кездеспейдi.
1.Топономикалық аңыздар
2. Махаббат хикаялар
3. Батырлар туралы аңыздар
4. Тарихи аңыздар
І модуль. "Экософия немесе сырлы аңыздар" ( 8 сағат)
Экософия термині арқылы аң-құс пен өсімдіктердің ерекшелігін аңыз қисса түрінде таныстыру. Табиғаттағы кей аң-құстың киелі аңызымен таныстыру. Жас ұрпақтың бойынан экологиялық этикет қалыптастыру туралы.
ІІ модуль. "Қазақ қасиет тұтқан киелі құстар" - 11сағ.
Қазақ – жан-жануардың қасиетін көріп, құрметтей білген халық. Құстың киелісін, аңнын паңын танып, оған сый көрсеткен.
Қазақстанда 500-ден аса құстың түрі мекендейді екен. Олардың бірі – жыл құстары болса, бірі – жыртқыш, ал енді бірі – қысы-жазы қазақ даласынан шықпайтын жершіл құстар.
Қазақ киелі санаған құстарға келетін болсақ, онда ең алдымен қыран бүркіт ойға оралады. Халқымыз бүркітті кербез, паң, тәкаппар құс санайды. Құс патшасы бүркіт деп білген. Сондықтан аспанмен, көкпен теңеп, «дала сермеңдесі», «көк тәңірісі», «мұзбалақ», «аспан перісі», «қанаттылар ханы» деп қастерлеген. Бүркітті ақиық, мұзбалақ, қараша, көктабан, шөгел, көк бүркіт, су бүркіт, дала бүркіт, тау бүркіті деп те атайды. Бүркітті кие тұтқан халық ол өлсе, иесі оның қауырсыны мен мамығы, құйрығы не тұяғын үйге, төрге іліп қоятын болған. Кейде бесіктің басына да ілетін болған. Бұл – "бүркіттен пәле-жала, жын-шайтан қашады" деген наным-сенімнің нышаны.
Қазақ түсінігіндегі тағы бір киелі құс – аққу. «Аққуды атпа, киесі атады» деп аққу мылтық кеземейтін болған. Мұқағали Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» повесінде аққуға оқ атудың қандай зобалаң, оңбаған іс екені баяндалады. Аққудың киесі ұрған ананың тағдыры баяндалады.
Қазақ тілінде "аққудың топшысындай", "аққудың үніндей", "аққудың көгілдіріндей", "аққудың мамығындай", "аққудың сылануындай" тәрізді сан алуан тұрақты сөз орамдары бар. Аққуды сұлулық пен махаббаттың бейнесіне теңеген. Аққудың қасиеті де сол – махаббатқа беріктігі. Аққуды пәк, таза, құс төресіне балаған. Халық аққудың кербездігі мен пәктігіне қызығып, оған арнап күй шығарған. Қобыздың күңіренген үні аққудың сұңқылы мен қанатының сыбдырын сездіріп, тыңдаған адамға тебіреніс сыйлайды.
Киелі құстардың бірі – қарлығаш. Жыл құсы саналатын қарлығаштың ұясын бұзбайды, балапанына тиіспейді. Қарлығаш ұя салған үй мен қораны киелі санайды. Қарлығаш елге оралғанда жақсылыққа балайды.
Достарыңызбен бөлісу: |