117
ІІІ. ТРИЛОГИЯДАҒЫ ФОЛЬКЛОР МЕН АУЫЗ ӘДЕБИЕТІ
ЖАНРЛАРЫНЫҢ ПОЭТИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТІ
§1. Аңыздық, ертегілік, эпостық жанрлардың трилогиядағы
танымдық-поэтикалық арналары
Халық өмірін қоғамдық арнада мейлінше толық көрсететін ауызекі
поэтикалық шығармашылықтың жоғары дамуын көрсететін негізгі
фольклорлық жанрлар – әпсаналар мен аңыздар, эпикалық баяндаулар,
тарихи әндер мен бәйіттер фольклорлық тарихилықтың ерекше түрі болып
табылады. Фольклорлық тарихилық – белгілі бір дәуірдің халықтық тарихи
санасын халықтың поэтикалық шығармашылығының құралдарымен және
мүмкіндіктерімен көркем бейнелеу. Фольклорлық тарихилықтың әрқилы
типтері халық санасының әртүрлі жақтары мен деңгейлерін бейнелейді.
Тарихи әпсаналар туралы пікірлер көп жағдайда, біріншіден, халықтық
әпсаналардың жанрлық ерекшеліктерін түсінумен, екіншіден – аңыздардың,
ән-әпсаналардың, ән-аңыздардың, кейде батырлық эпостардың жанрлық
ерекшеліктері туралы түсініктермен анықталады. Негізінен бұл жанрлар бір
жүйеге жатады, сондықтан жекелеген жанрдың ерекшелігін айқындау үшін
осы жүйедегі жанрлардың жалпы қасиетін, түрлерін қарастыру керек, яғни
қойылған тақырыпқа, проблемаға сәйкес әпсана жанры мен аңыз жанрының
негізгі белгілерін анықтау қажет. Ертегілік емес проза жүйесіндегі
ерекшеліктің бірі оның жанрлық мінездемесінің айқындалмауында.
Демек фольклордың қызметі күрделі әрі кең. Ол халықтың өткен өмірі
туралы мәлімет ретінде және өткен заман ойларын қазіргі кезеңнің
дүниетанымына ұластыруға көмектеседі. Сонымен қатар фольклор
кейіпкерлердің мінездемесін жасауда, оны өзі өмір сүрген дәуірдің
қаламымен бейнелеуге қолданылады.
Ғалымдардың пікірінше орыс ориенталистикасының шегінде туындап,
қалыптасқан қазақ фольклоры туралы ғылым ХІХ ғасырдың ортасында
нығая түсті. Мұның көрінісі Ш.Ш.Уәлиханов, В.В.Радлов, Г.Н.Потанин,
Ә.А.Диваев секілді қазақ халқының тарихын, этнографиясын, тілін
зерттеумен айналысқан ғалымдардың ғылыми еңбектерінен байқалады.
Алдымен қазақ фольклорын жинаудан басталған бұл ғылым Қазан
төңкерісіне дейін жиналған фольклор мұраларын өңдеп, жариялаумен
айналысты.
Осындай игілікті істің негізін салғандар Ш.Уәлиханов пен В.Радлов
болды. Ш.Уәлиханов өзінің «Жоңғария очерктері», «Үлкен қырғыз-қайсақ
ордасының аңыздары мен әпсаналары», «Қырғыз шежіресі» және т.б.
еңбектерінде қазақтардың ауызша-ақындық шығармашылығын, алдымен
эпостар мен аңыздарды халық тарихымен бірлікте қарастырды.
Ал фольклортанушы ғалым В.В.Радловтың 1870 жылы жарық көрген
«Түркі халықтарының халық әдебиет үлгілері» атты он томдық еңбегінің
үшінші томы көлемі және ғылыми мәнділігі жағынан қазақ фольклорына
118
арналған ең алғашқы толыққанды жинақ болып саналады. Себебі бұл
жинақта қазақ ауыз әдебиетінің барлық жанрлары түгелдей дерлік
толығырақ қамтылған және халық тілінің, әсіресе ауызша сөйлеу тілінің
ерекшелігі толық сақталған. Осы еңбектің негізінде фольклортанушы
ғалымдар С.Қасқабасов пен К.Ісләмжанұлы «Алтын сандық» жинағын
дайындап, қазақ фольклорының інжу-маржандарын халқымызға жаңа
басылымда жеткізді. В.В.Радлов ислам дінінен енген элементтердің басқа
түркі тілдеріндегідей «өз ерекшеліктерін сақтап қала алмай, қазақ тілінің
дыбыс заңдылығына бағынып, халық игілігіне жарап кеткенін, қазақ тілінің
мұндай тазалығы мен төлтумалылығы, сондай-ақ оның кең таралғандығын»
айтып, қазақ тіліне жоғары баға береді және бір томдық еңбекке жүк
боларлықтай материал жинауға мәжбүр еткен тағы бір жай «қазақтардың
басқа тайпаластарынан суырып салып айтумен, тамаша шешендігімен
ерекшеленетінін» айтып өтеді [146, 17-18 бб.]
Қазақ фольклорын жинау және оны ғылыми басылымдарда жариялау
ісінің фольклористиканың дамуында зор маңызы болды. Осы игілікті іспен
айналысуға жарты ғасырға жуық ғұмырын арнаған Ә.А.Диваевтың еңбегі
зор.
Әдебиет теориясының негізін салушы А.Байтұрсынұлы 1926 жылы
Қызылорда қаласында жарық көрген «Әдебиет танытқыш» атты еңбегінде
ауыз әдебиетін сауықтама, сарындама деп екі салаға бөліп, оларды әрі қарай
тарауға, тармаққа, бұтаққа бөліп жіктейді.
Қазақ фольклорының бай мұрасын жіктеп, ғылыми тұрғыдан саралаған
шоқжұлдыздардың ішінде Х.Досмұхамедұлы 1928 жылы жазылған «Қазақ
әдебиетінің тарихы» атты очеркінде Қазан төкерісіне дейін және одан кейін
баспа бетін көрген материалдармен және Потанин, Радлов және т.б.
түркітанушы
ғалымдардың,
Ә.Диваевтың
еңбектерімен
танысып,
фольклорлық мұраларды сөз өнері деумен қатар, оны әдет-ғұрып, наным-
сеніммен байланыста, этнографиялық мәліметтермен бірге қарастырады.
Ғалым мазмұны жағынан да, сырт кейпі жағынан да «қазақ халық әдебиеті
айрықша дара тұрғандығын және о бастағы таза, төл қалпын сақтағанын»
және «сөздердің туралығы мен дәлдігі, айқындылығы мен әуезділігі қазақ
халық әдебиетінде ғажап дамығандығын» атап көрсетеді [147, 31-б.].
Бұл туралы ғұлама ғалым М.Әуезов «көркем поэзияға ауызша поэзия
қаншалық бөгетсіз, сатысыз көп қор құйған болса, бүгінгі көркем прозаға да
халықтың ауызша әңгімесі сондайлық жатық жолмен көп араласып,
қабысып жатқанын» айтады [148, 237-б.]. Ол өз пікірін: «Қазақтың ежелгі
ескілігі бұл уақытта ешкімнің де есінде жоқ. Сол себепті алысқа ұзатып
кеткен заман туралы қай тарихшы сөйлесе де, нобаймен, долбар сөзбен
айтады. Дәлді мағлұматтың болмайтын себебі: қазақ ескілігінің жазу күйінде
сақталып қалған белгісі жоқ. Сондықтан, соңғы заманда, қазақ елінің жалпы
тарихынан мағлұмат жиып жүрген Еуропа жазушылары мен қазақтың өз
тарихшыларын алсақ, барлығы да бұл күнге шейін: қазақ елі кім, қайдан
119
шықты, басынан қандай үлкен дәуірлер кешірді деген мәселелердің маңында
жүр», – деп жалғастырады [149, 17-б.].
Қазақ фольклористикасын зерттеуге қомақты үлес қосқан ғалым
Н.В.Смирнова «Фольклористика Казахстана» (1968), «Очерк истории
казахского фольклора» (1968), «Эпос» (1968) және т.б. еңбектерінде қазақ
ауыз-ақындық шығармашылығының даму тарихының жолдарын, қазақ
фольклористикасының тарихын, фольклордың эпос және басқа да
жанрларын, қазақтардың суырып салмалық өнерін, фольклор мен әдебиеттің
өзара байланысын қарастырған.
Көрнекті қазақ ғалымы Ә.Қоңыратбаевтың қазақ фольклорының тегі
мен табиғатына, тарихи негіздеріне арналған «Қазақ фольклорының тарихы»
атты еңбегінде: «аңыз дегеніміз – мифологиялық геройлар мен тарихи
адамдар жайында айтылатын "әңгімелер"», – деп анықтама беріп,
аңыздардың мифологиялық, этностық және тарихи-реалистік болып
бөлінетінін, олардың белгілі бір ғана елдің шетенінде тумай, халықаралық
сюжет болатынын және Орта Азия, Алтай, шығыс елдеріндегі аңыздардың
басында жылнама (шежіре), сарай хроникасы түрінде туып, жазба
әдебиетінің қалыптасуына негіз болғандығына, ертегі, аңыз, эпос бір-бірімен
сабақтас екенін, ертегінің аңыз, аңыздың эпостық жыр түрінде айтылуы
мүмкін екендігіне тоқталады: «аңыздың шежірелік, жылнамалық-эпостық
формалары келе-келе тарих ғылымына жол салған», – дейді [150, 73-74 бб.].
Ал академик С.Қирабаев байсалды реалистік стильде жазылған
романға жазушы оның кейіпкерлерінің характеріне, ұғым, түсінігіне, өскен
ортасына лайық символикалық бейнелеуді, фольклорлық аңызды қоса
пайдаланатынын айтып, бірақ бұл аңыздардың шығарма стилін
бұзбайтынын, образдарды нақтылай, жетілдіре түсуге қызмет ететінін
дәлелдейді [151, 80-б.].
Ал аңыздардың көркем әдебиеттегі қызметі туралы фольклортанушы-
ғалым С.Қасқабасов: «Бір аңызды толық түсіну үшін кейде онда
баяндалатын оқиғаны білу аз, сол аңыз пайда болған аймақты да жете білуге
тура келеді, онда айтылатын басқа фольклорлық шығармалармен танысу
қажет болады», - деп көрсетеді [152, 122-б.].
Зерттеуші П.Әуесбаева: «Аңыз – фольклорлық дәстүрдің жемісі болып
табылатын рухани мұраның бір ғана құрамдас бөлігі, тармағы және өзіне
табиғаты жағынан жақын жанрлардың өміршеңдігі белгілі бір дәрежеде
халықтық
тарихи
прозалық
туындының
сақталу
мүмкіндіктерін
айқындайтын жалпы эпикалық фактор. Салт-дәстүр қай жерде жақсы дамып,
қалыптасса, сол жерде аңыздың да қарқынды дамуына негіз болатыны
қалыптасқан тұрақты заңдылық», – деп анықтама береді [153, 90-б.].
«Көшпенділер» трилогиясында көне фольклор көріністері – мифтік
нанымдар, анимистік түсініктер, тотемдік ұғымдар, магиялық сенім-
нанымдар да кездеседі. Соның бірі монғолдардың бекзадаларын жерлеу
дәстүріне байланысты аңызда былай мазмұндалады. Өзге жұртқа қарағанда
монғол халқы өздерінің бекзадаларын жерлеуде екі айрықша дәстүрі болған.
120
Бірі – қабірге өлген сұлтанмен бірге бекзаданың құлын салу, зираттың ішіне
қазан толы ет, құмыра толы сүт қою, садақа етіп күміс, алтын білезік, сақина,
алқа тәрізді қымбат заттар салу дәстүрі. Құлды салу оның қожайынына деген
адалдығын тексеруден туындаса, асыл заттарды салу арқылы бекзаданың
жанын қинауға келген періштелер алтынды алып, өлікке тимей кетеді деп
ойлаған. Екіншісі – бекзаданың зиратын тірі жан білмеуі үшін оны жерлеуге
қатысқандарды түгел өлтіріп, қабір үстінен үйірлі жылқы өткізіп, жер бетін
теп-тегіс ету дәстүрі. Мұндағы ойлары кегі барлар бекзаданың өлігінен өшін
алмасын және монғол халқының отқа табынатын кездегі түсінігі бойынша
бекзаданың жаны о дүниеде тыныш серуен құруға тиісті деген ойдан
шыққан.
Сондай-ақ романдағы көне қыпшақтардың өлген адамның жаны
қонатын қуыршақ жасау дәстүрінен қалған адам тәрізді балбала тастар
туралы аңыз арқылы да жазушы халықтың көне таным-түсінігін шебер
көрсете білген.
Ал Шыңғыс ханның өз нөкерлерімен екі рет аңға шыққанда өмір үшін
күрескен жас қыран мен кәрі аждаһаның және жас айдаһар мен кәрі
қыранның кескілескен тартысына куә болып, соның нәтижесі ретінде өз
баһадүрлеріне: «Мына қыранның арманы жоқ. Ол алғашқы жолы өзінің
қайратты кезінде тайталасқан жауын алысып жеңді. Бұ жолы өзі өлсе де
балапандарын ажалдан құтқарып өлді. Мына аждаһаның балалары өсіп өшін
алғанша, анау шың басындағы ұядағы балапандар да қыран болады. Сендер
де осы қырандай болыңдар. Ажал сағаты келгенше монғолдың ұлы тағына
қауіп-қатер туғызатын жауларыңды құрта беріңдер», – өсиет етеді [33, 99-б.].
«Қаһар» романында келтірілетін «Абылайдың түсі» делінген аңыз –
шығарманың идеясын айқындай түсуге аса қажет қызмет атқарған.
Осылайша ауыз әдебиетінде сақталған сарынды ұғымды пайдалану романға
қосалқы қуат қосқан Кенесары оқиғаларының ақырғы түсін тізіп баяндауға
бармай, олардың жалпы түсінігін қаһарманның түсі ретінде айтудың өзі де
үлкен көркемдік тәсіл. Бұл түсті толық баяндайтын болсақ, Абылай ханның
ұлын сүндетке отырғызуға арналған алқалы жиында Абылай келелі
мәселелер сөз болатындықтан, Бұқар жырауды шақыртып, осы жерде
данагөй жырауға өзінің түсін баян етеді:
– Түнде түс көрдім. Табытта жатыр екенмін. Басыма ілінген Үш жүздің
жалауын үш обыр жұрт жұлып әкеткелі тұр. Табытымның бір бүйірінде
арыстан, екінші бүйірінде айдаһар отыр. Аяқ жағымда бір топ үрім-бұтағым.
Уәлиден тараған бір ұрпағым маған Құран оқып жатыр. Қасымымнан
өрбіген бір тентегім қолына қанжарын ұстап мені қорғап тұр. Ал мен өліп
жатсам да, екі бүйірімде отырған арыстан мен айдаһарға кезек қарап,
мыналардан қалай құтылам деп жанталасудамын. Осы түсімді жорып берші,
Бұқар аға?
Бұқар тұнжырап біраз отырды. Үй іші де тына қалды. Әлден уақытта
барып жырау:
121
– Түс жору – түлкі аулаумен тең, кейде ізіне дәл түсесің, кейде шет
кетесің, сөйтсе де жорып көрейін...
– Сөйлеңіз, көмекей әулие...
– Қырыққа келмей табытта жатсаң – өмірің ұзақ болады екен. Басыңа
жалау тігіліп, оған үш бірдей топ таласып жатса, үш жүзге хан болады
екенсің. Бірақ хан атына ие болсаң да, халқыңа ие бола алмайды екенсің. Сен
өлген күні үшеуі үш жаққа ыдырап кетеді екен. Табытта жатып, екі
бүйіріңдегі арыстан мен айдаһардан қалай қашып құтылам деп қорықсаң,
өле-өлгенше екі бүйіріңде тұрған екі мемлекетке жалтақтаумен өтеді
екенсің... Ал аяқ жағыңда тұрған үрім-бұтағыңның ішінен бірі Құран оқып,
бірі қанжар қайраса, Уәлидің ұрпағынан шыққан бір тұқымың атын қағазда,
ал Қасымнан туған бір балаң атағын майданда қалдырады екен.
Абылай үндемеді.
– Үндемей қалдың ғой, сұлтаным. Шешуім ұнамады ма?
– Бір ұрпағым атын қағазда, екінші ұрпағым атағын майданда
қалдырады екен. Сонда мен өзім қайда қаламын?..
– Басыңа үш жалау босқа тігілді ме? Ісіңді ел ұнатса үш жүздің
жүрегінде қаласың!
Абылайдың қабағы жадырап сала берді. Қазақ: «еркектің ақылы
қырықтан бастап толады, алпыстан бастап солады» дейді. Абылай қазір
қырықтан жаңа асып барады. Түсін жорыған сыншы жырау оның түпкі
сырын дұрыс болжады. Абылай – қазақ елін ұлы елдер қатарында көргісі
келді, хан болса сол ұлы елге хан болуды арман етті» [33, 415-416 бб.].
Сондай-ақ «Қаһар» романында жазушы Кенесарының түсін
сипаттайды. Жазушы бұл жерде Кенесарының болашаққа құрып жүрген
жоспарының және тағдырының қалай болатынын түсінде көргендей етіп
сипаттайды. Және түсін жорыту ретін де Кенесары ханның жанашыр екі
серігі Таймаспен және Әбілғазымен кеңес құруы түрінде жеткізеді. Бұл
түстің қысқаша мазмұнын баяндасақ:
– Мен кеше бір түс көрдім... Түс емес-ау, өзімнің ажалымды көрдім...
Біз, қалың қазақ осы арадан босып Балқаш барып, Қамал аралында қыс
өткізіп, одан Меркені алған екенбіз. Қырғыздың манаптары Сарбағыш
Орман мен Жантайға: «Ағайынды екі жұрт бірігіп, Қоқан ханын жойып,
жеке ел болайық», – деп хат жазыппын... Орман өзі хан болғысы келеді екен,
ол «сен маған бағын, сөйтсең бірігуім мүмкін, әйтпесе өзіңді ұстап берем.
Сенің басыңа Бесонтиін үш мың сом күміс ақша мен медаль бергелі тұр», -
дейді. Мен не істегенімді білмеймін... әйтеуір біз олармен соғысуға бел
байлаппыз... Содан қан төгіс басталыпты... Сайып келгенде біз Орман
манаптың әскерімен бетпе-бет келіппіз. Екі жақ Шу өзенінің бойындағы
Қара Қоныс жазығының күншығыс шеті Кекілтау етегінде кездесіппіз... Бір
кезде біздің қалың қол қоршауға тсүкен екен деймін. Бір жағында патша
солдаттары, екінші жағында қисық қылыш қоқандықтар, үшінші жағымызда
ала қалпақ манаптар... Қоршау таяған сайын тынысым тарылып, Батырмұрат
бастаған серіктеріммен иірімді Қарасу өзеніне ат қойдым... Астымдағы
122
атымды иірім ала жөнелді. Серіктерімнің көмегімен жар жағасына шықтым...
Бұл жерде Қалиғұл жасағының қолына түсіп, Қалиғұл басымды алды... Осы
жерде Кенесары өз басының қалай қырғыз манаптарының қолында қор
болғанын, кейін орыс жандаралдарының қолына түскенін, кейін Эрмитажға
қойылғанын, өзінің басына «Қырдың қарақшы сұлтаны Кенесары
Қасымұлының басы» деп жазылғанын көргенін айтады [33, 656-657 бб.].
Сонымен қатар жазушы Шыңғыс хан әулетінің салт-дәстүрін бейнелеу
үшін аңыздарды көп қолданады, солардың ішінде Ғайып-Жамал-Сұлтан-
Бегімді өлтіру үшін қолданылған «қан төкпей өлтіру» дәстүрі, хандарды
жерлеу дәстүрі, Шыңғыс ханның ел билеу туралы төрт ұлына берген
жауаптары туралы, Асан Қайғының қазақ руларына таңба үлестіру
жайындағы аңыздар шығармада орынды қолданылып, түсінік беріледі.
Жазушының бір шеберлігі аңыз, әпсана, хикаяларды тарихи фактімен
байланыстыра отырып, шығарманың өн бойында тігісін жатқызып қолдана
білген.
Трилогиядағы аңыздардың қолданылуы туралы айтсақ, «Алашаханның
жақсы көретін баласын тағы құлан үйірі басып өлтіріпті. Қатты ашуланған
хан құлан біткенді қыруды бұйырады. Кімде-кім оларды қырып бітірсе,
соған ғажайып көп сыйлық пен ең сұлу кіші қызын бермекші болады.
Домбалық деген батыр ханның тілегін орындаймын деп уәде береді. Өзінің
Иней, Қабан деген жүйрік аттарын мініп құландарды қуады, қайда қашса да
қоймай, бейшараларды қырады. Ақырында бес-ақ құлан қалады. Олар Шу
өзенінен өтіп құмға қашады. Осы құландардың Шудан өткен жерін Бесқұлан
дейді. Құмға қуып шыққан батырдың аттарының жете алмай зорығып өлген
жерлерін Иней, Қабан деп атапты. Ханның қызын алам деп құм арасында
қаңғып өлген Домбалық батырдың моласы деп қазақтар Шудың теріскей
жағындағы моланы көрсетеді, бұған «Бесқұлан» аңызы куә» [103].
«Шыңғысхан өзге балаларынан тұңғышы Жошыны анағұрлым жақсы
көрген. Сөйтсе де айтқанына көне қоймайтын Жошыны жоюға Ұлытау
бойына әдейі арнап кісілер жіберген: Жошы аң аулап жүргенде қастары
монғол әдісімен отыз жеті жасында омыртқасын үзіп өлтіреді. Бұл хабар
Ұлы Ордаға жетеді. Шыңғыстың Жошыны жақсы көретінін білетін хан
төңірегіндегі адамдар бұл хабарды естірте алмайды. Және оның үстіне өзі
арнап кісі жібергендіктен Жошының қаза табатынына шек келтірмеген
әміршінің өзі де «кімде-кім Жошының қаза тапқанын естіртсе, соның басын
аламын», – деген. Бұған «Ақсақ құлан – Жошы хан» аңызы куә.
Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» атты трилогиясында көптеген
тарихи аңыз, әңгімелер романның кең ауқымына жарасымды қабысып
кеткен. Фольклорлық, мифологиялық, аңыздық оқиғаларды «тірілту»,
оларды жазба әдебиеттің жан-жақты дамуына жарата білу – жалпы әдебиетте
жиі байқалып жүрген құбылыс.
Қазақ ауыз әдебиетінде Кенесарының бабасы – Шыңғыс немесе
Темучин туралы аңыз-әңгімелер көптеп кездеседі. Шыңғыс туралы аңыз,
болмаса, «Шыңғыс айтыпты» деген сияқты аңыздар топтамасын тек «Қаһар»
123
романынан ғана емес, «Алмас қылыш», «Жанталас» романдарынан да
кездестіреміз.
Шыңғыста аяушылық жоқ, залым, пұтқа табынушы, ол әлемнің төрттен
бірін тітіркенткен. Оның қолданған заң-тәртіптері өте қатал, тіпті кейінгі
мұсылман болған кейінгі тұқымдары да ескі ережелік саясатына
пайдаланған. Шыңғыс өлім төсегінде жатып, жақын туысқандарын шақырып
бір байлам садақ оғын беріп, сындыр дегенде ешкім сындыра алмайды.
Шешіп бір-бірлеп бергенін бәрі сындырған. Бұл не жұмбақ дегенде, егер
бірліктерің болса әркім сендерге азық, керісінше болса сендер әркімнің жемі
боласыңдар деген [103, 96-б.].
Міне, осы сияқты Шыңғыс туралы аңыздар кім-кімнің де есінде
жүретін. «Қаһар» романындағы Қоңырқұлжа атты кейіпкердің де есіне әкесі
айтқан аңыз түседі.
«Дүниеде не қызық?» деп сұрапты Шыңғысхан бір күні өзінің нөкер,
нояндарынан. Бір батыры: «Дүниеде бүркіт салып, түлкі ілген қызық»,
екіншісі: «Ғашық болған сұлуыңды құшқан қызық», ал үшіншісі: «Алтын
таққа отырып жұртқа әміріңді жүргізген қызық», – депті. Сонда Шыңғысхан:
«Жоқ, білмедіңдер. Қастасқан жауыңды алдыңа салып айдап, қатын, қызын
бауырыңа басып құшып, мал-мүлкін талан-тараж етіп тартып алғаннан
дүниеде қызық ештеңе жоқ», – деген екен [103, 545-б.].
Сондай-ақ, «Қаһар» романында «Сұңқар өлген төбе» аңызы,
«Бесқұнан» туралы аңыз, оба, молалар туралы аңыздар бар.
Қазақ халқы туралы осынау оралымды ой көп айтылады, бұл жөнінде
қазақтың ел билеушілері, шежірешілері, ақын-жыраулары, тарихшылары,
ғалымдары, тіпті қазақ жерін зерттеуге келген жат жерліктердің өздері де
осылай екеніне шүбәланбайды. Қазақ тарихын терең зерттеген белгілі
тарихшы Е.Бекмаханов ұрпақтан ұрпаққа жеткізіліп отырған халықтың
ауызша шығармашылығы: дастан, өлең, қисса, батырлар жыры, ертегі, аңыз
және т.б. арқылы тарихи ірі оқиғалардың қазақ халқының есінде сақталғанын
және осы фольклорлық материалдарда қазақтардың қоғамдық және
әлеуметтік құрылысы, тұрмысы мен әдет-ғұрпы және ақырында, халықтың
өміріндегі аса маңызды тарихи оқиғалар айқын бейнесін тапқандығын атап
көрсетеді. Ғалымның бұл пікірі тарихи негізге құрылған ауыз әдебиеті
үлгілерінің тарихи дерек ретіндегі қызметін көрсетеді [154, 42-б.]. Осы
пікірді жалғастырушы тарихшылар А.Күзембайұлы мен Е.Әбіл: «Қазақтар
түркі халықтарына жатады, олардың арасында халық саны жағынан төртінші
орында, ал жерінің көлемі жағынан әлем халықтарының алғашқы ондығына
кіреді. Қазақтардың арғы ата-бабалары тарихта әртүрлі этнонимдермен
белгілі, олар трагедиялық және драмалық қайшылықтарға толы күрделі
тарихи жолынан өтті, бостандық пен тәуелсіздік үшін жат жердік
басқыншылармен күресті, өз ішіндегі қақтығыстар мен қайшылықтарды
жеңді», – деп сипаттайды [154, 3-б.].
Ал профессор З.-Ғ.Бисенғали аңыздық фабуланы, сюжеттерді көркем
шығармаға, әңгімеге, повеске айналдырудың, пайдаланудың оңай емес
124
екенін және әңгімелер айтылуында жайнап тұрған әдемі хикая қағазға
көшкенде өзіндік күйін жоғалтып, өңінен айрылып, бозарып шыға келетіні
жиі кездесетін жәйт екенін айтады [155, 234-б.].
Фольклор және ауыз әдебиеті үлгілерінің ұрпақ санасын
қалыптастырудағы қызметі туралы философия ғылымдарының докторы,
профессор Е.С.Нұрмұратов: «Қазіргі халқымыздың бойынан табылатын
жақсы моральдық отансүйгіштік қасиеттердің түп негізі ғасырлар
қойнауында қалыптасқан құндылықтар әлемінде. Олар әр түрлі эпостарда,
фольклорда, мифтерде, айтыс өнерінде сақталып келеді. Мәселен, қазақтың
қонақжайлығы, кеңпейілдігі, кішіпейілдігі, елін, Отанын сүйетіндігі,
атамекенге деген құрметі өзге елдерден ерекше болып табылады. Тек сол
рухани жетістіктерімізді, құндылықтарымызды қадірлей білсек қана жаңа
қалыптасып келе жатқан мемлекетіміздің шаңырағын шайқалтпаймыз», –
деп келтіреді [156, 36-б.].
Ілияс Есенберлиннің қазақ халқының тарихын танытуды мақсат тұтқан
«Көшпенділер» трилогиясында фольклор және ауыз әдебиеті үлгілері көп
кездеседі. Жазушы өзіне тән стиль шеберлігіне салып, халық мұраларын
шығарманың жанды өзегіне айналдыра білген. Бұған дәлел ретінде академик
Р.Бердібайдың: «Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» атты трилогиясында
көптеген тарихи аңыз әңгімелер романның кең ауқымына жарасымды
қабысып кеткен. Фольклорлық, мифологиялық, аңыздың оқиғаларды
«тірілту», оларды жазба әдебиеттің жан-жақты дамуына жарата білу – жалпы
әдебиетте жиі байқалып жүрген құбылыс. Ілияс Есенберлиннің тарихи
романында әлгіндей аңыздаулар айрықша көркемдік элемент болып
қосылған. Белгілі творчестволық мақсат тұрғысынан шығарма сүйегіне
«сиыстырылған» ертегілік қабаттар ірі идеяларды, тың бейнелерді көрсетуге
қолайлы», – деген пікіріне сүйенеміз [157, 20-64 бб.].
Ғалым Р.Нұрғалиев «Тұңғиық дарын» атты мақаласында (Білім және
еңбек, 1985, №1) Ілияс Есенберлиннің ежелгі аңыздарды, ауызекі
әңгімелерді халықтық мифологияны көркем шығармада творчестволықпен
пайдалану барысында көп жаңалықтар, соны өрістер ашқанын, сөйтіп,
тарихи романның жаңа бір ұлттық, жанрлық – роман-шежіре үлгісін
тудырғанын атап көрсетеді.
Ал жазушының інісі Р.Есенберлин «Мен үшін ерекше адам» деген
мақаласында (Егемен Қазақстан, 2005, 26 ақпан) ағасының фольклор мен
ауыз әдебиеті үлгілерін қалай жинағандығы жөнінде өз естелігінде былай
дейді: «Атбасар қаласынан қырық шақырым жердегі Батауан көлі жанында
қай кезде мұнда пайда болғандары белгісіз, өздерін қырғызбыз деп атайтын,
бірақ қазаққа сіңіп кеткен қырғыздар тұратын. Солардың ішінде тамаша ән
салатын, домбырада ойнайтын, көптеген дастандарды жатқа білетін Қақбай
деген ақын болды. Ілияс әсіресе Қақбайды тыңдағанды жақсы көретін. Ол
Атбасарға жиі келіп тұратын. Қақбай келгенде мен Ілиясқа хабар
жіберетінмін. Ілияс бізге сол уақыттарда үзбей келуші еді. Бір бұрышқа
жайғасып алып, Қақбайды бар ынтасымен тыңдайтын. Ілиястың Асан қайғы,
125
Бұқар жырау, Едіге, Қобыланды, Абылай, Кенесары, т.б. да «Көшпенділер»
мен «Алтын Орда» трилогияларының кейіпкерлерін алғаш рет сол
Қақбайдан және басқа да ақындар мен шешендерден естігенін өз көзім көрді.
«Ақтабан шұбырынды», «Алқакөл сұлама» хикаяларын да Ілияс тұңғыш осы
адамдардың аузынан естіді. Әрине, халқымыздың ұмытылмайтын, қасіретке
толы әні «Елім-айды» да сол кезде ұйып тыңдаған болатын. Осы бір аттары
тарихқа беймәлім қарапайым жандар бүлдіршіндей жас Ілиясқа бүкіл саналы
өмірінде есінен кетпейтін қазақ фольклоры мен өз халқының тарихына деген
ыстық ықылас пен шынайы қызығушылық шоғын тұтатып берді», – деп
келтіреді [158].
Ілияс
Есенберлиннің
«Көшпенділер»
трилогиясында
кеңінен
қолданылған фольклорлық мотивтер және этнографиялық материалдар
тарихи роман жазуда маңызды орын алады. Жазушы қазақ халқының
бұрынғы дәстүрлерін, салттарын жаңғыртып, түркі, монғол халықтарының
өте ертедегі тұрмыс көріністеріне тоқталады, бұл баяндау тәсілін
жандандырып, романтизм рухын береді де, тарихи роман жанрын қызықты
етеді. Романдағы жазушының кеңінен қолданған мифологиялық ертегілері,
аңыз-әпсаналары шығарманың көркемдік, танымдық құндылығын арттыра
түседі.
Сонымен қатар Ілияс Есенберлиннің әр шығармасын оқыған сайын
оның шығармашылық талантынан нағыз суреткерге тән сезім, бақылау,
қиял, интуиция, өмірбаян, парасат, шеберлік, шабыт ерекшеліктерін көре
отырып, оның шын мәнінде өмірде қандай халде болса, өнерде де сондай
күйде көрінгендігін, қоғам қайраткері болғандығын байқаймыз. Оның
шығармашылық тұлғасының қалыптасуы Ұлы Отан соғысы мен ХХ
ғасырдың ортасындағы қоғамдық-тарихи кезеңмен және өзінің жеке
өмірбаянындағы
бірқатар
жағдайлармен
байланысты.
Жазушының
шығармашылық тұлғасының өзіндік ерекшелігі, халық тұрмысы мен
фольклорын терең білгендігі, тарих пен әдебиет саласындағы кең құлашты
танымы оның тарихи романдарында көрініс береді.
Қазақ әдебиетіндегі есенберлинтану мәселелері ең алдымен тарихи
проза дәстүрімен байланысты. Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер», «Алтын
Орда» трилогиялары қазақ халқының бірнеше ғасырлық тарихын көркем
тәсілмен шебер өрнектеген туындылары ретінде құнды. «Көшпенділер»
трилогиясында жазушы қазақ елінің ХҮ-ХІХ ғасырлардағы тәуелсіздік үшін
табанды күрестерін бейнелеп, сол жолдағы халықтың басынан өткен қыруар
қиындықтарын, ішкі қайшылықтарын, сырт жаулармен шайқаста шынығып
қалыптасқан бірлігін, дәстүрін, салт-санасын көрсеткен.
Тарихи роман жанрының табиғаты халық өмірінің әлеуметтік-
экономикалық сипатын, сан қилы тұрмыс-салтын, тыныс-тіршілігін терең
қамтып, қазақ қоғамының сол тұстағы алдыңғы қатарлы прогресшіл
күштерінің феодалдық іріп-шіріген құрылысқа қарсы табанды күресін
ажарлы бояумен айқын да бедерлі суреттеп беруі керек. Осы пікірін ғалым
Ш.Елеукенов тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ әдебиетінде «тарихи роман
126
жанрының бай тәжірибесі қалыптасқан <...> Тарихи роман өткенді жаңғырта
отырып, еліміздің бүгін-ертеңін қоса ойластыруға мүмкіндік ашатын тың
идеяларды алға тартуда <...> Қазақ тарихи романы қоғамдық, мемлекет
қайраткері бейнесін біршама жақсы көрсетуге төселді <...> жалпылай
алғанда, соңғы он жылдық тәуелсіздік кезеңінде қазақ тарихи романының
жаңа проблемаларға шыққаны, соған орай поэтикасы да жетіліп өркейе
түскені күмәнсіз нәрсе», - деп тұжырымдайды [159, 108-110 бб.].
Жалпы қазақ әдебиетіндегі өткен тарихтың бейтаныс беттерін
бейнелеуге, ұлттық мемлекеттіктің бас бастауында тұрған көрнекті тұлғалар
өміріне деген қызығушылық ХХ ғасырдың екінші жартысында басталды.
Бұл жағдайлар әдебиетте тарихи танымды тереңдетуге ұмтылған эпикалық
шығармалардың жазылуына түрткі болды. Академик С.С.Қирабаев қазақ
әдебиетінің сол кезеңдегі жағдайына талдау жасай келіп, М.Әуезовтен кейін
қазақ әдебиетін әлемдік деңгейге танытуда үлес қосқан прозаиктер
шоғырының ішінде Ілияс Есенберлиннің есімін алғашқылардың бірі ретінде
көрсетеді: «Тарихи роман жанрындағы М.Әуезов дәстүрін жалғастыра
отырып, қазақ романшылары осыған ұқсас әлемнің озық әдебиетінен сабақ
алды. Тарих үлгісін өз дәстүріне сүйене отырып дамытты. Осы бір тұстағы
тарихи роман жанрының жедел өсіп, ондағы қазақ халқының елдігін, арғы-
бергі тарихын кең толғап, көркем талдауда І.Есенберлин, М.Мағауин,
Ә.Кекілбаев, С.Мұқанов, Ә.Әлімжанов, С.Жүнісов, Д.Әбілев, С.Сматаев,
Ш.Мұртаза, З.Ақышов, Ж.Молдағалиев, Д.Досжанов, т.б. жазушылар
белсенді еңбек етті. Қазақ тарихына жұрт назарын аударуда әдебиеттің
жетекші роль атқарып, қоғамдық ой-пікірдің басқа салаларына ықпал етуі
осы авторлар еңбегімен тікелей байланысты» [52, 153-б.]. Ілияс
Есенберлиннің тарихи роман дәстүрін дамытудағы ерен еңбегі туралы сол
кезеңдегі басқа зерттеушілердің еңбектерінде де айтылды.
Қазақ тарихи романында миф пен аңыздарды символдық мәнде
пайдалану шығарманың көркемдік шешіміне еш нұқсан келтірмейді. Қайта
тарихи романның әлеуметтік-философиялық танымын тереңірек танытып,
халықтың басынан кешкен тарихи өмір жолын жан-жақты суреттеуде,
шығарманың көркемдік қасиетінің барынша айшықтала түсуіне қызмет
етеді. Мифтер мен аңыздарды тарихи романдарда дәуір шындығының өткені
мен бүгінгісін және ертеңгі болашақ ұрпақтың санасына тәлім-тәрбиелік
мораль ұсынып қана қоймай, көркемдік-эстетикалық қасиеттерді терең игеру
үшін де қажет болып отыр.
Зерттеуші А.А.Мәуленовтің пікірінше: «Ілияс Есенберлиннің
«Көшпенділер» атты тарихи тақырыпқа жазылған шығармасында аңыз, миф,
хикаялар жаңаша сипат алып, мазмұндық-фомасын өзгертіп, романның
стильдік өрнегін байытып, сюжеттерін ширықтыра түсті. Осы кезге дейін
онша мән берілмей келе жатқан миф, хикая, әпсана-хикаят жанрларының
көркем прозадағы көп мағыналық, көп қабаттылық қызметі айқын көріне
бастады», – деп айтылады [160, 4-б.].
127
Шынтуайтына келгенде қазақ халқының бес ғасырлық тарихи-әдеби
жылнамасын жасау арқылы Ілияс Есенберлин қазақ әдебиетінде роман-
хроника жанрын дүниеге әкелді. Ол тарихи романдар жазуды жылдар бойы
арман етіп, «Көшпенділер» трилогиясын жазуға жиырма жылдай ғұмырын
жұмсады. Трилогияның жазылу тарихы, оған әсер еткен жағдайлар туралы
жазушы былай деп жазады: «Біріншіден, бізде бұған дейін үлгі ретінде
еліктейтін кітаптар болған жоқ. Екінші себебі – біздің тарихшыларымыздың
ғылыми-зерттеу жұмыстары өте аз. Осы олқылықтардың орнын толтыруға
тура келді. Партияның саясаты мен қоғамның өзіне де осындай ақпараттың
қажеттілігін ескере отырып, тарихтың ащы шындығын бейнелеуде келісімге
баруға тура келді» [59, 34-б.].
Әйгілі жазушы М.Әуезов шығармашылығын зерттеу арқылы тарихи
роман жанрын қарастырған ғалым, профессор Ж.Дәдебаев: «Шығарманың
материалдық болмысын, өзегін тарихи белгілі, ақиқат оқиғалар
құрамайынша, белгілі тарихи дәуірдің шындығын шынайы суреттеу тағы да
қиын», – екенін айта келіп, «Халық әдебиетінің түрлі туындылары, әсіресе
аңыз, миф сипатындағы үлгілер бір шығармада өмір шындығын суреттеудегі
амал-тәсілдердің бірі ретінде сипатталса, басқа бір шығармаларда авторлық
идея мен объективтік идеяның жарыса дамып, тоғысып түйісер өзегіне
айналады», – дейді. Сонымен қатар ғалым Ілияс Есенберлиннің «тарихи
тақырыптарды да, бүгінгі күн тақырыбын да қатар алып, еркін меңгерген
жазушы және бұл тақырыптарды автор үлкен эпикалық формада игергеніне»
тоқталады [161, 12-279 бб.].
«Алмас қылыш» романында ХІҮ-ХҮ ғасырларда қазақ жерінде орын
алған тарихи, саяси оқиғалар, әлеуметтік қақтығыстар, жаугершілік
заманының бейнесі және қазақ хандығының құрылуы туралы жағдайлар
суреттеледі. Жазушы өзінің тарихи романдарында архив деректері мен
тарихи фактілер арқылы халық бейнесін, ұлт бейнесін жасай отырып, ауыз
әдебиеті үлгілерін – шешендік сөздерді, мақал-мәтелдерді, аңыздарды,
айтыстарды шебер қолданған. Романда қолданылған фольклор үлгілерінің
молдығы мен әр алуандығы шығарманың көркемдік бояуын қалыңдатып,
ұлттық белгілерін айшықтай түседі.
Трилогияда қолданылған фольклор үлгілерінің бірі – ертегі. Қазақ ауыз
әдебиеті мұрасының өте күрделі саласының бірі ертегілер ғасырлар бойында
ауызша таралып, өңделіп, екшеліп келген халықтық проза ретінде бұрын
романның да, повестің де, хикаяның да қызметін атқарып келген.
Ертегілер – қазақ ауыз әдебиеті мұрасының өте күрделі саласының
бірі. Ертегі жанры туралы зерттеуші Т.Барласұлы: «Ертегі – рухани
тәрбиелік мәні аса зор, көзіміз көріп, құлағымыз ести алмайтын, тек ақылмен
ажыратып, жүрекпен ғана түйсіне алатын, материалдық әлеммен бірге шегі
жоқ рухани әлем болмысының біртұтас түсінікті баян етілген көрінісі», – деп
анықтама береді [162, 133-б.]. Өзіндік шыншылдығы мен әлеуметтік мәні
жағынан қарағанда ертегілер көрнекті көркем құбылыс болып табылады.
Оның маңызды ерекшелігі мынада: ертегілерде жекелеген құбылыстар
128
фантастикалық бейнелермен әсірелеп көрсетілгенімен, шын мәнінде олардың
мазмұны объективті болмыстың көрінісі болып табылады. Ертегілердің
көркем эпостың басқа жанрларынан ерекшелігі – ертегіні қалай түрлендіріп
айтса, тыңдаушы сол күйінде қабылдап, айтушының шеберлігіне тәнті
болады. Ертегінің балалар тәрбиесіндегі маңызды ролі оның тыңдаушының
қиялын шарықтатып, ойын оздырып, арман-мұратын биіктетіп, жақсының,
әділдіктің жеңісіне тәнті болып, әділетсіздіктің жеңілісіне куә болуы арқылы
жақсылық пен жамандықты айыруға үйренуінде болып табылады. Сонымен
қатар ертегіні мәнерлеп, нақышына келтіріп айту, өз орнымен жеткізе
білудің мәні жоғары. Бұл ертекшінің жеке басының шеберлігіне, тіл
мәдениетіне, сөз өнеріне, тыңдаушының сезіміне эмоционалдық тұрғыда
әсер ете білуіне байланысты. «Ертекші батырлықты, қаһармандықты сүйетін
болса, ертегінің ішінде соғыс, майдан, ер сыны, ерлік сыны, сипаты көбірек
көрсетіледі. Ертекші ойшыл, ақылгөй, дана кісі болса, оның ертегісінде
басты кейіпкердің аузында адамгершілік, жақсылық, жамандық туралы неше
алуан терең ойлар, шешендік нақылдар, үлгі-өсиеттер жүреді» [163, 8-б.].
Ертекші өнер адамы болса, ертегіде табиғаттың әсем көрінісі, музыкалық
аспаптар, ән-күй, өнер туралы басымырақ сөз қозғалады.
Ауыз әдебиетінің көркем әдебиетке тірек болуы тек қазақ әдебиетіне
ғана емес, әлемдік әдебиетке де тән құбылыс. Осы заманғы жазба прозалық,
әсіресе романдар мен повестердің бірталайында тікелей ертегілік,
мифологиялық оқиғалар көптеп кездеседі.
Қазақ ертегілерінде ескі түрінен басқа берірек заманда шыққан
жаңалау әңгімелер де бар. Мәселен, өлең өлшеуіне түскен батырлар
әңгімелерінің барлығы ертегі болып кеткен, батыр әңгімесін көп ел
құмартып тыңдайтын болғандықтан, ел қиялы бергі замандардың
батырларын да ертегінің қаһарманы қылып жеткізген.
Ауыз әдебиетінің
жанрлары – аңыз, ертегі, әңгімелердің
профессионалдық әдебиетке өз ішінен қаншама өзгеріс жасап келе жатқанын
есте тұту шарт. Бұл тек қазақ әдебиетіне ғана емес, әлемдік әдебиетке де тән
құбылыс. Осы заманғы жазба прозалық, әсіресе романдар мен повестердің
бірталайында тікелей ертегінің, мифологиялық ситуациялардың араласып
жүретінін көреміз.
Қазақ әдебиетінде де шығармаға мифтік, ертегілік оқиғаларды
пайдалану жиі кездеседі. Ілияс Есенберлиннің тарихи романында әлгіндей
аңыздаулар айрықша көркемдік элемент болып қосылған. Белгілі
творчестволық мақсат тұрғысынан шығармаға енгізілген ертегілік қабаттар
ірі идеяларды, тың бейнелерді көрсетуге қолайлы.
Қазақ ертегілерінде ескі түрінен басқа, берірек заманда шыққан
жаңарақ әңгімелер де бар. Мәселен, өлең өлшеуіне түскен батырлар
әңгімелерінің барлығы ертегі болып кеткен, батыр әңгімесін көп ел
құмартып тыңдайтын болғандықтан, ел қиялы бергі замандардың
батырларын да ертегінің қаһарманы етіп жеткізген.
129
«Қаһар» романында кездесетін «Наурызбай – Қаншайым» қиссасынан
келтілірген үзінділер, «Сұңқар өлген төбе» аңызы, тарихшылар жазып
қалдырған, еш жеңілуді білмейтін, тас жүрек Кенесары туралы аңыз-
ертегілер жоғарыда айтып кеткен ертегі түріндегі батырлық әңгімелердің
айғағы.
«Алмас қылыш» романындағы Қотан жырлаған «Орақ толғауы»,
«Едіге жыры», «Қара Қыпшақ Қобыланды» қиссасы – барлығы жоғарыда
айтып кеткен ертегі түріндегі батырлық әңгімелер.
Қазақ фольклорының келесі бір маңызды, көлемді түрі
–
батырлық
жырлары. Бұл шығармаларды қазақ халқының осы кезге дейін ұлт болып
қалыптасуының отансүйгіштік негіздегі тарихнамасы деп айтуға болады.
«Батырлар жыры – халықтың өткен өмірінің жанды көрінісі. Оның күші –
халық мүддесін қорғайтын рухында, қоғамның ілгері басуына қажет
қасиеттерді адам санасына, жүрегіне сіңіре білуінде. Сондықтан да батырлар
жырының әлеуметтік, мәдени, тәрбиелік маңызы орасан күшті» екенін
дәлелдей түседі [164, 7-б.]. Қазақ халқының мыңдаған жылдық тарихы бар
қаһармандық жырларының көркемдік, тәрбиелік бітімі сан алуан құпияға
толы және ұрпақ тәрбиесіндегі жеке тұлғаның рухын шарықтатып, елдіктің
маңызына ден қояды.
Романда сонымен бірге Қабанбай, Бөгенбай сынды батырлардыњ
ерлігін, елі үшін жан аямай күрескер шеберлігін танытатын жырлар
Үмбетей, Жиембет, Тәтіқара сынды жыраулар атынан айтылады. Бұл
жыраулар заманыныњ қал-жағдайын, мақсат-мұратын жырлаған қазақ
әдебиеті тарихында елеулі орын алған жыраулар болып табылады. Олар
жырлаған толғаулар батырлар мен сұлтандарға, хандарға, күрес алдында
рух, жігер, күш берсе, енді бірде, қаһары қатты хандарды райынан
қайтарып, тоқтата білген.
Осы трилогияның көркемдік қуаты жағынан ең биігі – «Қаһар»
романының оқушыға ерекше әсерлі, тартымды болуының себептері бар. Ең
алдымен қазақ әдебиеті мен фольклорында Кенесары – Наурызбай бастаған
қозғалысты суреттеудің ұзақ тарихы бар еді. ХІХ ғасырдың бірінші
жартысында қазақ даласын дүбірлеткен бұл қозғалыстың сыры мен сипаты
мейлінше шытырман болатын. Алдында қазақ бұқарасының отаршылдық
қысымдарға қарсы көтерілісі ретінде бой көрсеткен бұл оқиғаның ақыры
Кенесарының монархистік мақсатына ұласып, трагедиямен біткені белгілі.
Осы қозғалыс кезінің өзінде-ақ Кенесарыны дәріптейтін өлеңдер мен аңыз
әңгімелер көп тараған. «Наурызбай – Қаншайым» атты жыр халық арасында
көп айтылып келген. Сонымен қатар әуел бастан-ақ Кенесары – Наурызбай
бастаған қозғалыстың қайшылықты, халыққа жат сипаттары да әлгіндей
мадақ шығармалармен қатарласа әңгіме болып жүрген. Мұның өзі жалпы сол
қозғалыстың қатпарлы, астарлы табиғатына байланысты еді. Орыс
патшалығының күшіне қарсы шығарлық қуаттың жоқтығына көзі жете тұрса
да, Кенесарының күресті тоқтатпай, соңына ерген елді сарсаңға, апатқа
душар еткені нақ осыны дәлелдейтін. Бұл қозғалысты біреулердің
130
тәуелсіздік үшін қозғалыс деп, екіншілердің кертартпа әрекет деп бағалап
келген себебі осыдан. Тіпті соңғы жылдарға дейін тарихшыларымыздың өзі
де Кенесары – Наурызбай қозғалысын танып, түсіндіруде толық, бір ауызды
пікірге келе алмаған еді. Бірақ тарихта анық орын тепкен, талай жылдарға
созылған, халықтың санасында із қалдырған бұл оқиғаның мәні мен
ерекшелігін ашып көрсету – ғылым алдындағы да, көркем әдебиет
алдындағы да міндет болатын. Міне, осы міндетті Ілияс Есенберлиннің
тамаша атқарып шығуы оның әдеби ерлігі болды.
«Қаһар» романы – қазақ әдебиеті үшін жаңалыққа толы туынды. Ел
билеуші хандар, сұлтандар бейнесі, «Көшпенділерде», соның ішінде
«Қаһарда» алғаш рет шындыққа сай көрсетілген. Жыраулар, шешендер,
қолбасылардың да қаншама тартымды тұлғасы әдебиетімізге осы
шығармалар арқылы келді.
Жазушы «Алмас қылыш» романының желісінде тарихи фактілерге
негізделген оқиғаларды баяндау барысында көркем суреттеулермен, шынайы
бейнелеулермен қатар әдемі өрілген ауыз әдебиеті үлгілерін шебер
қолданады. Роман оқиғасы жарты ғасырдан астам уақытты қамтитындықтан,
жазушының баяндауында лирикалық шегініс жасау, монолог, диалог арқылы
халықтың арғы-бергі тарихын шолу, шешендік сөздер, мақал-мәтелдер, киім
үлгілері арқылы сол кезеңнің шынайы суретін бейнелеу, мифтік ұғымдар
туралы аңыздар арқылы түркілер мен монғолдардың көне наным-сенімдеріне
шолу жасауы шығарманың өн бойына көркем қуатты өң беріп тұрады.
Жазушының тарихи архив мұраларын көркем шындыққа айналдыруда
қолданған бұл әдістері туындының құндылығын көтеріп, жазушылық
шеберлігін арттыра түседі.
Сөз болып отырған романныњ жанрлық ерекше бітімі бар. Мол
оқиға мен көп кейіпкерді шетінен толық суреттеу бір шығарма
көлемінде мүмкін еместігін ескерген автор негізгі күшті баяндау мен
кейіптеуге салады. Бірақ, бұл құрғақ баяндау емес, бояулы, нақышты,
адам мінезі мен әрекетініњ түпкі сырын паш ете алатын күрделі,
қызықты ғибратты әңгіме. Қаһармандардың түр-келбеті де, сөйлеген сөзі
де, ойы да, тартыс, қайшылықты күресі де осынау баяндаудың ауқымына
сыйып кеткен. «Жанталас» романының бүкіл оқиғалық, сипаттамалық,
талдау, көркемдеу жүгін екі ғана айтушы – автор мен шежіреші қарт
Бұқар жырау әңгімесі арқалаған. Осыдан барып шығармада кейіптеп
айтушы қызметі маңызды орынға шығады. Қандай көркем туындыда да
кейіптеуші мен баяндаушының дәнекерлігі елеулі орынға ие. Дегенмен
«Жанталаста» айтушының міндеті мүлде өзгеше. Бұл ретте жазушы ауыз
әдебиетінің өміршең дәстүрлерінен үлгі алған. «Жанталаста» суреттелетін
қаһармандардың бәрі дерлік аңыз, жыр арқылы халық санасынан орын
алған жандар болатын. Сол фольклор туындыларында қалыптасқан
эпикалық бейнелерді төмендетіп алмай, оларға реалистік нақтылық,
даралық келбет дарыту оңай емес. Сөз болып отырған шығармада
Баянның жауға қарсы көзсіз ерлігі, отты отаншылдығы, намысшылдығы
131
баяндалған. Жауға қарсы өшпенділік, таза халықтық ұғым, айнымаған
намыс, ар Баян басынан табылады. Ол қалмақ қызының азғыруына
ерген сүйікті інісі Ноянды атып өлтіргенде де дәл осындай биік елдік
дәстүр тұрғысынан көрінеді.
Бұл секілді аңыздар мен шежірелер шығармада жеке өзіндік
қызмет атқармайды. Олар қаһармандар бейнесін ашуға, сонымен бірге
тарихта болған оқиғалардың шынайы суреттелуіне көп көмектеседі.
Сонымен бірге баяндаушы сол тарихи аңыздардың дәнін, негізгі
ұйтқысын және бағытын ашуға ұмтылады.
Бұқар жырау атынан берілген төрт дүркін аңыз-әңгімеде тарихи
құбылыстардың бағасы бүгінгі түсінігімізге орайлас беріледі. Сонымен
«Жанталас» романында тек XVII-XVIII ғасырлардың тарихнамасы беріліп
қоймай, олардың сыры мен шынына да талдау жасалады, тарихтың
көркем пішінге түскен желісі беріледі. Атап көрсетерлік бір мәселе сол
– шығармада фактілер мен қиялдап айтулар бірлестікке, көркемдік
шындық деңгейіне көтерілген. Кейіпкерлердің іс-әрекетінің нақтылы
жүйесін емес, сол құбылыстардың мәнін ашуға көңіл бөлінген,
психологиялық талдаулардан гөрі тұжырымдап, шолып, шежірелеп айту
басым шыққан. «Жанталастың» жанрлық ерекшеліктерін сөз еткенде
есте боларлық жайлар осы.
Тарихи дәуірдің ерекше бояуын жасау үшін трилогияда халық өмірінің
атрибуттарын: олардың айналысқан ісі, қолөнері, киімі, этнографиялық
детальдары, жоралғылары, ырымдары орнымен қолданылған. Халық
өмірінің беймәлім және өзінен өзі сөйлеп тұрған суреті оқырман алдында сан
алуан бейнесімен беріледі. Адамдар өмірінің сол кезеңдегі өмір
философиясы, олардың рухани санасы және дүниетанымы халық
тұрмысында және этнографиялық суреттерде көрініс тапқан. Бұл Ілияс
Есенберлиннің тарихи трилогияда тарихи оқиғаның халықтық үлгісімен
берілгендігінің көркемдік сипаты аңыз бен ақиқат туралы философиялық
пайымдауларды айқындай түседі.
Достарыңызбен бөлісу: |