Жұмысыма еш зияны тимеді. Қайта, тырнақша ішіндегі «партиядан тыс өмірімде» мен бұрынғыдан да көп жұмыс істедім.
Мен өзімнің және бүкіл елдің алдында сынақтан өттім. Мені бұрынғыдан көрі қатты сынағысы келетін достарымның бар екендігін білемін. Бірақ та өз қатемді өзім сезіне отырып ежелгі әдетімдегідей большевикше еңбек етемін».
Өзінің идеялына осыншама көзсіз сенген адамдар аз. Олар, «жасырын жаудың» барлығына шын сенді. Тіпті, күдіктенбеді де. Қателіктері де сонда.
Ал, ол репрессияның тарихи-әлеуметтік себебі мүлде басқа да екені қазір айқындалып отыр. Сәбитті ол үшін де жазғыруға болмайды. Басты себебі – Сәбиттің ақ жүректілігінде, ұстанған идеялға деген шүбәсіз сенімінде. Кей кезде жан-жағына байыппен қарамай, тәуекелге бел шешіп кірісіп кетуінде. Мүмкін, оның өзі адамның бойға біткен мінезімен де ұштасып жатуы.
Сөзінің аяғын: «Мен совет өкіметінсіз тамаша өмір сүруге болмайды. Совет өкіметінің өмір сүруін мен тек идеологиялық тұрғыдан ғана емес, жан-тәніммен қалаймын», – деп аяқтайды.
Сәбит Мұқанов бұл сертінен өле-өлгенше айныған жоқ.
Әрине, машинкамен басқанда 15 беттік бұл хаттағы әрбір уәжді талдап шығудың ыңғайы да жоқ, қажеті де аз шығар. Бірақ қалайда айтылуға тиісті. Өйткені екі ұлы адамның арасындағы түсінбеушіліктің себебін білудің өзі де – сабақ. Таным тағылымы. Екіншіден, Мұқанов пен Әуезовтың арасындағы қарым-қатынасты әр саққа жүгіртіп, дақпырт таратып жүргендердің сыпсыңына тиым да салар деген үміттеміз.
3.
Мұхтар мен Сәбиттің арасындағы қарым-қатынас көңіл кірбіңінен көрі азаматтық асыл қасиеттерге жыға негізделген. Олар жеке басынан – халықтың, өнердің мүддесін жоғары қойған. Өкпеге қиса да өшпенділікке қимаған.
Осы хаттан кейін олардың өзара түсініскені аңғарылады. Ашық жаулыққа жүріп жатқан соғыстың қасіреті де мүмкіндік бермегені анық. Соның бір айқын мысалы, Сәбит Мұқановтың Ленинградтан Ғабит Мүсіреповке жазған хатындағы:
«Өзіңе белгілі – 1943 жылы Орталық Комитет маған тағы да Жазушылар одағын басқар деп ұсынғанда, мен жалғыз ғана тілек қойдым, оным, со жылға дейін «судимосы» мойнында жүрген Мұхтардан бұл лағынет қамытын түсіру»,– деген пікірі.
Сәбит Мұқанов өзінің бұл уәдесін де орындады. Жазушылар одағына келе салысымен Мұхтар Әуезовке тағы да өтініш жаздырды. Істің беті түзелгеніне сенімі артқан Мұхтар өтініш пен өмірбаянын қайталап өз қолымен жазып шықты. Алдыңғы өтініштің бірер сөзін қайталағаны болмаса, мұнда өзінің ішкі ілхамын жеткізе баяндаған.
Достарыңызбен бөлісу: |