Мағжанның табиғат лирикасы



бет6/26
Дата06.02.2022
өлшемі1,24 Mb.
#35193
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   26
1.2 «Батыр Баян» поэмасы
Мағжан өмір сүрген кездегі қазақ әдебиеті айтысты-тартысты болды. Соған орай ақын шығармалары әр түрлі бағаланып жатты. Ташкентте оның «Батыр Баян» поэмасына бірінші болып Жүсіпбек Аймауытов пікір білдірді. Ол Ташкентте оқып жүрген қазақ жастары үшін Мағжан және оның жаңа поэмасы туралы кең көлемді баяндама жасады. Кейін оны мақала қылып бастырды. Мұнда Жүсіпбек ақын шығармаларын жан-жақты талдап, ғылыми түсінік берді. Ол белгілі орыс әдебиетшісі, мемлекет қайраткері А.В.Луначарскийдің мына пікірін әдейі келтірген: «Нағыз сырлы әдебиет бар, мәселен Лермонтовты, Шекспирді алайық. Олар белгілі бір үгіт айтқан ба? Таптың жырын жырлаған ба? Жоқ, оларға сырлы, көркем сөз шығару, айқын перне түсіру мақсұт болған. Олар бір әдемі суретті, болмаса адамда болатын бір сезімді, болмаса белгілі адамдардың жанында болған тартысты алады да, қиялына келген нәрсені суреттейді» [7,
365 б.].
Жүсіпбектің мұны айтып отырған себебі: төңкерістің алғашқы жылдарында Мағжан Қызылжардан қуылды. Өйткені оның өлеңдері Кеңес өкіметінің талап-тілегіне қайшы келді, ақын түрікшіл деп бағаланды.Жүсіпбек жоғарыдағы Луначарский пікірін арнаулы мақсатта пайдаланып, жаңа өкіметтің, оның саясатын насихаттаушы марксшіл большевиктердің ақынға деген көзқарасы да осындай деп түйіндейді. Демек, сыншы Мағжан неге бір таптың жыршысы болу керек, ол неге ой мен өнер еркіндігі үшін қудалануы керек деген сұрақ туындатып отыр.
Луначарскийден дәйектеме келтіре отырып, өз ғылыми тұжырымын өткізуге тырысады. Лениннің 1905 жылғы «Партиялық ұйым және партиялық әдебиет» деген еңбегінде көрсетілген: «Әдебиет ісі жалпы пролетарлық істің бір бөлшегі, барлық жұмысшы табының саналы алдыңғы тобын, бір тұтас, ұлы социал-демократиялық механизмін қозғалысқа келтіретін «доңғалақша мен кішкене бұранда» дегеніне қарсы шығады.
Анығын айту керек, қазақ әдебиеттану ғылымы тарихында әдебиет туралы осы лениндік ілімді жоққа шығарған жалғыз ғана Жүсіпбек Аймауытов болды. Оның бұл батыл теріске шығаруын қолдаушы табылмады. Керісінше, күні кешеге дейін әдебиетші ғалымдардың бәрі «әдебиеттің таптығы», «әдебиеттің партиялығы» деген лениндік жалған қисынды алаңсыз қабылдады. Сөйтіп, әр партияның өз әдебиеті болады, әр таптың өз әдебиеті бар дегенге өздері де сенді, өзгелерді де сендіруге әрекеттенді.
Жоғарыда аталған мақаласында сыншы:

Қомағай қара топырақ бүлкіл қағып,


Асығып екі жастың қанын ішті,

деп суреттейді Мағжан.«Мұндай суреттер толып жатыр. Басқа жұрт өз өнерпаздарымен мақтанса, қазақ әдебиеті де бір кезде суретшілдік жөнінде Мағжанымен мақтануында сөз жоқ. Мағжанның ақындық күші, сөзге еркіндігі, суретшілдігі «Баянда» толық көрінеді. Абай айтқан «сөз патшасы» «Баянда» бар. Адамдардың мінезін дұрыс келтіру, биге бише, батырға батырша, ханға ханша баға беріп, әрқайсысының аузына өздеріне лайық сөз салуы, сұлуды, махаббатты, батырды, соғысты, өлімді суреттеуі өмірді түйе білгендігін көрсетеді. «Баян» қазақ әдебиетінде бола бермеген табыс [7, 394 б.]» .


А.Луначарский көрсеткендей, орыс әдебиеті Лермонтовымен, ағылшын әдебиеті Шекспирімен мақтанса, қазақ әдебиеті өзінің Мағжанымен мақтануға әбден құқылы.
Мағжан ақындығын және оның «Батыр Баянын» қуана қабылдаушының бірі Ахмет Байтұрсынов болды. Ол «Әдебиет танытқышында (1926) Мағжан шығармаларынан көптеген мысалдар алды, оларды ақындық өнердің үлгі-өнегесі ретінде талдады.
Башқұрт ақыны Сайфи Құдаш 1968 жылы Мәскеуде орыс тілінде шыққан «Жастық шақ ізімен» атты кітабында әлі тұтқында жатқан Мағжан есімін қорықпай атады, ол туралы қазақтардың әлі өздері айтпаған жылы лебіз білдірді.
Әдебиетке жиі араласып жүретін қоғам қайраткері Ы.Мұстанбаев ұлтшыл атанғандарды жақтай отырып, Абай, Мағжан, Жүсіпбектерді үлгі тұтады. «Біздің жас жазушыларымызға, кедейшіл ақындарға айтарымыз – жалпы саяси тілек бөлек. Бірақ «Батыр Баян», «Қартқожаны» оқы! Үлгі ал!», – деп жазады [8, 179 б.].
Ғаббас Тоғжанов әдебиетке таптық тұрғыдан қараса да, 1928 жылғы 6 мамырда Мәскеудегі әдеби айтыста былай дейді: «…мен әлі де айтам – Мағжан көркемдік жағынан артық. Сондай көркемдікті біздің жалпы жазушыларымыз да үйренуі керек. Мағжаннан үйренуге несіне арланады» [8, 180 б.].
Ал С.Сейфуллин «Жыл құсы» журналының 1928 жылғы 2-санында «Жұмабайұлы Мағжанның пролетариат бағытына қарсы өлеңдерін, арам, жұмбақ, шүбәлі, тіпті көркемдігі жоқ ертектерін де дәріптеп басып шығарып жүрмеді ме», – дейді [8, 183 б.].
1924 жылдың басында Орынборда әдеби «сот» өтеді. Басты айыптаушы – С.Мұқанов, қорғаушы – Жәкен Сәрсембин. Мұнда «Мағжан – Совет өкіметінің жауы, оның шығармалары оқытылмасын, жарияланбасын» деген қаулы алынады.
Сол жылдың қараша айында Мәскеуде Мағжан шығармалары бойынша әдеби айтыс өтеді. Айтыста екі түрлі пікір жарысы туады. Бірінші топ «Мағжанның саяси қатесі болғанымен, ол – үлкен ақын» деді, екінші топ «Мағжанды буржуазияшыл – ұлтшыл, бізге жат ақын» деді. Соңғы пікір бойынша қаулы алынады [8, 177 б.].
1930 жылы Мәскеудегі «Әдеби энциклопедияда» Әбдірахман Байділдин Мағжанды әдеби тұрғыдан емес, саяси тұрғыдан айыптай келе былай дейді: «Ақынның саяси бағыты «Шығыс», «Тәңірі», «Бостандық», «От», «Жаралы жан» , «Жолдасқа» деген өлеңдері мен «Ертегі», «Батыр Баян», «Қорқыт», т.б. поэмаларында айқын көрінген. Мұнда Жұмабаев қазақ халқының өткен күнін, ескі тұрмысын үлгі тұтады, Шығысты идеал көріп, Батысқа қарсы қояды» [8, 185 б.].
Төңкерісшіл ағаларының ықпалында болған Ә.Тәжібаев:

Мағжандай іздемеймін Қорқыт көрін,


Қобызбен сарнамаймын сұрап өлім.
Кезбеймін есуас боп ен даланы,
Қуатты орыс, қазақ еңбекші елім.
Көр де аулақ, өз басымнан өлім де аулақ,
Көрсетем Мағжандарға көрдің төрін, ─

деп жазды. Кеңес өкіметі кезінде ақын-жазушылардың бәрі бірдей Ә.Тәжібаев секілді бағытты ұстанған жоқ, Ғ.Мүсірепов секілді дұрыс көзқарасынан айнымағандар да болған. Ғ.Мүсіреповтің күнделігінде Мағжан туралы жазбалар бар.


«Батыр Баян» поэмасының жазылуына байланысты Ш.Елеукенов мынадай орынды пікір айтады: Шоқан жазбаларында Абылай ханның қол жинап, Баяндармен бірге аттанғаны туралы дерек бар. Мүмкін, Мағжан Шоқанның осы жазбасын оқыған болар, Шоқан «Исторические предания о батырах ХҮШ века» деген очерк жазды, солардың деректерін пайдаланған болар деген пікір айтады. Мүмкін. Тарихи очерк атап отырған осы еңбегін Шоқан аңыз деп атаған ғой. Онда қалмақтар ақ киіз үй береміз деп шақырғанда Баян ханның бармағанын қалаған. Хан тыңдамаған. Шоқан Баян қалмақтарды қуды, жете алмады, кейін қайтқанда жолда әскері де, өзі де қалмақтар улап кеткен судан өлді дейді. Мағжан бұларды шығармашылықпен біраз өзгерте пайдаланған. Тек Шоқанда Ноян деген бала батыр аталмайды. Ондай адам, шындығында, болған емес. Ол – ақынның қоспасы. Дегенмен, мұның түбінде де ақиқат жылты бар. Баянның ағайындарының бірі Сары дегеннің Қыстаубай деген баласы қалмақтың Лағыл деген қызымен қашып кеткенде әкесі қуып жетіп өлтіруге Баянды жұмсайды. Алайда Баян екі жасты өлтірмейді, киімдерін қозы қанына малып алып келеді. Сонда осы аңыздар негізінде Ноян Мағжан қиялынан туған.
Ақын Баян өлімін де басқаша алған. Өмір шындығын көркем шындыққа айналдырған. Олай етпегенде «Батыр Баян» көркем шығарма болмас еді. Қалай дегенде де аңыз-әңгімелер поэмаға жанама өзек болған. Ақынға Ш.Елеукенов жазған Шоқан жадығаттары ел аңызы бойынша да белгілі болуы мүмкін.
Поэманың басты қаһарманы – Баян батыр, ішкі дүниесі түгел ашылып, күрес-тартысы кең көрінетін романтикалық бейне. Абылай ханның өз сипаттауынша да Баян тегін батыр емес.

Көп жаудың албастысы, ел еркесі,


Баянның батырлығы алашқа аян.
Баянның әруақты құр атынан
Көп қалмақ болмаушы ма ед қорқақ қоян.
Наркескен, өрттей ескен, қайтпас болат
Баянсыз қанатымды қалай жаям?!
Би Қанай! Аттанбайды хан Абылай,
Келмесе қандыбалақ батыр Баян!

Басқа батырларды санамалай келе, ақын Баянды даралап, ерекше, өршіл, ауыспалы мағыналы «албасты», «ел еркесі», «наркескен», «қайтпас болат», «қандыбалақ» сияқты сөздермен бейнелейді. Жорыққа шығу үшін де Баян керек, қалмақтарды қояндай бұқтыру үшін де Баян керек, Абылайдың хандық қаһары үшін де Баян керек. Осыдан келіп Баян – поэманың басты тірегі, оқиға иесі болады.


Баян басын жеке көрсетуде ақын өз атынан емес, хан атынан сөйлейді. Баянды бағалаушы, батырлығын дәріптеуші – Абылай хан. Абылай сөзі – халық сөзі. Оған ден қойсақ, Баян басында, Абай айтқан, «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» – түгел бар.
Мағжан поэманың құрылымына лайықтап, Баянның батырлығын сипаттап алады, сонан соң оқиға желісін біртіндеп өрбіту арқылы батырдың ішкі дүниесін көрсетуге ауысады. Тіпті батырдың туған жерін, өскен ортасын, руы мен тегін де таныстырып өтеді.
Баян көп жорықтың бірінде қалмақ сұлуын олжалап алып келеді.

Шын ер ғой батыр Баян алып қайтқан,


Еліне сол сұлуды естен танбай!

Қыз, шынында да, көз тоқтата қараған жанды естен тандырарлықтай әрі ақылды, әрі сұлу болуы керек. Оны тегін қыз деп ешкім айта алмас. Бірақ Баян тек батыр емес, ақылды батыр, жүрек сезімін тізгіндей біледі, бірден қыз құрығына түспейді. Шыдам мен сырды бұғаулай отырып, қызға қарындасынша қарайды. Алайда ол батырды билеп кете алмайды. Осылайша Баянның жан дүниесі, сезім әрекеті бірте-бірте ашыла түседі.


Ауыл ақсақалдарының бір сұм іс болып қалды деп естіртуі Баян намысын қоздырады. Інісі Ноянның қалмақ қызымен кетіп қалғанын естігендегі батырдың күй-жайы былайша баяндалған:

Боз үйде жалғыз қалып Баян енді,


Жаралы жолбарыстай күңіренді.
Қорғасын миын, ойын төмен басып,
Ақылға алғыр құстай ашу төнді.
Бір көк сұр түс енгізіп бар денеге,
Сұм жүрек қанды өзіне жинай берді.
Ақырда ашу ерді билеп кетіп,
Жалп етіп, сөнген шамдай ақыл өлді.
Өлді ақыл. Атып тұрып батыр Баян,
Боз үйден оқ жыландай шыға келді.

Жан күйзелтердей жағымсыз хабар батырға жайсыз тиеді. Бір мезет батырды ашу билеп кетеді. Бұл тұсты «ақыл өлді» деген кейіптеумен түсіндіреді. Ашу үстінде ажары от шашқан көріністі «сұм жүрек қанды өзіне жинай берді» деп баяндайды. Ақын сұмдықтың бәрін «сұм жүректен» көріп, өзі қалаған қаһарманына араша болады. «Сұм жүрек» – эпитеттік тіркес. Негізгі мағынасы – жаманатты сезу. Батырдың басына түскен сын сағаты жүрек тебіренісіне байланысты. Осы жерде батыр басында өкініш те, қызғаныш та, өзімшілдік те бар. Оның қызға деген ғашықтық сезімі бұрын сыртына теппеген еді, енді інісінің жау қызы үшін туған ағаға опасыздық етуі, елін, жерін тастай қашуы өзгеше күйге салады. Махаббатын, ғашықтық отын үрлейді, жауға наразы ыза-кегін өршітеді. Қызды аярға, інісін жауға балайды.


Ой жоқ боп, жүрек шоқ боп, құр екпін боп,


Сұңқардай сорғалаған келді Баян.
Қыз түгілі қаны бірге өз бауырын
Танымай қалғандай да болды Баян.

Ғажап психологизм! Барлық дүние бірінші тармақта безбенге түскен. Өз бауырын танымас адам болмас. Батырдың ішкі жан-дүниесі қопарыла қозғалып, қызғаныш сезімі өн денесін оттай шарпығанда ғана көзі қарайып, тынысы тарылады; буыны босап, белгісіз, қауіпті қаракеттер құлына айналады. Жоғарыдағы шумақ – сондай сәттің куәсі. Осы екпінмен інісі мен қызды өлтіріп жібереді.


Ашу белең алғанда ақыл кейін келеді. Есін жиған соң барып, Баян екі жасты құшақтап, өкініш жасына булығады. Кезеп ашу тарап кетіп, қорқақ ақыл: «Мұның не?» – деп, шыға келеді. Батыр өзіне-өзі сот құрады. Ішінде аласапыран басталады, жаны арпалысады. Батыр әуелі өзін аяусыз айыптайды. Бауырмалдық, туыстық сезімі оянады. Жайшылықта Ноянды өлтірмек түгілі оның табанына кірген шөңге менің маңдайыма қадалсын деген ниеті қайта оралады. Енді жау қызын неге алып келіп едім деген өкініші жанын жейді. Өйткені барлық оқиғаға, өлімге себепші – сол жау қызы. Батырдың көз алдына артынан қуып жеткен ағасына арсалаңдап күліп еркелегені сурет болып тұрып алады. Бұл жай батырдың өзін-өзі кешірмеуіне, өзін-өзі кінәлауына әкеліп соғады. Ол шіріп қалғыр саусағын да, сұлуға түскен көр болғыр көзін де, сынбай қалған садағын да, кемуді көрмеген күшін де – бәрін де қарғайды. Енді бір сәт: «Інімді алты алаштың намысы үшін өлтірдім бе?» – деген оймен жұбанбақ болады. Сол бойда ол ақылынан қайтып: «Жоқ, бұл оймен тартқан жоқпын садақты, ғашықтықтан, қызғаншақтықтан өлтірдім», – деп, айыбын қалыңдата түседі. Туыстық сезім мен ғашықтық күйік екеуі бірдей батырдың екі иінінен жаншып, ар соты алдында тізе бүктіреді, ар-намысын оятып, ерекше жанкешті күйге салады. Баян ең соңғы тоқтамында жау қолынан өлуді қалайды. Бір емес, екі адамның, ең қымбат адамдардың қанын жүктегендіктен алаш намысы үшін өлтірдім дей алмайды. Шындығында, інісі мен қалмақ қызының соңынан қуа жөнелгенде ол бірден қара басының қамын ойлаған жоқ. Халықты, оның жау алдындағы ары мен абыройын алға тартты. Батыр бойындағы әр түрлі сезім толқын секілді бірін-бірі қуалап, бірінен-бірі балалап, батып-шығып жағаға жеткендей. Ел бетіне қарауға хұқысыз, ханға қадірлі болу амалын тауысқан. Жаумен жағаласып өлуден басқа жол таппады. Сөйтіп, кінәсінен тазармақ.
Баян басындағы осы тайталас хал, ақтық шешім бәрібір оның басқа батырлардың көбінен қадірлі, ақылы кемел, ерлігі теңдессіз, жеме-жемде жүректі халық батыры екендігін дәлелдейді.
Мағжан – ауыл ақыны емес, еуропалық түсініктегі жоғары мәдениетті жазба ақын. Олай дейтініміз ол Омбы семинариясында орыс әдебиетінің үлгілерімен емін-еркін танысты. Мәскеуде Брюсов атындағы әдебиет институтында әлемдік әдебиет классикасының таңдаулы шығармаларының бәрін дерлік оқып білді, орыс тіліндегі түпнұсқаны да, аудармаларды да меңгере зерттеді.
Біздің ойымызша ақын Н.Гогольдің «Тарас Бульбасын» қызыға оқып, туған әдебиетінен соған ұқсас оқиға желілерін де іздеген сияқты. Бірақ сыртқы кейбір ұқсастықтар демесе Баян батыр – Тарас бейнесімен ұлттық ұқсастығы жоқ өзге бейне. Тарас қызға отанын айырбастаған баласы Андрийді саналы түрде өлтірді. Мұндағы шиеленіс пен өз баласын өлтірудің бірден-бір себебі: сатқындық, опасыздық. «Батыр Баяндағы» махаббат, қызғаныш, ағаның арын таптау атымен жоқ. «Я тебя породил, я тебя и убью!» – деп, атып салады. Баласының денесін де көмбестен айқасқа кірісіп кетеді. Баянда қаталдығымен қоса, жанашырлық, туыстық, қимастық көрініп отырса, Тараста ондай сезім мен қасиет байқалмайды.
Елеукенов айтқан «Баяндағы» жан диалектикасы Тараста көрінбейді. Себебі Андрий: «Мен үшін отан да, әке де, бауыр да жоқ. Маған тек сен керексің», – дейді поляк қызына. Өз отандастарына қарсы шауып келе жатқанда оның көзі алдында қыздың сұлу иығы мен оны жапқан бұйра шашынан басқа түк көрінбейді. Әкесі атқалы жатқанда да оның аузына не шешесінің, не ағасының аты түспейді. Тек қыздың атын атап күбірлейді. Тарас өлер алдындағы баласының тұлғасына тағы бір көз жүгіртіп, қай казактан кем еді, түрі де, тұлғасы да, күші де бар еді деп өкінішті аяушылық білдіреді. Ал Баян жау оғына ұшып, есі кіресілі-шығасылы жатқанда да көз алдына Ноян мен қалмақ қызы елестейді.
Сонымен Баян ел-жұрты үшін өз інісі мен тұтқын қызды, өзін де халық жолына құрбан қылған батыр болып қалады.
Ноян – Баян емес, әлі жас, жалпыұлттық ар-намыс биігіне жеткен жоқ.

Ноянның бар ақылы білегінде,


Билеген асау жүрек, қайнаған қан, –
деп, – таныстырады ақын. Оның қайраттылығына күмәнданбайсыз, жүректілігіне сенесіз. Ноянның сезімінде басымдылық бар. Бірақ Ноян Андрий емес. Ол ағасын шексіз жақсы көреді, бірақ сұлу қыз тұтқынына түсіп қалды. Қуып жеткен ағасын көргенде-ақ қатесін ұқты, сол үшін қанға бөкті. Баян ол үшін аға ғана емес, бүкіл халқы, елі, жері. Ол қалмақтың сұңғыла қызының сұм ойын аңғармады, аңғалдық – балалық істеді. Ел алдындағы борыш пен парыз дегенді ұмытып кетеді. Қыз жігіттің жастығын, бостығын пайдаланады. Он бестегі Ноян, батырлар ағасы болып қалған Баян емес, оны қалай илеуге де болатынын түсінді.
Қалмақ қызының көркем бейнелік салмағы әлдеқайда басым. Он төртте болғанына қарамастан сұм, сұңғыла. Ақын қыз келбетін ұмытылмастай суреттеген.

Сол сұлу – сұлу екен атқан таңдай,


Бір соған бар сұлулық жиылғандай.
Торғын ет, шапақтай бет, тісі меруерт,
Сөздері су сылдырлап құйылғандай.
Бір улап көзқарасы бір айнытқан,
Жұлдыздай еркелеген сөнбей-жанбай.
Лебізі – жібек желі, жұмақ желі,
Кәусердей татқан адам қалар қанбай.

Қалмақ қызы қанша әсерлі, Баян мен Ноянның белгісіз арманын тудырған тылсым десек те, оның бойында батырлар аңдамаған, ақылға салмаған құпия бар.


Қалмақтың қайсар қызы қайрылмаған,


Болаттай жасу білмей, майрылмаған.
Жап-жас қыз сұмдығы мол сыр бермейді,
Жандай-ақ ойдан аулақ қайғырмаған.
Алаштың аруы боп кетсе-дағы,
Жанымен өз жұртынан айрылмаған.

Қыз құпиясының кілті – өз елінің алдындағы перзенттік борышына адалдығы. Сондықтан қыз батыр Баяннан өз бойын аулақ ұстайды да, жас Ноянды өзі бастап қолға түсіреді. Өйткені қыз есебі бойынша Баян қазақ халқының қалтқысыз батыры, бұл жолда ол айнымайды. Ал Ноян әлі жас, оған өз қызығы қымбатырақ. Қыз оны өз еліне қайтар жолдағы жан серігіндей көреді.


Қазақ әдебиетінде тұтқын болған қалмақ қыздары кездесе береді. Әр қайсысы әр түрлі сипатталады. Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетау» поэмасындағы қалмақ қызы Мағжанның «Батыр Баянындағы» қалмақ қызымен сырттай ұқсас. Екеуі де тұтқын, екеуі де ақылды. Айырмашылықтары: Мағжан қызы әріден ойлайтын сұм. Сәкен қызы өзгеше, ақылы қулық-сұмдық үшін емес, өз тағдырын да, өзге тағдырын да қан төгіссіз, асқындырмай шешу үшін әрекеттенеді.
Мағжан поэмасындағы қалмақ қызының сұмдығының сыры мынау:

Сорлы анам көкірегін көкке сауып,


Қан жылап менен бір ант алған еді.
Ол анты: «Елдің шетін, анаң бетін
Бір көрмей, қызым, ерге барма!» – деді.
Анама сөзім анау, өзім мынау,
Жас Ноян жүгінемін ер деп сені.

Қалмақ қызының сертіне беріктігін, туған еліне, анасына адалдығын теріске шығаруға болмайды. Әркімнің де солай болғанын құптау керек. Барлық мәселе Ноянның қыз сөзіне имандай елтіп, қалмақ елін өз елінен артық санағандығыда болып отыр. Баянды алдаған, Ноянды арбаған қалмақ қызы қайткенде де қазақ батырларының адал жары бола алмайды.


Көркем бейне тарихи тұлға көшірмесі емес. Суреткер тарихи шындықты әдеби шындыққа айналдырғанда артық та кете алады, кем де түсе алады. Мағжан поэмада әдеби Абылайды Сәкенге қарама-қарсы қазақтың біртуар азаматы етіп бейнелейді. Оның елге аңыз болған ұлылығын алады да, пендешілігін жауып қояды. Бұл тәсіл ақынның мақсат-мүддесіне сай келеді.

Ертеде Абылайға орда болған ағаш,


Ордасын сол ағаштағы Абылайдың
Меккедей тәуеп қылған тәмам алаш.

Халық кезінде Абылайды әулиедей көріп, оның ордасына іздеп барып, Меккеге сиынғандай тәуеп еткен. Поэма хан Абылайды да, адам Абылайды да жұртына қадірлі болды дейді. Поэмада бір шумақтан бір шумаққа ауысқанда Абылай бейнесі биіктей береді.


Сәкен «Көкшетау» поэмасында шу дегенде Абылай бейнесін былай береді:

Әйтеуір, расы сол: Көкшетауды


Ел шапқыш хан Абылай мекен еткен…
Хан деген жерге тамған қанға құмар,
Дірілдеп өлім күткен жанға құмар.
Жазықсыз бейпіл жатқан елді шауып,
Типыл ғып жер күңіренткен даңға құмар.

Сәкен Абылай туралы ымырасыз көзқараста. Ол ханды бірыңғай әулие түрінде бейнелеген ақындарға қарсы. Оларды сынай отырады.


Біреулер батыр мен би, ханды мақтап,


Бұрынғы надан, шірік заңды мақтап,
Сарнайды, жыр қылады сөзін сырлап,
Бақсыдай жын шақырған сандырақтап, –

деп, атын атамаса да Мағжанды түйреп өтеді.


Мағжанның да Абылайға кейде сынай қарайтын жерлері бар. Абылай Баян ақылын алмай, алдап шақырған қалмақтар қолына өзі барып түседі. Ол қалмақтарды әрі алдап, әрі сыйлықтарын олжа қылмақ. Мағжанның Абылайы қазақ даласына ықпалды, алашты атаға бөлмей тұтас қараған, данагөй, ақылды басшы болып сипатталған. Ол – батырлардың батыры.
Әдебиеттегі Абылайға байланысты ала-құла бейнелеу тәсіліне қарамастан Мағжан – ханның халқымыздың тарихындағы орнын өз тарапынан әділ бағалаған.
Поэма мұраты не деген сұрақ туады. Демек, Мағжан алдына қандай мақсат қойды?
ХҮШ ғасыр қазақ халқы үшін тарихи сын заманы болды. Ел болып қалу екіталай еді. Екі тау соқтығысса арасында шыбын өлетіні сияқты, қазақ даласында Шығыста Қытай, Батыста Ресей мүдделері түйісті. Қазақ жеріне жету үшін Қытай жолында қалмақтар жатты. Орыс патшалығы ХҮШ ғасыр басынан бастап, қазақ жерінің терістігінде отаршылдық қазығын қаға бастады. Екі ірі патшалық арасында қалмақтар мен қазақтар қақтығысы осылай туды. Әйтпесе бұлар бұрын қыз алып, қыз берісіп отырған елдер болатын. Ресей үшін қазақтардың әлсірегені, Қытай үшін қалмақтардың әлсірегені пайдалы еді. Міне, осы заманда елді қорғайтын батыр, жерді қорғайтын хан керек болды. Оларды мадақтау, болашақ ұрпақ алдында үлгі тұту – поэма мұраты. Сонымен қатар поэманың жазылу әдісінде біраз өзгешеліктер бар. Оны бізге дейін зерттеушілер де аңғарды, әділ бағалады.
Ә.Тәжібаев бұл шығарманы симфониялық жыр деп атады. Ш.Елеукенов психологиялық поэма деді. Біз өз тарапымыздан психологиялық-лирикалық тәсілге құрылған шығарма деп ұғамыз. Бірақ бұл айтылғандардың бірі екіншісін жоққа шығармайды.

Жүрегім, мен зарлымын жаралыға,


Сұм өмір абақты ғой саналыға.
Қызыл тіл қолым емес кісендеулі,
Сондықтан жаным күйіп жанады да.
Қу өмір қызығы жоқ қажытқан соң,
Толғанып қарауым сол баяғыға.

Бұл – ақын басындағы қасірет. Ол заманына риза емес. Анығы – Кеңес өкіметін ол қабылдамайды. «Зарлымын», «жаралымын», «кісендеулімін», «жаным күйді», «қажыдым» дегендері – шындығы. Әйтпесе «Батыр Баян» поэмасының орнына біздің заманымыз туралы шығарма туған болар еді. Ақын өзінің заманымен оппозицияда екендігін бүкпесіз ашық жазып отыр. Басындағы күйініш, қасіретін жыр қылып төгеді. Осы тәсіл өне бойы ұмытылмайды. Сөз жоқ, мұның аты психологиялық лиризм.


Поэмада батырлық рухымен қатар жарысып отыратын екінші өзек – махаббат мәселесі. Бұлай дегенде Баян – тұтқын қыз, Ноян – тұтқын қыз желісін аламыз. Тап осы тұста ақын поэма жадығаты етіп, өз басына танымал хал-жай хикаясын еркін пайдаланады.
Поэманың құрылымы жинақы, ықшам: артық шарықтау, қосалқы көріністерге ұрыну кездеспейді. Көркемдігі жоғары.
Поэма Мағжан ақынның барлық зор табысы ретінде бағаланып жүр. Шынында солай. Осы поэмадан оның ақындық ерекшелігін толық зерттеп шығуға, поэтикалық тілі мен көркемдік амалдарын саралап тануға болады.
Ақын қолданған көркемдегіш құралдарға тоқталсақ, мынадай кейіптеу бар:

Қомағай қара топырақ бүлкіл қағып,


Асығып екі жастың қанын ішті.

Осындағы «қомағай», «бүлкіл қағып», «асығып» сөздері бірден көзімізге түседі. «Қомағай» эпитеті жердің адам өліміне тойымсыздығын көрсетсе, «бүлкіл қағып», «асығып» сөздері екі жастың қанға боялғандығын білдіреді. Бір жағынан қорқау қасқырға тән қимылдар болғандықтан екі жастың өлтірілу суреті соншалықты қанық бояулы болып шыққан.


Жүрегі тас болса да шыдай алмай,


Қамығып, қайғы басып, күрсінді жер.
Молайтып минут сайын қасірет жырын
Жанында өксіп-өксіп жылады жел.

Мұнда жерді «тас жүрек» деп алып, тас жүрек жердің өзін жылату арқылы Баянның қайғысын зорайта түседі. Табиғат та екі жасты өлімге қимайтындай.


Алаштың ардагері батыр Баян


Бір қырда қала берді топырақ қауып.
Жаудан да мейірімді боп жылады жел
Күңіреніп, ер денесін құммен жауып.
Іленің толқындары әлі күнге,
Айтады ерге жырау ауық-ауық.

Мұнда да Баян өліміне бүкіл табиғат қайғырып, адамнан мейірімді боп жылауы әсерлі, жан тебірентерліктей. Жел оқырманның мұңдасына айналып кеткендей.


Күміс таң жерге күміс сәуле шашты,


Сәуле мен қараңғылық араласты.
Алыспас адал, арам бекерге ұзақ,
Жеңіліп қараңғылық жылжып қашты!

Күндізді адал деп, түнді арам деп, екеуін айқастырып, түнді жеңіліп қашқан жау секілді кейіптейді. Мағжан – шығыс, орыс, батыс әдебиетінен сусыны қанған ақын. Түркі халықтарының ежелгі әдебиетімен де жақсы таныс. Низамидің «Жеті ару» поэмасында таң атты деп жай хабарлай салмай «шығыс сұлтаны өзінің тағына отырды» деп суреттейді. Жалпы Низамиде құбылыс, табиғат өз атымен сирек аталады. Мағжан да сол дәстүрмен таң атуын бейнелілікпен береді.


Бұлтымен құшақтады Көкшені көк


Керілді ерке Көкше күміс Айға:
Сәулеңді, сәулем, көбірек, – деп, төкші, төк!
Бетінде Бурабайдың ерке толқын
Бір тынбай, күліп жарды сүйді шөп-шөп.
Бұлт қашқан мәңгі мең-зең Көкшетауға
Бөлектау «Ой, бауырым!» дер анадайда.

Ақын өлеңдеріндегі табиғатты сипаттау әдісі мұнда да кездеседі. Жер сұлуы Көкшетау көк кереметі айға ғашық. Ал екі тау бірге туған бауырлардай. Көкшетау болмаса, Бөлектау бауырынан айрылып қалған жандай жалғызсырайды.


Ерлерді ұмытса да ел, сел ұмытпас,


Ерлерді ұмытса да ел, жел ұмытпас.
Ел үшін жаннан кешіп, жауды қуған,
Ерлерді ұмытса да ел, шөл ұмытпас.
Ел жауын зерттеп, өрт боп, тынбай жортқан,
Ерлерді ұмытса да ел, жер ұмытпас.
Арқаның селі, желі, шөлі, белі
Ерлерді ұмытпаса, ел де ұмытпас.

Мұнда да табиғат – ерлердің анасы секілді ең жақыны, басқалар ұмытса да ұмытпайтын айнымас, берік.


Сонымен «Батыр Баян» ерекше сезімді бейнелерімен, өршіл мұрат, шебер тілімен, терең психологизмімен қазақ әдебиетінен орын алады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   26




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет