Материалдары



Pdf көрінісі
бет49/62
Дата07.02.2022
өлшемі1,71 Mb.
#96169
1   ...   45   46   47   48   49   50   51   52   ...   62
Байланысты:
abai2020

Түйінді сөздер: 
ИбраҺим, әдеби мұра, шәкірт, музыка, поэзия.
Ұлы ақын, ағартушы, қазақтың жазба әдебиетінің және әдеби тілінің негізін 
салушы – Абай (ИбраҺим)Құнанбайұлы 1845 жылдың 23 ші жұлдызында Шығыс 
Қазақстан облысы Абай ауданында (бұрынғы Семей уезі Шыңғыстау облысы) Шыңғыс 
тауының бауырында дүниеге келген. Абай атақты Тобықты руының Ырғызбай деген 
тобынан тараған. Ол ауыл молдасынан оқып жүрген кішкентай кезінен-ақ зеректігімен 
көзге түсіп, кейін ол Семей қаласында 3 жылдық медреседе білім алған. Абай көпті 
көрген әжесі Зеренің тәрбиесінде болды. 
Шешесі Ұлжан да ақылды ананың бірі болған. Әкесі Құнанбай Өскенбайұлы 
орта жасқа келгенде атқа мініп, ел билеу жұмысына араласып, Ресей патшалығының 
Қазақстанның батысы мен орталық аймағын отарлап, ел билеу жүйесін өз тәртібіне 
көндіре бастаған кез. Құнанбай өз заманында ел басқарған адам болды. Ол ел билеу 
ісіне балаларының ішінде Абайды баулып, араластырды. Абайды оқудан ерте тартып, 
оқудан шығарып алуы да сол билікке ұлын қалдыру мақсатында еді. 
Әке еркімен ел ісіне жастай араласқан Абай тез есейіп, балалықтан да ерте 
айырылып, жастайынан ел ішіндегі әңгіме, сөз өнерін, билердің шешендік өнеріне 
құлақ салып, өзінің ерекше талантымен бойына сіңіре білген. Әке-шешесінің қасында 
жүрсе де жас Абай оқудан қол үзбеген, бос уақытында қазақтың мәдениетін, араб, 
парсы, шағатай тілдерін үйренген [1]. 
Шығыс әдебиетінің алыптары Низами, Хожа Хафиз, Науаи, Физули т. б. 
ақындарының өлеңін жатта, кейіннен орыс әдебиеті мен тілін өздігінен үйреніп, 
орыстың ұлы ойшылдары Пушкин, Гоголь, Лермонтов, Щедрин, Некрасов т. б. 
шығармаларымен танысқан. Сонымен бірге ағылшын ғалымы Дарвиннің, Шекспирдің 
шығармаларын да оқиды. Соның арқасында дүниетанымын кеңітіп, білімін шыңдай 
береді. Абай алғашқы өлеңін 10 жасында жазған 
Ал ақындық қуатын танытқан үлкен шығармасы – "Қансонарда". Абай 
өлеңдерінің ішінде мазмұны жағынан да, көркемдік бітімі жағынан да ерекшеленіп 
тұрған үздік туындылар көп. "Сегіз аяқ", "Қан сонарда бүркітші шығады аңға", "Қалың 
елім, қазағым, қайран жұртым", "Желсіз түнде жарық ай", "Өлсем, орным қара жер сыз 
болмай ма?" сияқты өлеңдерінің әрбіреуі тың дүние, шығармашылық жаңалық. 
Александр Пушкиннің "Евгений Онегин" шығармасынан "Татьянаның хатын" 
және "Ленскийдің сөзін", Михаил Лермонтовтың "Ой", "Жолға шықтым бір жым-жырт 
түнде жалғыз", "Қанжар", "Теректің сыйы" және тағы басқа өлеңдерін казақ тілінде 
сөйлетті. Абай мысал өлеңдерін шебер жаза білді. Ақын осы жанр арқылы қазақ 
халқының сол кездегі өмірін, адамдардың мінезі мен іс-әрекетін дәл көрсетіп, 


159 
сатиралық бейнелермен көркем жеткізді. Абай поэма жанрын да меңгерген. Оған 
"Масғұт", "Ескендір", "Әзім" сияқты шығармалар дәлел [1]. 
Шын мәнінде Абай қазақ үшін, әдебиетіміз бен мәдениетіміз, әдет-ғұрпымыз бен 
салт-сана, рухани болмысымыз үшін өзегі терең бәйтерек. Абай – қазақ поэзиясының
биік шыңы, құдіретті ақыны. Абайдың жүрек шерімен жазған туындыларының 
тағылымы мәңгілік қымбат қазына. Абай жалғыз қазақ халқының ұлы емес, 
адамзаттың ұлы десек артық айтқандық болмас. Әлем халқы бас иген дара тұлғамызды 
қай жағынан да әспеттесек біздің елдік, халықтық парызымыз болып саналады. Абай 
шығармалары ұлтымыздың тұрмыс тіршілігін, мінезі мен дүниетанымын, ділі мен дінін 
түгел қамтиды. Ғалымдардың зерттеуі бойынша, Абай өз заманын, қазақ қоғамын, 
мәдениетін, экономикалық жағдайын тарихшы немесе өнертанушы болып айтпаған, 
ақын болып сөзден сурет салып, сөз кестесін, өлең өрнегін құрастырады. 
Осылардың бірі – өз халқының рухани мәдениетіне қатысты. Абай өз 
шығармашылығында киім атауларына да өз назарын білдірген «Қазақтың киім-кешегі- 
айналадағы ортаның іс-қимылымен байланысты». 
Абайдың айтуы бойынша, «киім кию салты арқылы адамның мінез-құлқы, 
қоғамдағы орны, болмысы анықталады». Оның кейіпкері алтын-күміс кигені, қамқа 
торғын болса да, «махаббат, қызық мол жылдарын» байлыққа айырбастап, ет жүрегін 
саудаға салмайды. Қазіргі тілмен айтқанда, жоғары эстетикалық талғамы қай заманда 
да қазақ қыздарының сұлулығы мен әсемдікті серік еткенін танытады. Материалдық 
мәдениетін – киім арқылы, адамның рухани мәдениетін- мінезі арқылы сипаттайды [2]. 
Ал, енді ұлы тұлғаның шығармашылық мұрасына келер болсақ, Абайдың өмірі 
мен шығармашылық мұрасын зерттеу Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, 
Міржақып Дулатұлы мақалаларынан бастау алған. Оған дәлел, Ахмет Байтұрсынұлы 
1913 жылы "Қазақ" газетінде басылған "Абай-қазақтың бас ақыны" атты мақаласында 
"Одан асқан бұрыңғы, соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ" — 
деп Абайды аса жоғары бағалады. Абай шығармашылығын зерттеудің алғашқы 
кезеңінде ақынның идеялық мұрасы қызу айтыстар тақырыбына айналды, "Абай 
философиясын" діншілдігі басым әдеттегі буржуазиялық идеалистік философияның 
жамап-жасқаған бір түрі деп дәлелдемек болушылар да табылды. Бірақ Мұхтар Әуезов, 
Сәбит Мұқанов, Ілияс Жансүгіров Құдайберген Жұбанов, Сұлтанбек Қожанов сынды 
қоғам қайраткерлері Абайдың ақындық мұрасын шабуылдан қорғап, мақалалар 
жазды.Ал, 1909 жылы Санкт-Петербургте басылған Абай өлеңдерінің жинағында 
ақынның жүз қырықтай өлеңі, сондай-ақ, "Ескендір" мен "Масғұт" поэмалары енді. 
Бұл тұңғыш жинақты дайындаған, бастырып шығарған Кәкітай Ысқақұлы мен 
Абайдың баласы Тұрағұл болатын. Кәкітай Ысқақұлы бірінші болып ақынның 
өмірбаянын жазды. Жалпы, Абайдың көзі тірісінде жарық көрген шығармалары онша 
көп емес. Ақынның өз қолжазбалары сақталмаған. Шығармалары түгелдей дерлік 
Мүрсейіт Бікеұлының қолжазбалары арқылы жеткен [3]. 
Ұлы ақын, ағартушы Абай музыкалық саласында да айтарлықтай көп мұра 
қалдырды. Бірақ, өзінің асыл өлеңдерін, қара сөздерін қағазға түсіріп, кейінгі ұрпаққа 
жазып қалдырса, музыкалық жөнінде оның мұндай мүмкіншілігі болмады. Өйткені, 
Абай өмір сүрген көзеңде қазақта музыканың жазба мәдениеті жоқ еді, халықтық 
музыка ауыз дәстүрлік қалыпта еді. 
Сондықтан Абай әндері де қазақтың басқа халықтық ән-күйлері сияқты, 
ауыздан-ауызға, заманнан заманға ауыса отырып жетті. Музыка саласында жазба 
мәдениеттің болмауына қарамастан, Абай әндерінің бізге толық жеткен себебі – 
олардың халықтың жүрегінде сақталуға сапасы сай келетін шығармалар 
болғандығында, халық санасынан өшпес орын алғандығында [3]. 
Абай әндерінің өзгешелігі – мелодиялық, ырғақтық жақтарындағы 
жаңалықтарында, идеялық мазмұнының ашықтығында. Бұл өзгешелік алғашқы көзде 
тыңдағандардың бәріне бірдей тұсінікті бола қоймады, болмақшы да емес еді. 


160 
Мәдениеттің дамуына кедергі болатын феодалдық жағдайда кейбіреулер үшін ол 
әндердің жаңа тілдері қазақтың халықтық ән дәстүрінен шығып кеткендік болып 
көрінуі де мүмкін еді. Бірақ жаңа, прогресшіл мәдениет күрескері болған Абай өз 
бетінен қайтқан жоқ. Сөйтіп, Абай әндері алғашқыда оның өз айналасына, ауыл-
аймағына, кейін жалпы қазақ арасына тарай бастады. 
Абай әндері халықтық негізден нәр алғандықтан, халық әндерімен тамырласып 
жатқандықтан, нотаның жоқ кезінде-ақ, ауыздан ауызға көше отырып, қалың 
бұқараның игілігіне айналды. Бұған бұрын-соңды халықтың музыкалық салтында 
болмаған жаңа өткір тілмен өлең құрылуы да себеп болды. Жалпы, шын мәнісінде Абай 
көзі тірісінде өзінің өлеңдерін жинаған емес. 
Олардың әрқайсысын бір жапырақ қағазға жазып, жастарға таратып бере берген. 
Олар Абайдың өлеңдерін жаттап алып отырған. Сөйтіп Абай өлеңдері қазақ даласында 
ауыздан ауызға таралып кете барды. Оның өлеңдері қолдан қолға көшіріп алынды. 
Ондай қолжазба көшірмеге ие болу әрбір сауатты қазақ үшін зор ғанибет болатын. 
Кейінірек Абайдың туындыларын оның ұлы Тұрағүл жинастыра бастады. Абай 
өлеңдерінің ең алғашқы жинағы 1909 жылы ақын Кәкітайдын арқасында Қазан 
қаласында басылып шықты [4].
Қазіргі өркениетті мемлекеттердің барлығы да, шоқтығы биік тарихи 
тұлғаларымен мақтана алады. Олардың қатарында саясаткерлер, мемлекет және қоғам 
қайраткерлері, қолбасшылар, ақын-жазушылар, өнер және мәдениет майталмандары 
бар. Қазақ жұрты да біртуар перзенттерден кенде емес. Солардың ішінде Абайдың 
орны ерекше. Абай отандық тарихымыз бен әдебиетімізде аса көрнекті орын алады. 
Абай қазақтың ұлттық жазба әдебиетінің негізін қалады. 
Абай есімі дүниежүзі халықтары әдебиетінде Шекспир, Пушкин, Гетелермен 
қатар тұрады. Ақынның мол әдеби мұрасы тек бір халықтың ғана емес, бүкіл 
адамзаттың рухани қазынасы болып саналады. Қазақстанда ұлы Абайдың есімі 
көптеген елді мекендер мен көшелерге, Алматы Ұлттық университетіне, Алматы 
қаласындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрына берілген. Ұлы 
ақынның құрметіне Қазақстан мен Ресейде ескерткіштер орнатылған. Қазақстанның 
жоғары оқу орындарында Абай шығармашылығына арналған халықаралық және 
республикалық ғылыми конференциялар жыл сайын өткізіліп тұрады. 
Айта кетелік, Ұлы ақынның 150 жылдық мерейтойы да 1995 жылы дүниежүзілік 
ЮНЕСКО көлемінде аталып өткен болатын [5]. Ал, осы жыл қазақтың бас ақынының 
дүние есігін ашқанына 175жыл толып отыр. Абай жалғыз қазақ халқының ұлы емес, 
адамзаттың ардағы десек артық айтқандық болмас. Әлем халқы мойындаған дара 
тұлғаны қай жағынан әспеттесек те біздің елдік, ұлттық парызымызды орындағанымыз 
деп білеміз. Айтулы мерекені біздің мемлекетіміз жыл басынан-ақ, мәдени-ғылыми іс-
шаралармен, дәстүрлі Абай оқуларымен, ғылыми конференцияларымен бастаған 
болатын. Бейбіт еліміздің осындай мән-мағынасы бар игі іс-шараларының одан әрмен, 
мазмұнды дүниелермен жалғасын табатындығына сенімім мол. 
ӘДЕБЕИЕТТЕР: 
1.
Абай. Энциклопедия. – Алматы. «Атамұра», 1995 ж. 
2.
Абай Құнанбаев. Шығармаларының бір томдық толық жинағы. –Алматы: 
ҚМКӘБ, 1961. 
3.
Сыздық Р. Абайдың сөз өрнегі. Алматы. Санат, 1995. 
4.
Омаров Д. Абайтану. Білім алу. Алматы, 2002. 
5.
Абдрахманова А. Абай – дана ақын. Алматы // Ұлағат, № 6, 2007. 


161 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   45   46   47   48   49   50   51   52   ...   62




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет