V-ТАРАУ.
ҰРЛЫҚ ҚЫЛМЫСТАРЫН ТЕРГЕУ ӘДІСТЕМСІ
§1. Ұрлықтың криминалистикалық сипаттамасы
Ұрлық дегеніміз – бөтеннің мүлкін жасырын түрде ұрлау болып табылады. Ұрлықтың криминалистикалық сипаттамасын келесідей жағдайлар құрайды:
ұрлық қылмыстардың ең кең тараған түрі;
ұрлық құпия түрде жасалынады, қылмыскер көп жағдайларда белгісіз болып табылады;
осы қылмыстың сипатты белгісі болып тікелей қасақаналықтың болуы танылады, ұрлық қасақана кейде алдын ала дайындықтан кейін жасалынады;
ұрлық жасау тәсілі әртүрлі;
ұрлықтың заты болып кез-келген мүлік танылады (ақша, заттар, өзге де материалдық құндылықтыр).
Ұрлықтың кең таралуына қарай осы қылмысты тергеудің жеке әдістерінің әртүрлілігін көруге болады. Оларға әртүрлі криминалистикалық сипаттамалар сәйкес келеді. Ұрлықты тергеу әдістемесін салалық белгілер бойынша қарастырған дұрыс. Әдістеменің бірінші тобына – сауда және қоғамдық тамақтану объектілерінде, кәсіпорындарда және мекемелерде, көлік және ауылшаруашылық объектілерінде жасалынатын қылмыстар жатады. Екіншісіне – азаматтардың жеке үйлері мен пәтерлерінен, сондай-ақ қалтадан ұрлау қылмыстары жатады.
Ұрлықтың қауіптілігі меншік иесінің экономикалық тәуелсіздігіне қол сұғатындығынан көрінеді және оны ашу мен тергеу кезінде айтарлықтай қиындықтар туындайды. Осы қылмыстық іс-әрекеттердің көпшілігін тәжірибелі қылмыскерлердің материалдық құндылықтарды тауып, оларға кірудің және іздерді жасырудың тиімді тәсілін қолдануларымен жасайтындығын тәжірибе көрсетеді. Шамамен осындай қылмыстардың әрбір бесіншісі рецидивистермен және бұрын ұрлық жасағаны үшін сотталған адамдармен жасалады.
Ұрлықтың жасалу жолдары мен тәсілдерін білу ұрлықты ашуда жетістіктерге әкелуі мүмкін. Қылмыскердің ұрлық жасау кезінде қолданған тәсілдерін анықтап, оларды криминалистикалық тіркеуден іздестіріп тексеруге болады.
Жеке мүлікті ұрлау көбінесе күндізгі уақытта, куә болмаған кезде, иелері жұмыста болатын кездерде жасалынады. Қарастырылып отырған қылмыстар жаңадан салынған ықшамаудандарда жиі кездеседі. Бұл тұрғындардың алғашқы уақытта подъезд және этаж көршілерінің бір-бірін танымауымен түсіндіріледі. Қылмыскерлер үй тұрғындары ретінде кедергісіз пәтерлерге кіріп, ұрлаған заттарын оңай алып шығуына мүмкіндіктер туғызады.
Пәтерден және материалдық құндылықтарды сақтайтын басқа да жерлерден ұрлау: есік құлыптарын ашқыштардың көмегімен, ригельді қысу, ілмелі құлып имегін кесу арқылы, форточка арқылы кіру, есіктер мен терезелерді сындыру, торларды автогенді аппаратпен кесу, қабырғаны немесе төбені тесу, шатырды көтеру, түтін жүретін құбырларды ашу арқылы, қоймаларды бұрғылау немесе шабу жолымен ашу, сейфтерді және басқа да шағын көлемді сақтайтын орындарды ұрлау, тауарларды сатып алу кезінде ұрлау жолымен жасалынады.
Қылмыскерлер ұрлықты ашу мен тергеуді қиындату мақсатында қылмыстың іздерін жасыруға ұмтылады. Ұрлықтың жасалғандығы туралы жәбірленушіде күмән туғызуға тырысады. Үйге ұрлыққа түсу кезінде бөгетті бұзбай кіріп, көзге түскен заттардың барлығын емес, тек қана ақша мен заттардың бір бөлігін ғана алады.
Қалталық ұрлықтар жасау үшін қылмыскерлер адамдардың көп жиналған шоғырланған жерлерін таңдайды. Бұл қылмыстар, әдетте, ұрлықшылар тобымен олардың рөлдерді өзара бөлісуі арқылы: біреулері жәбірленушілерді қыспаққа алады, екіншілері ұрлайды, ал үшіншілері ұрланған заттарды тығады. Қалталық ұрлықтарды ашу әдістемесі осы қылмыстардың басқа түрлерінен ерекшеленеді, ал оларды тергеу айтарлықтай қиындық туғызады, өйткені қылмыскер жасырын және қысқа уақытта әрекет етеді, ал жәбірленуші тіпті ұрлықшыны білмек түгелі кейде қай жерде, қай уақытта ұрланғанын да білмей қалады.
Ұрлық жасайтын қылмыскерлердің жеке тұлғасының ерекшеліктерін қарастыратын болсақ, оларды екі негізгі топқа бөле аламыз. Бірінші топқа ер адам және әйел адамдар ішінде жұмыс жасағысы келмейтін бұрын сотталған, алдын ала өз әрекеттерін егжей-тегжейлі ойластыратын, қылмыс жасау дағдысы, тәжірбиесі бар адамдарды жатқызамыз. Екінші топтағы адамдар қатарына – жұмыссыз қалғандар, тұрақты мекен-жайлары, жанұялары жоқтар жатады. Олар үшін ұрлық қалыпты жағдайда аяқ астынан пайда болған ниет бойынша жасалынады немесе қылмыс жасау жағдайы алдын ала еш дайындықты талап етпейді.
Көбінде олар сотталып, бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеу кезінде қылмысқа дағдыланады.
Ұрлық қылмыстарымен күресу үшін жедел-іздестіру қызметі мен ішкі істер органдарының тергеу жұмыстарын жетілдіруге байланысты шаралар қабылданады. Олардың қатарына, мысалы, республиканың бірқатар қалаларында «Пәтер» атты жедел-іздестіру шараларының жоспарын құрып, қолдану, сонымен қатар, ұрлықты ашу жөнінде жедел-тергеу топтарын құру жатқызылуы мүмкін.
Достарыңызбен бөлісу: |