Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасын бекіту туралы



бет1/15
Дата25.12.2016
өлшемі2,8 Mb.
#4813
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15


Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің м.а. 2016 жылғы 12 тамыздағы № 499 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 14 қыркүйекте № 14235 болып тіркелді

      "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 6) тармақшасына сәйкес және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 23 тамыздағы № 1080 қаулысымен бекітілген Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартын іске асыру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасы бекітілсін.

      2. Мектепке дейінгі және орта білім департаменті (Ж.А. Жонтаева) заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмелерін "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде және мерзімді баспа басылымдарында ресми жариялау үшін электрондық тасымалдағышта елтаңбалы мөрмен куәландырылған қағаз данасын қоса бере отырып жолдауды;

      3) тіркелген осы бұйрықты алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің мөрімен расталған және осы бұйрыққа қол қоюға уәкілетті адамның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған баспа және электрондық түрдегі көшірмелерін Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жолдауды;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;

      5) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Заң қызметі және халықаралық ынтымақтастық департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі Э.А. Суханбердиеваға жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.



      Қазақстан Республикасының
Білім және ғылым министрінің
міндетін атқарушы

Э. Суханбердиева




 

Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2016 жылғы 12 тамыздағы
№ 499 бұйрығымен бекітілген

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасы

1-тарау. Түсіндірме жазба

      1. Бағдарлама "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5 және 14 баптарына, Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына (бұдан әрі - Стандарт) сәйкес әзірленді.

      2. Бағдарламаның мақсаты: мектеп жасына дейінгі балалардың жас ерекшеліктері мен жеке мүмкіндіктеріне сәйкес білім, білік, дағдыларын, рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру, "Мәңгілік Ел" жалпыұлттық идеясына негізделген жалпыадамзаттық құндылықтарға, ұлтжандылыққа және толеранттылыққа тәрбиелеу, сондай-ақ баланың мектепте оқуға әлеуметтік-психологиялық, тұлғалық, ерік-жігерлік, физикалық және зияткерлік даярлығы.

      3. Бағдарламаның міндеттері: баланың өмірін қорғауды және денсаулығын нығайтуды қамтамасыз ететін заттық-кеңістіктік дамытушы орта құру, мектепке дейінгі білім берудің сабақтастығы мен үздіксіздігі ұстанымдарын қамтамасыз ету, балалардың дене, зияткерлік, коммуникативтік, адамгершілік, эстетикалық дамуына бағытталған білім беру салаларын кіріктіру, әр жас тобында бағдарлама материалының мазмұнын игеруде балалардың дамуы мониторингін ұйымдастыру, мектепке дейінгі ұйым мен отбасының бірлескен ынтымақтастығы, мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеуде ата-аналар қауымдастығының қажеттілігін қанағаттандыру.

      4. Бағдарлама баланың коммуникативтік дағдыларының қалыптасуына, танымдық және әлеуметтік мотивтерінің көрінуіне, қызығушылығы мен білім алуға деген құштарлығының дамуына ықпал етеді.

      5. Әр саладағы күтілетін нәтижелер сабақтардағы оқу мақсаттарының жүйесі арқылы беріледі.

      6. Бағдарламаның мазмұны балалардың дене және психологиялық дамуының келесі жас кезеңдерін қамтиды:

      Бөбек жасы – 1 жастан 3 жасқа дейін:

      ерте жас – 1 жастан 2 жасқа дейін (ерте жастағы топ);

      кіші жас – 2 жастан 3 жасқа дейін (бірінші кіші топ);

      Мектепке дейінгі жас – 3 жастан 6(7) жасқа дейін:

      мектепке дейінгі кіші жас – 3 жастан 4 жасқа дейін (екінші кіші топ);

      мектепке дейінгі орта жас – 4 жастан 5 жасқа дейін (ортаңғы топ);

      мектепке дейінгі естияр жас – 5 жастан 6 (7) жасқа дейін (5 жастан 6 жасқа дейін – мектепке дейінгі ұйымдағы ересектер тобы, 6 жастан 7 жасқа дейін – жалпы білім беретін мектептегі, лицейдегі, гимназиядағы мектепалды даярлық сыныбы).

      7. Бағдарлама меншік нысанына қарамастан, мектепке дейінгі ұйымдардың барлық түрлері мен типтеріне және мектепалды даярлық сыныптарына ұсынылады.

2-тарау. Ерте жастағы топ

(1 жастан 2 жасқа дейін)

1-параграф. "Денсаулық" білім беру саласы

      8. "Денсаулық" білім беру саласының базалық мазмұны дене шынықтыру ұйымдастырылған оқу қызметінде жүзеге асырылады.

      9. Мақсаты денсаулықтысақтау технологиясын қолдана отырып, балалардың толыққанды денесін және психикасын дамытатын, ағзаны шынықтыратын, негізгі қимылдарды дамытатын жағдайлармен қамтамасыз ету болып табылады.

      10. Міндеттері:

      балалардың өмірін қорғауға және денсаулықты нығайтуға жағдай жасау;

      жүру, жүгіру, өрмелеу, лақтыру, секіру, тепе-теңдікті жетілдіруге мүмкіндік беретін негізгі қимыл түрлерін дамыту және үйлестіру;

      денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мәдени-гигиеналық дағдыларын қалыптастыру;

      дербестікке, дене жаттығуларын орындауға ынтасын тәрбиелеу.

      11.Дене шынықтыру (1 жастан 1 жас 6 айға дейін).

      Негізгі қимыл түрлерін дамыту және үйлестіру біліктер мен дағдыларды қалыптастыратын ойын барысында қамтамасыз етіледі.

      1) жүру тура жолдың бойымен (ені 25-30 см, ұзындығы 2–3 м және ені 30 см, ұзындығы 3–5 м) жүру, ересектің көмегімен және көмегінсіз гимнастикалық тақтай бойымен (ені 25-30 см) жүру, ересектің көмегімен жәшікке (биіктігі 10–15 см) шығу және одан түсу, еденде жатқан лентадан (арқаннан, таяқтан) аттап өту;

      2) еңбектеу. Орындықтың, үстелдің, арқанның (биіктігі 50 см), доғаның астынан төрттағандап еңбектеп өту, бөренелер арқылы өту, параллель жатқан арқандардың арасынан (жол бойымен) еңбектеу. 2 м қашықтыққа дейін еңбектеу, құрсаудан еңбектеп өту. Шағын саты бойымен жоғары, төмен (биіктігі 1 м) өрмелеу;

      3) лақтыру, домалату. Допты бір қолмен және қос қолмен ұстау; түрлі көлемдегі доптар мен шарларды жинау, оларды өздігінен себетке (жәшікке) салу, шарларды домалату, допты екі қолмен алға лақтыру, допты алға домалату (отырып, тұрып), допты төменге, алысқа лақтыру;

      Мәдени-гигиеналық дағдылар.

      1) баланы жуынудың қарапайым дағдыларына, киінуге, шешінуге және түбекке сұрануға үйрету;

      2) ұқыптылыққа, тазалыққа тәрбиелеу, бетінің, қолының, мұрнының ластығын байқауға, оларды жууға, сүртуге, дымқыл киімін шешуге үйрету.

      Балаларды шынықтыру ауа, су шараларымен, серуен кезінде ультракүлгін сәулелердің әсерлерімен жүзеге асырылады. Ата-аналардың тілектерін ескере отырып, 2-3 минут бойы жылы құмның үстінде жалаң аяқ жүруге рұқсат ету.

      Ауа ванналары күніне бірнеше рет киіну-шешіну кезінде қолданылады, ауа ванналарының ұзақтығы 2-3 минуттан, 6-10 минутқа дейін ұзартылады.

      Күтілетін нәтижелер:

      негізгі қимыл түрлерінің алғашқы дағдыларына ие;

      өз-өзіне қызмет көрсету дағдыларына ие;

      дене жаттығуларын орындауға ықылас танытады, ересектердің көмегімен өзін ретке келтіреді;

      тазалық пен ұқыптылыққа қанағаттанған сезімін білдіреді;

      12.Дене шынықтыру (1 жас 6 айдан 2 жасқа дейін).

      1) жүрудің түрлі дағдыларын қалыптастыру: бірқалыпты, аяқтың ұшымен, жұппен, шағын және бүкіл топпен және керісінше бағытты өзгертіп, белгі бойынша тоқтап жүру, жолмен (ені 30 см, ұзындығы 3-5 м), орындықтардың, текшелердің, таяқтардың, кегльдердің арасымен, текшелерден, құрсаулардан, таяқшалардан аттап жүру, құрсаудан құрсауға өту, жоғары, төмен қойылған көлбеу тақтай үстімен, тәрбиешімен бірге гимнастикалық орындықтың үстімен жүру;

      2) жүгірудің түрлі дағдыларын қалыптастыру: жай, шашырап, берілген бағыт бойынша, түрлі қарқында; заттардың арасымен, аяқтың ұшымен, белгі бойынша тоқтап, бір-бірінің артынан, шағын топпен және барлық топпен, бағытты өзгертіп жүгіру;

      3) еңбектеу. Гимнастикалық орындықтың үстінен, астынан өрмелеп еңбектеу, домалаған доптың артынан еңбектеу, жоғары қойылған көлбеу тақтайдың, гимнастикалық орындықтың бойымен еңбектеу. Бір аяқты екінші аяқтың жанына қойып, бөренеден асып өту;

      4) домалату, лақтыру. Допты шағын төбешіктен домалату, допты тәрбиешіге домалату және лақтыру; допты алға, жоғары лақтыру, баланың кеудесінің деңгейінде тартылған лентадан допты асыра лақтыру.

      Жалпы дамытушы жаттығулар: қолды жоғары көтеріп, төмен түсіру, қолды алға созу, қолды арқаға қою, бүгу және қайта жазу, қолдың білектерін сермеу, айналдыру, қолдың алақандарын жоғары, төмен бұру, қолдың саусақтарын бүгу, ашу, саусақтарды жұмып, ашу, ұсақ заттарды саусақтарымен іліп алу, заттарды бір-біріне беру арқылы отырып және тұрып оңға, солға қарай бұрылу, алға еңкейіп және түзулену, сүйемелдеу арқылы жүрелеп отыру, секіруге ұмтылу. Ұйымдастырудың түрлері – жұптасу, шағын топпен, топпен жұмыс.

      Мәдени-гигиеналық дағдылар.

      Гигиеналық талаптарды сақтау:

      1) тамақтану кезінде: үстел басына қолды жуғаннан кейін отыру, орындыққа өзі отырып, одан өзі тұру; тамақты төгіп-шашпай ұқыпты ішу, майлықты қолдану, тамақтан соң алғыс айту;

      2) жуыну кезінде: қолдарын (алақандарын бір-біріне үйкелеу) және бетінің төменгі жағын алақанымен жуу, ересектердің көмегімен беті-қолдарын сүрту;

      3) киініп-шешіну кезінде: киімдерін белгілі тәртіппен шешу және кию, оларды дұрыс жинау, киіміне арналған шкафты білу;

      4) баланың түбекке сұрана білу дағдыларын қалыптастыру, өзінің түбегінің орнын білу; тек өз түбегіне отыру;

      5) бет орамалмен ескерткен кезде мұрнын сүрту, оны қалтасынан өзі алу және салу;

      6) өзінің заттарын, сүлгісін сақтайтын орынды білу, үстел басындағы өзінің орнын, киімге арналған шкафты білу.

      Дербес қимыл белсенділігі.

      Балалардың дербес ойындарында қимыл белсенділігін реттеуге ықпал ететін жағдайлар жасау.

      Сауықтыру-шынықтыру шаралары:

      1) балаларды шынықтыруды күні бойы және ұйқыдан соң киіндіру кезінде де жүзеге асыру;

      2) киіміндегі олқылықты байқай білуге тәрбиелеу, ересектердің көмегімен өзін ретке келтіруді, ұқыптылыққа және тазалыққа рахаттану сезімдерін дамыту;

      3) медицина қызметкерінің жетекшілігімен ауада және суда шынықтыру шараларын жүргізу;

      4) күнделікті шынықтырудың бір түрі - суды ағызып, қолын шынтаққа дейін жуу. Бөлме температурасы +22°С төмен емес жағдайда баланың денесі толық немесе денесінің бір бөлігі сумен шынықтырылады;

      5) арнайы шынықтыру шаралары (ұсынылған тәсілдердің біреуі қолданылады): беліне дейін және бүкіл денесін дымқыл шүберекпен сүрту. Судың температурасын +36°С бастап +28°С жеткенге дейін біртіндеп төмендету (4–5 күн сайын 2 градусқа төмендету). Денесінің белгілі бір бөлігін сүртінуде су температурасын +35°С бастап +23°С дейін (4 күн сайын 2 градусқа төмендету) төмендету, қарама-қарсы температурадағы жылы, салқын су құю: басында су температурасы +36°С бастап +25°С дейін, соңында +38°С бастап+18°С дейін төмендетіледі.

      Күтілетін нәтижелер:

      қимылды үйлестірудің бастапқы дағдыларына ие;

      жаттығуларды көзбен бағдарлау арқылы ойын түрінде (жануарлардың қимылдарына еліктеу) педагогпен бірге орындайды;

      күнделікті шынығу тәсілдерін біледі;

      ересектердің көмегімен өзіне-өзі қызмет етудің қарапайым дағдыларын сақтайды.

2-параграф. "Коммуникация" білім беру саласы

      13. "Коммуникация" білім беру саласының базалық мазмұны-сөйлеуді дамыту, көркем әдебиет ұйымдастырылған оқу қызметінде жүзеге асырылады.

      14. "Коммуникация" білім беру саласының мазмұны баланың тілін дамытуды, коммуникативтік дағдыларын қалыптастыруды, белсенді және пассивті сөздік қорын, тілдің грамматикалық құрылымын, дыбыстық мәдениетін, баланың байланыстырып сөйлеуін басқа білім салаларымен кіріктіру арқылы жетілдіруді қамтамасыз етеді.

      15. Мақсаты тілдік қарым-қатынасқа қажеттілікті қалыптастыратын жағдайлармен қамтамасыз ету болып табылады.

      16. Міндеттері:

      қарым-қатынастың коммуникативтік дағдыларын және тыңдау мәдениетін қалыптастыру;

      тілдің сөздік қорын дамыту;

      тілдің грамматикалық құрылымына, сөзді дыбыстау мәдениетіне және байланыстырып сөйлеуге үйрету.

      17. "Сөйлеуді дамыту" ұйымдастырылған оқу қызметінде Бірінші жартыжылдықтың маңызды міндеті ересектердің сөйлеу тілін түсінуін дамыту болып табылады. Екінші жартыжылдықта белсенді сөйлеуін дамытуға баса назар аудару.

      18. Сөйлеуді дамыту (1 жастан 1 жас 6 айға дейін). Бірінші жартыжылдықта балалардың сөздік қоры заттардың атын, тіршілік иелерінің қимыл-әрекетін (ұйықтайды, тамақ жейді, ән айтады, тыңдайды және тағы басқа), сонымен қатар, балаларға таныс заттардың белгілерін білдіретін (үлкен, кіші, қызыл және тағы басқа) сөздермен кеңейтіледі.

      Балалар:

      1) өзінің, жақын туыстарының есімін, киім, жиһаз, ыдыс-аяқтардың, кейбір көлік құралдарының, бірнеше таныс жануарлар мен өсімдіктерді атауды;

      2) өзінің (қол, аяқ, бас, ауыз, көз, құлақ) және ойыншық-жануарлардың дене мүшелерін ажыратып, атай білуді;

      3) құрылымы және мазмұны бойынша қарапайым сөз тіркестерін түсінуді, өтініштерді орындауды, ойыншықтармен күрделі емес шағын қойылымдар көрсетуді,тұрмыстық және қызықты жағдайларды суреттейтін 1-3 әрекетті;

      4) тілді көрнекіліксіз түсіну, заттарды табу және оларды суреттен тану, елеулі белгілері бойынша заттарды іріктеуді, тапсырмаларды орындауды;

      5) сәйкес суреттерді, ойы ншықтарды, іс-әрекеттерді көрсету арқылы кейіннен көрнекіліксіз мазмұны бойынша шағын, қарапайым әңгімелерді, өлеңдерді, санамақтарды түсінуді;

      6) шығармаларды тыңдау, оны қабылдау, мазмұнына эмоционалды жауап беруді үйренеді.

      Белсенді сөйлеуді дамыту

      1) белсенді сөйлеу қажетті ақпаратты түрлі жолдармен жеткізу негізінде дамиды: ыммен, қимылмен, былдыр сөздермен, таңдануды, қуанышты, наразылықты, өкінуді және тағы басқа білдіретін кейбір эмоциялық екпіндерді қайталайды;

      2) сөздік қор туыс адамдардың атауын (ата, әже, әке, ана), таныс заттар мен ойыншықтарды (шыныаяқ, кереует, үстел, қонжық, қуыршақ), кейбір тағам түрлерін (ботқа, сүт), белгілі қимылдарды (ал, тұр, жібер) білдіретін сөздермен толықтырылады. Ересектердің сөздерін тыңдай білуге, "Бұл не?", "Не істеді?" сұрақтарына жауап беруге, сұрақ қоя білуге, жеңіл тапсырмаларды орындай білуге, "болмайды", "рұқсат" сөздерін түсініп, дұрыс әрекет жасауға үйрету.

      19. Сөйлеуді дамыту (1 жас 6 айдан 2 жасқа дейін). Аталған жастағы балалардың сөйлеу тілін түсінуі: бөлмедегі және бөлмеден тыс заттар, кейбір жануарлар, олардың қимылдары, ойыншықтар (көжек, қонжық, балық, құс), заттардың белгілері, заттардың жай-күйлері, орны, мезгілдік және сандық қатынастар; қалауына байланысты (су ішкісі, тамақ жегісі, ұйқысы келеді) іс- әрекеттер; дене күйі, көмек, қуаныш, жанашырлық сезімі, жасы мен жынысына сәйкес айналасындағы адамдарға қатысты сөздер есебінен кеңейтіледі.

      Дағдыларды:

      1) тұрғын үй бөлмелерінің атауын, бұл бөлмелерде еркін бағдарлай білуді және олардың неге арналғандығын;

      2) таныс заттарды атауы, түстері, дыбысталуы бойынша топтастыра білуді;

      3) ересектердің айтқанын мұқият тыңдау, оның нұсқауларын орындау, екі-үш әрекеттен тұратын жеңіл тапсырмаларды есте сақтап, орындау, жалғаулары бар сөйлемдерді түсінуді;

      4) қоршаған ортамен қарым-қатынасты реттеуге және қалауларын білдіруге қажетті сөздерді (алғым келеді, берші, жібер, әрі жылжы) қолдана білуді қалыптастыру.

      Баламен тілдесу барысында сергек, қуанышты көңіл-күйді, ересектермен әңгімелесу ниетін қолдау, олардың нұсқауларын орындау, олардың әрекеттері мен сөздеріне еліктеу үшін тақпақтарды, әзілді тапқыр сөздерді, ертегілердің күлкілі кіріспесі қолданылады.

      Мәнерлі сөйлеуде: шығарманың мазмұнына қатысты айтылатын сұраулы, бұйрықты, лепті интонацияны түсінуді дамыту бойынша жұмысты жалғастыру.

      Белсенді сөйлеу ересектердің сөйлеген сөздерін қайталау арқылы жеке сөздер мен тіркестерді жаңғырта білу, ән, өлең, тақпақтарды тыңдай отырып, жекелеген сөздерді дауыстап және әндетіп айту арқылы дамиды.

      Белсенді сөздікті байыту, былдыр сөздер мен дыбыстарға еліктеуді біртіндеп жалпы қолданатын тілдік формамен ауыстыру, заттар мен іс-әрекеттерді білдіретін жаңа сөздерді енгізу, пассивтік сөздік қордағы сөздерді айтуға үйрету.

      Табиғи жағдайда айналасындағы, суреттердегі заттарды атауды, ересектер мен құрбыларына жүгіне білуді (сұрашы, алғыс айт, қара, кім келді және тағы басқа), еліктеу бойынша жаңа сөздерді, екі-үш сөзден тұратын сөйлемдерді айту, түсінікті сұрақтарға жауап беруді жалғастыру.

      Айналасындағы адамдардың сөзін мұқият тыңдау, олардың ауызша талаптарын орындау қабілеттерін дамыту.

      Дұрыс үлгілік сөйлеу дағдыларын, ана тілінің грамматикалық ережелерін ескеріп, сөйлемдерді құруды қалыптастыру.

      Күтілетін нәтижелер:

      өзінің, жақын адамдарының есімдерін біледі, киімні, жиһазды, ыдыстарды, кейбір қозғалыс құралдарын атай біледі;

      кейбір жануарлар мен олардың қимылдарын біледі, заттардың белгілерін, жай-күйлерін, орналасқан орындарын атайды;

      өзінің дене мүшелерін ажыратады және атайды, дыбыстық еліктеуіш сөздерді жалпы қолданылатын сөздермен ауыстырады;

      мазмұны қарапайым сөз тіркестерін, ойыншықтармен күрделі емес шағын қойылымдарды түсінеді;

      сөзбен немесе қысқа сөз тіркесімен өз өтінішін білдіреді;

      дауысты дыбыстарды және түсінікті артикуляциялық қатынастағы дауыссыз дыбыстарды анық айтады;

      тұрғын үй бөлмелерін атайды, бөлменің ішін бағдарлай алады;

      атауы,түсі,айтылуы бойынша таныс заттарды топтастырады;

      үлкендерді мұқият тыңдай алады, оның нұсқауын орындайды, екі-үш іс-әрекеттен тұратын күрделі емес тапсырмаларды есте сақтайды және орындайды, онда, оған көмекші сөз құрылымдарын түсінеді;

      қоршаған ортамен (керек болып тұр, бер, жібер, жылжы) өзара қарым-қатынасты реттеу мен қалауын білдіру үшін қажетті сөздерді қолданады.

      20. Көркем әдебиет

      1) сабақтың негізгі міндеті шығармаларды тыңдау, мазмұны бойынша түсінікті ертегілер, әңгімелер, өлеңдер, тақпақтарды түсіну үшін жағдайлар жасау;

      2) шығарма кейіпкерлеріне деген жанашырлық дағдыларын, халықтық шығармалар, тақпақтар, өлеңдердің ырғағы мен әуенділігіне эмоциялы түрде жауап беруді қалыптастыру;

      21. Көркем әдебиет (1 жастан 1 жас 6 айға дейін).

      1) шағын қарапайым мазмұнды әңгімелерді, тақпақ, бесік жырларын сурет, ойыншық, түрлі әрекеттер және аудио-бейнематериалдар арқылы тыңдау мәдениетін және оларды түсіну дағдыларын қалыптастыру;

      2) көркем мәтінді тыңдау және оның мазмұнын белсенді қабылдау дағдыларын дамыту;

      22. Көркем әдебиет (1 жас 6 айдан 2 жасқа дейін).

      1) мәнерлі сөйлеудегі: көркем шығарманың мазмұнына қатысты айтылатын сұраулы, бұйрықты, лепті интонацияларды түсінуін дамыту. Мәтінді қайталап оқу, көрсету арқылы сөздерді айта білуге үйрету;

      2) балаларға ойын әрекеттерін, оқу, айтып беру, көрсету барысында мәтінге сәйкес таныс әуендерді орындай білуге, халық шығармаларының, тақпақтар мен әндердің ырғақтығы мен әуезділігін эмоциялы қабылдауға баулу;

      3) адамдар мен жануарлардың әрекеттері бейнеленген шағын әңгімелерді, ертегілерді, өлеңдерді тыңдауға және эмоционалды көңіл-күйлерін білдіруге, балалардың түсінуіне жеңіл табиғат құбылыстарын: қар, жаңбыр, жел, шалшық тағы басқа атауға үйрету;

      4) оқу, айтып беру және көрсету барысында балаларды шығарма кейіпкерлеріне жанашырлық танытуға, мәтіннің сөздерін айтуға баулу;

      5) балаларды ойын әрекеттеріне қатысуға, халық шығармаларының, тақпақтардың, әндердің музыкасы мен ырғағына көңіл күйін білдіруді үйрету;

      6) кітаптардағы суреттерді қарастыруды үйрету.

      Күтілетін нәтижелер:

      қысқа, қарапайым әңгімелер, өлеңдер, тақпақтарды тыңдайды және түсінеді;

      көркем туындылардың мазмұнындағы сұраулы, мақұлданған, лепті интонацияларды түсінеді;

      қайталап оқу кезінде мәтіндегі сөздерді айта алады;

      шағын өлеңдер, ертегілер, әңгімелерге эмоционалды көңіл-күй танытады;

      шығарма кейіпкерлеріне жанашырлық танытады.

3-параграф "Таным" білім беру саласы

      23. "Таным" білім беру саласының базалық мазмұны сенсорика, жаратылыстану ұйымдастырылған оқу қызметінде іске асырылады.

      24. "Таным" білім беру саласын ұйымдастыруда баланың қоршаған ортаны бағдарлау аясы кеңейтіледі және байытылады, сезімдік тәжірибесі қалыптасады, түйсіктері және қабылдауы жетілдіріледі.

      25. Мақсаты табиғат құбылыстары, адамдардың өмірі туралы түсініктерін, танымдық қабілеттерін қалыптастыруға арналған жағдайлармен қамтамасыз ету болып табылады.

      26. Міндеттері:

      қоршаған орта туралы білімін кеңейту және байыту;

      сенсорлық қабілеттерін қалыптастыру;

      өлі және тірі табиғат құбылыстары жайлы бастапқы түсініктерін қалыптастыру;

      жануарлар әлеміне қамқор қарым-қатынас жасауға тәрбиелеу;

      бейнелі-қимылдық ойлауды, есті, қиялды, зейінді, қабылдауды дамыту.

      27. Сенсорика. Сенсорлық саланы қалыптастыру, зейін, қабылдау, ойлау, затты қолдану әрекеттері, түсті, пішінді және көлемді бағдарлауды дамыту.

      28. Сенсорика (1 жастан 1 жас 6 айға дейін).

      Балаларда заттарды сырғымалы лентаның көмегімен, ауа шарын, ойыншық машинаны, арбаны жібінен тарту, жібінен тарта отырып, дыбысын шығара білу қабілеттерін дамыту.

      Орындауға үйрету:

      1) бір-бірімен байланысты тура және кері әрекеттерді орындау: жаю және жинастыру, алу және салу, шарлардың түрлі түсті тығындарын қорапқа, шелекке ауыстырып салуды, оларды еңіс жазықпен сырғанату;

      2) заттарды өлшемі немесе пішіні бойынша сәйкес ұяларға орналастыра отырып, салыстыруға арналған тапсырмаларды орындау;

      3) екі бөліктен тұратын ойыншықтарды, түрлі өлшемдегі 2–3 сақинадан тұратын конустық негіздегі (өзекшесі) пирамидаға, кейіннен тік өзектегі пирамидаға бір өлшемді бірнеше сақинаны, содан кейін түрлі өлшемді екі топтағы сақиналарды белгілі бірізділікпен жинастыру;

      4) қызыл, сары, жасыл, көк, ақ және қара түске боялған: біртекті заттарды тану және жұмыс жасау;

      5) түрлі материалдардан жасалған заттардың шығаратын дыбыстарын, сонымен бірге музыкалық тембрлердің дыбыстарын ажырату.

      29. Сенсорика (1 жас 6 айдан - 2 жасқа дейін).

      Қабілеттерді:

      1) заттар-құралдарды қолдану, олармен әрекет ету, пішінді, көлемді, түсті, дыбысты ажырата білуді;

      2) неғұрлым күрделі заттармен әрекеттерді орындау – таяқшалары бар сақинамен, аулағышпен, қарпығышпен сәйкес келетін ойыншықтар мен шарларды жылжыту, алу және орындарын ауыстыра білуді;

      3) қазықшаларды ылғал құмға балғамен қағып кіргізе білуді;

      4) біртекті заттарды ортақ белгісі: пішіні, түсі бойынша топтастыра білуді;

      5) ұсақ қол моторикасын дамыту үшін заттармен нәзік қимылдар жасауды, дидактикалық ойындарда және тұрмыста балалардың сенсомоторлық "көз-қол" үйлесімділігін қалыптастыруды;

      6) естуді дамыту үшін түрлі дыбыс шығаратын заттармен (қоңыраулар, аспалы металл таяқшалар, шиқылдайтын ойыншықтар, музыкалық ойыншықтар) таныстыруды;

      7) қабылдауды дамыту үшін бір мезгілде екі қасиетті: түс пен өлшемді, пішін мен өлшемді, пішін мен түсті, негізгі төрт түсті (қызыл, көк, сары, жасыл) ажыратуды;

      8) логиканы дамыту үшін пішіні, түсі, көлемі бойынша бір-біріне ұқсас заттарды сәйкестендіру мен топтастыруды қалыптастыру.

      Күтілетін нәтижелер:

      ересектердің көмегімен қарапайым құрылыстарды құрастыра алады;

      іс-әрекет орындауға болатын қарапайым заттар-құралдарды қолданады;

      біртекті заттарды ортақ белгісі (өлшемі, пішіні) бойынша топтастыра біледі;

      түсі мен көлеміне қарамастан таныс заттарды таниды және көрсетеді;

      негізгі төрт түсті ажыратады;ересектердің нұсқауларын түсінеді және айналасындағы кеңістіктен заттарды таба алады.

      30. Жаратылыстану (1 жастан 1 жас 6 айға дейін).

      1) тірі және өлі табиғат құбылыстары туралы бастапқы түсініктерін қалыптастыру;

      2) заттарды, олардың белгілерін, қарапайым әрекеттерді тани білуге, табиғат бұрышындағы аквариумдағы балықтарды, жемсауытқа ұшып келетін құстарды, үй құстары мен жануарларды (ит, мысық, қоян, тотықұс) бақылауға, шөпті, гүлдерді, ағаштарды (бұталарды) ажыратуға үйрету;

      3) өсімдіктер мен жануарларға деген қызығушығын дамыту.

      31. Жаратылыстану (1 жас 6 айдан - 2 жасқа дейін).

      Қоғам өміріндегі кейбір нақты жағдаяттар жайлы қарапайым ұғымдарды қалыптастыру.

      Балаларды:

      1) қоршаған ортадағы және суретте берілген заттарды, көлік түрлерін,үй жануарларын танып, олардың дауыстарына еліктеуді;

      2) жануарлардың ерекшеліктерін, іс-қимылдарын, белгілерін ажырату және атауды;

      3) табиғат құбылыстарын бақылап, оларды атауды;

      4) гүлдеп тұрған бөлме өсімдіктерінің әсемдігіне көңіл бөлуді;

      5) кейбір көкөністер мен жемістер жайлы біліп, оларды суреттерде және шынайы тани білуге үйрету.

      43. Күтілетін нәтижелер:

      кейбір жануарларды шынайы тұрғыда, суреттерден таниды және атайды;

      кейбір көкөністер мен жемістер жайлы біледі, оларды суреттерде және шынайы таниды;

      табиғат құбылыстарын атайды.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет