Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасын бекіту туралы


-параграф. "Әлеумет" білім беру саласы



бет6/15
Дата25.12.2016
өлшемі2,8 Mb.
#4813
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15

13-параграф. "Әлеумет" білім беру саласы

      152.       "Әлеумет" білім беру саласының базалық мазмұны қоршаған ортамен танысу, экология негіздері ұйымдастырылған оқу қызметінде жүзеге асырылады.

      153. Мақсаты жалпы адамзаттық құндылықтар мен ережелер негізінде жеке тұлғаның әлеуметтік дағдыларын қалыптастыру болып табылады.

      154.       Міндеттері:

      ересектердің еңбегі, оның қоғамдық өмірдегі рөлі туралы, жалпы қабылданған нормалар мен ережелер негізінде құрдастармен және ересектермен өзара қарым-қатынастары туралы білімдерін кеңейту;

      отансүйгіштік сезімдерін, еліміздің жетістігіне мақтаныш сезімін тәрбиелеу;

      өзінің еңбегіне, басқа адамдардың еңбегі мен оның нәтижелеріне құндылықты қатынасқа тәрбиелеу;

      құрдастарымен сыпайы қарым-қатынас жасауға тәрбиелеу.

14-параграф. І жартыжылдық

      155. Қоршаған ортамен танысу

      Бала, оның отбасы, үйі

      1) баланың өзі және өзінің жағдайы туралы түсініктерін кеңейту. Өзін-өзі тануға ұмтылысын қолдау. Баланың туыстық қатынастарды түсінуіне ықпал ету;

      2) балалардың отбасы мүшелері бейнеленген суреттерді қарастыру, отбасы мүшелерін, олардың әрекеттері мен өзара қарым-қатынастарын атау дағдыларын қалыптастыру.

      Заттық әлем

      Балаларды заттық әлеммен таныстыру және онымен әрекет жасау дағдыларын қалыптастыру. Жақын маңайдағы заттарды ажыратып, атай білу біліктерін жетілдіру.

      Білімдерін қалыптастыру:

      1) таныс емес заттардың қолданысы туралы;

      2) қоршаған ортадағы заттардың қолданысы, құрылысы, материалы арасындағы байланысы туралы;

      3) ұлттық киімді дайындау, әшекейлер туралы;

      4) көлік түрлерінің қолданысы (әуе, су, жерде жүретін көліктер);

      5) жүктің сипаты және қолданылуы машинаның құрылысына тәуелділігі туралы (жедел жәрдем, өрт сөндіру машинасы және тағы басқа);

      6) мамандықтар және ересектердің еңбегі туралы;

      7) телефон, компьютер, теледидардың қолданысы туралы білімдерін қалыптастыру және оларды пайдаланудың кейбір қарапайым ережелерімен таныстыру. Адамдарға еңбектері үшін алғыс айтуға және еңбектің нәтижесіне құрмет көрсете білуге тәрбиелеу.

      Әртүрлі мамандықтағы адамдар туралы ұғым

      Балабақша қызметкерлері мен олардың еңбек әрекеттері, адамның тұратын үйі, балабақша, мектеп, ересектердің еңбектері туралы білімдерін жетілдіру.

      Қалалар мен ауылдардың атаулары, олардың көрікті жерлері, ауыл мен қала өмірінің ерекшеліктері туралы білімдерін бекіту.

      Біздің еліміздің қорғаны әскер туралы білімдерін қалыптастыру.

      Қазақстан республикасының бас қаласы – Астана туралы білімдерін суреттерді, альбомдарды қолданып, қарастыру арқылы қалыптастыру.

      Балаларды мемлекеттік мерекелерге қатысуға баулу.

      Мемлекеттік рәміздер туралы (Ту, Елтаңба, Әнұран) білімдерін қалыптастыру.Өз елінің рәміздеріне құрметпен қарауға тәрбиелеу.

      Жолда жүру ережелері

      Көлік түрлері, жол бөліктері (тротуар, жолдың жүру бөлігі мен жаяу жүргінші өтетін жол және жерасты өту) ,бағдаршам белгілері, жолда жүру ережелері туралы білімдерін қалыптастыру.

      Күтілетін нәтижелер:

      өзі туған елді мекенін, туған елін атайды;

      қазақ киіз үйі оның құрылысы ішіндегі заттарды, ұлттық киімдер мен әшекейлерді атайды және ажыратады;

      еңбек адамдарына және олардың еңбектерінің нәтижелеріне құрмет көрсетеді;

      әскердің міндеті туралы түсініктерге ие;

      мемлекеттік және ұлттық мерекелерге қатысады;

      мемлекеттік әнұранды біледі және оны кеудесінің сол жағына қолын қойып айтады;

      бағдаршамның белгілері, көшеде, өткелде өзін дұрыс ұстауды біледі;

      халық дәстүрлеріне негізделген адамгершілік мінез-құлық нормаларын орындайды, ересектер мен кішілерге құрмет көрсетеді.

      156.Экология негіздері

      Өлі және тірі табиғат құбылыстары мен заттары

      1) балалардың өлі табиғат объектілері - су, жер, ауа, күннің көзі туралы білімдерін бекіту;

      2) табиғат құбылыстары: жел, жаңбыр, тұман туралы түсініктерін кеңейту.

      Табиғаттағы маусымдық өзгерістері

      1) күзгі, қысқы табиғатты, олардың қарапайым өзгерістерін бақылау дағдыларын дамыту;

      2) адамдардың күзгі, қысқы әрекеттеріне балалардың зейін аудару дағдыларын қалыптастыру.

      Өсімдіктер әлемі

      1) көкөністер мен жемістерді ажыратып, атау дағдыларын жетілдіру;

      2) бөлме өсімдіктері, олардың ерекшеліктері туралы білімдерін жетілдіру. Бөлме өсімдіктеріне және табиғат бұрышындағы жануарларға күтім жасау, өсімдіктердің өсіп-өнуі үшін қажетті жағдайлар туралы білімдерін қалыптастыру. Адамның табиғатқа деген қамқорлық қатынасының маңызы туралы білімдерін қалыптастыру;

      3) балалардың бөлме өсімдіктерін өсіріп, оларға күтім жасауға қызығушылықтарын және ынталарын тәрбиелеу. Оларға ұқыптылықпен және қамқорлықпен қарауға баулу;

      4) балабақша ауласындағы кейбір ағаштардың, бұталардың түрлері жайлы білімдерін қалыптастыру. Ағаштардың бөліктерін тауып, атай білу дағдыларын бекіту;

      5) өсімдіктерге арналған белгілі жағдайлардың қажеттілігін түсіну дағдыларын қалыптастыру.

      Жануарлар әлемі

      1) үй жануарлары және олардың төлдері; жабайы жануарлардың тіршілігі; табиғат бұрышын мекендеуші жануарлар туралы түсініктерін кеңейту. Тірі объектілерге күтім жасауға арналған құралдар және табиғат бұрышындағы өсімдіктер туралы білімдерін қалыптастыру;

      2) жабайы жануарлардың күз мезгіліндегі тіршілігі жайлы түсініктерін (сыртқы түрі, тіршілік ету ортасы, мекені, азығы, қысық дайындығы) кеңейту.

      3) үй және дала құстары туралы білімдерін кеңейту;

      4) қыстап қалатын және жыл құстары туралы білімдерін, оларды ажыратып, атай білулерін қалыптастыру;

      5) табиғаттағы қарапайым тәртіп ережелері туралы білімдерін қалыптастыру.

      Күтілетін нәтижелер:

      өлі табиғат объектілерін ажыратады және атайды;

      кейбір табиғат құбылыстарын, табиғаттағы және ауа райындағы маусымдық өзгерістерді ажыратады және атайды;

      4-5 ағаштардың түрлерін, бұталарды, шөптесін өсімдіктерді, гүлдерді, жидектерді, саңырауқұлақтарды, көкөністер мен жемістерді; үй және жабайы жануарларды атайды және ажыратады;

      өсімдіктер мен жануарларға күтім жасаудың қарапайым әдістерін біледі.

15-параграф. II жартыжылдық

      157.       Қоршаған ортамен танысу

      Бала, оның отбасы, үйі

      1) отбасы туралы, отбасының ересек мүшелерінің еңбегі туралы білімдерін жетілдіру. Отбасының ересек және кіші мүшелеріне сыйластықпен және қамқорлықпен қарым-қатынас жасауға тәрбиелеу. Отбасындағы сүйікті адамдары, отбасылық мерекелері, дәстүрлері туралы өздігінен әңгімелеу дағдыларын қалыптастыру. Балаларды отбасылық мерекелер мен салтанаттарға даярлыққа қатысуға баулу;

      2) заттық-кеңістіктік дамытушы ортада отбасылық қатынастарды және отбасындағы ересектер еңбегін сипаттайтын ойын әрекеттерін орындау.

      Заттық әлем

      1) қоршаған заттар, олардың қасиеттері және міндеттері туралы білімдерін кеңейту. Материалды ескере отырып, заттар мен нысандарды іріктеу, топтастыру, тану біліктерін қалыптастыру;

      2) балаларды ұлттық киімді, тұрмыс заттары мен әшекейлерді даярлаумен таныстыруды жалғастыру;

      3) ойыншықтарға, кітаптарға, ыдыстарға ұқыпты қарау дағдыларын тәрбиелеу.

      Байланыс, қозғалыс құралдары

      Қозғалыс ортасын ескере отырып, көлік құралдарын танып және атай білу дағдыларын қалыптастыру. Әртүрлі көлік құралдары мен оларды басқаратын адамдар туралы білімдерін жетілдіру. Көлікте жұмыс істейтін адамдарға сыйластықпен қатынас жасауға тәрбиелеу.

      Ересектердің еңбегі

      1) ересектер еңбегі туралы білімдерін жетілдіру. Ауыл шаруашылығындағы ересектер еңбегі туралы білімдерін қалыптастыру.Ауыл шаруашылығы жұмысшылары еңбегінің мәнін түсіну (қаламен ауылдың байланысы), диқанның еңбегі туралы білімін қалыптастыру. Нанға және азық-түлік өнімдеріне ұқыпты қарауға тәрбиелеу;

      2) балабақша қызметкерлерінің еңбегі туралы білімдерін нақтылау, оған сыйластықпен қарым-қатынас жасауға тәрбиелеу.

      Менің Отаным – Қазақстан

      1) фотосуреттерді, халық өмірі туралы картиналарды, ұлттық сәндік өнер бойынша альбомдарды, тұрмыстық заттар мен ұлттық үлгіде дайындалған киімдерді пайдалана отырып, Қазақстан Республикасы және онда тұратын әртүрлі ұлт өкілдері туралы түсініктерін қалыптастыру;

      2) Қазақстан әскері туралы түсініктерін кеңейту. Қазақстан мәдениетінің қайнар көзіне баулу. Халық музыкалық аспаптары туралы білімдерін қалыптастыру. Музыкалық шығармаларды тыңдау дағдыларын қалыптастыру.

      Жолда жүру ережелері

      Бағдаршам түсінің белгілеріне сәйкес көшеден өту дағдыларын жетілдіру. Жаяу жүргіншілер үшін ережелер, "Жаяу жүргінші өткелі" жол белгісі туралы білімдерін қалыптастыру.

      Іздеу зерттеу әрекеті

      Дағдыларды қалыптастыру:

      1) қарапайым тәжірибелер мен зерттеу жүргізу, қарапайым себеп-салдарлық байланыстарды орнату;

      2) заттарды белгілі реттілікпен орналастыру;

      3) түрлі материалдар олардың сапалары мен қасиеттері туралы білімін жетілдіру;

      4) бастаған ісін аяғына дейін жеткізу.

      Қарапайым тәжірибелерді жүргізуге қызығушылық пен зейін аударуға тәрбиелеу.

      Күтілетін нәтижелер:

      отбасының ересек мүшелерінің еңбегі туралы біледі;

      отбасында ересектер мен өзінен кішілерге сыйластық және қамқорлық қарым-қатынас танытады;

      материалды ескере отырып, заттар мен нысандарды тани алады;

      ойыншықтарға, кітаптарға, ыдыстарға ұқыпты қарайды;

      кейбір мамандықтардың маңызын, атауларын біледі;

      қарапайым тәжірибелерді жүргізуге қызығушылық танытады;

      қарапайым себеп-салдарлық байланыстарды орнатады.

      158. Экология негіздері

      Өлі және тірі табиғат құбылыстары мен заттары

      Өлі табиғат объектілері туралы білімдерін кеңейту және бекіту.

      Табиғаттағы маусымдық өзгерістер

      1) көктем, қыс мезгілдерінде табиғатты бақылау дағдыларын дамыту;

      2) өктем мезгілінде адамдардың іс-әрекетіне зейіндерін аудару дағдыларын дамыту;

      3) ауа райын бақылау дағдыларын жетілдіру және бақылау нәтижелерін табиғат күнтізбесіне белгілеу;

      Өсімдіктер әлемі

      1) балабақша ауласындағы және жақын маңайдағы өсімдіктер туралы білімдерін бекітуді жалғастыру, оларды ажыратып, атауға үйрету;

      2) 4-5 көкөністер мен жемістердің түрлерін, бөлме өсімдіктерін, ағаштар мен бұталарды танып, атай білу дағдыларын бекіту;

      3) ағаштың және гүлдің бөліктерін атай білу дағдыларын бекіту.

      Білімдерін қалыптастыру:

      1) өсімдіктер және олардың көктем мезгіліндегі тіршілігі жайлы;

      2) шөптесін өсімдіктер (4-5 түрлері), жемістер, саңырауқұлақтар туралы;

      3) өсімдіктердің орманда, бақта, бауда, далада өсетіндері туралы;

      4) пияздың және шөптің бөлмедегі жағдайда өсуі туралы;

      5) өсімдіктер әлеміне қамқорлық жасау туралы.

      Жануарлар әлемі

      1) үй жануарларын және жабайы жануарларды ажыратып, атай білуді бекіту. Табиғат бұрышындағы өсімдіктерге және жануарларға қамқорлық жасау дағдыларын жетілдіру;

      2) көктем, жаз мезгіліндегі жануарлардың тіршілігі жайлы түсініктерін жетілдіру;

      3) кейбір жәндіктердің түрлері туралы, олардың тіршілігі туралы түсініктерін кеңейту;

      4) кейбір бауырмен жорғалаушылар туралы түсініктерін қалыптастыру.

      Табиғаттағы өзін-өзі ұстау ережелері

      Табиғаттағы тәртіп ережесімен таныстыруды және балаларды табиғат бұрышындағы өсімдіктер мен жануарларға қамқорлық жасауға ынталандыруды жалғастыру.

      Күтілетін нәтижелер:

      өсімдіктер мен жануарлардың өсіп-өнуіне қажетті кейбір жағдайларды біледі;

      4-5 үй және жабайы жануарларды, қыстап қалатын және жыл құстарын, жәндіктерді, өсімдіктерді, бұталарды, ағаштарды атайды;

      жануарлардың табиғаттағы тіршілік етуі туралы түсініктері бар;

      табиғаттағы өзін-өзі ұстау қарапайым ережесін біледі;

      табиғат бұрышындағы өсімдіктер мен жануарларға күтім жасаудың қарапайым дағдыларын меңгерген;

      тіршілік иелеріне аяушылық, жанашырлық танытады.

6-тарау Ересектер тобы

(5 жастан 6 жасқа дейін)

1-параграф. "Денсаулық" білім беру саласы

      159. "Денсаулық" білім беру саласының базалық мазмұны дене шынықтыру, қауіпсіз мінез-құлық негіздері ұйымдастырылған оқу қызметінде іске асырылады:

      160. "Денсаулық" білім беру саласын ұйымдастыру және өткізу балалардың өмірін қорғауға, денсаулығын нығайтуға және негізгі қимыл түрлерін қалыптастыруға бағытталған.

      161. Мақсаты денсаулық сақтау технологиясын қолданып, ойындар мен жаттығулар арқылы денешынықтыруға қызығушылықты, қауіпсіз мінез-құлық негіздерін қалыптастыруболып табылады.

      162. Міндеттері:

      дене сапаларын қалыптастыру;

      тұрмыста, көшеде, табиғат жағдайларында қауіпсіз мінез-құлық дағдыларына жаттықтыру;

      негізгі қимылдарды жетілдіру арқылы балалардың қимыл тәжірибелерін байыту;

      шығармашылық, танымдық және сөйлеу қабілеттерін дене шынықтырудың түрлі нысандарында дамыту;

      балалардың дене қалыптарының дұрыс дамуына, қимылдарының үйлесімділігіне, жалпақ табандылықтың аладын-алуға медициналық- педагогикалық бақылау жүргізу.

2-параграф. І жартыжылдық

      163. Дене шынықтыру

      Бұрын үйретілген жаттығуларды қайталау, бекіту, қимыл біліктері мен дағдыларын жетілдіру.

      Жалпы дамытушы жаттығулар "Қол кеуденің алдында" қалпынан қолды жанына қарай созу, "қолды желкеге қою" қалпынан қолды жоғары көтеру және жанына қарай созу; қол саусақтарын айқастыру "құлып", алға-жоғары көтеру (алақанды сыртқа қарай айналдыру); қолды бір мезгілде жоғары-артқа бір мезгілде және кезектесіп көтеру.

      Допты басынан асыра (алға және артқа) бір-біріне беру. Қолды алға созып оңға, солға бұрылу, гимнастикалық қабырғаға қарап тұрып, белінің тұсынан жіңішке тақтайшаны ұстап, алға еңкейіп, иілу, гимнастикалық қабырғаға арқасымен тіреліп тұрып, қолын белінің тұсына сай рейкадан ұстап, аяқты кезектестіре бүгу және тік көтеру, алға еңкейіп, алақанын еденге тигізу, айқасқан қолдарын артына көтеру, екі жанына созылған қолдарын жоғары көтеру, тізерлеп тұрып, алға еңкею, отыру. 5 метрге дейін қолмен жүру (екінші бала бірінші баланың аяғынан ұстап жүреді).

      Іштің бұлшық еттеріне (пресс) арналған жаттығулар. Екі бала жұптасып жасайды: бірінші бала қолын желкесіне қойып, шалқасынан жатып, денесін көтереді, екіншісі оның аяғына отырады (5–6 рет); гимнастикалық қабырғада қолдарымен тартылып тұрып, аяқтарын қосып сермейді (5–6 рет). Топтасып отырған күйі алға, артқа "әткеншек" жасап домалау (5–6 рет), 3 метрге дейін қолдың көмегімен етпетінен жатып еңбектеу. Қолдарын алға созып, 6–7 рет қатарынан жартылай отырып, тұру. Аяқты кезекпен алға және жан-жаққа қойып, отыру; ұсақ заттарды аяқтың саусақтарымен қысып алып, орнын ауыстыру.

      Негізгі қимылдар

      1) жүру: Сапта бір қатармен, аяқтың ұшымен, өкшемен жүру; тізеден бүгілген аяқты жоғары көтеру, заттарды аттап өту, түрлі қарқында, тәрбиешінің белгісімен тоқтау, қозғалыс бағытын өзгерту, шашырап, заттар арасымен, адымдап алға қарай жүру, қадамды алмастыра жүру. Жүру мен жүгіруді қайталап кезектестіру;

      2) жүгіру: шашырап; жұптасып, бір қатармен, заттарды аттап, бір сызыққа қойылған заттар арасымен "жыланша" ирелеңдеп, кедергілерден өту арқылы, табиғи жағдайларда кедергілерден өту арқылы, түрлі жылдамдықпен – баяу, жылдам, орташа қарқынмен 1,5–2 мин тоқтаусыз жүгіру;

      3) секіру: бір орында тұрып, алға қарай 3–4 м қашықтыққа жылжу арқылы секіру, тізенің арасына қапшықты қысып, қос аяқтап; түзу бағытта (арақашықтығы 6 м); қос аяқтап заттар арасымен (арақашықтығы 4 м), оң және сол аяқтарымен кезектесіп заттар арасымен (арақашықтығы 3 м), орнынан биіктікке, арқаннан, сызықтан аттап секіру, оң және сол аяғын кезектестіріп секіру, биіктіктен секіру, 20 см дейінгі биіктіктікке секіру;

      4) лақтыру, қағып алу, домалату: қос қолмен допты жоғары, жіптің үстінен лақтыру, допты еденнен ыршытып жоғары лақтырып, қос қолмен қағып алу (4–5 рет), допты бір қатарға қойылған заттар арасымен домалату, допты қабырғаға ұрып және еденнен ыршытып қос қолмен қағып алу, 2–2,5 м арақашықтықтағы нысанаға құм салынған қапшықты, асықты дәлдеп лақтыру, допты екі қолымен бір- біріне (арақашықтығы 1,5–2 м) басынан асыра лақтыру, допты екі қолымен заттар арасымен жүргізу (арақашықтығы 4 м), алға қарай жылжып, қос қолмен допты лақтырып, қайта қағып алу (арақашықтығы 4–5 м);

      5) еңбектеу, өрмелеу. Биіктігі 40 см жіптің астынан қолды еденге тигізбей, бүйірімен еңбектеу, гимнастикалық орындық үстінде ішпен еңбектеу, көлбеу басқышпен өрмелеп гимнастикалық қабырғаға өтіп, сатыдан ұстай отырып қайта түсу, гимнастикалық орындық астынан еңбектеу, доға астымен еңбектеу (биіктігі 50 см), доғаның астымен қолына допты ұстап еңбектеу (биіктігі 50 см), құрсаудың ішіне кіру(биіктігі 50 см), көлбеу басқышқа шығу, доғаның астымен төрт тағандап, допты басымен итеріп еңбектеу, кедергілер арасынан және қолды еденге тигізбей доға астынан еңбектеу; қолды еденге, құрсаудың шетіне тигізбей оң және сол жақ бүйірімен топталып құрсаудың ішінен өту;

      6) тепе-теңдікті сақтау. Заттардан аттап жүру, шектелген беткей үстімен адымдап, аяқ ұшымен жүру, орындық үстімен текшелерден аттап, қосалқы қадаммен арқан бойымен (өкшені арқанға, аяқ ұшын еденге), әр қадам сайын допты алдынан немесе артынан қолдан-қолға ауыстыра отырып орындық үстімен, кедір-бұдыр тақтай үстімен жүру;

      7) сапқа тұру, сап құрылымын өзгертіп қайта тұру. Сапқа бір, екі, үш қатармен тұру, сап түзеуден бір және екі, үш қатармен қайта тұру, бір орында және қимыл үстінде оңға, солға бұрылу, қатарда – қолды алға, сап түзеп жүргенде және шеңбер жасағанда – қолды жан-жаққа созып тік тұру; оңға, солға бұрылу, тұрған орнында айналу.

      Музыкалық-ырғақтық қимылдар.. Музыка ырғағына сәйкес түрлі қарқында қимылдар жасау. Өздеріне таныс дене жаттығуларын музыка әуенімен әсем де, ырғақты етіп орындау. Аяқты өкшеге кезектестіріп қойып, топылдату. Бір қырымен тізе бүге отырып жүру. Қарапайым музыка ырғағына сай қолды шапалақтау. Түзу бағытта шоқырақтап жүру. Жұптасып, шеңбер бойымен қозғалу.

      Спорттық жаттығулар

      1) шанамен сырғанау. Төбешіктен бір-бірлеп және екі-екіден шанамен сырғанау. Шанамен төбешікке көтерілу;

      2) сырғанау. Өздігінен мұзды жолмен жүгіріп келіп сырғанау; сырғанау кезінде тізені бүгіп және орнынан тұру;

      3) шаңғымен жүру. Оң және сол аяқтарымен сырғанай отырып, бірінің артынан бірі кезектескен адыммен алға жылжу. Қиылысқан бос жерлермен жүру. Бір орнында тұрып айналып оңға, солға аттау, екі жаққа шеңбер жасау;

      4) велосипед, самокат тебу. Шеңбер бойымен және тура жолмен қос дөңгелекті велосипед тебу. Оңға және солға бұрылу;

      5) жүзу. Судың таяз жерінде отырып және жатып аяқпен қимылдар жасау (жоғары және төмен). Судың ішінде қолымен алға, артқа жүру (аяғы денесімен деңгейлес созылған). Иек, көз деңгейіне дейін суға отыру, суға бетін батыру, суға үрлеу;

      6) судағы аэробика. Бұрылыстар жасай отырып, суда қимылдар жасау.

      Спорттық ойын элементтері

      1) баскетбол. Кеуде тұсынан қос қолмен допты бір-біріне лақтыру. Допты оң және сол қолмен алып жүру;

      2) бадминтон. Воланды ракеткамен белгілі бір жаққа бағыттай отырып қағып лақтыру;

      3) футбол. Берілген бағытқа допты оң және сол аяқпен домалату. Доппен затты айналдыра жүру. Допты шұңқырға, қақпаға домалату. Допты қатарынан бірнеше рет қабырғаға соғу;

      4) хоккей. Берілген бағытта, қақпаға доптаяқпен шайбаны сырғанату, оны қақпаға енгізу.

      Дербес қимыл белсенділігі

      Ойындарды дамытуға ықпал ететін, спорттық жабдықтармен және түрлі құралдармен қамтылған қозғалыстық ортаны жасау. Көпнұсқалық ойындар үшін кеңістікті ұйымдастыру. Құрдастарымен жарыстар ұйымдастыру, олардың ережелеріне бағыну дағдыларын қалыптастыру.

      Сауықтыру-шынықтыру шаралары

      Балалардың қарапайым су шараларын жүргізудің дербес дағдыларын бекіту. Ертеңгілік гимнастиканы таза ауада (10-12 минут) орындауға қызығушылықтарын ояту. Дене бітімін және аяқ өкшелерінің нығаюын қалыптастыру.

      Күтілетін нәтижелер:

      ертеңгілік гимнастиканың жаттығулар кешенін орындай алады, негізгі қимылдардың алуан түрлерін орындауда сандық және сапалық көрсеткіштерге ие;

      қозғалыс ойындарында ойын ережелерін сақтайды;

      бір қатарға қайта тұра алады, сап түзеп жүруден бір және екі қатармен қайта тұра алады, бір орында бұрылады;

      спорттық ойын элементтерін және жаттығуларын меңгерген;

      гигиеналық шараларды дербес орындайды;

      шынықтыру шараларының маңыздылығы мен қажеттілігін түсінеді.

      164. Қауіпсіз мінез-құлық негіздері

      1) адамның дене құрылысы, оның маңызды мүшелері туралы білімдерін, жұқпалы аурулар туралы, аурулардың алдын алудың негізгі шаралары туралы түсініктерін қалыптастыру;

      2) негізгі азық-түлік тағамдары туралы білімдерін кеңейту. Үйде, көшеде, қоғамдық орындарда кейбір қауіпсіздік ережелерімен таныстыру;

      3) өзінің және басқа балалардың ауырғанын сезінген жағдайда ересектерден көмек сұрауға үйрету.

      Күтілетін нәтижелер:

      адамның дене құрылысы, маңызды мүшелері жайлы біледі;

      негізгі пайдалы азық-түліктерді атайды;

      аурулардың алдын алудың негізгі шаралары туралы түсінікке ие;

      үйде, көшеде, қоғамдық орындарда қауіпсіздіктің кейбір ережелерін біледі.

3-параграф. IІ жартыжылдық

      165. Дене шынықтыру

      Жалпы дамытушы жаттығулар.       Бір қолдан екінші қолға затты алға, арқаға, басынан асыра қайта қою. Қолды алда шапалақтау және арқа артына қою. Қолдың білектерін айналдыру. Қолдың саусақтарын жазып, жұму.

      Кеудеге арналған жаттығулар. Отыру, бұрылып затты артына қою, қайтадан артқа бұрылып затты алу. Шалқасынан жерде жатып, аяқты жоғары көтеру, велосипед тепкендей аяқты қимылдату. Тізерлеп отырған қалыптан оң және сол аяққа кезекпен салмақ түсіре отыру. Етпетінен жатып аяқты бүгу, қайта жазу (алдымен бір аяғын, содан соң екі аяғын бірге). Шалқасынан жату, етпетіне ауысу. Етпетімен жатып қолды жан-жаққа созу, иығын бүгу және аздап жоғары көтеру.

      Аяққа арналған жаттығулар. Аяқтың басын таяққа, арқанға тірей отырып, өкшемен бір жағымен қырындап жүру. Таяқ, білікше бойымен (диаметрі 6–8 см) табанның ортасын тірей отырып, бір қырындап жылжу. Табанды бүгу, түзулеу, айналдыру.

      Дене күшін арттыратын жаттығулар. 6 метрге дейін қолмен жүру (екінші бала бірінші баланың аяғынан ұстап жүреді).

      Іштің бұлшық еттеріне (пресс) арналған жаттығулар. Екі бала жұптасып жасайды: бірінші бала қолын желкесіне қойып, шалқасынан жатып, денесін көтереді, екіншісі оның аяғына отырады (7–10 рет); гимнастикалық қабырғада қолдарымен тартылып тұрып, аяқтарын қосып сермейді (7–10 рет).

      Арқаға арналған жаттығулар: топтасып отырған күйі алға, артқа "әткеншек" жасап домалау (7–10 рет), 5 метрге дейін қолдың көмегімен етпетінен жатып еңбектеу.

      Негізгі қимылдар

      Бұрын үйретілген жаттығуларды қайталау, қимыл дағдыларын бекіту және жаттықтыру.

      1) жүру. Белгі бойынша бір қатармен бір-бірлеп, екінші жаққа бұрылу арқылы жүру, тізені жоғары көтере отырып секіргіштен аттау арқылы, доптан аттап бір жанымен, кегльдер арасымен жүре отырып, 40 см қашықтықта қойылған жіптерден оң және сол аяқты алмастыра отырып, аттап жүру;

      2) жүгіру: Заттарды аттап өтіп бір-бірден бір қатарда, тізені жоғары көтере отырып, бағытсыз ирелеңдеп, 2 мин дейін заттардың арасымен үздіксіз жүгіру, жылдамдыққа, кегльдер арасымен жүре отырып, жүрумен алмастыра отырып 100–120 м қашықтыққа; белгіленген жерге дейін жылдамдыққа (ұзындығы 20 м) жүгіру; қырлы бөренелерден аттау арқылы орташа қарқынмен бір-бірлеп бір қатарда жүгіру; үш қатарға қайта сап түзеу арқылы (жолай кегльді алу); баяулатып, сап түзеу арқылы жылдамдыққа ирелеңдеп жүгіру; қиылысқан жерлермен баяу жүгіру;

      3) секіру: Ұзын және қысқа секіртпемен қос аяқтап, ыршып-ыршып, бір аяқтан екінші аяққа алға айналдыра отырып және қос аяқтап ыршып секіруді алмастырып алға, артқа секіру; бір орында және 6–8 м қашықтыққа алға қарай жылжу арқылы секіру; арақашықтығы 40 см құрсаудан келесі құрсауға бір аяқтап және қос аяқтап; екпінмен биіктікке; екпінмен ұзындыққа; бір орыннан ұзындыққа; қос аяқтап, аяқтың оң бүйірімен (3 рет), одан соң 180 градусқа бұрылып, сол бүйірімен секіруді жалғастыру;

      4) лақтыру, қағып алу, домалату: 4 м арақашықтықтан қапшықты тік нысанаға иықтан асырып, оң және сол қолмен лақтыру; допты бір қолмен еденнен ыршытып, қос қолмен қағып алу, бір қолымен жоғары лақтырып, бір қолымен қағып алу;

      5) еңбектеу, өрмелеу. Құрсауларды айналдырып, олардың ішінен өту; орындықтан еңбектеп өтуді жүрумен алмастыру. 3–4 доғаның астынан еңбектеп өту; гимнастикалық қабырғаның басына дейін сатыдан аттамай бір және бірнеше тәсілмен өрмелеп, басқа аралыққа ауысып төменге түсу, арқаға қапшық қойып төрт тағандап еңбектеу, қырынан қойылған сатының тақтайшалары арасынан еңбектеп өту;

      6) тепе-теңдікті сақтау. Арқан, жіптің бойымен басына қапшықты қойып, бір жақ жанымен қырындап адымдап жүру; гимнастикалық орындық үстімен арақашықтығы баладан екі қадам қашықтықта қойылған толтырылған доптардан аттап жүру, бір-бірінің қолдарынан ұстап жұптасып айналу, көтеріңкі заттың үстімен жүру, көлденең және көлбеу бөрене бойымен жүру және жүгіру, "Қарлығаш" жаттығуын орындау;

      7) сапқа тұру, сап құрылымын өзгертіп қайта тұру. Сап түзеу және сапқа қайта тұрудың бұрын игерілген әдістерін қайталау және жетілдіру. Жүру барысында жұптасып және қайтадан бір қатарға тұру; педагогтың тапсырмаларын орындай отырып, жүру және жүгіру кезінде сапта тұрып бір қатардан үш қатар құру, қимыл процесінде жұптасу және қайтадан бір қатарға тұру, саптағы бір қатардан үш, төрт қатарға қайта сап түзеп тұру.

      Музыкалық-ырғақты қимылдар. Музыка ырғағына сәйкес түрлі қарқында қимылдар жасау. Өздеріне таныс дене жаттығуларын музыка әуенімен әсем де, ырғақты етіп орындау. Түзу бағытта шоқырақтап жүру. Жұптасып шеңбер бойымен қозғалу. Жұптасып үйлесумен және айырылу арқылы сапқа қайта тұру. Басты екі жаққа еңкейту, "серіппелі" отырып-тұру арқылы қосалқы қадам басу, қолдың қимылдары бірге жасалады.

      Спорттық жаттығулар

      1) шанамен сырғанау. Шанамен төмен сырғанау кезінде тежеу. Бір-бірін сырғанату. Шанамен төбешікке көтерілу;

      2) сырғанау. Сырғанау кезінде тапсырмалар орындау;

      3) шаңғымен жүру. Тікелей, шырша адымдармен төбешікке шығу. Еңкейіп төмен түсу. Шаңғыны өздігімен алу, орнына қою, кию, шешу, қолтығының астында алып жүру;

      4) велосипед, самокат тебу. Оң және сол аяқпен итеріліп, самокат тебу;

      5) жүзу. Суға басын батырып отыру. Хауыздың қабырғасынан екі аяқтап күшпен алға ұмтылу жаттығуын жасау. Шалқасынан және кеудесімен сырғанау, суға дем шығару. Баланың өзіне ыңғайлы кез-келген тәсілмен жүзу;

      6) судағы аэробика. Бұрылыстар, секірулер жасай отырып судағы қимылдар, ернеуде тұрып, басқа да жалпы дамытушы жаттығуларды жасау.

      Спорттық ойын элементтері

      1) "Городки". Бастапқы қалыпты дұрыс ұстап тұрып, таяқты бір қырындап лақтыру. 3–4 пішінді білу. Қалашықты (2–3 м) және (5–6 м) аралықтан таяқ лақтырып құлату;

      2) баскетбол. Кеуде тұсынан қос қолдап допты лақтыру. Ойынды командамен ойнауға үйрену;

      3) бадминтон. Воланды ракеткамен белгілі бір жаққа бағыттай отырып, қағып лақтыру. Тәрбиешімен жұптасып ойнау;

      4) футбол. Жұптасып тұрып, допты аяқпен бір-біріне домалату, аяқпен қатарынан бірнеше рет қабырғаға соғу;

      5) хоккей. Жұптасып тұрып шайбаны бір-біріне сырғанату.

      Дербес қимыл белсенділігі

      Балалардың қимылды ойындарды дербес ұйымдастыруына жағдай жасау, игерген қимыл дағдыларын серуенде жетілдіру. Серуен өткізілетін орынды дұрыс жабдықтау.

      Қыс мезгілінде мұзды жолдармен сырғанауға, шаңғымен жүруге, хоккей ойындарына, шанамен сырғанауға, көктем, жаз мезгілдерінде велосипед тебуге, футбол, бадминтон, баскетбол ойындарына жағдай жасау.

      Айына 1 рет сауық-кеш, денешынықтыру мерекелері жылына – 2 рет, қыста және жазда ұйымдастырылады.

      Сауықтыру-шынықтыру шаралары

      1) қарапайым су процедураларын жүргізудің дербес дағдыларын бекіту. Жергілікті процедуралардың температурасын біртіндеп төмендету;

      2) қарама-қарсы температурадағы сумен шайыну. Балалардың денсаулықтарын ескере отырып, шынықтыру шараларына біртіндеп үйрету;

      3) ертеңгілік гимнастиканы (10-12 минут) орындауға қызығушылықтарын ояту, дене бітімін және аяқ өкшелерінің нығаюын қалыптастыру.

      Күтілетін нәтижелер:

      негізгі қимылдарды орындау техникасын меңгерген;

      балалар тобымен қозғалыс ойындарын ұйымдастыру дағдыларын игерген;

      спорттық ойындардың элементтерін орындайды, спорттық жаттығуларды орындау техникасын біледі;

      шынықтыру шараларының маңыздылығы мен қажеттілігін түсінеді;

      таңертеңгі гимнастиканы орындауға қызығушылық танытады;

      дене бітімін дұрыс қалыптастыру мен аяқ табанын нығайтуға арналған жаттығуларды орындайды;

      негізгі қимылдарды орындауда шығармашылық танытады.

      166. Қауіпсіз мінез-құлық негіздері

      1) өзіңді таны. Сезім мүшелері. Олардың қызметі. Өз дене мүшелеріне күтім жасау;

      2) тамақтану. Дәрумендер туралы білім. Су және оның ағзаға қажеттілігі. Азық-түліктер, оларды қолдану тәсілдері;

      3) аурудың алдын алу. Табиғи факторлардың көмегімен шынықтыру. Ұйқы мен демалысты дұрыс ауыстыру – денсаулық кепілі. Зиянды және пайдалы әдеттер. Әртүрлі азық-түліктерді дайындаудың қарапайым тәсілдері және оларды қолдану. Өзінің және жолдасының сыртқы келбетіне қарап, денсаулық жағдайын анықтай білу, ересектерден көмек сұрау;

      4) өзіңе және өзгелерге көмектес. Шамалы жарақаттанғанда көмек көрсету ережесін білу. Дене шынықтыру жаттығулары арқылы босаңсу кезінде тыныштандыру кешені жайлы білу;

      5) табиғатты қорғау. Ағаштың түрлері туралы білу. Өсімдіктің түрлерін анықтай білу;

      6) әлеуметтік әлем. Үйде өзін қауіпсіз ұстаудың қарапайым ережелері. Төтенше қызметтердің телефондарын білу. Балабақшаның ойындық және спорттық орындарында құралдарды қажетіне қарай қолдана білу.

      Қоғамдық орындарда қарапайым мәдениеттілік және қауіпсіз мінез-құлық ережелерін меңгеру. Жалпыға ортақ құрал-саймандарды ұқыпты және дұрыс қолдана білу (жеделсатылар, лифттер, әткеншектер).

      Күтілетін нәтижелер:

      маңызды мүшелердің қызметін біледі, азық-түліктердің атауларын және оларды қолдану тәсілдерін біледі;

      жұқпалы аурулар мен олардың белгілері туралы ұғымдарға ие;

      үйде, көшеде, қоғамдық орындарда қауіпсіздік мінез-құлық ережелерін біледі және атайды;

      өзінде және өзгелерде алғашқы ауру белгілерін байқаған жағдайда ересектерден көмек сұрай алады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет