8-параграф. І жартыжылдық
185. Қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыру
Жиын.
Санның белгілі бір заттың өлшемін көрсететін көрсеткіш екендігі, жиын түрлі элементтерден құрылатындығы жайлы түсінігін дамыту. "Бір" деген ұғым – бір ғана заттың санын ғана емес, сонымен қатар бүтін бір топтың жиынтығын да білдіретіндігін ұғындыру.
Сан, санау.
Математикалық терминдерді қолдана білуді қалыптастыру. 6 саны көлеміндегі сан мен цифр туралы ұғымдарын қалыптастыру, оларды тану және атай білуді үйрету. Көрнекілік негізінде 2, 3, 4, 5, 6 санының пайда болуымен таныстыру. 7 көлеміндегі санды тура және кері санауға үйрету. 7-ден 10-ға дейінгі сандар мен цифрлар туралы ұғымдарын қалыптастыру, оларды тану және атай білуді үйрету. Көрнекі негізінде 7, 8, 9, 10 сандарының пайда болуымен таныстыру. 10 көлеміндегі санды тура және кері санауға үйрету.
Шама.
Заттардың (5 және одан артық) ұзындығын, биіктігін, ені мен жуандығын белгілей білуге, заттарды шамасына қарай өсу және кему ретімен орналастыруға үйрету. Шамасы бойынша заттардың арасындағы қатынастарды білдіретін математикалық терминдерді қолдану.
Геометриялық пішіндер.
Дөңгелек және тіктөртбұрышпен салыстыру арқылы сопақшамен таныстыру. Геометриялық пішіндер (дөңгелек, сопақша, үшбұрыш, шаршы, тіктөртбұрыш) мен денелерді (шар, куб, цилиндр) дұрыс атап, оларды бір-бірінен ажырата білуге жаттықтыру.
Кеңістікте бағдарлау. Кеңістік ұғымдарын бекіту. Қағаз бетінде бағдарлай білу дағдыларын қалыптастыру.
Уақытты бағдарлау. Уақыт ұғымдары туралы білімдерін бекіту. Таңертең, түс, кеш, түн мезгілдері тәулікті құрайтыны туралы ұғымдарын қалыптастыру. Апта күндерін, жыл мезгілдерін атау кезінде оларды ретімен дұрыс айта білуге үйрету.
Салмақты бағдарлау. Заттардың салмағын өлшеміне қарай алдымен қарама-қарсы көрсеткішпен тең және тең еместігін алақанына салып өлшеп анықтауға үйрету.
Күтілетін нәтижелер:
"бір" сөзінің мағынасын біледі;
10 көлеміндегі сандарды тура және кері санауды біледі;
5 және одан артық заттардың өлшемдік қатынастарын анықтай біледі;
геометриялық пішіндерді таниды және атайды;
қағаз бетінде бағдарлай біледі, апта күндерін, жыл мезгілдерін ретімен атайды.
186. Құрастыру
Құрылыс материалдарынан, конструктор бөлшектерінен құрастыру. Құрастыру бөлшектерінің негізгі бөліктерін және оған тән бөлшектерін анықтай білуге үйрету.
Дағдыларын қалыптастыру:
1) болашақта жасалатын құрылысты талдай білу, оларды орындау реттілігін белгілеу және оның негізінде нысан жасау;
2) шамасы бойынша әртүрлі құрылыстардың нұсқаларын жасай білу;
3) ұжымдық құрылыстар салу;
4) түрлі үйлестіру арқылы сіріңке қораптарынан заттар құрастыру.
Үлкен емес жазықтықты үлкен етіп біріктіру, кірпіштердің, қырлы бөренелердің араларын бірін-біріне жиі қойып құрылысты берік ету, биіктігі күрделі құрылысты бөлу сияқты құрастырудың жаңа әдістерін үйрету.
Қағаздан құрастыру. Қағазды ортасынан, төртке бөліп бүктеуге, түрлі бағытта, тегістеп бүктей білуге үйрету. 14 бірдей бөлікке қиғаштай бөлінген (бұрыштарының басын дәл қосу) ұсақ заттарды дайындауда шаршы қағазын бүктеу біліктерін қалыптастыру.
Табиғи, қалдық материалдардан құрастыру.
Табиғи және қалдық материалдардың түрлерімен таныстыру. Табиғи материалдардан ұсақ заттар дайындай білуге үйрету.
Күтілетін нәтижелер:
құрылыс материалдарының негізгі бөлшектерін атайды және ажыратады;
шамасы бойынша әртүрлі құрастырулар жасай біледі;
ұсақ заттар дайындауда шаршы қағазды бүктей біледі;
құрастырудың бірнеше және қарапайым жинақтау тәсілдерін біледі, түрлі нәтиже алу үшін бір тәсілді ғана қолданады;
түрлі материалдардан заттарды құрастырады, олардың атауларын біледі.
187. Жаратылыстану
Өлі табиғат құбылыстары мен заттары. Табиғат құбылыстары туралы білімдерін кеңейту, "өлі табиғат" ұғымымен таныстыру. Өлі табиғат заттарын адам қолымен жасалған заттардан ажырата білуге үйрету.
Табиғаттағы маусымдық өзгерістер. Күздігүні табиғаттағы маусымдық өзгерістерді байқауға, айырмашылықтарын ажырата білуге үйрету.
Өсімдіктер әлемі.
1) балаларды бөлме өсімдіктерінің жаңа түрлерімен таныстыру: атауы, сыртқы түрі, құрылысы, күтім жасау тәсілдері, көбею түрлері. Гүлдейтін шөптесін өсімдіктерді (шырайгүл,барқытшөп) сипаттық белгілері бойынша атау және тани білу дағдыларын қалыптастыру.
2) балалардың көкөністер мен жемістер, ағаштар туралы түсініктерін бекіту. Балаларды орман жидектері мен саңырауқұлақтарын тануға үйрету.
3) бидай өсіру туралы балалардың білімін жетілдіру. Нанға деген ұқыпты қатынасқа тәрбиелеу, бидай өсіру мен нан өндіруге қатысатын адамдардың еңбегіне құрмет көрсету.
Жануарлар әлемі.
1) Қазақстан аумағында мекендейтін жануарлар мен олардың төлдеріне тән белгілерді атай алу және ажырату дағдыларын қалыптастыру;
2) жабайы жануарлардың өмірі туралы түсінікті кеңейту. Жылдың түрлі мезгілінде жануарлардың сыртқы келбеті мен өмір сүру салтының ерекшеліктерін атап көрсету және сипаттауға үйрету;
3) жыл құстары мен қыстайтын құстарды ажырата білу және атын атай алу, құстардың пайдасы туралы білімді бекіту;
4) табиғат бұрышын мекендеушілер туралы (қалтауыз) білімді жетілдіру;
5) табиғатты бақылау күнтізбесін жүргізе білуді жаттықтыру. Себеп-салдар байланыстарын орната білуді жетілдіру.
Күтілетін нәтижелер:
өлі табиғаттың кейбір құбылыстарын біледі;
таныс материалдармен дербес эксперимент жасай алады;
суреттерден орман жидектері мен саңырауқұлақтарын таниды және атайды;
нанға, адамдардың еңбегіне ұқыпты қатынас танытады;
Қазақстан аумағында мекендейтін жыл құстары мен қыстайтын құстарды, жануарлар мен олардың төлдерін атайды және ажыратады;
тірі нысандардың өсіп, өнуі үшін су, жарық, ауа, қорек және айналасындағылардың қамқорлығы қажет екенін анықтайды.
9-параграф. ІІ Жартыжылдық
188. Қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыру
Жиын.
Жиын және оның құрамы арасындағы қатынастарды орната білуді дамыту; бүтін өзінің бөліктерінен үлкен екендігін, бірдей сандардың өзара бірыңғай сәйкестігі, үлкен және кіші бөліктерді анықтау.
Сан, санау.
1) 10 саны көлеміндегі сандар мен цифрлар туралы ұғымдарын қалыптастыру, оларды танып және атай білуге үйрету. 10 көлеміндегі санды тура және кері санауға жаттықтыру;
2) тең туралы ұғымдарын қалыптастыру, топтағы әр түрлі заттардың тең мөлшерін анықтай білуге үйрету, топтарды санау мен салыстыру арқылы санның мағынасын дұрыс жалпылау;
3) заттарды бірнеше бірдей бөлікке бөлуге болатыны туралы түсінікті қалыптастыру, бұл бөліктерді атап, бүтін мен бөліктерді салыстыруға үйрету. Бүтінді түсінуге баулу (бөліктен бүтін үлкен, ал бөлік бүтіннен кіші);
4) қарапайым мысалдар мен есептерді шеше білу дағдыларын бекіту.
Шама.
Шартты өлшемнің көмегімен заттың шамасын салыстыруға үйрету. Арнайы ұйымдастырылған жағдайда заттардың ұзынырақ (қысқа), жоғары (төмен), кең (тар), қалың (жұқа) үлгісінде және оларға тең екендігін таба білуге баулу.
Геометриялық пішіндер. Айналасына қарап геометриялық пішіндерді табу, оларға талдау жасай білуді меңгерту. Геометриялық пішіндер мен денелерді атап, ажырата білуге жаттықтыру.
Кеңістікте бағдарлау. Заттың қай жерде, қалай, өзіне немесе қай затқа жақын орналасқандығын ауызша жеткізе білуге үйрету.
Белгілі бір бағытта келе жатып, белгі бойынша бағытын өзгерте білуін қалыптастыру. Қағаз бетінде бағдарлай білу дағдысын бекіту.
Уақытты бағдарлау. Түрлі оқиғалар, апта күндері, тәулік бөліктерінің реттілігі туралы білімдерін бекіту. Жыл айлары туралы түсініктерін қалыптастыру, олардың реттілігін білу және атау.
Салмақты бағдарлау. Дүкендерде қолданылатын таразы туралы ұғымдарын қалыптастыру. Заттардың салмағын өлшеуге қызығушылықтарын дамыту.
Күтілетін нәтижелер:
жиынтықтың құрамдас бөліктерін ажырата алады;
10 көлеміндегі сандарды біледі, оларды тура және кері санайды;
қарапайым мысалдар мен есептерді шешеді, заттардың саны және шамасы бойынша арақатынастарын көрсететін математикалық терминдерді қолданады;
геометриялық пішіндерді және денелерді біледі және ажыратады;
кеңістікте және қағаз бетінде бағдарлайды;
апта күндерін, жылды, айларды атайды;
заттарды салмағы бойынша анықтайды, заттың салмағы оның өлшеміне байланысты емес екендігін біледі.
189. Құрастыру
Құрылыс материалдарынан, конструктор бөлшектерінен құрастыру. 1) берілген тақырып бойынша, сөзбен сипаттау, сурет, фотосурет бойынша құрылыс салуға үйрету;
2) өз құрылысын талдай білуді бекіту және талдау негізінде құрылымдық шешімдер табу, оларды құру кезеңдерін жоспарлау.
Қағаздан құрастыру. Қағаз цилиндрлерден, оларды қосу әдісімен жануарлардың, адамдардың пішіндерін жасай білуге үйрету. Пішіндердің түрлі күйлері мен қалыптарын бере білуді, оларды күрделі емес композицияларға біріктіруді қалыптастыру.
Ұжымдық мазмұнды құрастыруға қозғау салу. Шығармашылық ойлауды және қиялдауды дамыту. Қағаздан құрастыру әдістерін қолданып, жазық материалды көлемді формаға өзгерте білуді бекіту.
Дайын пішілген кескіндермен жұмыс жасау, күрделі емес сызба сызу, қайшымен нұсқаны тілік етіп кесу мен ойып ала білуді қалыптастыру.
Табиғи, қалдық материалдардан құрастыру. Табиғи материалдарды мақсатты пайдалана білуді бекіту. Табиғи және қалдық материалдармен жұмыс кезінде өз қызметін жоспарлау дағдыларын жетілдіру; дербестік, шығармашылық танытып, мақсатты түрде жұмыс жасай білу. Шығармашылық қиялын, ұсақ заттар жасауды көрнекіліктерді қолдану арқылы және ойдан шығару, өзінің көз алдына елестету арқылы жасай білуді дамыту.
Күтілетін нәтижелер:
қалдық және табиғи материалдардан заттар құрастыра біледі;
шарты бойынша, ойдан құрастырады;
ұжыммен жұмыс жасай біледі;
жазықтық қағаз пішіндерді көлемді пішіндерге өзгерте біледі;
жұмыс орнындағы тәртіпті сақтайды.
190. Жаратылыстану
Өлі табиғат құбылыстары мен заттары
Табиғат құбылыстары туралы білімді кеңейту. "Өлі табиғат" ұғымымен таныстыру, өлі табиғат заттары адам қолымен жасалған заттардан ажырата білуге үйрету.
Табиғаттағы маусымдық өзгерістер.Табиғат туралы қарапайым білімдерін меңгеру. Күздігүні табиғаттағы маусымдық өзгерістерді байқауға, айырмашылықтарын ажырата білуге үйрету.
Өсімдіктер әлемі.
1) балаларды өсімдіктердің жаңа түрлерімен (шырайгүл, барқытшөп,бальзамин) таныстыру: атауы, сыртқы түрі, құрылысы, күтім жасау тәсілдері, көбею түрлері;
2) көкөністер мен жемістер, ағаштар, бұталар туралы балалардың түсінігін бекіту. Балаларды орман жидектері мен саңырауқұлақтары тануға үйрету. Бидай өсіру туралы балалардың білімін жетілдіру. Нанға деген ұқыпты қатынасқа тәрбиелеу, бидай өсіру мен нан өндіруге қатысатын адамдардың еңбегіне құрмет көрсету.
Жануарлар әлемі.
1) жабайы жануарлардың өмірі туралы түсінікті кеңейту. Жылдың түрлі мезгілінде жануарлардың сыртқы келбеті мен өмір сүру салтының ерекшеліктерін атап көрсету және сипаттауға үйрету;
2) жыл құстары мен қыстайтын құстарды ажырата білу және атын атай алу, құстардың пайдасы туралы білімді бекіту;
3) табиғат бұрышын мекендеушілер туралы (қалтауыз, теңіз шошқасы) білімді жетілдіру;
4) балалармен бірге табиғатты бақылау күнтізбесін жүргізуді жетілдіру.
Күтілетін нәтижелер:
таныс материалдармен дербес эксперимент жасай алады, себеп-салдар байланыстарын орната біледі;
жыл құстары мен қыстайтын құстарды ажырата біледі және атын атай алады, құстардың пайдасы туралы біледі;
Қазақстан аумағында мекендейтін жануарлар мен олардың төлдеріне тән белгілерді атайды және ажыратады;
"Қызыл кітапқа" енгізілген және жойылып кету қаупі төнген жануарларды атайды;
адамның табиғатпен өзара әрекетінің тәуелділігі арасында себеп-салдарлық байланысты анықтайды.
10-параграф. "Шығармашылық" білім беру саласы
191. "Шығармашылық" білім беру саласының базалық мазмұны сурет салу, мүсіндеу, аппликация, музыка ұйымдастырылған оқу қызметінде жүзеге асырылады.
192. Мақсаты шығармашылық қабілеттерін дамыту, қиялды, байқағыштықты және қоршаған ортаны бейнелі қабылдай білуді, өз ойларын, сезімдерін көркем түрде бере білу біліктерін қалыптастыру болып табылады.
193. Міндеттері:
балалардың шығармашылық қабілеттерін, қоршаған ортаға эстетикалық қызығушылығын арттыру;
балалардың өнер туындыларын қабылдау қабілеттілігін, эмоционалды қатынасын дамыту;
балалардың түсінуіне жақын 2-3 қазақ халқының өнерімен таныстыру;
халық ойыншықтары туралы түсініктерін кеңейту;
балаларды әртүрлі бейнелеу өнерімен таныстыруды жалғастыру (живопись, графика, скульптура, сәндік-қолданбалы өнер);
бірлесіп жұмыс жасау, жұмысты ұжыммен орындау дағдыларын қалыптастыру;
өз жұмысының нәтижесін бағалауға үйрету;
живопись және скульпторлық мүсіндердің туындыларымен таныстыруды жалғастыру (картиналар жәңе репродукциялық картиналар);
балаларды безендірудің мәнерлі құралдарымен, балалар кітаптарындағы иллюстрациялармен, олардың авторларымен таныстыру;
балаларды өнер туындыларын, олардың түрлерін дербес қарастыруды, мәнерлік құралдарына және мазмұнына көңіл аударуға баулу (ырғақ, түс, пішін, композиция).
11-параграф. І жартыжылдық
194.Сурет салу
Заттық сурет салу
1) балаларды елестету және заттарға қарап гүлдер, көкөністер, күрделі емес ойыншықтар сұлбасын өздеріне тән ерекшеліктерін сақтай отырып салуға үйрету. Серуен кезіндегі бақылаудан кейін - ағаштың күзгі жапырақтары, үй, трамвай, автобус; серуен мен саяхат кезінде алған әсерлерін суретте бейнелеу;
2) пішіндер туралы білімдеріне сүйене отырып, негізгі пішінін, заттар мен олардың бөліктерінің үйлесімділігін нақты беруге, бөліктердің салыстырмалы көлемі мен орналасуына, түстер туралы біліміне сүйене отырып, заттардың түстеріне, өз талғамымен түстерді таңдауға үйрету;
3) бірнеше біртекті заттардың мөлшеріндегі ерекшеліктерін жеткізе білу іскерліктерін қалыптастыру.
Өздері білетін пішін жасау тәсілдерін бекіту:
1) жемістер мен жидектер; балық, жануарлардың суретін салу барысында дөңгелек пішіндегі бірнеше заттардың көлеміндегі айырмашылықты;
2) төртбұрыш пішіндегі бірнеше заттардың көлеміндегі айырмашылықты;
3) көлік құралдары, адамдардың тұлғасы сияқты күрделі пішіндегі бірнеше заттардың көлеміндегі айырмашылықты көре білуі;
4) балаларды суретке қарап салуға және елестете отырып (жануарлардың, адамдардың және ойыншықтардың) суретін салуға үйрету, күрделі емес қимылдарды бере білу, бейненің айқындылығына, қимыл барысында қолдың, аяқтың қалыптарының өзгеруіне қол жеткізу. Заттардың шамасы мен үйлесімділіктегі айырмашылығын бере білуге үйрету. Бояумен жұмысты жетілдіру (бояудың қажетті қоюлығын алу үшін, акварель бояуын сумен араластыру).
Сәндік сурет салу.
1) түзу, ирек, жіңішке, жалпақ сызықтарды, түрлі көлемдегі дөңгелектерді, жақпаларды, нүктелерді ырғақты орналастыра отырып, қарапайым пішіндерде өрнектерді құрастыра білу іскерліктерін бекіту. Түрлі өлшемдегі өрнекті элементтерді үйлестіру, ақ және түрлі түсті қолдана отырып, түстерді таңдауды қолдану;
2) қылқаламмен қағазға басып салу тәсілдерін қолдануға; қағаздың ортасын, бұрыштарын, жоғарғы, төменгі, оң және сол жақтарын ажыратуға үйрету.
Қарындаштармен сурет салу барысында саусақтарға күш түсірмей, көлбеу ұстау қажет, штрихтарды біркелкі жеңіл қимылмен бір бағытта әрі-бері сызу. Сызықты контурдың сыртына шығаруға болмайды.
Сурет салу барысында қағазға жуан сызықтарды сызарда қылқаламды көлденең, ал жіңішке сызықтар мен нүктелерді сызу үшін тігінен ұстап, суреттерді бояғанда бір бағытта солдан оңға қарай, жоғарыдан төмен қарай, қиғашынан жүргізіледі.
Балаларға түрлі материалдар: қарындаштарды, бояуларды қолдануды үйрету. Түзу сызықтардың түрлі байланыстарымен құрылған қазақтың (1–2) өрнектерінің суретін салу. Элементтерді пішіндер мен сұлбалардың ортасы мен шеттеріне орналастыра білу. Қазақ оюларының көптүрлілігі туралы түсініктерін кеңейту, ерекшеліктері мен оларға тән элементтерін қолдана отырып, құрастыра білу іскерліктерін дамыту. Ұжымда жұмыс жасай білуге тәрбиелеу.
Сюжеттік сурет салу.
1) бейнелерді бүкіл параққа, бір сызықтың бойына, жалпақ жолақшаға орналастыру біліктерін қалыптастыру. Бейнені айқындау құралдарын, ересектердің еңбегін, қоғамдағы оқиғаларды қолдана отырып, балаларды табиғаттан алған әсерлерін көрсете білуге үйрету. Ертегі желісі бойынша сурет салу;
2) бір мазмұнға біріктіре отырып, бірнеше заттардың суреттерін бейнелей білуге үйрету.
Күтілетін нәтижелер:
гүлдер, көкөністер, жемістерді шынайы бейнесінен және елестетуі бойынша суреттерін салады;
суретті салуда мәнерлеу құралдарын, қазақтың ою-өрнек элементтерін қолданады;
сюжетті суреттерді салады.
195. Мүсіндеу
Заттық мүсіндеу
Дағдыларды қалыптастыру:
1) балаларды затқа қарап немесе көз алдарына елестету арқылы көлемі мен пішіні әртүрлі таныс заттарды, көкөністер мен жемістерге тән ерекше бөліктерді бейнелеуде барлық қол білектері мен саусақтарын дұрыс қозғалту техникасын сақтай отырып, мүсіндеуге;
2) қарапайым қатынастарды сақтай отырып адам мен жануарлардың пішінін мүсіндеуге үйрету;
3) көшеде, үйде және балабақшада көрген заттарын бейнелей отырып, елестету арқылы мүсіндеу.
Олар бақылау жасаған заттардың бейнесін жеткізе білуге, заттарды түрлі қалыпта мүсіндеуге, бейненің жеке шешімін өздігінен табуға үйрету. Сулы шүберекпен пішіннің үстінен тегістеуге және кескішті қолдануға үйрету.
Сәндік мүсіндеу.
Балаларды халық ойыншықтарымен таныстыру, ойыншықтарды мүсіндеуге үйрету. Халықтық ойыншықтар желісі бойынша бейнелер жасауға үйрету. Мүсінді бейнені безендірудің тәсілдерін өз қалауы бойынша таңдауды ұсыну.
Сюжеттік мүсіндеу
Балаларды мүсіндеудің таныс әдістерін қолдануды және заттардың өлшемдік қатынастарын бере білуге жаттықтыру. Бейненің ерекше қасиетін, адамның қимылын анық көрсетуге, сырт келбетін әдемі безендіруге үйрету.
Кескішті қолданып, тұтас бөліктен мүсін жасауды жетілдіру.
Затты тұғырға орналастыру техникасын қалыптастыру. Біртекті заттардан сюжеттер жасау, бірнеше пішінді бір тұғырға орналастыру.
Кейіпкерлердің өзіне тән бөлшектерін мүсіндеуге, композиция мазмұнын қосымша заттар мен элементтердің көмегімен мейлінше көркемдеп жеткізуге үйрету.
Біртекті заттардың бейнесін жасаудан, мазмұнға сәйкес әр қилы бейнелерді жасау білімдерін бекіту.
Күтілетін нәтижелер:
қарапайым үйлесімділікті сақтай отырып, адам мен жануарлардың пішінін мүсіндей біледі;
халық ойыншықтары мен керамикалық бұйымдардың желісі бойынша бейнелерді бере біледі;
заттармен және элементтермен толықтыра отырып, кейіпкерлер мен композицияларға тән бөлшектерді қолданады.
196. Аппликация
Заттық аппликация.
Балалардың қайшыны қолдану біліктерін бекіту: жолақшаларды тікбұрыштар етіп қию, шаршыларды үшбұрышты етіп қию, шаршы немесе тікбұрыштың шеттерін қию арқылы дөңгелек пен сопақша пішіндерді қиып алу.
Дағдыларды қалыптастыру:
1) екіге бүктелген қағаздан, түрлі қатпарлы бейнелерді қиюды;
2) қатпарланып бүктелген қағаздан бірдей бірнеше пішіндерді және екіге бүктелген қағаздан симметриялы пішіндегі заттарды қиюды;
3) елестету бойынша бірнеше бөліктерден заттар жасауды;
4) жырту тәсілімен жапсыруды орындауға.
Қағаздан дайындалған тікбұрыштардан дөңгелек пішіндерді қиып алу, заттарды бірнеше бөліктерден бейнелей білуді бекіту.
Сәндік аппликация.
1) түрлі пішіндегі қағазда таныс геометриялық элементтерден өрнек құрастыруды үйрету;
Бөліктерден бейнелерді құрастыру, мерекелерге арнап үй-жайды безендіру үшін ұжымдық жұмыстарды орындау;
2) ұлттық кілемдерді, ас тақтайшаларын, сүлгілерді, қуыршақтарға арналған ыдыс-аяқтарды, ыдыс-аяқ сақтайтын сөмкелерді, қымыз құятын ыдыстарды (торсық), бұйымдарды, шырша әшекейлері мен ойыншықтарын, жаңа жылдық құттықтау ашық хаттарын, топ бөлмесін безендіруге, қыс тақырыбындағы ұжымдық панно жасауға үйрету.
Сюжеттік аппликация.
Балаларға қағазға заттарды орналастыру дағдыларын үйрету. Жапсыруларды құрастыру барысында объектілердің көлемі бойынша қатынасын, заттардың бөліктерінің пішінін, құрылымын, қатынастарын көре білу іскерліктерін меңгерту.
Дағдыларды қалыптастыру:
1) әлеуметтік жағдайлар мен балалар өміріндегі оқиғаларды бейнелеу;
2) үлгілер және трафареттермен, дайын киім үлгісімен жұмыс істеу;
3) өзінің жұмысын композиция, перспектива ережелеріне сәйкес құру;
4) қайшыны, желімді дұрыс қолдану;
5) екі бүктелген қағаздан симметриялық пішіндер қию;
6) геометриялық элементтерден (шеңберлер, шаршылар, сопақшалар) өрнектер құрастыру;
7) заттарды қазақ ою-өрнектерімен безендіру;
8) еңбек қауіпсіздігі және жеке гигиена ережелерін сақтау.
Күтілетін нәтижелер:
жұмыс тәсілдерін таңдайды және негіздейді;
қағаздан симметриялық пішіндерді қия алады;
бірнеше бөліктерден өрнек құрастырады;
дайын үлгілермен, шаблондармен, трафареттермен жұмыс жасайды;
геометриялық элементтерден өрнек құрастырады, заттарды қазақ өрнектерімен безендіреді;
еңбек қауіпсіздігі және жеке бас гигиенасы ережесін сақтайды.
197. Музыка
Музыка тыңдау.
Шығармалардың эмоционалдық мазмұнын, олардың сипатын, көңіл күйін ажырату, әсерлі реңктерін ажырату. Музыкалық шығармаға өзінің қатынасын білдіру, оның мазмұны мен сипаты туралы пікірін айту, қазақтың ұлттық аспабының дыбысталуымен таныстыру. Ұлттық, домбырада және қобызда орындалатын "күй" жанрымен таныстыру, күйші-композитор: күйші Құрманғазы, қобызшы Қорқыт шығармашылығымен таныстыру.
Ән айту.
Дауысы мен есту қабілеттерін дамытуға арналған жаттығуларда қиын емес әуендерді 2–3 жақын үндестікте дауысын дәл келтіріп орындауға үйрету, септима мен терция дыбыстарын ажырату, қолымен бағытын (жоғары-төмен) көрсете отырып, әуеннің жоғарғы- төменгі қозғалысын ажырату.
Әннің сипатын қабылдау, дауысын дұрыс келтіріп орындау, ырғақтық бейнесі мен динамикасын дәл беру, әннің кіріспесін, басын, қайырмасын ажырату. Мерекелік әннің шаттық көңілін көңілді жеткізіп, жеңіл, ширақ дауыспен шумақтардың соңын жұмсартып айту. Қазақ халқының музыкасын қабылдау.
Музыкалық-ырғақтық қимылдар
Музыка сипатын анық ырғақты жүріспен, музыканың ширақ сипатын жеңіл, ырғақты жүгіріспен беру жаттығуларын орындау.
Ойындар , хороводтар
Музыка сипатына сәйкес ойын әрекеттерін орындау: қол ұстасып шеңберде айтылатын әндермен шеңберді айналып жүру, музыкалық тіркестерге сәйкес қозғалыстарды өзгерту, жылдамдық пен ептілікті білдіру, пьесаның аяқталуын белгілеу, ұлттық ойындардың көңілді сипатын бере білу, дауыстардың биіктіктерін ажыратып, үлкен шеңберден кіші шеңберге қайта тұру.
Билер
Әуеннің би сипатын сезіну, би қимылдарының элементтерін орындау, халық биін үйрену арқылы көркем мұраның кейбір элементтерімен таныстыру.
Би шығармашылығы
Таныс би қимылдарын қолдана отырып, ойдан би шығару іскерліктерін мадақтау, мәтінге сәйкес әнді жеке сахналау мен шығармашылық тапсырмаларды орындауға үйрету.
Балалардың музыкалық аспаптарында ойнау.
Ересектердің орындауындағы музыкалық пьесаларды тыңдау, жоғарғы регистр, аспаптың дыбысталу тембрін ажырату. Әуеннің ырғақтық бейнесін ұрмалы аспаптарда жеке немесе кішігірім топпен ойнау. Қазақтың ұлттық ұрмалы аспаптарында ойнауға үйрету.
Күтілетін нәтижелер:
қарапайым жанрларды ажыратады (күй, өлең, би, марш);
қарапайым музыкалық терминдерді, ән айту дағдыларын игерген;
пластикалық, ырғақты, мәнерлі қимылдарды орындайды;
дыбысталуын тембрі бойынша ажыратады және оларды атайды;
балаларға арналған музыкалық аспаптарда жеке және бүкіл топпен ойнай біледі.
Достарыңызбен бөлісу: |