УДК 378.02
МЕКТЕПТЕ 12 ЖЫЛДЫҚ БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІНЕ КӨШУ ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІН ОҚЫТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Тәңірбергенов Медеубек Жуматайұлы,
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты, Шымкент қ.
Соңғы жылдары отандық білім беру жүйесі күрделі өзгерістерге ұшырады. Елдегі қоғамдық-экономикалық формацияның ауысуы мамандарды даярлау сапасына қойылатын қазіргі бағыттар мен талаптарды ескере отырып, педагогикалық оқу орындарында барлық іс-әрекет салаларын оңтайландыруға бағыттауды және оқыту нұсқаларын молайтуды, болашақ мұғалімдердің жаңа жағдайларға сәйкес білім, қабілет, дағдыларының сапасын арттыруға бағытталған білім мен тәрбие берудің инновациялық технологияларының ендірілу қажеттілігін, білім беру парадигмаларының өзгертілуін, білім беру нарығындағы жағдайға жылдам және дер кезінде жауап беруді шарттайды. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Бәсекеге қабілетті Қазақстан үшін, бәсекеге қабілетті экономика үшін, бәсекеге қабілетті халық үшін» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Әлемдік білім кеңістігіне толығымен кірігу білім беру жүйесін халықаралық деңгейге көтеруді талап ететіні сөзсіз» - деумен қатар, «...мұғалімдердің біліктілігін неғұрлым сапалы деңгейге көтеру» қажеттігілігін атап көрсеткен болатын. Бұл міндеттердің ойдағыдай жүзеге асырылуы педагогикалық жоғары оқу орындарының шығармашылық ойлау қабілеті, кәсіби-педагогикалық біліктілік деңгейі жоғары жаңа тұрпаттағы педагог мамандарды даярлау мәселесіне жаңа тұжырымдамалық тұрғыдан келуіне тікелей байланысты.
Қазіргі уақытта жоғары білім беру саласында жаңа кәсіби білімді терең меңгерген мамандарға деген сұраныстың артуы олардың әдістемелік білімі, қабілеті мен біліктілігінің қазіргі талаптарға сай болуын, кәсіби даярлығының білім стандарттарының талаптарына сәйкес қалыптастырылуын талап етеді. Сондықтан жастарға тәрбие мен білім беру ісі қоғамдық маңызға ие болуы тиіс.
Педагогика ғылымында көркемдік білім мен эстетикалық тәрбие беру мәселесі қазіргі таңда анағұрлым өзекті мәселелердің біріне айналып келеді. Тұлғаны оқыту, тәрбиелеу және дамытудың қазіргі міндеттері тұрғысынан алғанда, бұл мәселе, әсіресе, бейнелеу өнерінен сабақ беру саласында түбегейлі ерекше әлеуметтік-педагогикалық маңызы зор.
Өзімізге белгілі болғандай, Қазақстан халқының бейнелеу өнері үлкен тарихи даму жолын бастан кешірді, оның сипаты өзара ұштаса байланысқан бірқатар себептер мен факторларға байланысты анықталады: әлеуметтік-экономикалық, саяси, идеологиялық және өзіндік эстетикалық. Әлеуметтік-экономикалық қатынастардың дамуы, қарқынды саяси оқиғалар, мемлекет аумағында қалалардың өсуі – мұның барлығы аймақтардың бейнелеу өнерінде графиканың қалыптасуына, оның жергілікті оқу орындарының құрылуына және дәстүрлердің сабақтастық сипатына әсер етті.
Қазақстанда бейнелеу өнерінің қалыптасуы мен жылдам дамуы көркем тәжірибедегі орын алған көптеген үдерістерге байланысты болды. Өткен ғасырдың 70-ші жылдарынан бастап елімізде құндылықтарды қайта бағалау басталды – өнердің қоғамдық иерархиясында ілгеріде қарапайым ғана орынды иеленіп келген бейнелеу өнерінің әлеуметтік және эстетикалық мәртебесі өлшеусіз нығая түсті. Бейнелеу өнері күн өткен сайын көрмеге бет түзеген шығармашылық ізденістердің аймағына айналып барады, қалалық және тұрмыстық ортаның эстетикалық баю құралы мен материалына айналды, осы арқылы пластикалық және кескіндемелік жаңа пішіндерге ие болды.
Біз халық мұрасының, оның ішінде ұлттық бейнелеу өнерінің тәрбиелік мақсатына қатысты мәселелерді сөз еттік. Халық өнерінің көркемдік дамуы, орындаушылық шеберлігі туралы ой қозғасақ.
Халық шығармашылығы негізінде адамдардың өмірлік ұмтылыстары мен әлеуметтік көзқарастарын табиғи ортаға деген қарым-қатынасын бейнелейді. Халқымыздың бейнелеу өнері ұлттық және әлеуметтік сананың оянуына маңызды қызмет атқарады.
Ұлттық өнеріміздің түрлері көптеген ғасырлар елегінен өтіп, мейлінше жетілген болып келеді. Сондықтан, олар түрлі бейнелеу өнерінің, ырғақтың, ұйқастың, формалық жарасымдылығын, мөлшерінің сәйкестігін сезінуге үйретеді. Халық шығармашылығының көптеген туындыларында эстетикалық әсемдік пен үйлесімділік, жарасымын тауып, шындық пен қиял суреткерлік бірлестік болып табылып, бірімен бірі жымдасып жатады.
Халықтағы өнер бұлағының қайнар көзі ешбір толастаған емес, ата-бабаларымыздың нөсер шабытынан, ұшқыр қиялынан, шебер қолынан пайда болған өнер туындылары Отанды сүюге үйретеді, жас ұрпақтың туған өлкеге деген сүйіспеншілігін тәрбиелеуге кемектеседі.
Осыған байланысты ғылыми әдебиеттер мен мерзімдік басылымдардағы ұлттық бейнелеу өнері негізінде болашақ кадрлар даярлау және мәдени мұрамыздағы бейнелеу өнерінің шығармашылық пайымдалуына деген түсініктердің айқындалуында айтарлықтай алшақтықтар байқалып жүр. Мұндай алшақтықтар, біздіңше, біріншіден, ұлттық бейнелеу өнеріндегі халық мұрасының шығармашылығын танып-білудің күрделілігінен; екіншіден, оның ұзақ уақыттар бойы ғалымдар назарынан тыс қалып келгендігінен; үшіншіден, ұлттық бейнелеу өнерінің шығармашылық пайымдалуы басқа ұлттардың өнерімен теңдестіріле қаралмағандықтан, ал төртіншіден, оның шығармашылық мәніне дұрыс түсінік берілмей, тіпті жөн-жосықсыз бұрмалануынан туындап отыр.
Қазақтың ұлы ғалымы, ағартушы-демократ, саясаткер, саяхатшы дипломат, этнограф әрі суретші Ш.Уалиханов (1835-1865) өнерге, мәдениетке қатысты қыруар ғылыми еңбектер жазды. Ол ақын-жазушылардан өлең-әңгімелерден, аңыз-әңгімелер, аңыз-ертегілер жинайды, үнемі үздіксіз сурет салумен шұғылданды, бейнелеу өнерінің графика түрін жетік меңгерді, жүз елуден астам туындылар жасап, мұра етіп қалдырды. Шоқан Уалиқанов - ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды жинақтаушы этнограф-ғалым. Ол өз халқының ғана тұрмыс-тіршілігін, дәстүрін зерттеп қойған жоқ. Сонымен қатар ұйғыр, қытай, дүнген,қырғыз жұртының салт-дәстүрін, мәдени тұрмысын салыстыра отырып зерттеп, ғылыми баға берді. Оны құнды деректі материалдар мен бейнелік суреттер дәлелдей түседі. Шоқан қазақтар мен қырғыз жұрты арасындағы ислам діні ырымдарының басым орын алатынын «Ислам дінінің қазақтар арасындағы қалдығы» атты еңбегінде жан-жақты сөз етеді. Суретші ғалым көне заман аспаптары мен қару-жарақтарды салуға әуес болды. Садақ пен қорамсақ, кісе, селебе мен желауыз, сойыл, қамшы нобайларынан ұлттық мұраның үлгісін көруге болады.
Күннің көзіндей жарқырап, нұрын шашып, қазақ бейнелеу өнерінің қара шаңырағын қалыптастыруға сүбелі үлес қосқан – Әбілхан Қастеев. Ғасырмен үндескен халық суретшісі бейнелеу өнерінің бас тұлағасы болып танылды. Сын тағдыр тоқыраудың тосқауыл тұсында да бейнелеу өнерінің беделін түсірмей, ұлттық рухани көркем туындылар туғыза білді. Иісі қазақ жүрегіне жақын халық дастанына айналған Қастеев шығармалары, ұлттық өнердің биік шыңына көтерілді. Өнердегі рухани тұлға Ә.Қастеев есімі ел есінде мәңгі сақталады. Тарихымыздың көркемдік шежіресіне айналған туындылар,өткен ғасырдың болмыс тіршілігіне толы. Күн сайын құны өсіп әлемдік өнердің керуеніне ілескен көркем шығармаларының шынайылық мазмұны өміршең. Ә.Қастеевтің көркем туындылары көрінгеннің көлеңкесінде немесе көшірмесінде қалып қоймай, өзіндік табиғи болмыс – бітімімен жеке дараланды.
Тәрбиенің бір саласы эстетикалық тәрбие беру ісінде мұғалімнің атқаратын міндеттері сан-алуан. Оқушыларға эстетиалық тәрбие мен көркемдік білім беру процесінде пән мұғалімдерінің практикалық бағдарламаларының мол болуы белгілі дәрежеде ықпал етеді. Біздің елімізде мектептегі жас ұрпақты ғылыми-техникалық прогресспен қазіргі мәдениеттің дамуына сай өмірге дайындау талап етіледі.
Қазіргі мектеп мұғалімдеріне, балалардың жас ерекшеліктерін түсіну арқылы тапсырма берудің жолын көрсететін оқу құралдары қажет. Кейбір әдіскерлер бейнелеу өнерін оқытуда тек еркін тақырыпқа байланысты тапсымаларды ғана орыындау қажет, сондықтан мектеп жасында сурет салудың техникаларын үйретудің қажеті жоқ десе, кейбірі баланың салған суреті құр шимай сызық деп баланың суретіне немқұрайлықпен қарайды. Осындай пікірлердің пайда болуының басты негізі, ол баланың салған суреттерінің ғылыми негіздерін толық түсінбеушіліктен. Соңғы кездері орта мектептерде суретке икемі бар оқушыға ғана мұғалімнің басты назары аударылады. Ал, қоғамда бейнелеу өнерімен тек қана осы өнерге қабілеті бар оқышылар ғана айналысуы керек деген пікірлерде белең алуда. И.Репин атындағы көркем өнер академиясының профессоры, Ресей Федерациясына еңбегі сіңген өнер қайраткері, Ресей Суретшілер одағының мүшесі, суретші-кескіндемеші И.Рейхет «мен өмірімде суретші боламын деп армандағын емеспін, математика факультетін бітіріп соғысқа аттандым, соғыста бір суретші мен жолдас болып, суретке деген қызығушылығым содан басталды» деп өзінің бейнелеу өнеріне қалай келгенін айтады.
Сондықтан сурет сала алмайтын баланы үйретудің қажеті жоқ деген ұғым ешқандай ғылыми негізі жоқ қате түсінік. Әрбір дені сау бала бейнелеу өнерін орта мектеп деңгейінде толық меңгеріп шыға алатынын жүргізілген көп жылғы ғылыми-ізденіс жұмыстарымызда дәлелдейді. Бұл жерде мына мәселені есте сақтауымыз қажет, біріншіден, орта мектеп бейнелеу өнерін оқыту барысында арнайы болашақ кәіпқой суретшілер дайындамайды, екіншіден, ондай міндетті мектеп деңгейінде шешуге ешқандай да мүмкіншілік жоқ. 2008 жылы еліміздің жалпы орта білім жүйесінің 12 жылдыққа көшуі туралы дайындық жұмыстары, бейнелеу өнерін орта мектепе оқытудың жаңа бағдарламасын және жаңа буын оқулықтарын жазуды міндеттеді. Қазіргі дамып келе жатырған заманда кейбір аты шулы лицей мен гимназия мектептерінде бейнелеу өнері сабағы толық пән ретінде жүргізілмей қажетсіз сабақ ретінде қалып қоятыны өкінішті ақ. Бұдан біз болашақ жастарымыздың рухани жағынан білімдерінің таяз болуына ықпал жасағанымызды сезбейміз. Орта мектептерде өтілетін басқа сабақтар мен қатар бейнелеу өнері де толық жүйелі түрде жүргізілуі тиіс – ол өмір талабы. Көркемдік тәрбие беруде бейнелеу өнерінің тағы бір басты атқаратын міндеті- ол әрбір баланың бойына біткен табиғи қабілетін дамыту, соған қолдау жасау, болашақта суретшілік мамандықты қаламасада, өмірде қандай да болмасын мамандықты жоғары дәрежеде меңгеруіне септігін тигізу.
Оған көп мысал келтіруге болдаы. Атақты Кеңес Одағының 3 дүркін батыры, ұшқыш Иван Кожедуб мектеп қабырғасында сурет сабағының дұрыс жолға қойылуының арқасында, сурет салу қабілеті дамып, соғыс кезінде көз өлшемінің жақсы қалыптасқандығының арқасында көп көмегі тигенін үнемі есінен шығармай айтады.
Аты әлемге танымал авиаконструктор А.С.Яковлевте осылай бейнелеу өнерінің арқысында жеткен жетістіктерін былай деп жазған: Мен тағы бір нәрсе үшін мектепке дән ризамын, онда сурет салу жаксы жолға қойылған болатын. Сурет сала білгенім маган болашақтағы өміріме көп көмегін тигізді. Өткені инженер – конструктор әлде қандай машина жасауды ойластырған кезде, ол өзінің болашық туындысын егжей-тегжейлі көз алдына келтіруге тиіс және оның бейнесін қарындашпен қағаз бетіне түсіре білуі тиіс.
Географ А.Половкин тіпті География және сурет салу деп аталатын бір тұтас кітап та жазған. Сурет әрбір адамның сезіміне қанат бітіреді, тіпті озық техниканың дамуына мол әсерін тигізетіні белгілі. Осындай бейнелеу өнерінің өмірдегі қажеттілігі, қолданыс ауқымы туралы айтылған хирургтардың және тағы басқа да мамандық иелерінің ойлары дәлел бола алады.
Орта мектептегі бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі өте жауапты және қиын жұмыстарды атқарады. Пән мұғалімі сурет салуды үйретумен қатар, өнерге байланысты атақты суретшілердің шығармашылық туындыларын талдай білуді, сол арқылы балалардың көркемдік талғамын қалыптастырады. Күндегі өмірде суретшілердің туындыларын қанша тұрып байқап қарағанмен кейде ересек адамдардың өзі де сол тамашалап тұрған өнер туындысын өз деңгейінде мағынасын толық түсіне алмайды. Қазіргі уақытта бейнелеу өнерінің көптеген түрлі бағыттары етек алғанда, өнер туындыларын дұрыс талдай біле отырып оған баға беру, ол өмір талабы.
12-жылдық білім беруге арналған орта білім стандартының құрылымы мен мазмұны мәселелерін талқылаған семинарларда оқушылардың мектепті бітіріп шыққанан кейінгі өмірге бейімділігін, компетенттігін қамтамасыз ету және басқа мәселелер талқылануда. Осыларды қорытындылай келе, күтілетін нәтижеге жету өлшеуіштерін ipiктey критерийлері анықталуда.
Әлеуметтік-мәдениеттану циклі пәндер қатарына жататын "Бейнелеу өнepi" және "Өнер" білім стандарттарына анализ жасай отырып, оқыту сапасын мониторингілеуді ұйымдастырудың қaзipri бар тәсілдеріне талдау жасалуда. Ол үшін мектеп мұғалімдерінің тәжірибелері мен әдістемелік құралдардағы мониторинг аппараты зерттелді. Солардың ішінде бірыңғай ұлттық тестілеу (БҰТ) жүргізу шараларына қатысты пікірлер зерттелуде.
Демек, мынадай тұжырым жасауға болады. Біріншіден, ғылымдар негіздерін оқытуды негізгі нысана етуден бас тарта отырып, қоғамның, қатардағы мүшелеріне, олардың өмірлік қызметіне тура қатысты, күнделікті өмірге қажетті, шығармашылық құзырлылығын арттыратын білім беруге көшу керек. Оқушыны білімділіке емес, алған білімін өмірдегі кездесетін жағдайларды шешуде пайдалана алатындай eтiп дайындау керек, оның функционалдық сауатылығын қажетті деңгейде болуына басымдық берілуі керек. Екіншіден, жаңа технология ретінде сабақ үрдісінде оқушылардың өзара белсенділігін арттыру (интерактивті) әдісін жетілдіру және оның формаларын түрлендіре отырып, мұғалімдер арасына тарату, педагогикалык жүйедегі жұмыстарды icкe асыруды тыңғылықты жүргізу керек.
Білім мазмұнына компетенцияларды қалыптастыруды қамтамасыз ететіндей өзгepic енгізу жөнінде мынадай ұсыныс айтқымыз келеді: компетенттік тұрғыдан алынатын нәтижені айқындау білімнің идеологиясы мен тәрбиесінің бағыттарын айқындауға мүмкіндік бере алмайды. Оқытудан алынатын нәтижелерді компетенттік тұрғыдан анықтау жұмыстарын одан ары жалғастыра отырып, сонымен қоса, білім беру идеологиясын айқындап, тәрбиелік мәнін ашып беретін ұстанымдар мен талаптар тұжырымдамасын жасау керек.
12 жылдық мектептің білім мазмұнына мысал келтірейік. Жапонияда 9-сыныпта 12 пәннен дәріс беретін болса, Қазақстанда олардың саны -17. Сол 12 пәннің ішінде музыка, өнер, адамгершілікке тәрбиелеу, өндірістік технология және үй шаруашылығы, дене тәрбиесі пәндері бар және ол пәндер 1-сыныптан бастап оқытылады. Ал бізде технология және дене тәрбиесінен басқа 15 пәннің барлығы да – негізгі пәндер. Жапониядағыдай топтастырылған және пәнаралық пәндер оқытылмайды. Америкада 7-8 сыныптардан бастап оқу жоспарына оқушылар өздері таңдайтын пәндер енгізіліп оқушыларға кәсіптік бағдар беруге көп көңіл бөлінеді. Ал, 9-сыныптан бастап оқу сараланып көптеген пәндердің, әсіресе математика-жаратылыстану циклы әр түрлі деңгейде оқытылуымен күшейе түседі. 11-12-сыныптарда оқыту үш бағытта – академиялық, кәсіптік және жалпы бағыттарда жүргізіледі. Оның академиялық бағыт қана университетке оқуға түсуге мүмкіндік береді. Ағылшын тілі, математика, қоғамтану, жаратылыстану сияқты пәндер оқушылардың өздері таңдайтын пәндермен толықтырыла түседі.
Германияда 5-6-сыныптар жалпы бағдарлы сыныптар олардың міндеті - әр оқушының қабілетін анықтау. 7- сыныптан бастап оқушылар өздерінің қабілетіне қарай үш мектеп бойынша жалпы мектеп, реал мектеп және гимназияныңбірінде оқуларын жалғастырады екен. Олардың оқу жоспарлары бір-бірінен өзгеше болады. 10 жылдық негізгі мектеп балаларды кәсіптік оқу орнына түсуге, 12 жылдық реал мектеп арнаулы жоғары оқу орындарына түсуге, 13 жылдық гимназия университеттерге түсуге даярлайды.
Францияда 8-9 сыныптар бағдарлау циклы екі бағытта жүргізіледі: жалпы білім беру және технологиәлық бағыт(10-12-сыныптар). Технологиялық (А,G,H секциялары) бағыт бойынша лицей бітірушілер бакалавр білім дәрежесін алу үшін емтихан тапсырады. Бакалавр дипломы (білім аттестаты) талапкерлерге өздері оқыған секция бағдарына сәйкес келетін университетке емтихансыз түсуге мүмкіндік береді.
Ұлыбританияда 6 жылдық мектептен кейін оқушылар 5 жылдық орта мектепте оқиды. Жалпы білім беретін мектептің оқу жоспары академиялық бағытта жасалады сондықтан технологиялық колледждерде қабілетті балалар оқиды. Бірде-бір дамыған мемлекеттерде біздегідей Ұлттық бірыңғай тест (ҰБТ) жүйесі қолданылмайды. Сондықтан ҰБТ мамандық немесе оқу бағыты бойынша өткізілген жағдайда ғана еліміздегі білім сапасы деңгейі едәуір көтерілген болар еді. Сонымен қатар, 9-сыныптан бастап өздері таңдайтын пәндер, сараланған оқыту мен бағдарлы дайындық мәселесі негізінде және болашақ мұғалімдерді қоғам талаптарына сай даярлау ескеру қажет.
Жоғарыда келтірілген тарихи деректерге сүйене отырып біз болашақ бейнелеу өнерін оқытуды балабақшадан бастау қажеттігін дұрыс деп санаймын. Сонымен қатар жалпы білім беретін мектептерде бейнелеу өнерін терең оқытуға көбірек көңіл бөлуіміз қоғам қажеттілігін құрайды. Бұл дегеніміз жалпы орта мектептерде 12 жылдық білім беру жүйесінде оқушуларға 1-4 сыныптарда «бейнелеу өнері», 5-8 сыныптарда «көркем өнер», 9-10 сыныптарда «графика және жобалау», 11-сыныпта «өнер» пәндерін оқу үрдісінде жауапкершілікпен өз деңгейінде оқытсақ, бітірген түлектің қандай мамандық иесі болсада бейнелеу өнері қызметінің қажеттігін құрайды. Бұл дегеніміз қоғамымызда жаңа тұрпатты жас ұрпақтың рухани көркем тәрбиемен сусындаған келешектің жастарын көреміз. Қәзіргі кезде көңілсіз жайттар байқалып жүргенін күнделікті өмірде көріп жүрміз, мысалы, кейбір жалпы орта білім беретін мектептерде бейнелеу өнерін оқытудың орнына басқа пәндерді оқытып жүргенін және жылыдан жылға оқытатын сағаттары қысқарумен кележатқаны бәрімізге мәлім, осындай жағдайларға жол бермей келешек жас ұрпақтарды қоғамның, табиғаттың әсемде сұлу әсерін көркем сезу, көру үшін ең алдымен бейнелеу өнерін оқыту керектігін ұмытпауымыз қажет.
Дамыған 50 елдің қатарындағы елдермен бірге іргелі ел болуға, ұлт болуға, мемлекеттік тілді, халқымыздың тарихы, мәдениетін, өнерін білетін, қазақтың жанын ұға алатын, елінің саясатынан хабардар өз саласының бәсекеге төтеп бере алатын нағыз маманын дайындау қазіргі Елбасымыздың алдымызға қойған басты міндеті. Сондықтан бұл жерде балаларды өнермен сусындататын бейнелеу өнері пәні мұғалімдерінің білім мен кәсіптік деңгейлері өте жоғары деңгейде болуы басты шарт.
Түйін
В статья расматривается проблемы и смысл обучения изобразительного искусства в 12 летней система образования вшколе
Summarу
This article considered the problems and sense of the fine training in 12 summer education system at school.
Достарыңызбен бөлісу: |