Басқару субъектісі – ол басқаларға қатысты басқарушылық, еріктік, интелектуалды және адамгершілік шешімдер қабылдау биліктік өкілеттігі бар жеке тұлға немесе адамдар тобы (топтық басқарушы орган).
Басқару объектісі – басқарудың мақсатын материалдандыратын, басқару шешімін орындайтын, нәтижесінде нақты басқару жүйесінің әлеуметтік міндеттерін жүзеге асыратын жүйенің бір бөлігі болып табылады.
Басқарудың субъектісі мен объектісі ақыл-ой мен дене жұмысы, басқарушы және атқарушы жұмыстардың субъектісі ретінде бірін-бірі толықтырады. Бұл қарама-қарсылықтардың бірлігінде басқару жүйесінің диалектикалық бастамасы бар, өйткені басқарудың субъектісі мен объектісі – басқарудың әлеуметтік жүйесі деп аталатын теория жүзінде бөлшектелген тұтастық.
Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік басқарудың теориясы мен тәжірибесінің негізгі түсініктері мынадай:
1. Мемлекеттік басқарудың субъектілері (кім басқарса, сол) (34-сурет):
- мемлекет;
- мемлекеттік құрылым (ұлттық құқық нормаларымен бекітілген экономикалық, әлеуметтік және саяси-құқықтық қатынастар жүйесі);
- конституциялық құрылым (Конституция арқылы қорғалатын экономикалық, әлеуметтік және саяси-құқықтық қатынастар жүйесі);
- егемендік (биліктің үстемдігі, тәуелсіздігі);
- мемлекеттік аппарат (Президент Әкімшілігі, Парламент, Үкімет, Конституциялық Кеңес, Жоғарғы сот, Орталық сайлау комиссиясы, Ұлттық Банк, прокуратура);
- өкілетті органдар;
- сот жүйесі;
- министрлік;
- агенттік;
- комитет;
- мәслихат;
- әкімдік;
- әкім;
- өзін-өзі басқару органы;
- мемлекеттік қызметші (саяси, әкімшілік);
- мемлекеттік басқару кадрлары;
- азамат.
34-сурет. Мемлекеттік басқарудың субъектілері
2. Мемлекеттік басқарудың объектілері (35-сурет):
- экономикалық-әлеуметтік салалар;
- мемлекеттік кәсіпорын;
- мемлекеттік мекеме;
- әкімшілік-аумақтық бірліктер.
35-сурет. Мемлекеттік басқарудың объектілері
Әрбір мемлекеттің мақсаты – экономикалық-әлеуметтік, әкімшілік-саяси құрылым салаларында мемлекеттік басқару жүйесінің қалыптасуына және қызмет етуіне көмек беретін, басқарудың экономикалық ынталандыру мен құқықтық реттеу тетіктерін жасау.
Мемлекеттік басқарудың субъектісі – мемлекет болып табылатынын алдын айтылған.
Мемлекеттік басқару нысандары құқықтық және құқықтық емес деп бөлінеді.
Құқықтық нысандары – мемлекеттік органдардың және өкілетті тұлғалардың
белгілі бір заңды нәтижеге алып келетін іс-әрекеті.
Құқықтық емес нысандары – ешқандай заңды нәтижелерге алып келмейтін әртүрлі ұйымдастырушылық іс-әрекеттің нысандары. Сонымен қатар, олар мемлекеттік органдардың мақсаттарына, атқарымына және өкілеттігіне оңтайлы жағдай жасауға бағытталған.
Басқарушылық шешімдерді дайындау, қабылдауда және іске асыруда құқықтық нысандар объективті түрде қажет.
Басқарушылық шешімдердің ресми нысандары мыналар (36-сурет):
- заңдар;
- жарлықтар;
- қаулылар;
- бұйрықтар және т.б.
36-сурет. Басқарушылық шешімдердің ресми нысандары
Басқарушылық шешімдердің сипатына және ерекшеліктеріне қарай заңды емес түрінде ұйымдастырушылық іс-әрекеттің бірнеше түрінің кездесуі мүмкін.
Мемлекеттік басқарудың әдістерінің негізі, басқарудың объектілеріне тікелей биліктік әрекет етуінен тұрады. Әдістер, басқарушылық іс-әрекеттің мазмұнын ашатын қызметтерден ерекшелігі, олар басқарылатындардың санасына, іс-әрекетіне әсер етуге арналған болатын.
В.Я. Афанасьевтің редакцисымен шыққан «Мемлекеттік басқаруға кіріспе» атты кітабында саясаттың мемлекеттік басқарудағы рөлін бағалауда екі қарама-қарсы әдіс кездеседі делінген:
1) саясатты мемлекеттік аппарат істеріне араластырмау, сол себепті оның рөлін ықшамдау;
2) биліктің жоғарғы органдары қалыптастырған, саяси курсты жүзеге асырушы тетік деп қарастыру.
Бірінші ұстаным алдыңғы қатарға еркін нарықты және экономикалық реттеу әдісін шығарады.
Екіншісі – орталықтанған жүйені құруға және әкімшілік әсер етуді күшейтуге бағытталған.
Бірақ, жиі болып тұратындай, ақиқат қашанда орта шамада болады.
Достарыңызбен бөлісу: |