1 тарау. МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ ПӘНІ
1.1. Мемлекеттік басқарудың теориялық негіздері
Мемлекет атауының дәстүрлі және ең кең тараған анықтамасын Г.В. Атаманчук берген: «Мемлекет – белгілі бір аумаққа иелік ететін, сол жердегі халықтың еркін дамуына мүмкіндік беретін, қоғам табиғатынан туындайтын ортақ істерді атқаруға қажетті басқарудың жоғары дәрежедегі ұйымдасқан жүйесі, саяси билік ұйымы».
Мемлекетте ұйымның барлық белгілері бар. Оның басқа ұйымдарда жоқ иерархиялық құрылымы, ешқандай құрылымда жоқ басқару аппараты, яғни мемлекеттік қызмет аппараты бар. Ол биліктің тармақтарына мамандана негізделіп, халық алдында құқықтық қызметтермен бекітілген, мемлекеттің ел ішіндегі және халықаралық аренада қоғамдық қызметтерін жүзеге асыру тетігі қызметін атқарады.
Мемлекеттің пайда болуы туралы В.А. Козбаненконың редакциясымен шыққан «Государственное управление» атты еңбекте мынадай тұжырымдар бар (1-сурет):
- теологиялық (мемлекеттің пайда болуы – Құдайдан);
- патерналистік (мемлекет отбасылардың бірігу нәтижесі ретінде);
- қоғамдық келісімшарттар (мемлекет – басқарушы элита мен қоғамның өзара келісімшарты нәтижесі ретінде);
- таптық (марксистік – мемлекет – қоғамның таптарға жіктелу нәтижесі ретінде).
1-сурет. Мемлекеттің пайда болуы туралы тұжырымдар
Мемлекет нысаны – өмір тәртібі және мемлекеттік билікті ұйымдастыру мен іске асыру тәсілі.
Оның үш жақты көрінісі бар:
1. Басқару нысаны (монархия, республика).
2. Саяси-әкімшілік құрылу нысаны (унитаризм; федерализм; конфедерация).
3. Саяси режим.
Мемлекеттік басқарудың табиғатын білу негізгі және кең көлемдегі білім берудің міндетті элементі болып табылады. Мемлекеттік басқару ісіне мамандарды даярлау – мемлекеттік басқару ісінің теориялық мәселелерін оқып білуді алдыңғы қатарға шығарып отыр.
Мемлекеттер пайда болғаннан бері оны басқарудың түрлі жолдары мен
әдістері жасалды.
Басқару – тікелей (өзін-өзі басқару түрінде) және де арнайы құрылған құрылымдар (мемлекет, қоғамдық бірлестік, партия, ұйым, қауымдастық пен одақ) арқылы жүзеге асырылатын, адамдардың өзінің қоғамдық, ұжымдық және топтық өмір сүру қызметіне саналы, әдейі, ұйымдастырушы және реттеуші әсер ету.
Адамзат тарихының әр кезеңдерінде басқару түрліше қарастырылды:
- аграрлық кезеңде – билікті иеленуші және басқарушы;
- Платон бойынша – билікті ұстап қалу және билікті иелену, қарсыластарды басып тастау және билікті қамтамасыз ету үшін қаржы іздеу (мемлекет мұнда күштеп ұйымдастырушы ретінде қарастырылады, біреулердің үстемдігі мен басқа біреулердің езілуін қамтамасыз етуші ұйым);
- өндірістік революция кезеңінде (индустриалдық қоғамға көшуде) – мемлекетті басқарушы.
Қазіргі кезде басқарудың алты түрі кездеседі (2-сурет):
- мемлекеттік басқару;
- жергілікті өзін-өзі басқару;
- менеджмент (меншікті басқару);
- қоғамдық басқару;
- ұжымдық өзін-өзі реттеу;
- жеке адамның іс-әрекеті.
2-сурет. Басқарудың негізгі түрлері
Басқару түрлерінің ішінде ерекше орынды мемлекеттік басқару иеленеді, тек мемлекеттік басқаруға тиесілі үш қасиет бар:
1) басқарудың осы түрімен жасалатын бағытталған, ұйымдастырушы және реттеуші әсер етуді оның субъекті мемлекет жасайды;
2) мемлекеттік басқару бүкіл қоғамға тарайды;
3) мемлекет, күрделі (элементтік құрамы жағынан) және көп қырлы (функцияларына орай) қоғамдық құбылыс болғандықтан және басқару субъекті ретінде көрінгендіктен, мемлекеттік басқаруға жүйелілік қасиетін де береді.
М.Вебер: «Басқару – әлеуметтік құбылыс» дейді. Ол бойынша әрекет – біріншіден, саналы түрде, ұтымды, ойланып жасалғанда, екіншіден, ол өзге адамдардың тәртібі мен әсеріне қарай, өзара іс-әрекет ету арқылы әлеуметтік бола алады.
А. Смит: «Өмірде халықтар ешқашан жеке адамдардың шашып-төккенінен және санасыздығынан кедейленіп қалмайды, бірақ олар мемлекеттік биліктің шашып-төгуінен және санасыз басқаруынан кедейленетіні жиі кездеседі».
Әрбір адам – жүйе, тұтастық, басқа бір үлкен жүйеге толықтай немесе ішінара кірген, онда ол өз мүмкіндігін жүзеге асыра отырып, оған тиесілі әсер ете алады. Жеке тұлғалардың әсері сындарлы және игілікті бола бермейді, соның ішінде «биліктің тізгінін қолында ұстап» отырғандар үшін де солай. Бұл құбылысты антика дәуірінің ойшылдарынан бастап-ақ байқала басталды. Мәселен, мемлекеттік басқару мәселелерін ұзақ және нәтижелі зерттеген Платон, қоғамды түрлі деңгейдегі билікшілердің қателіктерінен, озбырлығынан және әлсіздігінен қорғап қалатын заңдар жасауды армандаған.
Жүйе – бұл өзара байланыстағы және бірқатар тұтастық бірлігін қалыптастырған, көптеген реттелген элементтер.
Достарыңызбен бөлісу: |