Мемлекеттің бұл ықпал етуін екі деңгейде көрсетуге болады:
- саяси басқару (не істеу керек және неге);
- мемлекеттік басқару (қалай істеу керек және ненің көмегімен).
Мемлекеттік басқарудың табиғатын ашуда басқарудың қажеттілігі, қоғамдық шарттылығы, мақсаттық бағытталуы бастапқы мәселе болып саналады.
Мемлекеттік басқарудың қажеттілігі – мемлекеттің табиғи, еңбек, материалдық және ақпараттық ресурстарын тиімді пайдалануға, табысты, әділетті үлестіруге, негізгі әлеуметтік құқықтарға кепілдік беруге және қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталған мемлекеттің саясатын қанағаттандыру.
Мәселен, экономикада мемлекеттің араласуынсыз шешілмейтін, нарық дәрменсіздік танытатын (табиғи монополиялар, қоғамдық тауарлар, толымсыз нарықтар, ақпараттық асимметрия, жұмыссыздық, құнсыздану) салаларды жетілдіруге бағытталған мемлекеттік бағдарламалар бар.
Мемлекеттік басқарудың қоғамдық шарттылығы оның күрделі ұйымдастырушы жүйе ретіндегі қызметі азаматтардың қажеттілігін қанағаттандыруға бағытталғандығымен түсіндіруге болады. Күнделікті өмірлік қажеттіліктермен қатар мемлекеттік басқаруға барлық қоғам мүдделері аясында дамуды реттейтін саяси мақсаттар әсер етеді.
Бұдан мемлекеттік басқарудың мақсаты мен мазмұны:
- бір жағынан, мемлекет басқарып отырған қоғамдық үдерістердің жағдайы мен құрылымына;
- екінші жағынан, мемлекеттің қоғамдағы орны мен рөліне, сонымен қатар, жеке мемлекеттік органдардың қарым-қатынасына және іс-әрекетінің сипатына байланысты екендігін көрінеді.
Мемлекеттік басқарудың мақсаттық бағытталуы дегеніміз халық берген билікке негізделе отырып, салық төлеушілердің қаражатын барынша аз жұмсап, барынша көп нәтиже алуға бағытталған мақсаттар мен міндеттерді тиімді (қолда бар ресурстарға негізделіп) орналастыру. Басымдықтар мен талап етіліп отырған нәтижелерді ескере отырып мақсаттардың нақты қойылуы мемлекеттік құрылымдарда қабылданған шешімдердің қолданыстағы заңнамаға сәйкес тұрақтылығын сақтауға, әкімшілік мекемелеріндегі аппараттың біліктілігінің өсуіне, сонымен қатар, басқарудың тиімділігін арттыру, әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын орындау, ресурстарды тиімді жұмсау сияқты міндеттерді шешуге бағытталған қызығушылықтарынан көрінеді.
Мемлекеттік басқарудың табиғаты оның ерекше әлеуметтік қызметінен туындайды. Оның әлеуметтік қызметі барлық қоғам мүддесіне қарай әр түрлі талаптарға, қажеттіліктерге және іс-әрекет нысандарына байланысты келісімге келу арқылы көрінеді.
Мемлекеттік басқару жүйелілік ерекшелігіне ие. Оның құрамына көптеген мемлекеттік органдар мен қоғамдық құрылымдар, лауазымды қызметкерлер мен өзге де қызметшілердің үлкен тобы, миллиондаған адамдар кіреді. Мемлекеттік басқару көптеген басқарушылық шешімдер мен іс-әрекеттерден тұрады. Тек жүйелілік қана оған қажетті келісушілік, үйлестіру, субординация, мақсаттылық, ұтымдылық, нәтижелілік бере алады.
Грек тілінен аударғанда жүйе – бөліктерден тұратын, өзара байланысты элементтердің толық жиынтығы дегенді білдіреді. Е.А. Шахановтың айтуынша: «Жүйе деп пайдалы нәтиже алуды көздеуге бағытталған өзара іс әрекетте және қарым-қатынастың өзара құрамдас бөліктерінің іс-әрекетінде көрінетін, таңдалып алынған еліктірілген бөліктердің кешені».
Ф. Капра мемлекеттік басқару жүйесі:
- мемлекеттік аппараттың (мемлекеттік органдар) ұйымдастырушылық құрылымын;
- мемлекеттік бюрократтық жүйесін (мемлекеттік қызметшілерді);
- жүзеге асырылатын қызметтердің жиынтығын;
- осы ретте қолданылатын әдістердің, құралдардың және ресурстардың кешенін;
- субъектілер мен объектілер арасындағы өзара тікелей және кері байланысты және оны жүзеге асыруда қолданылатын ақпараттық ағындар мен құжаттар айналымын қамтиды, деп нақтылайды.
Мемлекеттік басқаруды зерттеуде жүйелік тәсілді қолдану арқылы оны төменде келтірілген күрделі әлеуметтік жүйе ретінде көруге болады:
- басқарушы жүйе – мемлекет басқару субъектілерін айқындаушы ретінде;
- басқармалы жүйе – қоғам бөліктері мемлекеттің іс-әрекетіне бағынысты басқарудың объектілері ретінде;
- өзара іс-әрекет жүйесі – мемлекет пен қоғамның тікелей және кері, тік және көлденең, бағындырушы және ұстап тұрушы, тағы басқа да байланыстарын іске асыратын әр түрлі институттары.
Достарыңызбен бөлісу: |