В.В. Гончарев басқару жүйесінің үш түрін анықтайды (3-сурет):
- машиналық;
- адам-машиналық;
- әлеуметтік («адам – адам» жүйесі).
3-сурет. Басқару жүйесінің түрлері
Басқару қызметімен айналысатын адамдардан тәжірибе жинау, көре білудің жүйелілігі және ойлай білу қабілеттері талап етіледі.
Сонымен, жүйе туралы осылай түсініктің мазмұны мынадай:
- жүйенің элементтерін және құрамдас бөліктерін көру;
- жүйе элементінің өзара байланыстары;
- жүйе элементінің бір-бірімен және сыртқы ортамен байланыстары;
- өзара іс-әрекет нәтижесінде жаңа құбылыстар мен үдерістердің пайда болуы;
- элементтердің және ортаның іс-әрекеттері нәтижесінде жүйенің жағдайы мен қасиеттерінің өзгеруі;
- жүйенің ортадан салыстырмалы түрде жекеленуі.
Кез-келген жүйе қызмет етуі және өзін сақтап қалуы үшін өзін-өзі жұмылдырады және басқарады. Жүйе аясында басқару қызметі өзге әлеуметтік, кәсіби-білікті, демографиялық және өзге де топтармен бірлесіп кетеді. Жүйе тұтастық ретінде басқарушының және де орындаушылардың түрлі топтарының еңбегінсіз өмір сүре алмайды.
Тиімді басқару қайсыбір ел болмасын басты мәселе. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев: «Басқару ісінде отандық және шетелдік ғылымның жинаған ғылыми білімдерін үйренбей, басқару үдерістерінің бөліктерін барлық деңгейде жетілдірмей, тиімді мемлекеттік басқару ісін көзге елестетуге болмайды» деді.
Басқару «қоғамдық еңбек үдерісі табиғатынан шығады, жұмысшылардың еңбек қарым-қатынасын ұйымдастыру қажеттілігінен туады» деп жазды К. Маркс. Бұл ойдан мынадай қорытынды шығады: адамдардың бірігуі бар жерде басқару әрдайым қажет болады.
Мемлекеттік басқару әлеуметтік басқарудың бір ғана түрі болып саналады. «Басқару» сөзінің анықтамасын беру өзінің жан-жақтылығымен және қиындығымен айқындалады. Оны қазіргі таңдағы басқару ғылымының дамуында бір ғана анықтамамен сипаттау қиынға соғады.
Сондықтан да, әлеуметтік басқару сөзінің анықтамасын әркім әр түрлі сипаттайды, басты назарды осы немесе өзге аспектілерге қояды:
- бұл адамдардың еңбекке деген көзқарасы;
- ұйымдаспаған топты тиімді нысаналық және өндірістік топқа айналдыратын іскерліктің ерекше түрі;
- антиномия кеңістігіндегі тепе-теңдік;
- қиын субъектілік-объектілік қарым-қатынас;
- болашақты жасаудың ең оңтайлы нұсқасындағы іскерлік;
- адамдардың әлеуметтік қарым-қатынасын бекітетін билік нысаны;
- сараптама барысында алынған білім негізінде мақсатқа жету және т.б.
Басқарудың бірнеше түрінің негізінде келесі ортақ белгілерді атауға болады:
1) әлеуметтік жүйеде өзін-өзі басқару және өзін-өзі ұйымдастыру тетіктерінің болуы;
2) басты мақсат пен мақсаттар жиынтығын қоюдч қарастыратын басқару сатысы;
3) табиғи байланыс, басқару субъектісі мен объектісі арасындағы өзара-байланыс, ұйымда әлеуметтік басқару базасының болуы;
- мақсатты, тұжырымдаманы, қағидаттарды, басқару стратегиясын жүзеге асыратын атқарушылардың болуы;
- индивидтердің ұйымдасқан іс-әрекеті жүйенің күткен нәтижесіне сай келуі. Бұл үшін ол нормаларды, тәртіптерді, іс-әрекеттің мәдени үлгілерін қайта жаңғыртады және белгілейді.
Сонымен қатар, басқаруды үдеріс ретінде қарастыруға да болады.
Басқару түрлерінің ішінде мемлекеттік басқару ерекше орынға ие, себебі олар өздеріне тән ерекшеліктерге, өзгешеліктерге ие болады. Мемлекеттік басқару түсінігіне ғылыми әдебиетте түрлі анықтама берілген, түрлі теориялық тұжырымдамалар ұсынылған. Бірақ, осыған қарамастан, бұл әлі күнге дейін толыққанды шешілмеген дискуссиялық мәселе. Осы күнгі мемлекеттік басқару жүйесін толыққанды түсіну үшін оның әдістерін, нысандарын, тәсілдерін сараптау қажет.
Әсіресе, мемлекеттік басқаруды әлеуметтік басқарудың өзге түрлерінен бөліп көрсететін қасиеттерін төмендегі 4-суретке сай атап өткен жөн:
1. Барлық авторлар негізгі құраушы элементтердің бірі ретінде мемлекеттік басқарудың биліктік күшін айтады. Неміс әлеуметтанушысы М.Вебер: «Мемлекеттік басқару... әдіс ретінде заң жүзінде күштеуге негізделген адамдардың адамдарға төрелік ету қарым-қатынасы» деп жазды. Мемлекеттік басқаруды күштеу негізінде адамдардың іс-әрекетін қалыптастыратын жүйе институты ретінде пайымдау классикалық сипатқа ие. Мемлекеттік аппаратта күштеу әдісі бар. Мемлекеттік басқару алғашқы кезден бастап заңдылық негізде құрылған. Бұл күштеу қысымы, қойылған мақсатқа сәйкес басқару, оның ішіндегі ұйымдастыру сәттері, ондағы бекітілген нормалардың орындалуы тиіс.
2. Мемлекеттік басқаруды әлеуметтік басқарудың өзге түрлерінен ерекшелейтін келесі қасиеті – оның барлық қоғамға таралғандығы. Айта кеткен жөн, мемлекеттік басқарудың бұл қасиетін мемлекеттің қоғам мен адам өмірінің барлық салаларына араласуы деп қараған дұрыс емес. Осындай саясат тек қана тоталитарлы мемлекеттер үшін тән. Жеке тұлғаның қоғам мен мемлекетте шынайы еркіндікке қол жеткізуі үшін осы еркіндіктің кеңістіктегі шекарасын анықтау қажет. Оны мемлекет жалпыға ортақ іс-әрекет нормаларын белгілегенде жүзеге асырады.
3. Мемлекеттік басқарудың тағы бір ерекше қасиеті оның жүйелі сипаты. Г.В.Атаманчук «басқарудың өзге түрлеріне қарағанда мемлекеттік басқару осы қасиетсіз өмір сүре алмайды» - дейді. Адамдардың санын, пайдаланылатын материалды, қаржы, интеллектуалды ресурстарды есепке алсақ, қаншалықты басқару шешімдерін және ұйымдастыру іс-әрекеттерін жасау керектігін түсінесіз. Мемлекеттік басқару осы қасиетсіз өмір сүрмейді. Тек қана осының негізінде келісім, үйлесім, нысаналылық және тиімділік жүзеге асады.
4-сурет. Мемлекеттік басқару қасиеттері
4. Мемлекеттік басқарудың қоғамдық-әлеуметтік мақсаттары мен таратылым шекарасының анықталуы.
5. Мемлекеттік басқару нысаналы, жоспарлы, тұрақты сипатқа ие.
Әлеуметтік басқарудың бір түрі ретінде мемлекеттік басқарудың осындай ерекшеліктері бар.
Мемлекеттік басқарудың теориясы – өткен ғасырдың 20-жылдарынан бастап қалыптаса бастады.
И.И. Глазунова бойынша: Мемлекеттік басқару – мемлекеттің қоғамдық жүйеге әсер етуі, яғни мемлекеттің мақсатты қызметі ұйымдастырушылық-реттеушілік және басқару органдары мен лауазымды қызметкерлері арқылы қоғамдық үдерістерге, қатынастар мен адамдардың қызметіне әсері.
Қазақстандық ғалым В.Н. Уваровтың айтуынша: «Мемлекеттік басқару – әлеуметтік басқарудың бір түрі болып табылады, бірақ оның табиғаты мен ерекшелігін тек басқарудың осы бір түріне тиесілі қасиеттер ғана анықтайды».
Сонымен бірге, мемлекеттік басқару саяси, экономикалық, әлеуметтік, құқықтық, психологиялық, этикалық және де басқа аспектілерді қамтиды.
Достарыңызбен бөлісу: |