Мемлекеттік басқару үдерісі дегеніміз саналы және мақсатты бағытталған іс-әрекет. Ол заңдық ережелермен шектелген, қоғамдық билік субъектілерінің мемлекеттік билік өкілеттілігін жүзеге асыруымен байланысты. Мемлекеттік басқару үдерісі қабылданған заңдар мен саясаттың орындалуы мен өмірге енуіне, және ең алдымен, мемлекеттік бағдарламаларды қалыптастыру мен жүзеге асыруына бағытталған.
Мұндай ұстаным мыналарды көрсетеді:
- біріншіден, болжанған іс-әрекеттің құқықтық қамтамасыз етілуін;
- екіншіден, нақты ресурстардың көлемімен ойластырылған істердің ауқымының үйлестірілуін;
- үшіншіден, нақты жағдайға тиімді әсер ету құралдарын таңдауды;
- төртіншіден болжамдалған нәтижелерге жету тұрғысынан белгіленген іс-әрекеттердің орындалуына объективті бақылауды.
Осыған орай мемлекеттік басқарудың мәні оны қоршаған ортасынан, шешімдердің орындалуынан және бақылаудан көрініс табады.
Мемлекеттік басқаруды жүзеге асыратын, оған әсер ететін және қайтармалы әсер ететін әлеуметтік ортаны зерттеу дегеніміз – мемлекеттік басқарудың қалыптасуы және жүзеге асыруы барысында қоғамдық биліктің, мемлекеттік әкімшіліктің, азаматтық қоғамның, саяси институттардың арақатынастары және өзара іс-әрекеттері.
Азаматтық қоғам – экономикалық ортаны ғана емес, сонымен қатар, мәдени және адамдардың өзіндік іс-әрекет белсенділігінің қайнар көзін қамтитын, еркін және шартты түрде мемлекеттен тәуелсіз қоғамдық өмір. Демократияландыру – азаматтық қоғамның мемлекеттік аппаратқа қатысты автономия алу жолындағы классикалық қадамы болып табылады.
Әр түрлі қоғамдық ойлар азаматтық қоғам мемлекеттік аппараттан тәуелсіз болмаса демократия болуы мүмкін емес екенін дәлелдейді. Бірақ бұл міндетті талап болғанмен, демократия орнау үшін жеткіліксіз. Сонымен қатар, қазіргі таңда және қоғам эволюциясының болжанған аралықта азаматтық қоғамның мемлекеттен толық автономиясы болуы мүмкін емес деп айтуға болады.
Азаматтық қоғам дегеніміз мемлекеттен тыс институттардың жиынтығы емес, керісінше оларды ортақ азаматтық өмір әдісіне біріктірудің нысаны, және ең бастысы, қоғам мен басқару тәжірибесінің байланысы. Азаматтық қоғамды бұрын қалыптасқан мемлекеттен тәуелсіз әлеуметтік субъектілер мен байланыс каналдары туралы түсінікпен бір қатарға қоюға болмайды. Билік мемлекеттен ғана шықпайды және тек мәжбүрлеуге негізделмеген. Биліктің мемлекеттік және мемлекеттік емес институттар араласқан кезде, және тек жоғарыдан төменге ғана емес, сонымен бірге төменнен жоғары іс әрекет еткенде де көрінетін көптеген негіздері болады.
Қоршаған әлеуметтік орта мемлекеттік басқару субъектілерінің іс-әрекеттерінің экономикалық, саяси-құқықтық және мәдени шарттарынан тұрып, мемлекеттік басқарудың іске асырылуының саяси-құқықтық шекарасын, қолдануға болатын түрлері мен әдістерін, бағыттарын және объектілерін қамтамасыз етуі керек. Бұл элементтерге мемлекеттік құрылымды анықтайтын, өкілеттікті биліктің сатылары мен тармақтары арасында бөліп беруді, азаматтардың әлеуметтік құқықтарын және мемлекеттің әлеуметтің міндеттерін, бюджеттік бағдарламаны және салық жүйесін, жеке меншік қатынастарды және т.б. қамтитын конституция мен заңдар жатады.
Мемлекеттік басқару ресурстары міндеттерді мақсатты шешу үшін жұмсауға болатын қаржылық, мүліктік, табиғи және басқа да мемлекеттік ресурстарды, сонымен қатар осы мақсаттарды шешуге заңды түрде жұмсауға болатын жеке адамдардың қаражатын, шетелдік және ішкі қарыздарды, басқа да мемлекеттік емес ресурстарды қамтиды. Мемлекеттік қаржылық ресурстардың белгілі бір бөлігі әр түрлі қорлар, бағдарламалар түрінде көрінеді. Мемлекеттік басқару барысында жалпы ұлттық қызығушылықтардың ескерілуінің сенімді көрсеткіші ресурстардың сапалы жұмсалуы болып табылады. Сәйкесінше бұл көрсеткіштің параметрі өкілетті және орындаушы құрылымдардың жалпы мемлекеттік және жергілікті жерлерде өзара қарым-қатынас үдерісінде қолда бар ресурстар мен белгіленген шаралардың үйлесімдігі, әлеуметтік басымдылығы, мақсаттылығы және бақылаулылығы болады.
Шешімдерді орындау қоршаған әлеуметтік орта санкциялаған және белгілі бір дәрежеде ресурстармен қамсыздандырылған көптеген нақты іс-әрекеттерді, тетіктерді және рәсімдерді қамтиды. Ал оған жататындар:
- мемлекеттік бағдарламаны қалыптастыру және орындау барысына байланысты шешімдерді қабылдау және орындау үдерістері;
- дағдарыс жағдайында басқару әдістерге, ақпаратты-коммуникативті үдерістерге байланысты мемлекеттік басқару технологиялары;
- салт-дәстүрге және мәдениетке ұйымдастырылған экономикалық көмек;
- салықтық жеңілдіктер беру;
- мемлекеттік тапсырыстарды немесе мемлекеттік сатып алуларды жүргізу және т.б.
Сонымен қатар, үкіметаралық келісімдердің нәтижесі болып табылатын халықаралық ұйымдар немесе жеке мемлекеттер жүзеге асыратын және ұсынатын бағдарламалар, көмек беру жобалары, несиелер мен қарыздар жатады. Бұл – мемлекеттік биліктің атқарушы органдарының ерекше әрекет ету ортасы.
Достарыңызбен бөлісу: |