Жер құқығы — құқықтың мемлекеттегі жер қатынастарын реттейтін саласы. Жер құқығы Қазақстан Республикасында дербес құқық саласы болып табылады. Оның негізгі міндеттері: жер учаскесіне меншікті құқығы мен жер пайдалану құқығының пайда болуын анықтау және оның дамуына жағдай жасау; жер учаскесіне меншік құқығы мен жер пайдалану құқығының өзгертілуі мен тоқтатылуы негіздерін анықтау; жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың құқықтары мен міндеттерін жүзеге асыру тәртібін белгілеу; жерді ұтымды пайдалану мен қорғау; топырақ құнарлылығын ұдайы қалпына келтіру; табиғи ортаны сақтау мен жақсарту мақсатында жер қатынастарын реттеу; шаруашылық жүргізудің барлық нысандарын тең құқықпен дамыту үшін жағдайлар жасау; жеке және заңды тұлғалар мен мемлекеттің жерге тиісті құқықтарын қорғау; жерге байланысты жылжымайтын мүлік нарығын жасау және оны белгілі деңгейде дамыту; жер қатынастар саласында заңдылықты нығайту. Қазақстандағы барлық жерге байланысты мәселелер Қазақстан Республикасының “Жер туралы” (2001) Заңымен реттеледі.
Жер құқық қатынастарының өзіне тән белгілері:
· бұл қатынастар жерді пайдалану мен қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған;
· бұл қатынастар жерді меншік обьектісі, пайдалану обьектісі, аумақтық кеңістігі және табиғат байлығы ретінде қарастырады;
· бұл қатынастар жер құқық нормаларымен қатар, өзге құқық салаларының нормаларымен реттеледі;
· бұл қатынастар тек жер учаскесін пайдалану емес, сонымен қатар, жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүлікті де пайдаланумен байланысты қатынастар;
Жер құқық қатынастарының да өзге құқық қатынастары сияқты өзіне тән болатын объектісі, субъектісі және мазмұны болады. Жер құқық қатынастарының обьектісі ретінде Қазақстан Республикасының жер қоры, жер учаскесі және жер үлесі танылады.
Жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың жер учаскелерiн пайдалануға құқықтары: 1) жер учаскесiн оның нысанасынан туындайтын мақсатта пайдалана отырып, жерде дербес шаруашылық жүргiзу; 2) ауыл шаруашылығы және өзге де дақылдар мен екпелер себу мен отырғызуға, өндiрiлген ауыл шаруашылығы өнiмi мен жер учаскесiн пайдалану нәтижесiнде алынған өзге де өнiмге және оны өткiзуден түскен табысқа меншiк, шаруашылық жүргiзу, оралымды басқару; 3) өз шаруашылығының қажеттерi үшiн жер учаскесiнде бар құмды, сазды, қиыршық тасты және басқа да кең таралған пайдалы қазбаларды, шымтезектi, екпелердi, жер үстi және жер асты суларын, кейiннен мәмiлелер жасасу ниетiн көздемей, белгiленген тәртiппен пайдалану, сондай-ақ жердiң өзге де пайдалы қасиеттерiн пайдалану; 4) жер учаскесi мемлекеттiк қажеттiктер үшiн алып қойылған (сатып алынған) жағдайда келтiрiлген шығынды толық көлемiнде өтетiп алу; 5) жердi аймақтарға бөлудi ескере отырып, меншiк, шаруашылық жүргiзу, оралымды басқару құқығымен жер учаскесiнiң нысаналы мақсатына сәйкестiкте тұрғын үйлер, өндiрiстiк, тұрмыстық және өзге де үйлер (құрылыстар, ғимараттар) салу; 6) белгiленген құрылыс, экологиялық, санитарлық-гигиеналық және өзге де арнаулы талаптарға сәйкес суландыру, құрғату және өзге де мелиорациялық жұмыстар жүргiзу, тоғандар мен өзге де су айдындарын жасау құқығы бар.
Достарыңызбен бөлісу: |