Мәтін: лингвистикалық және психолингвистикалық аспект Х. А. Ордабекова¹, К. Қ. Күркебаев²



бет1/4
Дата08.02.2022
өлшемі46,96 Kb.
#122273
  1   2   3   4
Байланысты:
sciPaper167478

ГРНТИ 16.21.29


Мәтін: лингвистикалық және психолингвистикалық аспект


Х. А. Ордабекова¹, К. Қ. Күркебаев²

¹ф.ғ.к., қауымдастырылған профессор


Педагогикалық және гуманитарлық ғылымдар факультеті
Сулейман Демирел атындағы университет
Алматы қ.,050000, Қазақстан Республикасы

²ф.ғ.к., доцент


Филология және әлем тілдері факультеті
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Алматы қ.,050000, Қазақстан Республикасы
E-mail: khafiza.ordabekova@sdu.edu.kz¹; kurkebaevk@gmail.com²


Аннотация
Мақалада мәтіннің лингвистикалық және пихолингвистикалық сипатын қарастыра келіп, күрделі семантикалық түзілім ретінде мәтіннің бүтіндігі, тұтастығы, эмотивтілігі, преценденттік сипаты, бейвербалдылығы сынды белгілеріне теориялық және практикалық тұрғыдан талдау жасалады. Нәтижесінде сөйлесімнің белгілі бір мақсатқа бағытталғаны және прагматикалық қасиеті мәтіннің толыққандылығын, бүтіндігін және өзара тұтастығын айқындайтындығы дәйектеледі.Сондай-ақ, қазақ тіл білімінде мәтінтану мәселесіне қатысты зерттеу жүргізген тілші-ғалымдардың еңбектеріне шолу жасай отырып, сөйлеу үдерісінде немесе мәтінде қолданылатын тілдік бірліктердің қызметі, олардың өзара тіркесімділік қызметі тілдік тұлғаның интеллектуалды қабілетімен, аялық білім жүйесімен тығыз байланысты екені айқындалады. Мәтін психолингвистикалық аспект тұрғысынан қарастырыла келіп, мәтіннің дифференциалды белгілері мен мәтін түзуші категориялар қарастырылады.


Түйін сөздер: мәтін, сөз семантикасы, сөйлесім әрекеті, психолингвистика, мәтін тұтастығы, коммуникативті тұтастық, құрылымдық тұтастық, коммуникативті жағдаят.

КІРІСПЕ
Жалпы тіл білімінде мәтін мәселесі үстіміздегі ғасырдың 70-80 жылдарына дейін сөйлем шеңберінде қарастырылып келді. ХХ ғасырдың екінші жартысынан негізі қаланған мәтін лингвистикасы бірнеше ғылымдар тоғысынан пайда болған ғылым саласы. Қазақ тіл білімінде мәтінтану мәселесіне қатысты зерттеулер өз негізін А. Байтұрсынов пен Қ.Жұбанов еңбектерінен алады. Мәтіннің лингвистикалық табиғатын тануға бағытталған еңбектердің қатарына Р. Сыздық, М.Серғалиев,  Б.Шалабай, Г.Смағұлова, А.Таусоғарова, Г.Әзімжанова, С.Жусанбаева; газет мәтінін қарастырған Б.Момынова, Қ.Есенова; көркем мәтінді жеке зерттеу нысаны ретінде қарастырған С.Құнанбаева,  Ж Қайшығұловалардың  еңбектерін жатқызуға болады.


Мәтін лингвистикасына қатысты кеңес тіл білімінде И.Гальперин, С.Гиндин, З.Тураева, Л.Бабенко, А.Залевская, Г.Солганик, Ю.Левицкий, Л.Поповская  сынды ғалымдардың еңбектері жарық көрді. Зерттеу еңбектерінде мәтіндегі прагматика мен интонация мәселесі, мәтін құрылымы, көмекші сөздердің жұмсалымдық қызметі, мәтін типологиясы мәселелері сөз болады.
А.Бабенко, Ю.Казарин «Лингвистический анализ художественного текста» атты еңбегінде мәтін талдаудың лингвистикалық және антропоөзектік түрлерін ұсынды. Мәтін талдаудағы дәстүрлі тәсіл – лингвистикалық тәсіл саналды, оның нысаны – тіл және мәтін. Лингвистикалық тәсіл көркем мәтіннің тілдік бірліктерін, категорияларын сипаттауға негізделеді. Мұндай тәсілде лексикалық, фонетикалық, грамматикалық, стилистикалық бірліктер мен категориялар қамтылады.
Антропоөзектік тәсіл – мәтіннің интерпретациясына байланысты автор позициясы мен оқырман позициясы қамтылады. Бұл тәсіл арқылы мәтінтану төмендегідей бағыттарға бөлінеді:
-  прагматикалық бағыт (А.Баранин);
-  жанрлы-стильдік бағыт (М.Бахтин, М.Кожин);
-  когнитивтік бағыт (В.Дейк, Т.Виноградов);
-  деривациялық бағыт (Е.Кубрякова, Л.Мурзин);
-  коммуникативтік бағыт (Г.Золотова, Н.Болотнова);
-  психолингвистикалық бағыт (Л.Выготский, А.Леонтьев).
Антропоөзектік бағыт мәтінді шығармашылық әрекеттің нәтижесіретінде қарастырады. Қазіргі таңда мәтінтанымдық зерттеулердің қатары біршама толығып, мәтіннің күрделі табиғаты біртіндеп ашыла түсуде.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ


Лингвистиканың дәстүрлі зерттеу нысаны ретінде сөз, сөз тіркесі және сөйлемнің құрылымдық модельдері негізге алынады. Сөз тілдік жүйенің негізгі құрылымдық-семантикалық бірлігі болып табылады. Сөз де, сөз тіркесі де зат, құбылыс, іс-әрекеттің атаулары ретінде қызмет атқарады. Бір тілде сөзбен таңбаланатын бірлік екінші тілде сөз тіркесімен таңбалануы мүмкін, кейде керісінше болады. Сол себепті сөз бен сөз тіркесінің арасындағы айырмашылық шартты болып келеді. Мәселен, аспан әлемі – мироздание, шөп шабушы – косарь, железная дорога – railroad, порох – gun powder,


Лингвистикада «сөйлем» коммуникативті бірлік болып табылады. Ал психолингвистикада бұл коммуникативті бірлік«сөйлесім, айтылым» түрінде қолданыс табады. Өйткені сөйлесім кезінде коммуникативті жағдаят ескеріледі, сол жағдаятқа сәйкес сөйлеуші өзінің позициясын айқындайды. Біз сөйлеу үдерісінде шашыраңқы сөздерді, не фразаларды жеке-жеке қолданбаймыз, сөйлеген уақытта айтар ойымызды егжей-тегжейлі кеңінен айтамыз, кейде ой-пікірді білдіргенде бүтін бір мәтінмен жеткіземіз.
Сөйлесім – шығармалық үдеріс, әрі коммуникативті жағдаятқа негізделгендіктен, тілдік стратегия мен тілдік тактикалар қолданысқа түседі. Ал сөйлеу үдерісінде қолданылатын тілдік бірліктердің қызметі, олардың өзара тіркесімділік қызметі (лексика-семантикалық тіркесімділік, синтаксистік тіркесімділік) сөйлеу әрекетінде айқындалады. Жеке тұрғанда белгілі бір лексикалық мағынаны иеленетін сөз ауызша не жазбаша сөйлеуде өзінің семантикалық қоршауындағы сөздермен тіркесімділікке түсе келіп, эмоцианалды-экспрессивті қызмет атқарады. Әрине, мұндай шығармашылық үдеріс индивидтің аялық білім жүйесімен тікелей байланысты. Сөйлесімдегі не мәтіндегі, сөйлемдегі сөздің семантикасы оның жеке тұрғандағы мағынасынан айтарлықтай ерекшеленеді. Өйткені белігілі бір сөз мәтін ішінде қолданысқа түсе келіп, өзінің негізгі ұғымдық мазмұнын иеленеді. Тіпті жекелеген фразалардың өзі мәнмәтінсіз түсініксіз болуы мүмкін. Егер, біз, бір сөздің мағынасын түсінгіміз келсе, оны сөйлесімнің, мәтіннің ішінде қолдануымыз қажет. Мәселен, жапырақ – «жоғары сатыдағы өсімдіктердің фотосинтез, газ алмасу, буландыру, қор жинау, көбею қызметтерін атқаратын өсу мүшесі» [1, 61- 62]. Берілген сөздің лексикалық мағынасынан көрінбейтін, алайда адамның танымына сәйкес жапырақтың өн бойындағы «жіңішкелік» белгісі санада қатталып, сөйлесім үдерісіндебір жапырақ нан, етті жапырақтап турау сынды тілдік бірліктердің туындауына әсер еткен. Сондай-ақ, «Жапырақ жүрек жас қайың, жанымды айырбастайын! Сен адам бола бастасаң, Мен қайың бола бастайын» деген өлең жолдарындағы «жапырақ жүрек»тіркесінің қолданысы метафоралық тәсіл негізінде «кішкентай, нәзік» деген ұғымдытұспалдап жеткізіп тұр. Алдыңғы мысалда көрсетілген «жіңішкелік» белгісінің негізінде ассоциация бойынша «нәзіктік» сынды екінші ұғымдық белгі туындаған.
Жалпы тіл білімінде мәтінге берілген анықтамалар көптеп кездеседі. Берілген анықтамаларды тұжырымдай келе, мына бір анықтамаға назар аударсақ: «Мәтін  – жазба құжат түрінде толық аяқталған ойды білдіретін, әдеби тұрғыда өңделген, мәтін ішіндегі абзацтардың лексикалық, грамматикалық, логикалық, стилистикалық байланыстардың әртүрлі типтерімен біріккен, күрделі фразалық бірліктерден тұратын, белгілі бір тілдік интенциясы бар сөйлеу шығармашылығының туындысы» [2,18]. Мәтінтүзімнің негізгі құралы ретінде тілдік жүйе, тілдік таңбалар жүйесі маңызды рөл атқаратыны белгілі, олай болса, тілдік жүйе, дискурс және мәтіннің арасындағы байланысты берілген диаграммадан көруге болады.

Диаграмма 1 – Дискурс, мәтін және тілдік жүйе арақатынасы


Психолингвистикалық аспект тұрғысынан алғанда, мәтін – адамның сөйлеу әрекетінің нәтижесі ретінде қарастырылады. Психолингвистердің айрықша назар аударатын мәселесі – мәтінді қабылдау және оны түсіну әрекеті. Өйткені мәтін психологиялық тұрғыдан адамға бағытталады және оны оқырман өз таным-түйсігіне қарай қабылдайды. Мәтінге деген қызығушылықтың артында тілдік санаға деген қызығушылық жатыр. Ал тілдік сананың артында тілдік тұлға, автордың идиостилі, индивидтің ойлау жүйесіне деген қызығушылық мәселелері туындайды. Әрбір мәтінге талдау жүргізу арқылы тілдік тұлғаны тануға болады. Кеңестік психолингвистикада тілдік сана терминіне мынадай анықтама беріледі: «Тілдік таңбалардың көмегімен ішкі үдерістерді жоспарлау және сыртқа шығару үдерістерін реттеуші қызметін атқарады» [3, 102-103]. Тілдік таңбаға, мәтінге деген қызығушылық тілдік тұлға мәселесіне, ғалам бейнесіне деген қызығушылықты тудырды, өйткені мәтіннің артында белгілі бір тілдік жүйені меңгерген тілдік тұлға тұрады. Ғалам бейнесі – адам санасында қоршаған орта туралы белгілі бір ұғымдық мазмұны мен когнитивті сызбалары бар көрініс.


Мәтінкүрделі семантикалық түзілім ретінде көптеген психолингвистикалық белгілерге ие, атап айтқанда, мәтіннің бүтіндігі, тұтастығы, эмотивтілігі, преценденттік сипаты, бейвербалдылығы сынды белгілері бар.
Тұтастық – мәтін ішіндегі абзацтардың, тілдік бірліктердің арасындағы өзара байланыс. Бұл мәселеге мәтін лингвистикасы жауап береді. Себебі, кейде мәтін ішіндегі өзара тұтастық сақталғанмен, мәтінде толыққандылық, бүтіндік болмауы мүмкін. Кейде керісінше, толыққандылық, бүтіндік болғанмен, өзара тұтастық сақталмауы мүмкін.
В.П.Беляниннің көрсетуінше, мәтінтүзім моделі үш фазалық құрамнан тұрады: бағыт (жүзеге асыру), бақылау, реципиент тұрғысынан қабылдау [4, 180]. Бағыт фазасында мәтінтүзімнің коммуникативті мақсаты туындайды. Осы коммуникативті мақсат мәтінтүзімнің уәжін құрайды. Осы уәж кеңейтілген сөйлесімнің жоспарланған коммуникативті-танымдық мазмұнын құрайды. Мәтін мазмұнын сипаттауда автор аргументтер енгізді, комментарий береді, интеллектуалды және эмоционалды бағасын береді.
Ойда қалыптасқан жоспарды, идеяны жүзеге асыру фазасы тілдік құралдарды қолдану арқылы іске асады. Мәтін үшін ерекше тілдік құралдар ретінде фразааралық тұтастық пен бүтіндік көрсеткіштері қолданылады. Идея автордың санасында ойша туындайтындықтан, ойдағы идея толығымен сыртқа шықпайды. Демек, айтылатын ой тек мәтін арқылы түзіледі.
Бақылау фазасымәтіндегі айтылатын ойды, идеяны қайта өңдеуден өткізу дегенді білдіреді. Қайта өңдеу кезінде ойдың толыққанды болуы, бір идея мен екінші идеяның өзара тұтастыққа құрылуы ерекше рөл атқарады. Өйткені ойдағы ассоциациялық қатынас мәтіндегі айтылатын ойды бір-бірімен байланыстыруға септігін тигізеді.
Мәтін әрқашан коммуникативтік жағдаяттарға, тілдік материалды қолданушы мен тыңдаушыға байланысты болып келеді, әрі автордың белгілі бір бағытты таңдауының нәтижесі болады. Осыдан мәтіннің мазмұны құралады.
Психолингвистикалық аспект тұрғысынан алғанда, мәтін – тілдік коммуникацияның негізгі бірлігі саналады, тілдік бірліктердің көмегімен түзілген, қоршаған ортаны шынайы бейнелеп көрсететін, индивидтің сөйлеу әрекетінің нәтижесінде туындайтын шығармашылық үдеріс [5, 260].
Кез келген тілдік коммуникацияның мақсаты – рецепиенттің (оқырман, тыңдарман) белгілі бір деңгейде вербальді, физикалық, ментальді не эмоционалды реакциясын тудыруға бағытталады. Мәтіннің міндеті – тыңдаушы жаққа, адресатқа әсер ету, мәтін авторы өзінің коммуникативті мақсатына сәйкес қажетті тілдік бірліктерді таңдап қолданса, реципиент мәтін авторының не айтқысы келгенін толық түсініп, қабылдай алуы тиіс. Сол себепті мәтін психолингвистикасының негізгі міндеті – мәтінтүзім және оны қабылдау механизмдерін зерттеу. Мәтінді қабылдаудың психолингвистикалық моделі (мәтіннің мазмұндық және құрылымдық сипаты) мәтіннің лингвистикалық тұрғыдан дұрыс құрылуына ғана емес, мәтін тудырудың психологиялық уәжіне де назар аударады. Өйткені мәтін мазмұндық тұрғыдан алғанда толық аяқталған, өзара тұтастыққа құрылған, белгілі бір коммуникативті жағдаяттың нәтижесінде түзіледі. Осылайша, мәтін сөйлеу (ойлау) әрекетінің жемісі саналады, алғаш рет мәтін автордың санасында бір рет туындаса, реципиенттің мәтінді қабылдау үдерісінде бірнеше рет туындайды. Автор мәтінтүзімде тілдік таңбалар селекциясын жасап, одан өзінің айтар ойын толығымен жеткізе алатын, екінші жағынан реципиенттің мәтінді түсініп қабылдауына қарай тілдік формаларды таңдайды [6, 80].
Енді осы мәтіндегі негізгі ой, идея (замысел) мәтіннен алынады ма, әлде мәтінге арнайы енгізеледі ме деген сұраққа тоқталайық. Егер, біз, мәтінді мазмұнның архитектоникасы деп білсек, онда оқырман, көрермен, реципиент мәтіннен негізгі ойды ала отырып өзі қайта құрастырады, қайта жаңғыртады. Ал реципиенттің мәтіндегі негізгі идеяны, астарлы ойды қалай қайта жаңғыртады, ол оқырманның өзіне байланысты. Мәтін ↔ реципиент арасындағы қарым-қатынас бұрыннан қарастырылып келе жатқан мәселе. Қазіргі кезде мәтінді қабылдау үдерісімен психологтар, психолингвистер (В. П. Белянин, Г.Вайнрих) айналысып келеді. В.П.Беляниннің пікірінше, белгілі бір коммуникативті жағдаят мәтінтүзімге негіз болатын уәж бен интенцияны тудырады [4].
Психолингвист ғалымдар мәтінді психолингвистикалық аспектіден қарастыра келе, мәтіннің өзіне тән дифференциалды белгілері мен мәтінтүзім категориялары бар екендігін айтады. Мәтіннің дифференциалды белгілері туралы айтқанда О. И. Москальскаяның мәтіндегі тұтастық идеясынның үш белгісін негізге аламыз. Олар: мазмұн тұтастығы, коммуникативті тұтастық, құрылымдық тұтастық [7,75]. Бұл үш белгі мәтіннің кез келген түріне тән. Осы белгілердің негізінде мәтінтүзуші категориялар айқындалады.







Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет