Студенттердің өзін - өзі пысықтау сұрақтары:
1.Топырақ түзілу үдерісі қалай жүреді?
2. Топырақ түзілу үдерісінде микроағзалардың рөлі.
3. Топырақтың қарашірінді қоры дегеніміз не?
4. Топырақта микроағзалар тіршілігін реттейтін факторларға нелер жатады?
5. Топырақ микроағзаларының өсімдіктердің өсуіне тигізетін әсері.
6. Топырақтың қандай қабатында микроағзалардың тіршілігі белсенді жүреді?
7. Психрофилді микроағзалар топырақтың қандай қабаттарында мекен етеді?
8. Топырақта микроағзалардың қозғалуы.
15 – Дәріс. Тамыр аймағы мен өсімдіктердің сыртқы қабатындағы микроағзалар
Қаралатын сұрақтар:
Өсімдіктердің тамыр және тамыр аймағы микрофлорасы (ризоплан және ризосфера). Ризосфералы микроағзалар құрамын реттеу арқылы (бактеризация, уландыру және т.б.) дәндердің егістік шығымын арттыру.
Өсімдіктер микоризасы. Өсімдіктердің эндотрофты және эктотрофты микоризасы. Өсімдіктердің қоректенуінде микоризаның рөлі.
Эпифиттік микрофлора және оның құрамы. Дән сапасын бағалауда эпифиттік микрофлораның түрлік құрамын пайдалану.
Өсімдіктердің тамыр және жер үсті мүшелерінің сыртына өсімдік ағзаларымен синтезделетін органикалық қосылыстар бөлінеді. Бұл құбылыс экзосмос деп аталады. Тамырдан бөлінетін органикалық қосылыстардың ішінде дәрумендер, өсуді реттеуші заттар, кейде алкалоидтар және т.б. физиологиялық белсенді заттар болады. Аталған қосылыстардың көпшілігі аздаған мөлшерде өсімдіктердің жер үсті мүшелерінен де бөлінеді. Осыған байланысты өсімдіктердің тамыры мен жер үсті мүшелерінде сапрофитті микрофлора үлкен мөлшерде көбейіп, дамиды.
Негізінен тамырдың сыртында мекен ететін «тамыр» микроағзаларын – ризоплан микрофлорасы деп, сондай-ақ тамырға жақын топырақ қабаттарында тіршілік ететін микроб топтарын – ризосфера микрофлорасы деп бөліп қарастырады. Тамырдың сыртындағы және ризосферадағы микроағзалар саны топырақтың басқа массасымен салыстырғанда 100 есе көп. Жас тамыр аймағында негізінен спора түзбейтін бактериялар көбейеді (Pseudomonas, Mycobacterium және т.б.). Осы жерде микроскоптық саңырауқұлақтар, ашытқылар, балдырлар және басқа да микроағзалар кездеседі.
Ризосфера микрофлорасының құрамы өсімдіктердің жасына қарай өзгеріп отырады. Мысалы, бациллалар, актиномицеттер және целлюлозаны ыдыратушы микроағзалар, жас өсімдіктер ризосферасында іс жүзінде кездеспейтіндер өсімдіктердің дамуының соңғы кезеңдерінде пайда болады.
Микориза – жоғары сатыдағы өсімдіктердің тамырларымен бірге саңырауқұлақ мицелийлерінің селбесуі.
Микоризаның сыртқы түрі мен ішкі құрылымы қатты ауытқуы мүмкін. Осыған байланысты эктотрофты, эндотрофты және аралас (эктоэндотрофты) микоризаны бөліп қарастырады. Микоризаның осы типтерінің арасында мүмкін болатын барлық нұсқалар кездеседі. Ең көп тарағаны – эндотрофты микориза типі. Ол шөптесін өсімдіктерге, көптеген ағаштар мен бұталарға тән. Эндотрофты микоризаның қалыптасуында саңырауқұлақ мицелийі тек тоз қабатының паренхима жасушаларының арасына ғана таралмайды, сондай-ақ жасушаға енеді. Тамырдың эндотрофты микоризасында мицелийдің ұштарының бір бөлігі топыраққа шығады. Мұндай гифалар эмиссионды деп аталады. Олар қалың емес және эктотрофты микоризадағыдай саңырауқұлақ қабығын түзбейді. Сондықтан эндотрофты микоризада өсімдіктердің тамыр түктері негізінен сақталады.
Эктотрофты микориза да кең таралған. Бұл жағдайда тамыр тығыз саңырауқұлақ қабығымен қапталып, жан-жаққа қалың гифалар торы таралады. Эктотрофты микоризада саңырауқұлақ гифтері тамырға онша терең енбейді, тек эктодерманың жасуша арасында шектеледі. Эктотрофты микориза кезінде тығыз саңырауқұлақ қабығы көп жағдайда тамырды қоршап гартиг торын түзеді, тамыр түктері жойылып кетеді, ал су мен қоректік заттар топырақтан саңырауқұлақ мицелийі арқылы сіңіріледі.
Нағыз микоризаны паразитті саңырауқұлақтармен түзілетін псевдомикоризадан айыру қажет. Олардың сырт көрінісі микоризаны елестетеді, бірақ тамырдың барлық ұлпаларын зақымдап, басқа физиологиялық негізге ие болады.
Микоризалы өсімдіктер топырақта ылғал тапшылығы сезілгенде суды оңай сіңіреді, сондықтан құрғақшылықты оңай көтереді. Көптеген органикалық қосылыстар саңырауқұлақтармен, яғни, микориза түзушілермен минералданады, нәтижесінде өсімдіктердің қоректенуі жақсарады. Саңырауқұлақ – микориза түзушілер биологиялық белсенді заттарды синтездейді және осы қасиетінің арқасында өсімдіктердің өсуіне ықпал етеді.
Өсімдіктердің сыртқы қабатында дамитын микроағзалар эпифиттік немесе филлосфера микробы деген атқа ие болды. Бұл микроағзалар өсімдіктерді зақымдамайды, тек оның ұлпаларынан бөлінетін және сыртқы қабатында кездесетін аздаған мөлшерде органикалық ластану (шаң және т.б.) есебінен өсіп дамиды.
Астық дақылдарының дәнінің эпифиттерінің жалпы санының 80%-ға дейін Erwinia herbicola жасушалары құрайды. Эпифитті микроағзалардың ішінде бациллалар мен актиномицеттер аз, көбінесе әр түрлі саңырауқұлақтар (Penicillium, Fusarium, Mucor және т.б.) кездеседі.
Эпифиттік микроағзалардың сау өсімдіктерде тіршілік етуі көп жағдайда климатпен байланысты. Ылғалды ауа райында олардың саны артады, құрғақшылық жылдары, керісінше, кемиді. Сыртқы зат алмасу өнімдерін қарқынды бөлетін өсімдіктердің микрофлорасы бай және әр түрлі болып келеді.
Егінді жинау және үгіту кезінде дән микроағзалармен қатты ластанады. Мұнда шаң – тозаң мен топырақ үлкен маңызға ие болды. Олар дәнге түсіп, дән массасының микробтармен күшті ластануын тудырады.
Эпифиттік микроағзалар өсімдіктердің сыртында көбейе отырып, өсімдік ұлпаларына паразиттердің енуіне кедергі келтіретін биологиялық барьер түзеді. Өсімдіктерді қоректік заттармен бүрку арқылы эпифиттік микрофлораның көбеюін арттырып, эпифиттердің фитопатогенді микроағзаларға қарсы антагонистік әрекетін күшейтуге болады.
Достарыңызбен бөлісу: |