Зигомицеттер (Zygomycetes). Қозғалуы шектелген ағзалар тобы. Өкілдерінде жынысты жолмен көбеюі басым, жыныссыз жолмен конидийлер немесе спорангийлерде орналасқан споралар арқылы жүзеге асырылады. Бұл класқа Mycorales қатарына жататын саңырауқұлақтар жатады. Олардың мицелийі бұтақталған бір жасушалы, ұстағыштардың ұшында жеміс гифі – спорангийлері болады. Спорангийлер ішіндегі споралар жыныссыз көбейеді. Топырақта кездеседі, бірнеше тұқымдастары бар. Олардың ішінде Mucor Thamnidium, Rhizopus, туыстары белгілі.
Аскомицеттер (Ascomycetes). Көп жасушалы мицелийі бар саңырауқұлақтар. Конидий арқылы көбейеді. Жыныстық жолмен көбейгенде аскоспоралар түзеді. Споралары «аска» деп аталатын қалталарда дамиды. Бұл кластың 20 мыңнан астам түрлері бар. Өкілдерін эуаскомицеттер (нағыз аскомицеттер)- споралары бар қалталары жеміс денесінің ішінде дамитындар (Penicillium, Aspergillus) және гемиаскомицеттер, яғни, жеміс денелері жоқ (ашытқылар) деп бөліп қарастырады.
Пенициллум – конидий ұстағыштары қол саусағындай тармақтаған көк жасыл зең. Кейбір өкілдерінен пенициллин дәрісі алынады. Тағамдарды бүлдіреді.
Аспергиллус – жануарлар мен өсімдіктерден жасалған тағамдарды бүлдіреді. Кейбір өкілдерінен лимон қышқылы, спирт дайындауда солод ретінде және түрлі ферменттерді өндіруде қоладанылады. Солод сыра қайнатуда қолданылады.
Дейтеромицеттер (Deuteromycetes) немесе жетілмеген саңырауқұлақтар. Денелері буын-буынды көп жасушалы гифтерден, кейде бүршіктенетін жасушалардан тұрады. Көбеюі тек қана жыныссыз жолмен жүреді. Бұл кластың 25 мыңнан астам түрі белгілі. Олар тағамдарды бүлдіріп, мәдени өсімдіктердің ауруларын тудырады. Табиғатта кең таралған өкілдеріне Fusarium, Alternaria, Triсhoderma жатады.
2- сурет. Микроскопиялық саңырауқұлақтар:: а – Мисоr, б — Aspergіllus, в - Penicillium, г - Fusarium, конидийі бар конидий ұстағыш: 1 — макроконидий, 2 — микроконидий; д — Trichoderma, конидийі бар конидий ұстағыш; е — Altenaria, конидий тізбектері бар конидий ұстағыш.
Фузариум. Сапрофитті және паразитті түрлері кездеседі. Қоректік ортада саңырауқұлақтың борпылдақ, мақта тәріздес, үлпілдек, тығыз немесе жеңіл колонияларын түзеді. Олардың түсі ақ немесе қызғылт, сары түстерге боялады. Микроскоптан олардың макроконидийі мен микроконидийлерін көруге болады. Макроконидий ұштары сүйірленген, сопақша, орақ тәрізді иілген, бірнеше сегменттерден тұрады. Ал микроконидий ұсақ, түссіз, көбінесе бір жасушалы болады.
Альтернария. Ауыл шаруашылық дақылдарынан оңай бөліп алуға болады. Конидий құрылысы ерекше көп жасушалы алмұрт тәрізді, тізбектелген болады. Колониялары бастапқыда ақшыл, үлпілдеген, кейін сұр жасыл немесе жасыл қара, барқытты немесе түкті болады. Қоректік ортаға күйедей қара пигмент бөледі.
Достарыңызбен бөлісу: |