Ашытқылар. Әр түрлі кластарға жататын бір жасушалы микроскоптық ағзалар тобы. Жасуша диаметрі 8-15 мкм, пішіні эллипс, алмұрт тәрізді, дөңгелек кейде цилиндрлі. Вегетативті және жынысты жолдармен көбейеді. Вегетативті көбеюі – бүршіктену және бөліну арқылы, жынысты көбеюі спора түзу арқылы жүзеге асырылады. Бүршіктеніп көбейетін түріне Saccharomyces (cахаромицеттер) туысының өкілдері (мысалы нан ашытқылары), бөлініп көбейетін түріне Schizosaccharomyces (шизосахаромицеттер) спирт ашытқылары жатады. Жынысты көбеюінде вегетативті жасушалардың қосылуынан споралары бар қалта түзіледі. Әр қалтада 2 – 8, кейде 12 спора жетіледі. Сахаромицеттер мен шизосахаромицеттер де жынысты көбейе алады. Ашытқылардың арасында аспорогенді, жалған ашытқылар бар, олар спора түзе алмайды және жынысты көбеюге қабілетсіз. Олар жетілмеген саңырауқұлақтар класына жатқызылады. Аспорогенді саңырауқұлақтар өкілдеріне Torula lactis сүт ашытқыларын жатқызуға болады.
Пысықтауға арналған сұрақтар: 1. Саңырауқұлақтарды қандай топтарға жіктейді?
2. Нағыз саңырауқұлақтардың қандай кластарын білесіз?
3. Ашытқылар қандай класс өкілдері болып табылады?
4. Саңырауқұлақтар қалай көбейеді?
5. Қалталы саңырауқұлақтардың басқа класс өкілдерінен қандай ерекшелігі бар?
6. Дейтеромицеттердің жиі кездесетін өкілдерін атаңыз.
№ 4 Зертханалық сабақ
Тақырыбы: Вирустар. Бактериофагтар.
Мақсаты: Студенттерді вирустар мен бактериофагтардың морфологиясымен таныстыру.
Қажетті материалдар: қызылша, құтыру, полиомелит, тұмау, вирустарының суреттері, олардың құрылысымен танысу және суреттерін салу.
Вирус деген атауды(аудармасында «у» дегенді білдіреді) ертеректе аз зерттелген әртүрлі ауру тудырушы агенттерді белгілеу үшін қолданған. Кейінірек 1892 жылы Д. Ивановскийдің ашқан бактериологиялық сүзгіден өтіп кетуге қабілетті ауру қоздырғыштар тобына берілген. Вирустар басқа микроағзалардан өте ұсақ мөлшерімен ерекшеленеді: олар бактериологиялық сүзгіден өтіп кетеді, кәдімгі центрифугада центрифугалау кезінде тұнбаға түспейді (тек ультра центрифугада ғана тұнбаға шөгеді) және кәдімгі жарық микроскопынан көрінбейді.
Иірілген жіп тәрізді вирустардың диаметрі 10 нм, ал ұзындығы 2 мкм жетеді. Шар тәрізді вириондардың диаметрі 20-300 нм аралығында ауытқиды. Алып вирустар (мысалы, шешек ауруының вирусы)- олардың кірпіш тәрізді вириондарының ені 450 нм, ал қалыңдығы 260 нм құрайды.
Вирустар қожайын жасушасында ғана көбейеді, сөйтіп оның жойылуын тудырады, сонан соң көршілес жатқан сау жасушаларға жұғады да, жасушалардың тұтас жиынтығын бұзады. Дәл осылай ұлпалардың зақымдалу ошақтары (некрозы), сондай – ақ лизис аумағы бойынша (дақтар) өсімдік культураларының ұлпасы мен бактериологиялық газонында вирустардың бар – жоғы анықталады. Кез келген вирус екі бөліктен тұрады: 1. генетикалық материал (ДНҚ немесе РНҚ); 2. ақуыздық қабық (сирек липидтік қабық). Ақуыздық қабықты капсид деп атайды, ол капсомерлерден тұрады.
Өсімдіктерді зақымдайтын вирустар өсімдік жасушасына белсенді ену нәтижесінде емес, зақымдалған ұлпалары арқылы енеді. Жануарлар үшін патогенді вирустар адамдар мен жануарларда бірқатар ауруларды тудырады: табиғи және желді қызылша, құтыру, полиомелит, тұмау және т.б.
Фагтар – микроағзалардың вирусы. Бактерияның вирусы – бактериофаг, актиномицеттердің вирусы – актинофаг, саңырауқұлақтардың вирусы – микофаг, Көк-жасыл балдырлардың вирусы – цианофаг деп аталады. Бактериофагтың призма тәрізді басының ұзындығы 60-100 нм, өсіндісінің ұзындығы 100- 200 нм жетеді. Басының ішінде бір немесе екі ДНҚ жіпшелері орналасады.
Бактериофагтар бактерия клеткаларына бекініп, басының ішіндегі ДНҚ-сын бактерия клеткасына жібереді, ал фагтың басы сыртта қалады.
Фагтың жасаған шабуылынан соң, бактерия клеткасы бөліну қабілетінен айырылады, қозғалысы шектеледі. Нәтижесінде бактерия клеткасының қабығы еріп кетеді де, бактерия клеткасының ішінде көбейіп жетілген бактериофагтар сыртқа шығады. Фагтардың бактерияларды лизиске ұшыратуын вируленттілігі деп атайды. Вирулентті емес фагтар бактерия жасушасын жоя алмайды, олар бактерия жасушасында көбейіп, бір жасушадан екіншісіне тасымалданады. Мұны лизогения деп атайды. Фагтарды тасымалдайтын бактерияны лизогенді бактерия деп атайды.