Қажетті материалдар: картоп, агар-агар, дистильденген су, ет сорпасы, желатин, химиялық реактивтер, химиялық ыдыстар және т.б.
Микроағзаларды қоректік орталарда өсіруді культивациялау (латынның cultus — өсіру) деп, нәтижесінде өсіп жетілген микроағзаны культура деп атайды. Сұйық ортада өсіп жатқан культуралар суспензия, тұнба немесе пленка, қатты ортада — колония түзеді. Культура таза — тек бір түрге жататын жасушалардың ұрпақтарынан тұратын және жинақтаушы — микроағзалардың бір түрінің жасушаларынан тұрады. Таза немесе жинақтаушы культура алу үшін зарарсыздандырылған қоректік ортаға микроағзалар жасушасын немесе қандай да бір материалды (топырақ үлгісін, суды) енгізу себу деп аталады. Өскен жасушаларды бір ортадан екіншісіне (зарарсыздандырылған) ауыстыру қайта себу немесе пассаж (латынша passus — кезектесу) деп аталады.
Негізінен микроағзаларды белгілі бір тұрақты температурада термостаттарда (ағаш немесе метал л шкафтар) немесе термостатты бөлмелерде өсіреді. Сол немесе басқа температура термореттегіштердің көмегімен бір қалыпта ұсталып тұрады. Белгілі бір температурада өсіруді инкубация немесе инкубациялау (латынша incubatio — өсіру, балапандарды басып шығару) дейді. Микроағзаларды шыны ыдыстарда: пробиркаларда, колбаларда немесе Петри табақшаларында өсіреді. Ол үшін бұрын қолданылмаған шыны ыдыстарды сілтілерден қайнату арқылы немесе К2Сг207 (6%) және H2SO4 (6%) концентрлі ерітінділерінде тазартады.
Пробиркаларда микроағзаларды сұйық және қатты орталарда өсіре береді. Аэробты культураларды өсіру үшін сұйық ортаны пробирканың 1/3 бөлігіне құяды, ал анаэробтар үшін — 2/3. Егер пробиркадағы қатты қоректік орта микроағзаларды әрі қарай өсіруге арналса, онда қоректік ортаны залалсыздандыру кезінде пробирканың 1/3—1/4 көлемінде құяды.
Зарарсыздандырып болған соң әлі қатып үлгермеген қоректік ортасымен қиғаш жазықтықтағы агар алу үшін пробирканы тегіс жазықтықтағы үстелге қисайтып орналастырады. Пробиркада вертикаль жағдайында қатырылған қатты қоректік ортаны тік бағаналы деп атайды. Пробирканың 1/3 -1/2 көлемін алып жатқан тік бағаналы қоректік ортаны культураны инемен шаншып себу үшін қолданады. Қоректік ортасы бар және культура себілген пробирканы штативке орнатады. Қоректік ортасы бар зарарсыздандырылуға арналған пробирканы сым кәрзеңкеге немесе тесіктері бар метал шелекке орналастырады. Инкубация кезінде немесе сақтауға арналған культурасы бар пробиркаларды картоннан жасалған қораптарға салады. Микроағзаларды колбаларда өсіру кезінде тек сұйық қоректік орталарды пайдаланады. Аэробты микроағзалар үшін қоректік ортаны жұқа қабатпен құяды (мысалы, 100 мл Эрленмейер колбасына 30 мл), ал анаэробты микроағзалар үшін колбаның 2/3 көлемін толтырады. Петри табақшаларында микроағзаларды тек қатты орталарда өсіреді. Бұл ыдыстың биіктігі — 1,5 см шамасында, диаметрі — 8-10 см, үстіңгі табақшаның диаметрі астыңғы табақшаға қарағанда біршама үлкен (ол табақшалардың қақпағы болып саналады). Микроағзалармен жұмыс істеу үшін арнайы бактериологиялық инелер, ілмекшелер мен шпательдер қолданылады. Оларды платиналық сымдардан дайындап, арнайы металлдан жасалған ұстағыштарға немесе шыны таяқшаларға бекітіп қояды. Қатты қоректік орталарда өскен микроағзалар культурасын колониядан алып себу немесе қайта себу кезінде инелерді немесе шпательдерді қолданады. Микроағзаларды суспензиядан ілмектер арқылы алады.
Достарыңызбен бөлісу: |