«Мадақ» тарауында Мырза Хайдар шығармаларындағы аталған жанрдың көрініс табуы талданады.
Мадақ әдеби тақырып ретінде ежелгі Мысыр елінде перғауындар заманынан бар. Алғашында тәңірлер мен перғауынға арналып шешендік сөздер мен әдеби шығармаларда көрініс тапқан. Бұл жайтты біздің заманымыздан бұрынғы 1350 жылы перғауын сарайының дәрігері болған Sinuheyнің (Синуһе) естеліктер кітабынан оқи аламыз [12, 989 б.].
Адам баласының психологиялық ерекшеліктеріне зер салсақ, мадақ олардың жаратылысы бірте қайнасып жатқанын көреміз. Адам ұжмақта тыйым салынған жемісті ібілістің мадақтауынан кейін алданып жеп бейішінен қуылғаны да содан шығар. Поэзияда құдайлар мен патшаларды, оларға қатысты «Салтанатты оқиғаны жырлауға арналған, біреуді қошеметтей сипаттайтын мақтау өлең» ежелгі Грек, Рим әдебиетінде орын алған [22, Б.220-221].
Мақтау сарындағы өлең араб әдебиетінде «Мәдһ» деп аталады. Бұл жанр Орта ғасырларда Орталық Азияда ислам дінінің кеңінен қанат жаюы арқасында түркі әдебиетінде де орын алған. Жалпы, шамамен, 47 түрлі мадақ сарыны болғанымен [22, 221 б.] оның мазмұнына қатысты төрт түрі бар екенін Шейх Ахмет ибн Құдайдад Тарази өз еңбегінде жазған.
«Тәуһид» - Аллаға мадақ, «Н'әт» - пайғамбарға мадақ, «мәнақеб» сахабаларды мақтау, «Мәдһ» - патшалар, хандар, әмірлерді мақтау түрлерінің жырлануы ислам-шығыс әдебиетіндегі барлық жыр-дастандарда дағды-дәстүрге айналған.
Мырза Хайдар мадақтың діни түрлерін өзінің «Жаһаннаме» дастанында өлең жолдарымен берген. Онда:
Әуелі мадақ болғай жаратушыға жаһанның,
Жасырын болмас істері одан ешкімнің.
Бәрі бірдей болады бір Алланың алдында,
Тұрағы ашық далада, қара түнек болса да.
Қаншама көп тұрғындары болса да әлемнің,
Көріне берер сонда да құдіреті Алланың
Қанатын қағар құдіретімен Алланың,
Жүгіріп жүрер құдіретімен Алланың.
Хикметі әрнәрсенің жаратқан Алладан болады,
Келсе де қандай хикмет бір Алланың құдіретімен келеді [36, 61 б.].
- деп Алланың шексіз құдіретіне илануды дәріптейді және Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) мен Әбу Бәкір, Омар, Осман, Әлидің қаншалық ұлық болғандарымен Алланың жаратқан пендесі болғандықтан, фәни әлемнің қонақтары болғанын ескертеді. Олардың өмірін бізге үлгі етіп, тіршіліктің уақытша сынақ кезеңі екенін есімізге тағы салады. Демек, мадақтың танымдық міндетімен бірге тәрбиелік, тәжірибелік мәні де бар.
Қазақ әдебиетінде имандылықты насихаттайтын мадақ түрлері діни қиссаларында, батырлық жырларында, діни-ағартушылық мақсатында көрініс тапқан. Бірақ, қазақ әдебиеттану ғылымында түрлі саяси ахуалдарға байланысты мадақ стилдік тақырып ретінде немесе әдеби жанр ретінде зерттеле қоймағаны да рас. Қазақ жырларына зер сала қарағанда ғашықтық, хикаялық, қаһармандық, қиял-ғажайыптық, діни дастандарда [37, 10 б.] көрініс тапқан мадақтың түрлері шығыстың классикалық әдебиетіндегі мазмұнға жақынырақ келеді. Бірақ дәстүрлі үрдістен тыс қазақ әдебиетінде «мәдһ» патшаны, хандарды мақтау мен қатар оларды «даттау» тақырыбы да пайда болғанын Махамбет (1804-1846) жырынан, мадақтың кейбір түрін Дулаттан (1802-1871), философиялық мадақ түрін де Абай шығармаларынан көреміз.
Достарыңызбен бөлісу: |