«Шығармадағы ежелгі Тараз қаласы туралы өлеңдер» атты тарауда Мырза Хайдардың аталған түркі шаһары туралы деректері талданады.
Мырза Хайдар Дулат Орталық Азия және шығыс Түркістанның көптеген қалалары Шыңғыс ханның шабуылдарынан кейінгі кезеңде жойылып кеткенін немесе әйгілі қалалардың қалдықтары қалғанын жазды.
Диссертацияның осы тарауында Тараз туралы өлеңдер жазып, шаһардың атын ардақтап, жалпақ әлемге жайған – Рудаки, Фирдауси, Туси, Систани, Горгани, Шервани т.б. шайырлардың шығармаларына талдау жүргізілді.
Қорытындыда «Тарих-и Рашиди» – көркемдігі жөнінен Орта ғасырда жазылған кез-келген парсы, түркі қаламгерлерінің ең әйгілі деген туындысымен таласа алатындай асқақ та ажарлы, күрделі де кесек шығарма. Оның өн бойынан айшықты ауыстырулар мен айқындуларды, керемет теңеулер мен кестелі портреттерді, ғажайып суреттер мен табиғат пейзаждарды, қанатты тіл орамдары мен ислами даналық мәйектерін, сондай- ақ келісті кейіптеулер мен өзге де көріктеуіш әдіс-тәсілдердің қайталанбас үлгілерін көптеп кездестіруге болады.
Мырза Хайдар Дулаттың «Тарих-и Рашиди» ғұмырнамалақ тарихи баяны - өз дәуірінің озық туындысы ғана емес, ғасырларды көктей өтіп бүгінге жеткен, қазіргі қазақ оқырманы мен болашақ ұрпақтарға берер тарихи тағылымы мол, эстетикалық деңгейі биік, маңызы зор ұлттық қазыналарымыздың бірі. Ол – тарихи шығарма ғана емес, қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған баға жетпес рухани байлығымыз. «Тарих-и Рашиди» кітабы – адамзат тарихы мен дүниежүзілік әдебиеттің інжу-маржандары қатарына қосылатын іргелі шығарма ретінде әлі де талай-талай ғылыми зерттеулерге өзек болары анық.
Диссертацияның ғылыми нәтижелері тұжырымдалып берілді. Заман өзгерген сайын көзқарас өзгереді. Әйтсе де, әдебиет адамзат баласы үшін басты рухани құндылықтардың бірі болып қалары сөзсіз. Тарих пен әдебиет егіздің сыңарындай жақын пәндер. Сондықтан Тәуелсіздік кезеңіндегі Қазақстан мәдениеті үшін өткен замандардан мұра болып қалған ұлы оқымыстыларымыздың шығармаларын зерттеп, олардың шынайы мазмұны мен маңызын келер ұрпақтың санасына жеткізу – кезек күттірмейтін шара. Бұл орайдан әдебиеттану ғылымының атқарар жүгі ауыр десек, «Тарих-и Рашиди» мен оның авторы М.Х.Дулат туралы бұл зерттеу еңбегі осы бағыттағы соны қадамдардың бірі деп ойлаймыз.