Жігерлі даусы саңқылдап, Сартылдатып тұр сөйлеп. Тұр десеңдер не сөйлеп... Осы бір заман қай заман? Бұл заманың сол заман? – деген жолдардағы заман, сөйлеп тұрған шешен туралы қайталауды байқасаң, жағымды кейіпкер жас қыздың сөйлеп тұрған дауысын «сартылдатып тұр» деген де құлаққа онша жағымды естілмейді. «Күйші поэмасындағы:
Түлкі қыз қызыл Алтай, кер марал қыз, Ақ қоян, бозша байтал, ақша нар қыз. Қымыздайбалға ашытқан тәтті қызға Жігіттер бәріңізде-ақ сұқтанарсыз, – деген шумақта ақын Қарашаш қыздың бейнесін суреттеуде бұрын-соңды айтылмаған соны теңеулер табады, ал айтылып жүрген теңеулердің өзін өзгертіп, жаңартып алады. Балға ашытқан қымыз кісінің тілін үйіреді. Ол халықтың ең сүйікті тағамының бірі. Сұлу қызды сол сүйікті, тәтті тағамға, қымызға балау жаңа теңеу.
Ал, «түлкі қыз қызыл алтай, кер марал қыз» деген жолдағы қызды алтай түлкісіне, кер маралға теңеу халық әдебиетінде бар жай. Ілияс халық жасаған үлгіні ала отырып,«ақ қоян, бозша байтал, ақша қар қыз» бейнелеулерін бүтіндей жаңадан қосқан. Сұлу қыздың мүсінін бейнелегенде қоянға теңеу өте сирек кездеседі. Қоян көбіне қорқақтың баламасы. Ал «Ер Тарғын» жырындағы:
Тоғай барсаң тоғайда Домаланған қоян бар, Қоянды көр де жоным көр, – дегенде қоян қыздың жонына теңеліп отыр, бірақ қыз бейнесі бүтіндей алынып отырған жоқ. Жалпы алғанда үлбіреген сұлу қыздың сыртқы бейнесін момақан ақ қоянға теңеу жаман емес. Ал, «бозша байтал, ақша нар қыз» дегенде ақын Қарашаштың тек ақтығын ғана сөз етіп отырған жоқ, сонымен бірге байталға, нарға теңеп отыр. Бұл жерде қызды нарға теңеуі онша келісімсіздік тудырып отырған жоқ. Өйткені қазақ нар деп көбіне ер жігітке айтатын. Ал Қарашаш сияқты өзі ер, өр кеуде, айтқанынан қайтпайтын, екі айтпайтын қыздарды да нарға теңей берген.
Халық аузында тараған жырдың үлгісінде жазылған Нұрпейіс Байғаниннің «Нарқыз» атты поэмасының басты кейіпкері Нарқыздың аты да қыздың нар іспеттес қылығына орай «Нарқыз» деп аталып кеткен. Ал «бозша байтал» деген теңеуге келсек, бұл алғашқы екі теңеуден өзгешерек әсер етеді. Адамды малдың тегі мен түріне салыстырып отыратын қазақ кейде жынысына байланысты да салыстырып отырады. Сондықтан да еркектерді айғырға, әйелдерді байталға теңеу бар. Мәселе бұл жерде оның эстетикалык әсерінде. Айталық, бір қылығымен, не тапқырлығымен жұртқа ұнаған ер адамды «жүйрік айғырдың тұқымы» дей береді. Бұл жерде «айғыр» жағымды бейнеде сипатталып отыр. Ал, «байтал» әйел жынысына айтылады және ол көбіне жағымсыз бейнеде қолданылады. Мұның әр түрлі себебі бар: патриархалдық-феодалдық заман қазақ әйелдерін әлеуметтік, руаралық мәселелерге қатыстырмаған, олар «шашы ұзын, ақылы қысқа» саналған. Міне, осыдан келіп қазақ байтал мен әйелдің арасынан ұқсастықтар тауып, «байтал шауып бәйге алмас» деген мақалды әйелге айтқан. Бұл белгілі бір дәуірдің әйел теңдігі мәселесіне қалыптасқан көзқарасы. Мұның әйел теңдігін жою, олардың адамгершілік сипатына күйе жағу, қорлау екені түсінікті. Олай болса, әйелдің байталға теңелуі жағымды бейне бола алмайды.
Бірақ Ілияс «алтайы түлкісіндей, кермаралдай, ақ қояндай, ақшақардай, балға ашытқан қымыздай, тәтті қыз» Қарашашты енді келіп «байталға» теңеуінде, сөз жоқ, қайшылық бар. Алғашқы жақсы теңеулерден алып отырған тәтті ләззатты «байтал» деген бір сөз әрін алып, мәнін жойып жібереді. Метафора ретінде «байтал» жаңсақ кеткен жадағай сөз емес, ақынның көңіліне ұялаған, саналы түрде алынған теңеу. «Жолдастар» атты романында да әдемі келіншек Нәзипаны «Әдемі ақ байталдай ойнақшыған әйелдің бір тазасы ғой» деген теңеуін кездестіреміз.
Енді бір жерде ақын ынтық болып кездескен қыз бен жігіттің сүйісуін: «Қымсынтыпқысыр тайдайқысып сүйді» деп суреттейді. Қызды қысыр тайға теңеуі де тым дөкірлеу естіліп тұр. Қазақ әдебиетінде қызды тайға теңеу бұрыннан бар дәстүр. «Алпамыс» жырындағы Гүлбаршынның мүсінін суреттейтін жерде: