Мырзабек дүйсенов көптомдық шығармалар жинағы төртінші том дүйсенов М



бет91/126
Дата17.11.2022
өлшемі4,8 Mb.
#158722
түріМонография
1   ...   87   88   89   90   91   92   93   94   ...   126
Байланысты:
4-ТОМ

Гүлбаршын сұлу айдай боп,
Қысыр емген тайдай боп, –
деп келсе, С.Дөнентаевтың «Айша» деген өлеңінде:


Жасыңда Айша,
Асау тайша
Бұлғақтап-ақ өсіп ең, –
деп асау тайға теңеген. Әрине, осы соңғы екі өлеңнен келтірілген теңеулерде мағыналық жақындық болғанмен, түр жағынан өзгешеліктер бар. «Асау тай» дегенде қыздың ешкімге көнбеген ер де, өр мінезі бейнеленсе, «қысыр емген тайда» мүсін сұлулығы көрінеді. Ал I.Жансүгіровтің «қысыр тайы» бұл екі теңеудің екеуінен де басқа. Ер жігіттің сұлу жарына «буаз тай» да, «қысыр тай» да жарастықты теңеу болып тұрмағаны, оның эстетикалық қуаты жетпей, қайта натурализмге бой ұруы сезіледі. Әсілі Ілияс бұл жерде «қысыр емген тайдай» деп айтқысы келіп, бірақ өлеңнің буын саны асып кететін болғандықтан «емген» деген сөзді тастап кетуі де ықтимал. Тегінде ондай сөзді тастап кеткен жағдайда теңеудің мағынасы бұзылмайтындай болуы шарт. Ал I.Жансүгіровтің «емген» сөзін тастап кеткендігі нәтижесінде оның орны ойсырап, мағына бұзылып тұр. Қалай болғанда да мейлі қызды ақын әдейі «қысыр тайға» теңесе де, жоқ «емген» сөзін өлең жолына сыйғыза алмаса да бұл күйінде теңеу ұтымды шығып тұрған жоқ.


Айы толған, ақ сұлу буаз екен.

Әйелге, әдетте, халық «аяғы ауыр», «екі қабат» деген сөз қолданады да, «буаз» деген сөзді тек малға айтады. «Буаз» деген адамды қорлау ниетімен ғана айтылуы мүмкін. I.Жансүгіров өзі мақтап отырған Арда сұлуына «буаз» деген сөзді қолдануы да ұтымды шықпаған.


Әр уақытта ұтымды сөз, жарастықты теңеу, эпитет тауып отыратын ақынның кейде осындай фольклорда ұшырасатын натуралистік бейнелеулерді талғамай пайдаланып кететін жайлары кездеседі.
Жалпы алғанда, ауыз әдебиетінен үйрену - ондағы барды қайталау да емес, оның шикі, дөкірлеу тілін пайдалану да емес екенін I.Жансүгіров жақсы түсінді. Сондықтан да ол барлық күш-жігерін ауыз әдебиетіндегі халықтың бай сөз образдарының жетілген, шыңдалған тіркестерін алуға тырысты, оны өзінше жаңғыртып, жаңа мағынаға лайықтап бере білуге күш жұмсады.
Социалистік реализм әдісінің берік орын тебуі көркем шығарманың мазмұнына ғана байланысты болып қоймайды, сонымен бірге, жаңа мазмұнды айқындайтын ұлттық формалардың әр алуан болып келетіндігінің өзі совет әдебиетінің көркемдік сипатының молдығына анық кепіл бола алады. Ақын-жазушыларымыз қазақ совет әдебиетіндегі социалистік реализм әдісін тұрақтандыруда, жаңа мазмұнды жырлауда, ең алдымен, өз халқының бай поэтикалық творчествосының озық көркемдік дәстүрлерін жаңғырта, пайдалана білді. Сөйтіп бір тұтас совет әдебиетін көркемдік форма жағынан байыта түсті. Бұл ретте қазақ совет әдебиетінің көрнекті өкілі Ілияс Жансүгіровтің творчествосы айрықша сөз болуы заңды.

* * *
Халық ауыз әдебиетіндегі дәстүрлі сөз тіркестерін, бейнелі тілдерін сол қалпында алып отырумен бірге, өрелі ақындар поэтикалық тілді қайтсе де бір жағынан дамытып, өз жаңалығын қоспай тұра алмайды. Олай болмаған күнде халықтың поэтикалық тілі дамымаған болар еді. Мұндай жаңалықты кім қалай енгізді десек, оны әр ақын өз шеберлігіне қарай пайдаланады дер едік. Ал, Ілияс Жансүгіров өз поэзиясында сол халық творчествосындағы дәстүрлі бейнелеу тілді негізге ала отырып, жаңа құбылысқа жақындастыра немесе өзінше жаңғырта жырлады.


«Күйші» поэмасында қызға ғашық болған күйшінің монологінде:

Оймақтай ауызынан жұтылар ем,


Ашыған ашығыма қымыз болсам, –
деген жолдар бар. Мұнда қыздың аузы оймаққа теңелуі – халық әдебиетіндегі дәстүрлі теңеу. «Оймақ ауыз, күлім көз, қай уақытта болам кез» деген халық өлеңдерінің қайырмасында жиі ұшырасады. Ал «қымыз болып жұтылар едім сүйген жарыма» деген жаңа образды бейне. Бие сауып, қымыз ашытқан қазақ қымыздың бабын жақсы білген. Ашуы жетпеген саумал мен ашуы жеткен қымыз бір емес. Саумалды шөлдеген адам амалсыздан ішеді. Әйтпесе ашуы жетіп тұрған қымызға не жетсін. Сүйген қызына жігіт саумал болып ішілсем дегенді айтпай, ашыған, бабына жеткен, тәтті қымыз болсам дегенді айтып, әрбір сөздің мән, мағынасын ескеріп, екшеп алып отырғанын көреміз.
«Жер көкке атты, желіні тандыр бұлағын» деген бейнелі ойдың арғы төркіні де халықтық негізде жатыр. Қазақ эпосында жауға аттанып, ұзақ жыл хабар-ошар болмай кеткен жалғыз баласын сағынып, сарғайып жүргенде көрген ананың тас болып, тандырға айналған емшегін сүт кернеп кететіні жиі ұшырайтын. Қазақ даласына келген поезд да сол ертегілердегі сағындырған баладай әбден аңсап, сарғайып күткен жер - ана сол поезд келгенде тандыр желіні иіп қоя береді.

Ұршығым ұшқыр, нар тайлақ,


Жез бұйдалы желмаям, –
деген бейнелі сөз тіркестеріндегі нар тайлақ та, бұрын-соңды талай құбылысқа, талай мінез-құлықты бейнелі түрде суреттеу үшін қолданылып жүргені белгілі. Жоғарыдағы мысалда келтірілген үзінділердің жаңалығы түліктердің қайталануында емес, сол түліктер арқылы бейнеленіп отырған екінші бір құбылыс арасындағы ұқсастық, жақындықтардың дәлдігінде.
Жалпы теңеуде болсын, метафоралық бейнелеуде болсын теңеліп отырған зат пен мағыналық жақындық (ассоциация) неғұрлым мол болса, сол ғұрлым әсерлі, сол ғұрлым күшті болады. Мұның өзі ойдың дамуына мүмкіндік береді. Міне, Ілияс поэзиясының бейнелеу тілінде осы әсерлілік жақсы көрінеді. Былай қарағанда ұршық пен тайлақ арасында ешқандай мағыналық та, түрлік те жақындық жоқ сияқты. Бірақ ақын сол жақындық, ұқсастықты таба білген. Ұршықтың нартайлақпен ұқсастығы тайлақты қалай ноқталап жетектесе, ұршықтағы иірілген жіп ноқтаға ұқсап, ұршықты жетектеп отырады.

Желмаям желші, нар тайлақ,


Тартына берме тайтаңдап,
Тартына берсең тайтаңдап,
Тақымдап қоям қайта айдап, –
дейді ақын. Тартынған тайлақты тақымдап қоятыны сияқты жүрмеген ұршықты да санға салып алақанымен иіріп кеп жібереді. Міне, осындай қимылдар ұршық пен тайлақтың арасында кейбір ұқсастықтар тудырып отыр.
Тек төрт түлік мал, аң, құстар ғана емес, Ілияс Жансүгіров поэзиясында бейнелеу тіл ретінде, әсіресе теңеу ретінде табиғат көріністері, тау, тас, теңіз, дария, өзен, көл, орман ағаштың барлығы да жиі қолданылып отырады. Бірақ, бұл ретте де ақын ауыз әдебиетіндегі үлгілерге сүйене отырып, кейде дайын үлгісін алса, енді бірде жаңаша сөз тіркестерін жасайды, соны теңеулер табады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   87   88   89   90   91   92   93   94   ...   126




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет