II. МОДУЛЬ
Әдістеме ғылымының әдіснамалық негіздері
II. 1 – тарам. Қазақ тілін оқыту әдістемесінің лингвистикалық негізі.
Қазақ тілін оқыту әдістемесі қазақ тіл біліміне сүйеніп оқытылады. Сондықтан лингвистикалық жүйе қазақ тілін оқыту әдістемесінің негізі болып табылады.
Фонетика мен фонология – графикамен бірлікте тілді оқыту әдістемесінің басты тірегі, өйткені «Тіл дыбыстары - әрбір тілдің өмір сүруінің тәсілі. Егер сөздер дыбыстардың өзара тіркесі түрінде айтылмаса, тіл қатынас құралы да, пікір алысу құралы да бола алмас еді... Тілдің дыбыстық жағы – сөздер мен грамматикалық тәсілдердің өмір сүруінің формасы болып табылады».
Қазақ тіл дыбыс жүйесінің өзіндік ерекшеліктерін, акустикалық және физиологиялық жақтарына қарай дыбыстардың дауысты және дауыссыз болып екіге бөлетіндігі, олардың өз ішінде жіктелуі, буын, екпін, дауысты және дауыссыз дыбыстардың бір – бірімен үндесу заңдылықтары сөздерді дұрыс оқып, дұрыс жазуға дағдыландыру мақсатында оқыталды. Сондықтан бағдарламаға сай жазылған 5 – сыныпқа арналған оқулықта фонетиканың нені зерттейтіндігінен бастап, тіл дыбыстарының қалай жасалатындығы, қазақ әліпбиі және ондағы әріптердің жазылуы, кіші және бас әріптер, дауысты және дауыссыз дыбыстардың түрлері жайындамәліметтер берілген.
Графика теориясының ережелері оқушыларды жазу каллиграфисына үйретуде пайдалы болмақ.
Жалпы орта білім беретін мектепте оқушыларға қазақ тілінің дыбыстық жүйесін оқытуда дыбыстардың айтылуына да, жазыуына да мән беріледі. Өйткені оқушы дыбыстардың жеке тұрғанда айтылуын, басқа дыбыстармен бірге айтылуын, сөз құрамында, сөз тіркесінде айтылуларын айыра білуі тиіс.
Сөздердің айтылуымен жазылуы үнемі бірдей бола бермейді. Осы ерекшеліктерге де көңіл бөлініп, түсіндірілуі қажет. Өйткені оқушыларда сөздерді естілуінше жазу немесе жазылуынша оқу жиі кездеседі. Сондықтан орфография мен орфоэпиялық заңдылықтарды оқушыларға меңгерту басты мақсат болуы тиіс. Орфографияны дұрыс, жүйелі меңгерген оқушы жазбаша жұмыста қате жібермейтін болады.
Фонетика саласы бойынша осы сыныпта буын, тасымал, екпін түрлеріне қатысты материалдар да қамтылған. Бұл тақырыптардың оқушыларды оқу сауаттылығына да, жазу сауаттылығына да үйретуде мәні үлкен, «сөзді буынға бөліп жазу, тасымалдау, сөзді буынға бөлудің ерекшеліктерін, буын жігін игеруде, білімін бекітуде, сауаттылығын қалыптастыруда маңызы зор. Сөздерді оқып, екпінін қою екпіннің табиғатын, өзіндік ерекшеліктерін білуге, екпін түспейтін тілдік фактілерді есте сақтауға көмектеседі».
Қазақ тілі сабақтарында пайдаланылатын жаттығу мәтіндерінде ауыспалы мағыналы сөздер, тұрақты тіркестер, мақал – мәтелдер, жұмбақтар жиі кездеседі. Сабақта мұндай сөздердің мағыналарының түсіндіріліп отырылуы да үздіксіз жүргізілуге тиісті жұмыстар.
Лексика саласын оқыту арқылы оқушы сөздің лекискалық мағынасын түсініп қоймайды, сөздің қолданылу орнын білуге үйренеді. Сөйтіп, әдеби тіл нормасында сөйлеуге, мәдениетті жазуға дағдыланады.
Орта мектепте оқытылатын мәселелердің бірі – сөздердің жасалуы. Сөзжасам қазақ тіл білімінде кейінгі жылдарда өз алдына жеке сала болып таныалды және зерттелуде. Соған байланысты мектеп оқулықтарында да сөзжасам жеке тақырып ретінде еңгізілуде. Сөзжасамды оқыту арқылы тіліміздегі сөздердің сөз тудырушы жұрнақтар, түбірлердің бірігуі, қосарлануы, тіркесуі, арқылы жасалғандығы жайында мәлімет береді.
Қазақ тілінің грамматикасы морфология және синтаксистен тұратыны белгілі. Жалпы орта білім беретін мектепте қазақ тілі пәні бойынша грамматикалық ережелерді оқыту – негізгі міндеттердің бірі. Бұл жөнінде әдіскер – ғалым Б.Кәтенбаева мынандай талаптарды басшылыққа алуды ұсынған:
1. Ережелер мен анықтамалар оқушыларға сапалы түсіндірілсін.
2. Түсіндірілген ережелер оқушылардың есінде сақталатындай болуы керек.
3. Оқушылар өтілген грамматикалық ережелерді түрлі жазу жұмыстары мен сөйлеу тілдерінде дұрыс қолдана алатындай болуы керек.
Грамматикалық материалды оқу бағдарламасына еңгізудің әдістемелік еңбектерде көрсетіліп жүрген өзіндік шарттары бар:
1) бұл оның сол тілдің жүйесінде алатын орны, толық грамматикалық сипатталуы, айтылуы, сөйлеудегі қатысымдық мәні;
2) грамматикалық құрылымның сөйлеу тіліндегі қызметі ескерілуі тиіс. Жалпы орта білім беретін мектептің қазақ тілі бағдарламаларындағы тақырыптар осы талаптарға сай келеді.
Сын есімнің жеке сөз табы ретіндегі семантикалық мағыналары, сапалық және қатыстық сын есімдердің ерекшеліктері, сын есімнің шырайлары секілді мәселелер түрлі әдіс – тәсілдер арқылы оқушыларға түсіндіріледі. Әсіресе, сын есімдердің зат есімдермен тіркесіп қолданылатындығы сөйлем, мәтін құрастыруда айқындала түседі.
Сан ксімдердің лексика – семантикалық мағыналары, морфологиялық қасиеттері және олардың сөйлемдегі қызметі жайындағы білім, дағдылар да оқушылардың ана тілінің ерекшіліктерін меңгеруге мүмкіндік береді.
Қазақ тіліндегі сөз таптарының ішіндегі ең күрделісі – етістік, сондықтан да етістікті түсіндіруде олардың грамматикалық белгілеріне терең үңіліп, оларды жан – жақты талдауға, қалай ұтымды жолдар арқылы меңгерту керек екендігіне шығармашылық ізденіс жасалу қажеттігін әдіскерлер ескертіп отырған.
Етістік туралы мәлімет те бастауыш сыныптардан басталды. Тіліміздегі қимылды білдіретін сөздер, олардың сұрақтарынан басталған етістік туралы білім, білік, дағдылар сынып жоғарылаған сайын күрделенеді. Орта мектеп бағдарламасына сәйкес етістіктің мағыналық топтары, болымды, болымсыз, салт, сабақты, есімше, көсемше, тұйық етістіктер оқытылады.
Оқушыларды тілдің фонетикалық, лексикалық, грамматикалық нормаларын дәлме – дәл сақтап, айтпақ ойды көркем, әсерлі етіп жеткізе білуге дағдыландыру тіл мәдениетімен, сөз этикетімен де тығыз бірлікте жүргізілсе, білім беру нәтиежелері ретіндегі құзыреттіліктерді қалыптастыруға мүмкіндік болады.
Қазақ тілін оқыту әдістемесі стилистика ғылымының да жетістіктеріне сүйенеді. Стилистика – стиль туралы ғылым. «Стиль» деп белгілі бір жалпы халықтық, жалпы ұлттық тілдің ауқымындағы тілдік қатынас құралдардың қолданылу, сұрыпталу және тіркесу тәсілдерінің қоғамдық айқындылған, қызметі жағынан сәйкестендірілген, іштей топтасқан жиынтығын айтады.
Оқушыларды сауаттылыққа үйретуде қазақ тілін оқыту әдістемесі орфография теориясын басшылыққа алады. «Дұрыс жазунормаларының көздейтін негізгі мақсаты – айтылмақ ойды жазба түрде дәл, айқын жеткізіп беру», оның сүйенетін негізгі емлелік заңдылықтары, ұсатнымдары бар екендігі белгілі. Сондықтан мектепте қазақ тілі сабақтарында емлелік ережелер меңгертіледі.
Мектепте оқушы емлелік ережелермен қатар тыныс белгілерінің де қойылатын орындарымен таныс болуы тиіс, сондықтан пунктуацияны оқытудың басты мақсаты – оқушыны жазу сауаттылығына дағдыландыру. Сол себепті мектепте шәкірттердің бойына пунктуациялық іскерлік пен дағдыны қалыптастыру қазақ тілін оқыту әдістемесінің негізге мәселелрінің бірі болып табылады. Қазақ тілі сабақтарында бағдарламаға сай оқушыға берілетін білім, дағды пунктуациялық ережелер жүзінде іске асады.
Сонымен, қорыта келгенде, қазақ тілін оқыту әдістемесі лигвистика ғылымының жетістіктерін, ғылыми зерттеулерді басшылыққа алады, өйткені тіл білімінің заңдылықтарынсыз тілді оқытып меңгерту мүмкін емес.
Достарыңызбен бөлісу: |