Конференция. Конференция ерекшелігі: мүмкіндігінше бірігімді (интегратив) сипатқа келтірілген теориялық мәселелерді толық ұйымдастыру. Әсіресе,; адамзат мәселелері мен құндылықтарына байланысты тақырыптарды қозғау.
Конференцияның басты белгілері:
дайындық кезеңінің қажеттігі;
хабарлама емес, баяндама формасын пайдаланумен жеке пікір, көзқарас білдіру маңызды келеді.
13. ДАМЫТУШЫ ОҚУ-ҮЙРЕТІМ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫ
13.1. Дамытушы оқу-үйретімінің психологиялық ерекшеліктері
ХХ-ғасырдың соңғы ширегінде жарияланған психологиялық, педагогикалық әдебиеттерде көптеген педагогикалық бағыттар мен принциптердің тиімділігі жайында біршама әңгіме қозғалған. Мысалы, жеке-дара үйретім (обучение) мәселесі, «екілік» бағасыз үйретім тәжірибесі, т.б. жөнінде мақалалар жарияланды. Алайда мұндай бір жақты идеялар педагогикада науқанды шара деңгейінен ары көтеріле алмады. Сондықтан да З.И.Калмыковтың әділ тұжырымына сенсек: «үйретім тиімділігін көтерудің жекеленген жолдарын, олардың шәкірт ақыл-есінің даму деңгейіне ықпалын зерттеу әбден қажет, бірақ жеткіліксіз».
«Ақыл-ес дамуы» ұғымы өте кең қолданылуда, бірақ адам ақылдылығын, оның ақыл дамуының деңгейін қалай анықтауға болады? Бұл жөнінде нақты жауап әзірге жоқ. Бүгінгі таңда психолог ғалымдардың келісімді пайымы: адамның ақыл-ес дамуына нақты ықпал жасап, жетекшілік қызмет атқарушы – бұл жүйелі оқу-үйретім (обучение). Мұндай пікір адамның әлеуметтік табиғатын әділ де дәйекті танудан, тұлғаның психологиялық дамуы оның жасап жатқан қоғамдық-тарихи жағдайларға байланысты өріс алатынына дәлел. Өмірдің алғашқы қадамынан бастап бала ересектер ықпалымен өткен әулет тәжірибесін өз белсенділігі арқасында игереді, қажетіне орай меншіктейді. Осы тәжірибені меңгеру үдерісінде баланың ақыл-ес дамуы жүріп жатады, адамилық қабілеттері қалыптасады.
Дегенмен, ғалымдар арасында адамның ақыл-ес дамуында білімнің орны жөнінде қайшылықты пікірлер туындады. Мысалы, А.Н.Леонтьев еңбектерінде ақыл-ес дамуы игерілген біліммен теңдестіріледі, себебі, оның пікірнше, даму толығымен баланың жасап әрі өсіп жатқан әлеуметтік жағдайларында қабылдаған қауымдық тәжірибесінің сипатыменен анықталады. Ал ендігі бір ғалымдар тобы (Е.Н.Кабанова-Мюллер, В.А.Крутецкий) білім маңызын жоққа шығармайды, бірақ оны әсірелемейді де.
Аталған авторлар пайымынша, адамның ақыл-ес дамуын анықтайтын білім емес, сол білімді игеру, меңгеру және қолдануға бағытталған адами мүмкіндіктер, игерілген білімдерді жаңа жағдайларда пайдалана алу ептіліктері.
З.Н.Калмынова ұсынған анықтама: ақыл-ес дамуы – бұл адамның жасап жатқан әлеуметтік-тарихи жағдайларына, оның психологиялық жеке-дара ерекшеліктеріне сәйкес жас шағы мен жинақтаған өмірлік тәжірибесіне байланысты және іс-әрекетінде өтіп жататын сандық және сапалық өзгерістердің күрделі қозғалысты жүйесі.
Осыған орай жас шағына сай болған білім жетімсіздігі адамның ақыл-ес дамуының төмен деңгейде екендігінің көрсеткіші.
Жаттанды (формалды) қабылданған білім бұрыннан үйреншікті жағдайларда ғана, өте тар аймақта қолданылып, жасампаз әрекет күшке ие бола алмайды. Осыдан да ақыл-ес дамуының бірлігі ретінде саналы меңгерілген өнімді әрекеттік білімдер қорын атауға болады.
Өнімді әрекеттік білімдер қатарында ақыл-ес дамуы болуы тиіс. Адам біліктілігінің негізі – үйретімдік қабілетті де (обучаемость) ескеру маңызды келеді. Үйретімдік қабілет – бұл тұлғаның ақыл-ес қасиеттерінің, қалыптасып барушы ақыл сапаларының жүйелік бірлігі. Оқу-үйретім іс-әрекетінің өнімділігі басқа да әртүрлі шарттар (тірек білімнің, ынталандырушы сеп-түрткілердің болуы және т.б.) қатарында осы үйретімдік қабілетіне тәуелді келеді.
Достарыңызбен бөлісу: |