Монография түркістан, 2010 жыл Пікір жазғандар: Ә. Жолдасбеков- педагогика ғылымдарының докторы,профессор


ТҰЛҒАЛЫҚ БАҒЫТТЫ БІРТҰТАС ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ҮДЕРІС ТЕОРИЯСЫ



бет40/226
Дата22.12.2021
өлшемі4,7 Mb.
#585
түріМонография
1   ...   36   37   38   39   40   41   42   43   ...   226
5. ТҰЛҒАЛЫҚ БАҒЫТТЫ БІРТҰТАС ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ҮДЕРІС ТЕОРИЯСЫ

5.1. Педагогикалық үдеріс мәні және оның құрылымы
Педагогиканың өзекті қызметін педагогикалық үдеріс орындайды. “Педагогикалық үдеріс ” түсінігі, бір тараптан, педагогика зерттейтін барша құбылыстар әлемін танытса, екінші жағынан, осы құбылыстардың мәнін аңғартады. Педагогикалық үдеріс- бұл арнайы ұйымдастырылған педагогтар мен тәрбиеленушілердің бір-біріне жасаған әрекеттестік ықпалдары. Бұл өзара әрекеттестік ықпалдар алдын ала белгіленген мақсатқа қол жеткізуге бағытталып, тәрбиеленушілерді күні ілгері көзделген қалыпқа ауыстырады, олардың бойындағы сапалары мен қасиеттерін қоғам және тұлғаның өзінің мүдделері мен қажеттеріне сай өзгеріске келтіреді. Ал мұндай өзгерістер адамның өзіндік белсенділігі және өзіндік дамуымен бірлікте жүріп жатады.

Осы анықтаманы негізге алып, педагогикалық үдерістің құрылымы мен негізгі бөліктерін белгілеуге болады, педагогикалық үдерістің жүйе құрастырушы бөлігі ретінде педагогтар мен тәрбиеленушілердің өзара әрекеттестігі (педагогикалық өзара әрекеттестік) қабылданған. Педагогикалық өзара әрекеттестіктің қандайда басқа аралық ықпалдардан айырмашылығы: педагогтар мен тәрбиеленушілердің алдын ала ниеттенген байланыс-қатынасын көздейді. Осы қарым-қатынастың нәтижесінде екі тараптың да әрекет-қылығында, іс-әрекетінде және қарым-қатынасында өзгерістер пайда болады: шәкірт мұғалім ықпалынан өзгеріске түссе, шәкірттің кейбір әрекеттері мұғалімді де өзгеріске мәжбүрлейді.

Мұндай өзара әрекеттестікте жетекшілік тәрбие және тәлім қызметі белгілі білім, ептілік және дағдыларға ие, арнайы дайындық алған адам – педагог жауапкершілігінде. Педагогикалық үдерістің негізгі де басты бірлігі, оның нысаны да, субьекті де тәрбиеленуші. Педагогикалық үдерістің объекті, яғни нысаны ретінде тәрбиеленуші педагогикалық мақсаттарға орай дамушы және өзгеріске келуші даралық иесі. Ал педагогикалық үдеріске тәрбиеленушінің субъект сипатында қатысуынан біз оның өз бойына табиғи қажеттерді, нышандарды және қабілеттерді дарытқан, өз қажеттерін, қызығулары мен ұмтылыстарын қамсыздандыруға талпынған, педагогикалық ықпалдарды белсенді игеруге, өз шығармашылығын өтеуге немесе сол ықпалдарға қарсылық білдіруге дайын дамудағы тұлғаны танимыз. Педагогикалық өзара әрекеттестік өз ішіне педагогикалық ықпалды, оның тәрбиеленуші тарапынан белсенді қабылдануы мен игерілуін қамсыздандырушы , сонымен бірге баланың педагогқа және өз - өзіне жанама не тікелей ықпал жасауымен көрінетін өзіндік белсенді әрекеттерін қамтиды.

Педагогикалық өзара әрекеттестік түсінігі өз мазмұны бойынша “педагогикалық ықпал” ұғымынан кеңдеу. Себебі, бұл аралық байланыста міндетті болатын құбылыс - тәрбиеленушінің белсенділігі, оның тәжірибе , білім, ептілік меңгеруге бағытталған іс-әрекеттері. Сондай-ақ педагогикалық өзара әрекеттестік педагог пен тәрбиеленушінің арасындағы ғана өзара қатынастармен шектелмей, сан қилы басқа да байланыс формаларын арқау етеді. Олар: “тәрбиелеуші – тәрбиеленуші”, “тәрбиеленуші -ұжым”, “тәрбиеленуші - игеру материалы”, «тәрбиеленуші-тәрбиеленуші» және т.б., алайда педагогикалық өзара әрекеттестік өзінің соншалықты көп түрлі болғанымен қай уақытта да екі қырымен, екі өзара шарттасқан бірлігімен көрінеді. Бұлар - педагогикалық ықпал және тәрбиеленушінің жауап әрекет қылығы. Ықпалдар тікелей не жанама бола тұрып, өз бағыт-бағдарының өзгешелігімен, мақсат нақтылығымен немесе оның белгісіздігімен, кері байланыс сипатымен және т.б. ажыралады. Тәрбиеленушілердің кері әрекет қылығы да сан қилы болып келеді: белсенді қабылдау, ақпаратты өңдеп, қорыту, елемеу немесе қарсы әрекет білдіру, көңіл толғанысы не бейтарап, толық әрекеттер, қылықтар, іс-қызметтер және т.б.

Педагогикалық үдеріс әрдайым қандайда мақсатқа бағдарланады. Мақсат - бұл педагог пен тәрбиеленуші көздеген соңғы нәтижені аңдатады. Тәрбие мақсаты – қоғам тарапынан рухани қайта жаңғыру саласына қойылатын талаптар жиынтығы, яғни қоғамның педагогикалық жүйе алдына қоятын әлеуметтік тапсырысы. Ізгіліктілікке (гуманистікке) бағытталған педагогикалық үдерістің ақырғы нәтижесі - өз мүмкіндігін паш етуге, жаңалық ашуға ұқыпты, саналы да бірегей, қайталанбас біртұтас тұлға қалыптасуы. Дегенмен, педагогикалық үдерістің әр кезеңінде әртүрлі нақты мақсаттар көзделуі мүмкін: еңбеккерлік қалыптасуы, елжандылық сезім, эстетикалық талғам, тән-дене мәдениеті, ақыл-ес дамуы, т.с.с. қалыпқа келуі.

Мақсаттарға сәйкес тәрбиелік үдерістердің мазмұны айғақталады. Ал мазмұн тәрбиеленушілердің жас шамасына, тұлғалық даму деңгейіне, қажеттері мен қызығуларына орай түзіледі. Педагогикалық үдеріс мазмұнында қоғамдық қатынастар, өндіріс, идеология, еңбек, ғылым, мәдениет саласында орын иелеген адамзат тәжірибесінің негіздері қамтылады. Педагогикалық үдеріс мазмұны тәрбиеленушілердің қажеттері мен құндылықты бағыт-бағдарларының қалыптасуына көмектесіп, оларды білім игеру, таным және дүниені қайта түрлендіру тәсілдерімен қаруландырады, сонымен бірге заттасқан және рухани мүдделерін іске асырып, қанағат алудың жолдары мен формаларына үйретеді. Осыдан балалардың әлеуметтенуі іске асады, қоршаған дүниеге болған көзқарасы нақтылық алып, дүниетанымы, сеп-түрткілері, ынта-ықыласы мен әрекет-қылық формасы қалыпқа келеді. Тәрбиеленуші тарапынан өзгеріске келіп, педагогикалық үдерістің игерілген нақты тарихи мазмұны шәкірттің психикалық салауаттылығына, ақыл-ес және сезімдік дамуына белсенді ықпал жасайды.

Педагогикалық үдерістің технологиялық тарапы оның әдістері, құрал-жабдықтары мен формаларына тәуелді құралады. Әдістер - мазмұн ұсыну және қабылдауға арналған педагогтар мен тәрбиеленушілердің өзара ұштасқан арнайы ұйымдастырылған әрекеті. Құрал-жабдықтар нақты әдістерді қолдануда пайдаланылатын материалды не идеалды заттар. Формалар – қандай да педагогикалық міндеттерді шешуге арналған педагогикалық үдерісті ұйымдастырудың сырттай көрінісі.

Педагогикалық үдеріс іске қосылып, әрекетке келуі үшін басқару бірлігі маңызды роль атқарады. Педагогикалық басқару арқылы педагогикалық жағдай не үдеріс белгіленген мақсатқа орай бір күйден екіншісіне өтеді. Басқару үдерісі өз ішіне бірінің ізімен екіншісі орындалып баратын келесідей міндеттерді қамтиды: мақсат белгілеу, ақпараттық қамсыздандыру (тәрбиеленуші қалпының нақтамасы), мақсатқа және тәрбиеленуші ерекшеліктеріне тәуелді міндеттерді айқындау, мақсатқа қол жеткізу әрекеттерін жобалау, жоспарлау (мазмұн, әдіс, құрал-жабдық, формаларды күні ілгері белгілеу), жобаны іске асыру, орындалу барысын қадағалау, реттеу, түзетулер енгізу, қорытынды жасау.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   36   37   38   39   40   41   42   43   ...   226




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет