Кісенан (орыс.пирог, ағылшын. pie) – салма салынып, ашыған қамырдан пісірілген тағам. Қамыр ашытылады. Содан соң үстел немесе нан тақтайдың үстіне ұн себіледі де, қамыр кесек-кесек етіп кесіледі. Әрбір кесегі домалақталып, күлшеленеді. Күлшелердің беті 10 минуттай жабылып қойылады. Сонда олар сәл де болса көтеріледі. Одан кейін күлшелер 1см қалыңдықта дөңгелектеп жайылады. Осы жайылымдардың ортасына алдын ала дайындалған салма салынады да, екі шеті қайырылып, жабыстырылады. Шикізат осылайша дайындалған соң духовкада тұрған жұқа табаға май жағылады да, бір-біріне тимейтіндей етіліп, жапсырылған беті төмен қаратылып, қатарлап салынады. Содан кейін жылы жерге біраз қойылады. Сонда қамыр тағы да көтеріле түседі. Көтерілгеннен кейін духовкаға қойып, 10-15 минут ұсталады. Осы уақытта кісенан пісіп те болады. Піскен кісенанның бетіне сары май жағылады. Кісенанға салма ретінде қырыққабат та, күріш те, картоп та, сәбіз де пайдаланылады. Дастарқанға сәл суытып барып әкелінеді.