Қабынудың бұл түрі өз бетімен дамыған жедел қабынудың барысы ретінде және дұрыс емделген созылмалы қабынулардың басқа түрлерінің (гранулденіп және гранулемаланып) дұрыс емделу нәтижесі ретінде дамуы мүмкін. Периодонттың фиброзды қабынуы көптеген тістер жұлынған кезде тіс қатарында қалған тістерге шайнау күшінің шамадан тыс түсуіне байланысты дамуы да мүмкін. Бұл кезде тіс сауыты бұзылмаған болады және периодонт тінінің фиброздануға ұшырауына байланысты түбір ұшы аймағындағы периодонт саңылауы біркелкі кеңейеді. Периодонттың созылмалы фиброзды қабынуы кезінде тісі бұзылған адам ешқандай ауыру сезіміне шағымданбайды, тек тісінің түсінің өзгергенін, тісінде қуыс пайда болып, ас қалдықтарына толып, нашар иіс туындатқанын, ыңғайсыздық сезімін байқағанын айтады. Егер тісінде тісжегі қуысы анықталған болса, беткей немесе терең сүңгілеп және қағып тексергенде ауыру сезімі болмайды, сауыт қуысы көбінесес ашық болады. Температуралық және химиялық тітіркендіргіштерге ешқандай жауап туындамайды, тіс күші 100 мка дейінгі электр тогына жауап бермейді. Тіс төңірегіндегі қызылиек өзгеріске ұшырамайды. Қорытынды диагноз тек рентгендік тексеру әдісінің көмегімен қойылады. Тістің рентген суретінде түбір ұшы төңірегіндегі периодонт саңылауы аздап кеңеюі нәтижесінде деформациялануға ұшыраған, бірақ тіс альвеоласының қатты сүйек қабаты аздап қалыңдағанымен онда сорылу үрдісі байқалмайды (2-сурет). Кейбір жағдайларда периодонт саңылауы тарылып, тіпті анық көрінуі қиын болады. Бұндай жағдай түбір ұшында цементтің шамадан тыс құрылуы нәтижесінде туындайды және түбір ұшы үшкір конус пішінді болмай, түйреуіш басына ұқсас болып келеді, кемік сүйек бағаналары қалыңдап, склероздану үрдісі орын алады.
Периодонттың созылмалы гранулденіп қабынуы
.
Периодонт қабынуының бұл түрі де уақытында емделмеген жедел қабынудан дамиды немесе біріншілік созылмалы қабыну үрдісінің белгілі бір сатысына жатады. Көп жағдайда ешбір клиникалық белгісіз дамиды, ал кейде сырқат тісте әлсіз ауыру сезімдері (тіс түбірі ұшы тұсында ыңғайсыздық, ауырсыну, кернеу сияқты) мазалауы мүмкін. Оқта-текте сырқат тіспен ас шайнағанда аздаған ауырусыну белгісі біліну мүмкін. Ауық-ауық қызыл иектің түбір ұшы проекциясы деңгейінде жыланкөз пайда болып, мазалауы да мүмкін.
Қарап тексергенде, сырқат тісте үлкен тісжегі қуысы анықталады, көбінде сауыт қуысымен байланысқан. Беткей және терең сүңгілеп байқағанда ауыру сезімі болмайды. Температуралық тітіркендіргіштерге ешқандай жауап болмайды, тістің ЭҚ. 100 мка. жоғары. Тісте кейде тұрақты пломбы тұруы да мүмкін (ертеректе асқынбаған немесе асқынған тісжегімен емделген болса). Кейде тіс тұсындағы қызылиекте ауыспалы қатпарға жақын жыланкөз анықталады, аузынан бүршіктеніп жас грануляциялық тін немесе іріңді жалқық шығып тұруы мүмкін немесе бітіп кеткен жыланкөз орнында ақшыл-сұр түсті тары дәніндей тыртық анықталады (мұның бәрі тұрақты белгілер емес). Жыланкөз аймағын сипап тексергенде альвеола сүйегінің беті тегіс емес, кедір-бұдырлы екені анықталады (қатты сүйек қабатының сорылып, бүтіндігінің бұзылуы нәтижесінде).
Жыланкөз болмайтын көпшілік жағдайда тіс тұсындағы қызылиек аздап қызарыңқырағанын байқауға болады; нығыздағыштың домалақ ұшымен басып көргенде бозғылт түсті ойық пайда болып, баяу тегістеледі (вазопарез симптомы) және ашық қызыл түске боялады. Ал саусақпен басып сипағанда ыңғайсыздық немесе аздаған ауырсыну сезімі білінеді. Тісті салыстырмалы әдіспен қағып тексергенде, сау тіске қарағанда ыңғайсыздық немесе аздап ауырғандай сезім анықталады.
Ұзаққа созылған қабыну үрдісі кезінде сырқат тіс жақтағы аймақтық лимфа түйіндерінің ұлғайғандығы және аздап ауыратындығы байқалады.
Рентгендік тексеру кезінде созылмалы қабыну үрдісі аймағында тіс альвеоласының қатты сүйек пластинкасы мен кеуек сүйектің сорылуы нәтижесінде сырқат тістің түбір ұшында жиегі тегіс емес иір-қиырлы шекара құрайтын, кейде от жалынына ұқсас әртүрлі көлемді қаракөлеңкелі ошақ анықталады.
Периодонттың созылмалы гранулденіп қабынуы кезінде альвеола өсіндісіндегі ыдырау және сорылу үрдісіне және көптеген тіндердің ыдырауына байланысты қабыну ошағында пайда болған уытты заттар қанға сіңіп, организмнің созылмалы уыттануын туындатады. Сондықтан созылмалы қабынудың бұл түрі – ең белсенді патологиялық үрдіс деп саналады. Осыған қарамай, емдеу шараларын дұрыс жүргізген жағдайда оның нәтижелелігі жоғары болады және қабынудың тиімді түріне – созылмалы фиброздана қабынуымен алмасады.