06
І. Сабақтың тақырыбы: Қазақстан Алтын Орданың құрамында.Ноғай ордасы.Дешті Қыпшақ.
ІІ. Сағат саны -4 90 мин (100% )
ІІІ. Сабақ түрі: теория
ІV.Сабақтың мақсаты:
-Білім беру: Қазақстан Алтын Орданың құрамында, қазақ жерінде құрылған Ақ Орда, Моғолстан, Әбілқайыр хандығы, Ноғай ордасы туралы білімді қалыптастыру, тың мәліметтер беру;
- Дамыту: Тақырып бойынша танымдық қызығушылығын арттыру;
- Тәрбиелік: Отан тарихына деген қызығушылығын арттыру, Қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу;
V. Материалдық техникалық жабдықталуы:
а) техникалық құралдар: компьютер, мультимедиялық құрылғы.
ә) көрнекі және дидактикалық құралдар: өзіндік жұмыстарға арналған кеспелер, тест тапсырмалары, т.б.
б) оқыту орны: дәріс аудиториясы
VІ. Әдебиеттер:
Негізгі әдебиет
1.Асфендияров С. Қазақстан тарихы. – Алматы, 1993.
2.Қазақстан тарихы. Очерктер. – Алматы, 1994.
3.Қазақстан тарихы (ежелгі дүниеден бүгінгі күнге дейін) 5 томдық, І Т. – Алматы, 1996.
4.Қазақстан тарихы ежелгі дүниеден бастап бүгінгі күнге дейін, Оқу құралы. – Алматы, 1993.
5.Мусин Ч. Қазақстан тарихы. – Алматы, 2003.
Қосымша әдебиет
1.Артықбаев Ж.О. Қазақстан тарихы, оқулық хрестоматия. – Астана, 2000.
2.Әбдәкімұлы Ә. Қазақстан тарихы. – Алматы, 1997.
3.Рыспаев К. Қазақстан Республикасының тарихы. – Алматы, 1999.
4.Сарыбаев С. Қазақстан тарихы. –Алматы, 1997.
VІІ. Сабақтың барысы:
1. Ұйымдастыру кезеңі 5 мин. ( 6%)
а)Оқушылардың сабаққа қатысуын тексеру
ә) Оқушылардың сабаққа дайындығын тексеру
б) Сабақтың мақсаты мен міндеті
VІІ. Оқушылардың өтілген тақырып бойынша білімін тексеру. 15 мин (16%)
Үй тапсырмасы: Моңғол мемлекетінің құрылуы және оның қазақ жеріне шапқыншылығы.
1.Монғол мемлекетінің құрылуы.
2. Монғолдардың Қазақстан мен Орта Азия жерлерін жаулап алуы.
3. Қазақ жеріне монғол шапқыншылығының басталуы.
4. Отырар апаты.
VІІІ. Жаңа сабақтытүсіндіру: 40 мин (44% )
мақсаты:жаңа тақырып бойынша түсінік беру.
1.1. Дәріс түсіндірме түрінде жүргізіледі.
1.2. Мұғалімнің кіріспе сөзі.
1.3. Оқулықпен жұмыс жасау.
1.4. Қорытынды.
Ақпаратты – дидактикалық бөлім.
ІІ. Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы өз ұлысын тәуелсіз мемлекет етуге күш салды. Ол 1227 жылы қыста аң аулап жүріп қазаға ұшырады. Мирасқоры оның ұлы Батый болды. Батый қолының Руське және Еділден батысқа жасаған жорықтары Жошы ұлысын Алтайдан Дунайға дейінгі байтақ өлкені алып жатқан, орталығы төменгі Еділде орналасқан ұлан-байтақ мемлекет құруға мүмкіндік берді. Тарихи әдебиетте бұл мемлекет Алтын Орда деп аталады. Алтын Орданың астанасы Сарай Бату (қазіргі Астрахань маңында) болды. Кейінірек астана Сарай Беркеге (Еділ бойымен Сарай Батудан жоғарырақ) көшірілді. «Алтын Орда» ұғымы біртекті емес: кей авторлар Алтын орда деп Батый мен оның мирасқоры Беркенің жеке иелегіндегі жерлерді, яғни Төменгі Еділ бойы мен Солтүстік Кавказды, ал басқа бір деректерде түгелдей Жошы ұлысын қамтыған дейді.
1227-1255 жылдарда билік құрған Батый зор беделге ие болды. Алайда Батыйдың да, оның мирасқорлары тұсында да Алтын Орда біртұтас мемлекет бола алмады. Жошы ұлысы үлестерге – оның көптеген ұлдарының ұлыстарына ыдырады. Өз кезегінде Алтын Ордада ұлыс жүйесі қалыптасты. Мысалы: 1236-1242 жылдарда Шығыс Европаға жасаған жеті жылдық жорықтан оралғаннан кейін өзінің ағасы Орда Еженге Жетісудің солтүстік—шығыс бөлігіндегі жерлер, Ертіс бойындағы кең-байтақ аймақ, Ұлытау мен Қаратауға дейінгі жерлерді ұлыс етіп берді. Бұл ұлыстың аумағы біртіндеп кеңейе берді. ХIII ғасырдың екінші жартысында-ақ Орда Еженнің немересі Қонышының тұрған жері деректеме бойынша Орта Сырдариядағы Жент пен Үзкент маңында болған; ұлыстың саяси орталығы осы жерге ауысқан еді.
Іс жүзінде ХIII ғасырдың ортасынан бастап Орда Ежен ұлысы дербес мемлекет болып, шығыс деректемелерінде Ақ Орда деп аталған.
Орда Ежен ұлысынан батысқа қарай Шайбани иелігіндегі жерлер жатты. Ол туралы Махмуд ибн Уали былай деп хабарлайды: «...Шыңғысханның ұлы Жошы ханның баласы Шайбани хан жеті жылдық жорықта астар, орыстар, чернестер және бұлғарлар елдерін жаулап алған кезде ептілік көрсетіп, ағасы Батый ханнан сыйлық ретінде төрт аймақ алды». Шайбани үлысының аумағы туралы Әбілғазы былай деп хабарлайды: «Шайбани жазда Орал бөктеріндегі, Тобыл, Жайық, Ырғыз өзендерінің аралығындағы кең-байтақ жерлерде, ал қыста – Арал теңізі өңірінде, Шу, Сарысу өзендерін бойлап және Сырдарияның төменгі ағысында көшіп жүрген».
ХIII ғасырдың екінші жартысындағы – ХIV ғасырдың басында Алтын Орданың тарихы орыс князьдықтарымен, Иранның Хулагу әулеттері мен болған үздіксіз соғыстарға толы; бұлардан Берке (1257-1266) мен оның мирасқорлары Азербайжанға және Оңтүстік Каспий маңындағы басқа да жерлерді иелену құқығына таласты. Менгу Темір тұсында (1266-1280) Алтын Орда Монғол империясының орталығынан біржола оқшауланып, тұнғыш рет өз атынан теңге соға бастады, Орта Азия мен Жетісуда Шағатай ұрпақтарының билігін нығайту үшін ұлы ханға қарсы күресінде Хайдуды қолдап отырды.
Өзбек ханның (1312-1342) және оның баласы Жәнібектің (1342-1357) тұсында Алтын Орданың күш-қуаты барынша кемел кезіне жетті. Ислам діні мемлекет діні деп жарияланды.Өзбек хан Орда Ежен ұрпақтарын бұрынғы вассалдық тәуелділігіне қайтаруға тырысып, Сығанақта өзінің баласы Тыныбекті хан тағына отырғызды; алайда ол көп кешікпей өлтірілдіп, билік Орда Еженнің ұрпақтарына қайта көшті.
Шаруашылықтың жаңғыруы, феодалдық қатынастардың нығаюы жағдайында жергілікті түрік және түріктеніп кеткен феодалдық үстем таптың жағдайы күшейе түсті. ХIV ғасырдың басында Жошы ұрпақтары иеліктерінің Еділ бойындағы даланы, Еділдің батыс жағындағы жерлерді, Қырымды, Солтүстік Кавказды және Хорезмнің солтүстік бөлігін қамтыған батыс бөлігі (оң қанат) бұрынғысынша Алтын Орданы құрады; Жошы ұлысының қазіргі Қазақстанның (Жетісуды қоспағанда) Жайық өзенінің шығыс жағындағы және Арал теңізі мен Сырдарияның солтүстік жағындағы кеңбайтақ аумақты қамтыған шығыс бөлігі (сол қанат) Ақ Ордада Орда Еженнің ұрпақтары билік құрды. Ұлыстың екі бөлігінде де Жошының 13-шы ұлы Тоқа Темірдің ұрпақтары билік етті.
Орда Еженның иеліктері мен Алтын Орданың арасында орналасқан Қазақстан аумағы Шайбани ұрпақтарына бағынышты болды. ХIV – ХV ғасырдың басында бұл аумақты шығыс авторлары бірде Ақ Орда, бірде Көк Орда деп атайды.
Ақ Орда – моңғолдардан кейінгі кезеңде Қазақстан аумағында жергілікті этникалық негізде құрылған тұнғыш ірі мемлекеттік құрылым. Оны осы жерлерде ежелден мекендеп келе жатқан және моңғолдардың жаулап алуынан көп бұрын-ақ қыпшақ бірлестігінің құрамына кірген, сондай-ақ Шыңғысханның шапқыншылығы кезінде Қазақстанның шығыс және оңтүстік-шығыс аудандары мен Алтайдан қоныс аударған түрлі тайпалар мекендейтін еді. Онда қыпшақтармен қатар қоңыраттар, наймандар, қарлұқтар, маңғыттар, үйсіндер, керейіттер (керейлер) және басқалар болды.
Мұсылман әулеттерінің хронологиялық кестелерінде Ақ Орда хандарының есімдері мынандай ретпен келтіріледі: Орда-Ежен, Сартақ, Қоныша, Байан, Сасы-Бұға, Ерзен, Мүбәрек, Шымтай, Ұрұс хан, Қойыршақ және Барақ.
ХIV ғасырдың бас кезінен Орда-Ежен ұрпақтарының Сыр өңірінің қалалары мен Жетісу жайылымдары үшін Шағатай ұрпақтарымен күресі жүргізілді. Сонымен бірге далалық аудандардың көшпелілері мен жартылай көшпелілерінің және Сыр өңірі жазирасының отырықшы аудандарының халқы арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды қалпына келтіру күшейді. Ақ Орда билеушілерінің әкімшілік орталығын өз иеліктерінің оңтүстік шет жағына, яғни Сығанақ қаласына көшіруі кездейсоқ емес.
Мүъин ад-дин Натанзи Ақ Орда хандарының бірі Ерзеннің Сығанақты көркейтіп, Отырарда, Сауранда, Жентте, Баршыкентте біраз үйлер салдырғанын хабарлайды. ХIV ғасырда Ақ Орда хандары теңгелерді енді тек өз атынан соқтырды.
Оңтүстік Қазақстанағы астанасы Сығанақты Ақ Орданың орталығына айналдыру Орта Азия мен Хорезмнің отырықшы аудандарымен байланыстардың кеңеюіне жәрдемдесті. Бұл байланыстарға Алтын Орданың орталығы – Еділ бойында қала өмірінің тіршілігін тоқтатуы мен сауда жолдарының өзгеруі едәуір әсер етті.
Түрік және түріктеніп кеткен жергілікті феодалдық үстем таптың экономикалық және саяси жағдайының нығаюы негізінде Ақ Орда билеушілері Мүбарак Қожа ханнан (1320-1344) бастап, Алтын Ордадан біршама болса да тәуелсіз бола бастады.
Жәнібек хан (1342-1357) қайтыс болғаннан кейін Алтын Ордада кезекті аласапыран кезең мен сарай төңкерістері басталды, олардың әрқайсысы өз теңгелерін соқтырды. Бытыраңқылық сарыны күшейіп, тәуелсіз иеліктер құрыла бастады, оларды өз билеушілері басқарды. Алтын Орда мемлекетіндегі жоғарғы билік жолындағы күреске сол қанаттың феодалдары белсене қатысты және Қызыр ханнан (1359-1361) бастап, Алтын Орда тағына бірінен кейін бірі, ал кейде бір мезгілде Жошы ұрпақтарының шығыс тармақтарының өкілдері, атап айтқанда, Темір – Қожа, Орда-Шейх, Мүрид және басқалар көтерілді. Ақ Орданің үстем табы Алтын Ордада қалыптасқан жағдайды пайдаланып, Жошы ұлысының екі бөлігін де саяси жағынан тұтас етіп біріктіргісі келді. Бердібек хан өлгеннен кейін Сарай тағына отыруға Ақ Орда ханы Шымтай (1344-1361) ресми тұрде шақырылды, ол шақыруды қабылдамады, бірақ оның балалары, әсіресе Ұрұс хан Алтын Орда тағы үшін күреске белсене қатысты.
Ұрұс 1368 жылы Ақ Орда ханы болды. Қадыр-Әли Жалаири, Муъин ад-дин Натанзи оны батыл мінезді, күшті әрі құдіретті билеуші деп сипаттайды. Шығыс Дешті Қыпшақта жергілікті мемлекеттік әсіресе Ұрұс хан кезінде нығайды. Ұрұс хан, одан кейін Ақ Орда (Өзбек ұлысы) тағына Әмір Темір отырғызған Тоқтамыс та Алтын Орданы қалпына келтіруге тырысты, бірақ соншалықты табысқа жете алмады; бұл жаулап алынған көптеген елдер мен халықтардың орасан зор бірлестігінің заманы ХV ғасырдың бірінші жартысында біржола күйреп тынды. Шығыс Дешти Қыпшақта дербес, берік этникалық негіздегі мемлекет күш ала берді, дегенмен онда да әулеттер алмасты: билік Орда – Еженнің ұрпақтарынан Тоқа-Темірдің ұрпақтарына (Тоқтамысқа) көшті; сонан соң қайтадан Ұрұсханның мұрагерлері қайтарып алды, Шайбани ұрпақтарына ауысты. Негізінен Шайбани ұрпақтары дәріптелетін деректемелерде Ұрұс хан мен оның ең жақын бабалары Жошының 13-шы ұлы Тоқа – Темірден тараған деп көрсетеді.
Достарыңызбен бөлісу: |