Математикадан сыныптан тыс жұмыстар
Мақсаты: Математикадан сыныптан тыс жұмыстармен және оларды жүргізу жолдарымен танысу.
1) Математикадан сыныптан тыс жұмыстардың түрлері.
2) Орта мектепте математикалық кеш өткізу.
3) Математикадан сыныптан тыс жұмыстардың мынандай түрлері бар: 1) математикалық үйірмелер; 2) математикалық викториналар, конкурстар және олимпиадалар; 3) математикалық кештер; 4) математикалық экскурсиялар; 5) сыныптан тыс математикалық әдебиеттерді оқу, математикалық рефераттар және шығармалар; 6) мектептегі математикалық баспа.
Сыныптан тыс жұмыстардың көбірек жүргізілетін негізгі түрлерінің бірі - математикалық үйірме. Математикалық үйірмеге оқушыларды қызықтыра білу керек. Үйірменің алғашқы сабағында оқушылар қызығатындай материалды мұғалім өзі баяндайды, сонымен бірге үйірменің мақсатын, оның қарастыратын материалдарын, өткізілетін мерзімін белгілейді.
Алғашқы сабақтардың өзінде-ақ үйірме жетекшісі редколлегияны және үйірме уставын, үйірме мүшелерінің міндеттері таныстырып, үйірме жоспарын бекітеді, оқушыларға баяндамаларды, математикалық қабырға газетін шығаруды және үйірменің жұмысының документін жүргізуді окушыларға бөліп тапсырады.
Математика үйірмесінің мазмұны төмендегідей мәселелерді қамтуы керек: 1) Жалпы білім беретін теориялық баяндамалар; 2) Математика тарихынан хабарлар; 3) Ұлы математиктердің өмірі мен қызметі; 4) Қызықты және логикалық есептер шығару; 5) Логикалық және қиынырақ есептер шығару; 6) Қолданбалы есептер қарастыру; 7) Көрнекі құралдар дайындау; 8) Қабырға газетін шығару; 9) Математикалық кеш өткізуге дайындық жүргізу.
10) Оқушыларды математикалық жаңалықтармен таныстыру.
Математикалық үйірме сабақтарының тақырыптары матемематика тарихына, белгілі математик - ғалымдардың өмір баянына байланысты болу мүмкін.
IV-VIII сыныптардағы үйірме жұмыстары мен математикалық кештер оқушыларға ерекше қиындық келтірмейтіндей, олардың ғылымилығынан гөрі қызықтылығы басым болуы қажет.
Үйірме жұмысының әрбір екі сабағына арналып көлемді бір газет шығарылады. Ол негізінен екі бөлімнен тұрады. Оның бірі мектеп оқушыларына жаңа фактілерді баяндап, жаңа білім беруге арналса, екінші бөлімі ойландыруға, белгілі бір сұрақтарға жауап беруге талпынуға баулиды.
Үйірме жұмысының барысы туралы күнделік жүргізіледі. Оны альбом түрінде көркемдесе де болады.
Математикалық олимпиада қала, облыс, республика және бүкіл әлемдік көлемінде өткізіледі.
Мектепте және ауданда өткізілетін олимпиадаға қажетті есептерді мектеп мұғалімдері мен аудандық методика кабинетінің не облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтының қызметкерлері бірлесіп жасайды. Олимпиадаға ұсынылатын есептердің мазмұны мен қиындығы мұғалімдердің таңдап алуына байланысты әр түрлі болады. Алғашқы екі турдың жеңімпаздары республикалық олимпиадаға жолдама алады. Республикалық олимпиадада берілген есептер «Дарын» журналында, бүкіл әлемдік олимпиададағы есептер «Математика в школе» және «Квант» журналдарында жарияланып тұрады.
Облыстық олимпиаданың есептері өзінің мазмұны мен қиындығы жағынан ауданда және бүкіл әлемдік олимпиадаларда берілетін есептермен салыстырғанда орташа қиындықта болуы керек.
Оқушыларды бұрынғы жылдардағы олимпиадалық есептерінің шешілу әдістерімен таныстыру олардың жалпы математикалық білімін және олимпиадаға дайындығын жақсартады. Олимпиадаға дайындықты төменгі сыныптан бастап, оны үзбей бірнеше жыл жүргізудің көп пайдасы бар. Қабілетті оқушыларды жүйелі түрде математиканың мектептік курсының қиын есептерін және программадан тыс математиканың қосымша тарауларынан («Сандар теориясы», «Математикалық статистика элементтері» т.б.) есептер және логикалық есептер шығартып дайындау қажет.
Математикалық экскурсиялардың негізгі мақсаты математиканың техникада, күнделікті өмірде қолданылуын оқушыларға көрсету. Физика, математика пәнінің мұғалімдері бірлесіп жоспарлы түрде өндіріске (завод, фабрика, есептеу центрі, обсерватория т.б. ғылыми-зерттеу орындарына) жасалатын экскурсиялардың пайдасы мол.
Математикадан экскурсия жасағанда мыналарды ескеру керек:
1) Экскурсия объектісін және оған қажетті заттарды алдын ала дайындау; 2) Экскурсия тақырыбы сыныпта өткен программалық материалға негізделеді; 3) Экскурсия жоспары алдын-ала жасалады. Оқушылар өндіріс орындарына барғанда не істейтіндігі жөнінде мұғалім тиісті нұсқаулар береді.
Достарыңызбен бөлісу: |