1906 жылғы I Мемлекеттік Думаға қазақтардан Торғай облысынан - Ахмет Бірімжанов, Уфа губерниясынан - Сәлімгерей Жантөрин, Ақмола облысынан - Шәймерден Қосшығұлұлы, Семей облысынан - Әлихан Бөкейхан және басқалар сайланды. Бұлардың барлығы да сауатты, халықтың сый-құрметі мен сеніміне бөленген зиялы азаматтар еді. Бірақ Ресейдің I Мемлекеттік Думасы небары 73-ақ күн жұмыс істеді. Депутаттардың көтерген бастамалары көңілінен шықпай, риза болмаған II Николай Думаны таратып жіберіп, қайтадан сайлау туралы жарлыққа қол қойды.
Ресейдің 1907 жылғы II Мемлекеттік Думасының құрамына бұл жолы Қазақстаннан мына азаматтар сайланды: Ақмола облысынан - Шәймерден Қосшығұлұлы, Торғай облысынан - Ахмет Бірімжанов, Семей облысынан - Темірғали Нұрекенов, Жетісу облысынан - Мұхамеджан Тынышбаев, Орал облысынан - Бақытжан Қаратаев және басқалар. Алайда бұл Думаның да қызметі ұзаққа созылмады, небары 104 күн ғана жұмыс істеді.
II Мемлекеттік Думада қазақ депутаттары кадеттермен жақындасып, мұсылмандар фракциясының тобына кірді. Ресейдің ұлттық шет аймақтарындағы басқа да халықтардың өкілдерімен бірге, ішкі Ресейден шаруаларды Қазақстанға қоныс аударту үрдісін тоқтатуды талап етті. Б. Қаратаев II Мемлекеттік Думада Ресейден шаруаларды Қазақстанға қоныс аударту саясатының қазақтар үшін өте жағымсыз, ауыртпалықты болып отырғаны туралы арнайы баяндама жасады. Ол өзінің жалынды сөзінде былай деп атап көрсетті: «Сіздер мынадай сұмдық жағдайды түсінуге тиіссіздер: бүгінгі таңда қоныс аударушы орыс шаруаларына жер телімдерін беру үшін қазақтарды өздерінің ежелгі атақоныс жерлерінен ғана емес, жекеменшік баспаналарынан да қуып шығарып жатыр».
Қазақ депутаттар өз халқының заңды құқығын қорғап, жоғары билік орындарына бірқатар үндеулер де жазды. Мәселен, Мемлекеттік Думаның депутаттары Б. Қаратаев, А. Бірімжанов, Т. Нұрекенов, Ш. Қосшығұлұлы 1907 жылғы наурызда өздерінің жасаған мәлімдемесінде былай деп жазды: «Көшпелілердің бірден-бір күнкөріс көзі — мал шаруашылығы, ал олардың Азияның шетсіз-шексіз кең даласында бір жерден екінші жерге үздіксіз көшіп-қонып жүруі әлдебір жанға жайлы, қызығы мол бос серуен құру емес, табиғаттың қиындықтарын жеңе отырып, өмір сүру болып табылады».
Достарыңызбен бөлісу: |