Оқулық Алматы 2011 Пікір жазғандар: Филология ғылымдарының докторы, профессор Т. С. Тебегенов


Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар



бет15/36
Дата04.11.2016
өлшемі6,9 Mb.
#242
түріОқулық
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   36

Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар


  1. Қайта өрлеу дәуіріндегі ұлы ағылшын ойшылдарының әдебиетке қосқан үлестері.

  2. Томас Мордың шығармашылығы.

  3. Ағылшын поэзиясының даму тарихы.

  4. ХY-ХYІ ғасырлардағы ағылшын театры мен драматургиясы.

  5. Шекспирдің «Гамлет» шығармасының тарихи маңызы мен әдебиетте алатын орны.



ХYІІ ғасырдағы Еуропа әдебиеті
ХYІІ ғ. батыс еуропалық әдебиеттің даму тарихында 1600-1700 жылға дейінгі күнтіз­белік аралық қана емес, өзіндік ерекшеліктерге толы дәуір болған. Ағылшындық Миль­тон, Драй­ден, Бетлер, Беньян және Германиядағы Опиц, Мошерош, Грифиус пен Грим­мель­сгау­зен, Испаниядағы Гонгора, Кеведо, Гевара, Каль­де­рон мен Грасиан және Кор­нель мен Расин, Мольер мен Лафон­тен, Ларошфуко мен Лабюйер атты француз классиктері, Италия­дағы Ма­ри­но, Кьябреро немесе Базиля, Голландиядағы Бредеро мен Вондел сияқты жазушы­лардың шы­ғармашылықтары Қайта өрлеу әдебиетіне де, ағартушылық әдебиетке де жатпайды. Олар­дың шығармашылықтары батыс еуропалық әде­биет­тің дамуында ішкі қай­шы­лық­тар­дан тұра­тын өзіндік драмаға толы дәуірді бастан кешіреді.

ХYІІ ғ. Батыс Еуропада Ренессанс дәуіріндегі қоғамда пайда болған мәде­ниетті жаңа әрі күрделі әлеуметтік қатынастар негізін­де жандандыра түседі. Бұл ғасырда феодалдық қоғам­ның ыдырауы мен капиталистік қоғамның жаңа формалары пайда бола бастайды.

ХYII ғ. капиталистік қатынастардың дамуы мен отарлау саяса­ты­ның күшеюі Батыстың қоғамдық құрылымына үлкен өзгерістер әкеледі. Отар елдерге қол жеткізген Батыстағы мем­ле­кеттер ара­сын­да күш теңсіздігі пайда болады. Сонымен қоса, ХYII ғ. буржуа­зиялық қаты­настарды қолдайтын Батыс Еуропа елдері (Англия, Голландия, Франция) мен феодалдық қаты­настар сақталып қана қоймай, керісінше дами түскен Орталық Еуропадағы елдердің (неміс) арасын­дағы айырмашылықтар да айқындала түседі. Осыдан ХYII ғ. Еуропа елдерінің даму тарихы түрліше болғанын көре аламыз. Отаршыл елдер­дің арасында күштердің қайта топ­тас­тыры­луы жүріп жатады. Испания мен Португалияның күші әлсіреп, капиталистік қатынас жетістікке жеткен Англия мен Голландия сияқты елдердің арасында бақталастыққа шыдай алмайды. Порту­галия­ның Испаниядан бөлінуі және 1640 жылғы Каталондық көте­рі­ліс нәтиже­сінде «Испан­дық гегемония кезеңі» өз соңына жетеді. Швецияның Балтық теңізін қамтитын жаңа империя құруға талпы­ны­сы сәтсіз аяқтал­ғанымен, ХYII ғ. өзінің халықа­ралық деңгейін көтеріп, ұлы державалар қатарына енеді.

ХYІІ ғ. философия мен басқа да ғылымдар саласында болған жетістіктерге қарамастан қоғамда көптеген қайшылықтар орын алып, діни фанатизм мен наным-сенімдер, сиқырға сену халықтар ара­сында кеңінен таралып, шіркеулер ғылымның дамуына барын­ша кедергі­лер жасап бақты. Бұл құбылысқа Фран­ция­да философ Ванинидің өртенуін, Теофиль де Вио мен Сирано де Бержерак­тың құпия өлімдері, Мольердің уланып көз жұмуы мысал бола ала­ды. Дәл осы кезде Италия мен Испанияда инквизиция орын алады.

ХYІІ ғ. әдебиетте адам және оның қоршаған ортасымен қарым-қатынасы төңірегіндегі мәселелер, әлеуметтік қайшылықтармен байланысқан адам тағды­ры, адамның жан дүние­сін­де жеке және әлеуметтік бастаулардың орын алуы, адамның тіршілік пен қоғамдық өмірдің заң­ды­лық­тарына тәуелділігі сияқты тақырыптар алдыңғы орынға шығады. ХYІІ ғ. жазу­шылары шындықты ескере отырып, тарихи үдерістің қозғалысы арқылы жеке тұлғаны бақыт пен әділдікке жетелейді. Олардың шығармаларында адамдардың ішкі қайшылықтары (Миль­тон­ның «Жоғалған жұмақ» атты шығармасындағы кейіпкерлердің көріпкелдігі), олар­дың мемлекет алдындағы борышы (француз классиктері), қиялдағы қоғамдық қатынастың үлгі­сін ізеу барысында кейіпкерлердің түрлі саяси, әлеу­меттік тәртіпті бастан кешіруі (Грим­мель­сгаузеннің «Симпли­ция Симплицис­симустың жорығы») суреттеледі. Әрине, қоғамдық ортаның адамның рухани әлеміне әсері ХІХ ғ. көркем бейнеленбе­ге­ні­мен, кейін Бальзактың «Әдеп туралы этюд» немесе «физиоло­гия­лық» очерк­­те­рінің пайда болуына алғышарт­тар жа­са­лады. Осындай алғашқы ізденістер Реньенің «Масеттер», Фюретьердің «Буржуаз­­дық романы» мен Матео Алеман­ның «Гусмане де Альфараче» сияқты шығармаларынан да көруге болады.

ХYІІ ғ. қоғамдық күрестің шиеленісе түсуі сол дәуірдегі жазу­шылардың шығармала­рын­да идеологиялық және эстетикалық қай­шылық­тар тудырады. Десе де бұл дәуірде әдебиет қоғамдық күресте орталық орынға шы­ғып, айтарлықтай жетіс­тік­терге де жетеді. Ағылшын төңкерісі кезіндегі түрлі оқиғалар публицис­тиканың дамуына әсер етеді.



Мольер – француз ұлттық комедиясын жасап шығарушы, әлем­дік классик, драматург. Мольер театры - көрермендерді күлкі арқылы тәрбиелейтін үлкен мектеп. Мольердің шын аты – Жан Батист Поклен. Ол 1622 ж. 15 қаңтарда Парижде дүниеге келген. Оның әкесі Мольерді оқуға беруді ешқашан да ойламағандықтан, болашақ драматург тек 14 жасынан бастап оқу-жазуды үйренеді. Жеке шығармашы­лықпен айналысуды ойламаған жас Мольер трагедияда ойнайтын әртіс болғы­сы келді. Сондықтан да ол өзіне Мольер деген лақап ат қосып алады. Оның бірнеше пьесасы 1645 ж. Франция қалаларында, 1650 ж. Нарбонда, 1655 ж. Лионда қойылады. Драматург шеберлігі, міне, осы шығармадан басталады. Міне, осылай атақты француз комедиографы жарыққа шығады. Ол кезде Мольердің жасы небәрі 35 ғана болатын. 1658 ж. Версальдағы патша алдында көрсеткен қойылымнан кейін, оған Паль-Роял залында қойылымдарын көрсетуге рұқсат етіледі. Парижде өткен 14 жылдың ішінде Мольер 30-дан аса құнды әдеби шығармалар жазып, 52 жасында кенеттен қайтыс болады.

«Тартюф» атты комедиясының кіріспесінде Мольер: «Театр-ұлы түзетуші­лік қасиетке ие» деген эстетикалық қөзқарасын білдіреді. 1664 ж. «Тартюф» (Тартюф сөзі екі жүзділік, оңбағандық, фальш, өтірік дегенді білдіреді) комедиясы жарыққа шығады. Мольер Тартюф бейнесін өте шебер көрсетіп, оны масқаралайды. Коме­дия соңғы кезде Париждегі діни топтардың көбеюіне байла­нысты шығады.

1666 ж. 4 маусымда Мольердің терең философиялық ойларға толы «Мизан­троп» атты комедиясы жарыққа шығады. Комедияда екі достың арасындағы келіспеу­шілік көрсетіледі. Осы арқылы көрер­мен­дердің алдына екі түрлі шешім, екі түрлі өмірлік философия ұсынады. Бұл келіспеушілік екі достың адамдарға деген көзқарас­тарынан туындап, Альцист адам­дар­дың барлығын қатыгез, оңба­ған, тас жүрек деп айыптаса, Филинт адамдарды түрлі сипатта көріп, жақсы адамдар да өмір сүреді деп, адамдардың кемшіліктері мен әлсіздіктеріне шы­дам­­дылық таныту керектігін алға тартады. Альцист адамдардан мейірімділік пен пәк сезімді күтіп, кемшілігін көрсе болды, оларға көңілі қалады. Мольер Альцисті мизантроп деп атайды. Ол Селименнің жаман, жеңілтек екенін біле тұра, оны жақсы көрді. Бірақ Селимен оны алдап, ақырында олар ажырасады да, нәтижесінде Альцист махабаттан да, достан да, бақыттан да бас тартады.

ХYІІ ғ. романдар Қайта өрлеу дәуірінде бастапқы орынға ие болған новеллалар мен поэмаларды ығыстыра отырып, үлкен жетістіктерге жетеді. Оның дамуын­да Франция жазу­шысы Сорель, Скаррон мен Фюретьер, Германиядан Гриммельсгаузен, Англиядан Бэньян сияқ­ты жазушылардың қосқан үлесі ұшан теңіз. Осы дәуірдің соңғы кезеңіне қарай Батыс әдебиетінде реализм (Бэньян­ның «мистер Бэдменнің өмірі мен өлімі», Конгриваның «Өмірде осындай бола­ды екен» атты соңғы комедиясы) мен рококо стилі пайда болады.

ХYІІ ғ. Батыста бір жағынан қарапайым адамдардың шынайы өмірінен алшақ, рух­тан­ған бейнелерді дүниеге әкелген классицизм мен барокко траге­диясы, екінші жағынан тұр­мыс­­тық және «көңіл көтерер» романдар үлкен сұранысқа ие болады. Мұнда тағдырдың тәл­кегіне ұшырап, шағын ты­ныш ауылдан үлкен қаланың қайнап жатқан өміріне түскен қара­пайым адамның тіршілік үшін күресі, басынан өткізген қиыншылықтары, тапқа бөліну­ші­ліктің кереғар жақтары бейнеленеді.

Тарихи, әлеуметтік терең ойлаудың арқасында ХYІІ ғ. әдебиетте шындық­ты нақты су­рет­теуде біраз жетістіктерге жеткен жазушылардың қатарына Ганс Якоб Кристоф Грим­мельсгаузенді (1622-1676) жатқызуға болады. Оның барлық шығармалары түрлі лақап аттарымен шығады. Гриммельсгаузен Гессен қала­сын­да бюргерлік жанұяда дүниеге келген. Бозбала кезінде отыз жылдық соғысқа қатысқан. 1667 ж. бастап өмірінің соңғы күнде­ріне дейін Страсбургқа жақын орналасқан шағын Рейхен қаласында өмір сүріп, барлық шығар­маларын сол жерде жазады. 1668 ж. «Симплиций Симпли­цис­симус», одан кейін «Шприн­гинс­­фельд», «Сиқырлы құс ұясы», «Сим­пли­­циандық мәңгілік күнтізбе» сияқты шығарма­лары жарыққа шығады. Оның басты жетістігі «Симплициссимус»45 атты туындысы болды.

«Симплициссимус» – Германия тарихындағы тоқырау кезеңді баяндайтын үлкен қоғам­дық-әлеуметтік мәні бар роман. Жазушы бұл романының мазмұны мен көр­кем­дік жетістік­те­рін басқа да шығармала­рын­да дамыта түседі.

ХYІІ ғ. классицизмнің дамуына буржуазиялық ортаның қосқан үлесі зор болған. Осы дәуірде Германия, Италия мен Испанияда классицизмнің кең тарамауы да ондағы буржуа­зиялық ортаның айтарлықтай күшке ие болмауымен байланысты болады. Ал Англияда класси­цизм ХYІІ ғ. кең гүлдене түседі. Классицизм өкіл­дері монументальды шығармаларды жазуға талпынып, өз кейіп­керлерін күшті әрі өздерінің бостандығы мен қабілеті арқасында рухани дүниелеріне талдау жасай білетін, трагедиялық қайшы­лық­тарды шеше алатындай етіп суреттеген.

ХYІІ ғ. Батыс Еуропада белгілі болған классицизм ешбір мемлекетте орасан зор орынға ие бола алмайды, тек Францияда ғана классицизм ең белгілі, ең танымал стильге айналды. Осы мемелекетте классицизм өзінің шығармашылық шыңына жетіп, классицизм теориясы қалыптасады. Осы ғасырдың 10-20 жылдары ағылшын мәдениетінде айтарлықтай өзгерістер болып, ол 90 жылдарға дейін екі түрлі мәдениеттің ара­сындағы шиеленіскен күреске айна­лады. Бірінші мәдениет монар­хия­лық биліктің мүдделерін қорғаса, екіншісі оппозициялық әлеу­мет­тік топтар мен таптардың мүдделерін қорғаған. Екі жақты кезек­ті жеңіспен ұзақ жыл­дарға жалғасқан бұл күрес ғасырдың соңына қарай жаңа мәдениеттің жеңісімен аяқталады. Бұл мәдениет XYII-XYIII ғ. тоғысында ағылшын ағартушы–жазушыларының бір то­бын дүниеге алып келеді. Әсіресе олардың арасында Дж. Свифт пен Д. Дефонның аттары ерекше аталады. Олардың шығармашы­лығы 1688 жылғы төңкерістен кейінгі ағылшын қоғамдық өмірінде орын алған қиын жағдайларды нақты бейнеледі.

Ғасыр басындағы ірі тұлға – Джон Донн (1572-1631) болған. Оның шығармалары іші­нен «Әндер мен сонеттер» атты лирикалық еңбегін ерекше атап өтуге болады. Бұл шығар­мада Реннесанс поэзиясының элементтері де кездесіп, ағылшын қоғамының өмірі, дәстүрі суреттеледі.

XYII ғ. ортасында ағылшын поэзиясында пайда болған «даналық мектебі» (shool of wit), ал кей деректерде «метофизик–ақындар» мектебі деп аталатын тұтас бір мектептің аты Дж. Доннмен байланысты болған. Бірінші атау сол кезде поэзияда ерекше қолданысқа ие болған түрлі парадокстар, афоризмдердің енгізілу тенденцияларына байланыс­ты болса, Донн жо­лын қуған ақындар тобын «метофизикалық мектеп» деп алғаш атаған Дж. Драйден болады. Бұл ақындар тобына Дж. Герберт (1593-1633), Г. Воган (1622-1695), Р. Крешоу (1613-1649), Ф. Квелз сияқты ақындар да кіреді. Олар­дың шығармаларына мистицизм мен діни-этни­ка­лық ізденістер тән.

XYII ғ. 20-30 жылдарында Ренессанс дәстүрі әлі де болса халық арасында кең танымал бо­лады. Оның ең көрнекті өкілдерінің арасында ұлы Бен Джонсонның есімі ерекше ат­алады. Ол ағылшын сахнасын тұтас жаулап алып, көрермендер арасында үлкен құр­метке ие болған. Джонсонның (1573-1637) шығармашылығы ағылшын әдебиетінде класси­цизм­ді жарық­қа әкел­ген. Ғасырдың басында-ақ, 1601 ж. жарық көрген «Жалған ақын» комедия­сында өзінің шы­ғар­ма­шылық көзқарастарын көрсетсе, «Ашылулар» және «Әңгіме­лер» атты еңбектерінде өзінің өнерге деген көзқарастарын білдірді.

Джонсон өзінің пьесаларында төңкеріс қарсаңындағы Англияның жағдайын қатаң су­рет­тейді. Оның «Вольпоне» (1606), «Эписин» (1609), «Алхи­мик» (1610) атты комедия­ларында ағылшын өмірінің жекелеген келеңсіз құбылыс­та­ры су­рет­телсе, «Әулие Варфоло­мей түніндегі жәрмеңке» комедиясында халық өмірі жан-жақты баян­далып, жақын­дап қалған үлкен тарихи оқиғаның қарсаңындағы қоғамдық жағдай шы­найы көрсетіледі.

XYII ғ. 40 жылдардағы оқиғалардың қарсаңында жас ақын Мильтонның (1608-1674) поэ­зиясы халықтың үлкен құрметіне ие болады. Колледжде оқып жүргенде-ақ ол Тибулл мен Проперций­дің ықпалы білінетін латын тіліндегі өлең элегияларын жазып, онда XYII ғ. 20 жылдарындағы ағылшын өмірі суреттеліп, одан ақынның протестанттық қозғалыстың нағыз өкілі мен католицизмнің қарсыласы екендігі айқын көрінеді.

Мильтон поэзиясындағы саяси тізбек «Лисидас» элегиясында да жалғасын табады. Он­да­ғы басты кейіпкер – Англияны жаңарту үшін күресіп жатқан қаһармандардың арасында өзі­не лайық орын ала алмаған, мезгілсіз қаза болған жас уағызшының бейнесі.

Қоғамдық өмірде Англияға қарсы келетін Батыста орналасқан мемлекет Германия бола­ды. Германия үшін ХYІІ ғ. 30 жылдық соғыспен тығыз байланысты кезең болатын. ХYІІ ғ. Германия прозалық романның дамуымен ерекшеленіп, басқа батыс еуропа­лық әдебиеттер қатарынан мықты серпін алады.

Француз, испан, ағылшын романдары үлкен ағынмен Германияға басып кіріп, аудар­ма­шы­лардың еңбектері арқылы оқырмандарға жол табады. Осы жерде неміс поэзиясының ре­фор­маторы Мартин Опицтің қос­қан үлесі зор. Батыс еуропалық жазушыларды үлгі тұт­қан неміс романистері ендігі олармен жарысқа түсіп, қоғамда орын ал­ған маңызды мәселелерді өз шығармала­рын­да көрсете бастайды. Алғашқы неміс ро­ман­дары 1640 ж. шыға бастап, ғасырдың аяғына қарай олардың саны жүзден асады. Тіпті олардың мықты қарсыластарының өздері бұл жанрдың өте танымал болғанын мойындайды.

Германияда бұл жанрдың репрезентативті түрі сарайлық тари­хи роман ежелгі және Інжілдегі тарихи сюжетке негізделеді. Сарай­лық тарихи романдар бір жағынан іс-әрекеттің нақ­ты­лығына, екін­ші жағынан артында шынайы оқиғалар мен тарихта болған қаһар­мандар жасырылған маскарадқа да сүйенеді.

ХYІІ ғ. атақты неміс сатиригі Иоганн Михаэль Мошерош (1601-1665) неміс гуманис­терінің үлгілі оқушысы болып, өз заманындағы қоғамдық өмірді қатты сынға алады. Оның шығарма­сында бас кейіпкер Германиядағы отыз жылдық соғыс кезіндегі өз саяхаты туралы баяндайды. Мошероштың «Филандер көріп­кел­дігі» атты шығармасы барокко принцип­терінің негізінде жазыл­ған. Жалпы, Мошерош шығармаларының жанрын айыру өте қиын, себебі оның шығармашылығында сатиралық памфлет пен суреттеу, сынаулар және т.б. бір-бірімен тұтасып кеткен.

ХYІІ ғ. тарихи тұрғыда Франция үшін абсолютизмнің нығ­айып, гүлденген кезі болды. Әдебиет тарихы бойынша бұл кез шамамен ХYІІ-ХYІІІ ғ. аралығын қамтыса, испан әдебие­тінде ХYІІ ғ. ренессанс реализм бағыты монсе­ризм және барокко әдебиетімен күрделі жал­ғас­тыққа ие болады.

ХYІІ ғ. Испания Батыс Еуропаның дәулетті мемлекеттер қата­ры­на ене алмайды. Гума­низм идеаларына қарсы шыққан Крест жорығын жүргізуші­лердің мақсаттары үшін Испан мемле­кеті өте ыңғайлы жер болды. Испанияға қайта өрлеу дәуірі кешірек келіп, Италия мен Францияда Ренессанс дәуірінің гүлденген кезеңдері аяқталған уақытта Испания елінде сол гүлдену кезеңі жаңа бастау алады. Гуманизм Испаниядағы және бүкіл батыс еуропалық агрес­сияға толы католик діні идеологиясына қарама-қарсы бағыт ұстанады.

ХYІІ ғ. испан әдебиетін үшке бөлуге болады: Лопе де Вега басқарған ренессанс реа­лизмі, ағартушы ғалымдар негізін қалаған классицизм және барокко әдебиеті. Испан әдеби бароккосының фор­масы трагедиялық мазмұнмен байланысты болғандықтан, барокколық шығармалар пессимистік көзқараспен ерекшеленді.

XYII ғ. Испаниядағы ең ірі ақыны Луис де Гонгора (1561-1627) болған. Ол Кордовада дүниеге келген. Гонгораның ақын ретінде атқарған рөлі өте зор, оның шығармашылық тәжі­ри­­бесі тек замандастарына ғана емес, ұрпақтарға да үлгі болған. Кейіннен «гонгоризм» сөзі «культеранизм» сөзімен синонимдес болып кеткен.

XYII ғ. драматургиямен қатар проза да дами бастайды. Испа­ния­ның ірі жазушысы Франсиско Гомес де Кеведо (1580-1645) реалист жазушы атанып, оптимистік көзқарасты ұстанбай, өмірді шындық арқылы бейнелеуге тырысқан. Оның шығармаларында скептицизм басым.

1630 ж. испан драмасы, әсіресе Кальдерон шығармаларының арқасында, үлкен жетіс­тік­­терге жетеді. Оның «Өмір деген түс» атты тарихи драмасы контрреформациялық шыдам­ды­лыққа қарсы жазылған драмаларының бірі болып табылады.

Испандық классицизм, тек оқу орындарының аясында орын алып, әлемдік атаққа ие бола алмаса да, испандық барокко XYII-XYIIІ ғ. Испания мен бүкіл Батыс Еуропада қалып­тас­қан мемлекеттік ішкі және сыртқы тарихи жағдайларға байланысты қоғамда маңызды орынға ие болған күшті әдеби ағымға айналады. Испандық барокко ағымының өкілдері өз шығармаларын тек мәдениетті, көзі ашық қауымға арнап шығарған. Барокко ағымы үшін адам бойындағы ең құнды қасиет мәдениеттілік пен білімділік болады.


Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар


  1. ХYІІ ғасырдағы Батыс Еуропа елдерінде орын алған тарихи және мәдени дамулардың біркелкі болмауының басты себептері.

  2. Адам өмірінде кездесетін әлеуметтік мәселелер.

  3. Классицизм принциптері.

  4. Барокко әдебиетінің ерекше сипаттары.

XYII ғасырдағы Шығыс елдеріндегі әдебиет
XYII ғ. Шығыс және Орталық Азияда орналасқан мемлекет­тер­дің тарихын­да ең ауыр кезеңдердің бірі болады. Ғасырдың басында Амурден оңтүстікке қарай, өз иеліктерін кеңей­ту мақсатында соғыс бастаған маньчжур тайпаларының бірлігі күшейе түседі. 1618 ж. мань­чжур әскері Қытай территориясына, ал 1627 жылы Кореяның территориясына басып кіреді. Соны­мен қатар моңғол жерлерін де жаулап алады. Бұл соғыстардың нәтижесінде Қытай мен Моңғолия­ны маньчжурлар жаулап алып, Корея олардың вассалына айналады.

Бұл ғасыр ірі шаруалар көтерілістері мен жергілікті феодалдар­дың арасындағы өзара қырғи-қабақ соғыстарымен ерекшеленеді. Қытайда 1620 ж. бастап шаруалар көтерілісі бірі­нен соң бірі болып жатты. Оған кенші, қала тұрғындары мен тіпті билеу­ші таптардың өкіл­дері де қатысады. Елде болып жатқан мұндай толқулар 1644 ж. Минь империясының астана­сы Пекинді басып алған Ли Цзы-чэнның басшылығымен шаруалар соғысына айналады. Бұл көтерілісті қытай феодалдары тек маньчжурлардың көмегімен ғана жүзеге асырады. Осы жағ­дайды пайдаланып, маньчжуралар мемлекетті басып алады. 30 ж. Жапонияда да осындай ірі шаруалар көтерілістерінің ошақтары пайда болады. ХYІ ғ. пайда болған Нгуэн мен Чиней мем­ле­кеттері арасында 1627 жылдан бері шамамен жарты ғасыр бойы болған билік үшін со­ғыс пен феодалдардың талас-тартыстарынан Вьетнам да әлсірей бастайды. ХYІ ғ. алғашқы жартысында моңғол далаларында да тайпалар арасында үздіксіз қарулы қақтығыстар болып жатады.

Қытай мен Жапонияда орын алған шаруалар көтерілісінің болуына діни идеялар өз әсе­рін тигізеді (буддизмге жақын Лотос сектасының гайной ілімі мен елдің мәдени өмірінде маңызды орынға ие болған христиан ілімі). Қиыр Шығыс мемлекеттерінде түрлі діни және этикалық жүйелердің ұзақ уақыт өмір сүруі алдыңғы қатарлы ойшылдарға тән идеялардың белгілі бір дәстүрлі ағымға айналуына әкеліп соқты. Мемлекеттік құрылым немесе адамның қоғамдық өмірге қатысуы жайлы оқуды дамытушылар ерте конфуций ілімінен (Хуан Цзун-си, Ту Янь-у, Тан Чжэнь, жапон ұлы ойшылы Ито Дзин-сай мен оның ізбасарлары, Корея­дағы «Тәжірибелік ілім» мектебінің ірі өкілі Лю Хенвон) тірек іздейді. Қиыр Шығыс мәдениетінің тарихында даосизм ілімімен тұтасып кететін буддистік идеялардың мағынасы ұлғая бастайды.

Қытай және жапон драмасында (Тан Сянь-цзу, Кун Шан-жэнь, Тикамацу), қытай немесе корей романында (Ли Ли-вэн, Ким Манджун), қытай немесе жапон повесте­рінде (Фэн, Мэн-лун, Ихара Сайкаку) өз жолында барлық кедергілерге төтеп бере алатын оттай лаулаған сезімдер мен адамзаттың қалаулары тек осы дүние­лік тілектер ғана, ал өмір мен күнделікті күйбең тіршіліктен бас тарту ақиқат деген оймен аяқталады. Табиғат аясына терең сүңгіп, әлемді кедергісіз тану мүмкіндіктерімен байланысты буддизм мен даоссизм дүниетанымы ХYІІ ғ. қытай, корей, вьетнам және жапон ақындардың шығармаларынан айқын көрінеді. Мұндай көңіл-күйлер осы елдің поэзиясында жаңа бастамалар алып келмегенімен, сол кезде­гі қайғылы оқиғалар мен ақындардың бұл дүниеден бас тартуларына (Қытайда бұл құбылыс маньчжур басқыншыларына көрсетілген қарсылық түрінде) байланысты күшейе түседі.

Цзэн идеяларының (буддизм) негізінде пайда болған жапон поэзиясы атақты лирик Басёның шығармашылығы арқылы ХYІІ ғ. гүлдене түседі. Егер Қытай, Корея, Вьетнам, Жапония сияқты елдерде буддизм поэзияның дамуына айтарлықтай әсер етсе, Моңғолияда буддизмнің негізгі парыздары мазмұндала­тын филосо­фиялық өлеңдер пайда болады.

Осы кезеңде бүкіл елге ортақ идеялық оқулармен қатар ежелгі ұлттық синтоизм діні де өмір сүрген Жапониядағы идеологиялық жағдай өте күрделі болады. ХYІІ ғ. «Қытай ғылым мектебіне» қарсы «Вагагу» («Жапон ғылым мектебі») деп аталатын бұл ілім жаңа конфуций­шіллдікке қарсы оппозицияның тірегіне айналады.

ХYІ ғ. екінші жартысынан бастап Шығыс пен Орталық Азияға қарай португал, кейін испан, италия, голланд мен поляк мисс­сио­нерлері ағыла бастайды: алдымен. Қиыр Шығыс елдерінің алдыңғы қатарлы ойшылдары келе салысымен жаңа елдің халқы, тілі мен дінін зерттей бастаған жат жерліктерге үлкен қызығушылықпен қарайды. Миссионерлер жергі­лікті идеологиялық ағымдарды қысқа уақытта жан-жақты меңгеріп, өзде­рі­нің басты қарсы­ластары буддизм мен даосизм ілімдеріне қарсы күрестерін бастайды. Олардың конфуций­шілдікке деген қатынасы өте күрделі болған.

Иезуиттер өздерінің жағына шығыс мемлекеттерінің билеуші­лерін тарту үшін қолдан­балы ғылымдарды, әсіресе, математика, астрономия, баллистика мен картографияны дәріп­теген. Басқа мәдени әлемнің өкілдерімен, олардың ғылымдары, ерекше затта­рымен (мысалы, кө­зіл­дірік, дүрбі және т.б.), әсіресе Еуропадан әкелінетін отты қаруымен танысу Қиыр Шығыс ғалымдарының тәжірибелік білімдерге деген қызығушылығын арттырады. Бұл қызы­ғушылық тауарлық өндіріс дамыған феодалдық қоғамның ішкі қажеттіліктерінен туын­дайды. Еуропалық ғылыми шығармалардың алғашқы аудармаларының пайда болуы осы үдеріске үлкен серпін береді. Алайда миссионерлер өздерімен бірге ХYІІ ғ. алдыңғы қатарлы ғылым­дарды емес, Птолемейдің іліміне негізделген ортағасырлық ғарыштық кеңістік туралы түсі­нік­терді ғана алып келген болатын. Сонымен қатар Қиыр Шығыс елдеріне жаңа идеялар да келеді (мысалы, Қытайға жеткен Коперник жасаған ғаламшардың қозғалысы туралы есеп­теулер), 1626 ж. неміс миссионері Адом Шалле 1609 ж. ойлап табылған телескоп туралы қытай тілінде жан-жақты сипаттама береді.

ХYІІ ғ. Еуропадағы математикаға деген қызығушылық Қиыр Шығыс елдеріне дейін же­те­ді. Христиан дінін қабылдаған қытай ғалымы Сюй Гуан-ци италия миссионері Маттео Риччи­мен бірлесе отырып Евклид геометриясын аударып, батыстық күнтіз­бесін зерттеп, мате­матикаға қызығушылық танытады.

ХYІІ ғ. жапон математика мектебінің негізін қалаушы Сэки Такакадзу Ньютон мен Лейб­ництің ойларына жақын келетін «Айна­лым заңдылықтары» еңбегін жазады. Мате­матика, механика мен астрономияға деген қызығушылық «Тәжрибелік білім» мекте­бінің негізін салушы Ли Сугван сияқты корей жазушыларынан да байқалады. Мұндай жағдайлар Вьетнамда да кездеседі.

Жалпы, батыстық миссионерлерге деген Шығыс және Оңтүстік Шығыс Азия елде­ріндегі ғалымдар тарапынан болған қызығушы­лық сенім мәселе­леріне емес, қолданбалы білім­дерге бағытталады. Оларды ХYІІ ғ. еңбектері қытай тіліне аударылған Аристотельдің логикасы мен Ф. Аквинскийдің фило­со­­фия­лық танымы да қызық­тырған. Қиыр Шығыс ой­шыл­дарының еуропалық мәдениетке деген қызығушылығын көріп, миссионерлер өздерімен бірге түрлі кітап­тар алып келеді. Француз Николя Триго өзімен бірге Қытайға жеті мың томдық кітапхананы әкелген болатын. Қытай арқылы осы әдебиетпен Шығыс Азияның басқа да халықтары таныс болады. Корей ғалымы Ли Сугван ХYІІ ғ. басында Қытайда болып, он­да­ғы еуропалық авторлардың қытай тіліне аударылған еңбектерін өзімен бірге алып кетеді. Кейбір аудармалар Қытай арқылы Жапония мен Вьетнамға жетеді.

Христиандық ойлар мен еуропалық ғылымдардың әсерінен шығыс және оңтүстік-шығыс Азия елдеріндегі алдыңғы қатарлы ойшылдардың дүниетаны­мында өзгерістер пайда болады. Осы мәдени қарым-қатынастың нәтижесінде қытайлықтар алғаш рет философия туралы біле бастайды. ХYІІ ғ. Фан И-чжи «тунцзи» терминін философияны білдіру үшін енгізеді. 1605 ж. италиялық миссионер Маттео Риччимен ұсынылған қытайлық жазудың ла­тын­далу жоба­сымен танысу қытайлық ғалымды Қытайда латын әліпбиінің кеңінен қолда­нылуы жайлы ойға алып келеді. Латындық графика негізінде құрылған қазіргі вьетнам әліп­биі де ХYІІ ғ. құрастырылған.

Еуропалық ғылыми еңбектердің Кореяға енуі маңызды нәтижелерге жеткі­зеді. Ой-өрісі­нің кенеттен кеңеюі ғалымдарда Қытайды әлем орталығы ретінде және неоконфуций­шіл­дік оқудың қуаттылығы жайлы күдіктер туғызады.

Христиан миссионерлері конфуций ілімінен өз діндеріне ұқсас тұстарын іздейді. Олар ежелгіқытай философтары енгізген «тянь» («аспан») ұғымы құдай деген сөздің эквиваленті, ал «жэнь» («адам­дарға деген махаббат») христиан дініндегі құдайдың рахымына сәйкес келе­тінін дәлелдап бақты. Осылайша, католицизм мен конфу­ций ілімінің синтезі пайда болады. Осындай синтездің кең етек алғаны соншалық, ХYІІІ ғ. папа ХІ Клемент мұндай жақын­дастыққа тыйым салады. Папаның бұл шешімге келуіне философ­тар мен ғалымдардың наза­рын аударған конфуций ілімінің Батыс Еуропада, әсіресе Францияда кең тарауы да әсер ете­ді. Дәл осы уақытта маньчжур сарайы да христиан дінін еретикалық ілім деп жариялайды. ХYІІ ғ. христиан дінінің Жапонияда кең тара­луы мен иезуиттердің князьдардың арасындағы ішкі талас-тартыстар мен шаруалар көтерілісіне қатысуына байланысты 1611 және 1637 жы­лы бұл дінге қатаң тыйым салынады. Жапонияда христиан діні­нің күшейе түсуінен кейін еуропалық кітаптар мен батыс тілінен ауда­рыл­ған қытай тіліндегі кітаптарды Жапонияға енгізуге тыйым салынады.

ХYІІ ғ. Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азияда кең тараған христиан миссио­нерлерінің қызметін бірдей бағалау мүмкін емес. Олар өз мүдделерін ойлап, Шығыс мемлекеттерінің отарлануына жағдай туғыза отырып, сонымен қатар қиыршығыстық және батысеуропалық өркениеттердің мәдени және ғылыми байланыста­рының кеңеюіне үлкен үлес қосады және өз кезегінде батыс және шығыс елдеріндегі қоғамдық ойлардың дамуына әсер етеді. Бұл үдеріс өте күрделі және қайшылықты болған. Ортағасырлық ойлармен тығыз байланысты христиан діні шығыс ойшылдарының ой-өрісін кеңейтіп, алдыңғы қатарлы ойшылдардың өз қоғамын­да орын алған ортағасырлық дәстүрлері мен діни-этикалық ілімдерге қарсы күресіне қолдау көрсетеді. Миссионерлердің арқа­сын­да Еуропада танылған конфуций ілімін көбіне Франция, Германия мен Ресейдің ағартушылары қолданады.

ХYІІ ғ. Қиыр Шығыс елдерінің дәстүрлі әдебиетінің дамуында еуропалық әдеби тәжірибенің әсері болмаған. Миссионерлер өздері­мен бірге қазіргі батыстық шығармаларды не иезуиттік драманы да әкелмеген. Олар діни және ғылыми әдебиеттен басқа қытай тіліне сол уақытта үлкен сұранысқа ие бола қоймаған Эзоп мысалдарын аударған болатын.

Жапониядағы жағдай мүлдем басқа болады. Онда XYI ғ. аяғы мен XYII ғ. басында христиандық миссионерлер өз қызметінде Батыстың әдеби ескерткіш­теріне де үгіт-насихат жүргізеді. 1592 ж. Цицеронның сөздері аударылса, 1600 ж. Вергилийдің өлеңдері аударыла­ды. Сол жылдары Жапонияға келген еуропа­лық­тар фео­дал­дық эпостың классикалық ескерт­кіштерімен таныса бастай­ды. 1592 ж. арнайы миссионерлер үшін латындық транскрипцияда «Тайрдың үйі жайлы баяндау» (XIII) атты әскери эпопея басып шығарылады. Бұл басылым­ның негізгі мақсаты жапондықтарға латын тілін үйрету болады. 1590 ж. Жапонияға алғашқы еуропалық станоктың енуі осындай кітаптардың пайда болуына әсер етеді. XYII ғ. басында жапондық христиандардың қауымдастығы миссио­нерлер үшін «Ұлы әлем туралы жазбалар» (XIY) атты эпопеяның үзіндісін басып шығарады. Осылайша, Қиыр Шығыста алғашқы әдеби байла­ныстар жүзеге асырылады. Ол өз кезегінде христиан діні кең тараған Жапония­ның жер­лерінде пайда болып, жергілікті билеушілер мен мәдени қайраткер­лердің қызығушы­лық­та­рын туғызады.

ХYІІ ғ. Шығыс Азия елдері мен Вьетнамда әдебиет «жоғарғы» және «төменгі» деп бөлінеді. «Жоғарғы» әдебиетке поэзия мен ежелгі қытай лекси­касы мен грамматикасының нормаларына негізделген Кытай, Корей, Вьетнам, Жапонияға ортақ әдеби тілде жазылған прозадан тұрады. Баяндалмайтын (сюжеті жоқ) прозаға өмірбаяндар, қолжазбалар, прозадағы бөлек поэмалар, мадақтаулар, хаттар мен тарихи шығармалар жатады. Бұл әдебиеттің кең саласы Қытайда YІІІ-ІХ ғ. түпкілікті қалыптасып, Қиыр Шығыстың басқа мемлекеттеріне тарайды. Бұл жанрлар әдебиеттен тыс функция­лар­ды атқарып, конфуций ілімімен тығыз байланысты болады. Қытай, Корея мен Вьетнамда ресми қабылданған «жоғары» әдебиеттің қоры осы функционалды жанрлар мен поэзия арқылы азая бастай­ды. Жапонияда жағдай одан да күрделі болады, онда ұлттық тілдегі әдебиет дәстүрі мен баяндау прозасының ерте дамуына байла­ныс­ты, оның кейбір жанрлары «жоғары» әдебиетке жатқызылады. Оған классикалық повесть - моногатари, батырлық эпопеялар мен жапондық поэтикалық жанрлар жатқызылады.

«Төменгі» әдебиет Қиыр Шығыста ХYІІ ғ. дейін пайда болып, осы уақыт­қа дейін дамығаны соншалықты, ол «жоғары» әдебиет­пен бәсекелесе бастайды. Ол жайлы сол уақыт­тағы қытай жазушы­ларының сөздері дәлел бола алады. Ондағы қалалық повестер мен драма­лық шығармалар «қасиетті» мәтіндерден кем бағаланбауы керек. ХYІІ ғ. Қытай мен Жапония сияқты дамыған аймақ­тарда «жоғары» және «төменгі» әдебиеттер арасындағы теңдік сезіледі. Ортаға­сыр­лық әдебиеттің дәстүрлі жанрлары ұзақ өмір сүріп, оларды ойшылдар мен ақындар пайдаланғанымен, қалалық қоғам­дық ортамен байланысты жаңа жанрлар да қалып­тасады.

Қытайды маньчжурлардың басып алуымен байланысты рефео­да­ли­зация, маньчжур әс­кер­лері арқылы қалалардың қирауы қала­лық мәдениеттің дамуына үлкен кедергілер келтіреді. ХYІІІ ғ. Жапонияда токугавалық монархияның күшеюі «төменгі» мәдениет­тің дамуын тежейді. Вьетнамда ХYІІ ғ. ортасынан бастап ұлттық тілде жазылған демократиялық бағыттағы әдебиеттерге тыйым салына бастайды. Қытай, кейін Корея мен Жапонияда қалалық мәдениеттің дамуы осы елдердегі әдебиеттің демок­ра­тия­лық бағытта болуына негіз болады. Повестердің бас кейіпкерлері ретінде қалалық төменгі тап өкілдері, кішігірім сауда­герлер, гейшалар мен ұрылар болады. Әдебиетте эстетикалық бастама үлкен маңызды­лыққа ие болады. ХYІІ ғ. әдебиетте сипаттылық пен сюжеттілік одан тыс салаларға поэзия (Корея мен Вьетнамда) немесе «жоғары» стильдегі прозаға (Қытайда) да ене бастайды. Әдебиет жүйесінде орын алған өзгерістер ішкі аймақтық әдеби байланыстарға да өз әсерін тигізеді. Бастапқы кезде бұл құбылыс аударуды қажет етпейтін барлық аймаққа ортақ әдеби тілде жазыл­ған «жоғары» әдебиетте ғана көрініс табады. Баяндау әдебиетінің дамуына байла­нысты Корея мен Жапонияда ХІY-ХYІ ғ. қытай эпопеяларына деген қызығушылық артады. Жаңа оқырмандар санының көбеюі бұрын-соңды сезіле қоймаған шығармашылық аударма­лар­дың қажеттілігіне әкеліп соқтырады. ХYІІ ғ. Ло Гуань-чжунның «Үш патшалық» атты эпопеясының корей, жапон және маньчжур тіліндегі аудармалары пайда болып, Кореяда «Батысқа саяхат» атты шығарма аударылады. Осы уақытта Жапонияда қытай тарихи эпопея­лары мен новеллаларға деген қызығушылық арта түседі.

Жоғарыда аталған факторлар Шығыс пен Оңтүстік Шығыс Азия елдерінің арасындағы мәдени байланыстардың күрделенуі мен осы байланыстар арқылы жаңа шығармашылық құндылықта­ры­ның енуіне куә болады.

ХYІІ ғ. Шығыс Азия елдеріндегі әдеби өмір маньчжурлардың саяси арена­ға шығуымен күрделене түседі. Олар ХYІ ғ. аяғында өз тілдерінде жаза бастап, ХYІІ ғ. төл әдебиетін жасап шығаруға ты­ры­сады. Оның қалыптасуы алғашында моңғол жазбасы арқылы жүзеге асы­рыл­са, өзіндік жеке мемлекетке деген ұмтылыстары маньчжурлардың конфуций іліміне деген зейінін арттырады. Конфуций қағидалары туралы кітаптардың аудармалары эпопея мен роман­дардың нәтижесінде пайда бола бастайды. Маньчжур­лардың арасында ламаизм­нің таралуы маньчжур-моңғол-тибеттік мәдени байланыстар­дың орны­ғуына әкеліп соқтырады. Пекиндегі маньчжурлардың барысында тибеттік әдеби мектеп қалыптасып, оны жақсы сти­лист, шығыс тілдерін терең меңгерген удзумдық моңғол Гомбоджав басқарған болатын. Мань­ч­журлардың астанасы моңғол кітаптарының басылып шығу орталықтарына айналады. Оның нәтиже­сінде түпнұсқа щығармашылығы емес, аудармашы­лық қызмет гүлдене түседі. Қытайды басып алған маньчжурлардың мәдени деңгейі мен қытайлар­дың ғасырлар бойы қалыптасқан дәс­түр­лерінің арасында үлкен айырмашылық бол­ған­дықтан, билеуші­лер қытай­лардың мәдени әсеріне ұшырайды. Олар қытай­лардан тіл, мазмұндау әдебі, стильдер мен жанрларды меңгереді. Маньчжур жазушылары мен ақындарының өнері қытай әдебиетінің ортақ арна­сына құйы­лады. 1655 ж. дүниеге келген Налань Син-дэ сияқты маньчжур ақыны­ның цы жанрындағы өлеңдерінен маньчжурларға тән ерекшеліктер байқалмайды.

Қарастырылып жатқан кезеңде орта азиялық мәдени аймаққа тек екі әде­биет­ті ғана жатқызуға болады: діни рухани мәдениеттің бірлігімен сипаттала­тын моңғол мен тибеттік әдебиет. Бұл бірлік тек ХYІІ ғ. ламаизмнің буддизмнің ерекше формасы ретінде тибет-моңғол әлемінде кең таралған кезде күшейе түседі. Моңғол тарих­шы­сы Ш. Бираның анықта­ма­сы бойынша екі мәдениеттің бірлігі моңғолдар өмірінің барлық салаларында жетекші рөл­ге ие бола бастай­ды. Әдеби тибеттік тіл бір мезгілде діни және ғылыми әдебиеттің тілі ре­тінде Орталық Азияда кең тарала бастайды. Моңғол әдебиеті сол уақытта кейінгі ортаға­сыр­лық әдебиеттер сияқты моңғол және тибеттік тілдерде дамиды. Пекин­де маньчжур сарайы аса құрметпен қабылдаған Y Далай Ламаның шәкір­ті ірі моңғол ғалымы Зая Пандита Халхас­ский (Лубсан Принлэй) тибет және моңғол тілдерінде тарихи және тұрмыстық шығармалар жазады. Жалпы сол дәуірдегі моңғол жазушылары мен ғалымдары тибет және моңғол әле­мі­не ұзақ саяхаттар жасаған. Мысалға, ойрат жазуын ойлап тапқан тибет және санскрит тілде­рінің аудармашысы Зая Пандита (Намхай Джамц) Тибет пен Жоңғарияға бірнеше рет барады.

ХYІІ ғ. Орталық Азияда аударма және баспа ісі дами түседі. Дәл осы кезде 1629 ж. Пекинде 108 томдық буддистік мәтіндердің үлкен жинағы – моңғол Ганджуры жарыққа шы­ға­ды. Зая Пандита­ның тибет тілінен моңғол және ойрат тілдеріне аударылған 177 шығармасы (60-тан аса еңбегі сақталған) сол кездегі аударма ісінің дамуын көрсетеді. Буддизм әдебие­тінің аудармаларында діни ескерткіштермен қатар көркем шығармалар да болған. Зая Панди­та YІІ ғ. атақты Үндістан ақынының философиялық поэмасын аудар­ған. Орталық Азияда ламаизмнің кең тарауы үнді-тибет-моңғол әдеби байланыстарының орнауына әсер етеді. ХYІІ ғ. жазба әдебиетімен қатар эпостар да халықтар арасында кең тарайды. Мысалы, моң­ғол көшпелілерінің арасында үлкен сұранысқа ие болған тибеттік Кэсаре дастаны моңғол ұлттық эпопеясына айналады.

Жалпы, ХYІІ ғ. Үндістанмен байланысты орта азиялық әдебиет ХІХ ғ. дейін шығыс азиялық аймақтағы мәдени байланыстардың жүйесіне енгізген.


Каталог: Content -> Files -> SciPublications -> Annotations
Annotations -> 1 фантастика жанрыныњ типологиясы
Annotations -> Қадыр Мырза Әли поэзиясындағы ұлттық нақыштар
Annotations -> Сәлима калқа ба ева филология гылымының кандидаты, доцент №8 • 2004 • АҚИҚАТ
Annotations -> «желтоқсан желі ызғарлы »
Annotations -> Бижанова Айгүл Рабханқызы бағалы қАҒаздарға тікелей байланысты қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылық Алматы, 2012
Annotations -> Жұма күні шығады №29 (277) 24 мамыр 2013
Annotations -> Т. Б. Сейдімханова С. Сейфуллиннің «Қазақ әдебиеті» оқулығы өз заманының озық ойлы туындысы
Annotations -> «базалық шет тілі» (A1,A2) сабағында білім алушылардың Өзіндік жұмысын ұйымдастыруға арналған методикалық НҰСҚау 5В011900 «Шет тілі: екі шет тілі»


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   36




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет